Осы айдың 18 күні (18.06.2012ж) шығыстағы «Терісайырық» шекара аумағын он бір әскер өз беттерімен тастап кеткен болатын. Кеше Қазақстан ақпарат құралдары Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің «Шығыс» аймақтық басқару шекара қызметі бастығының орынбасары Ардақ Заманбековтың мәлімдемесіне сүйене отырып шекарашы әскерлер заставадағы әлімжеттікке бой алдырған заңсыздықты жақын арадағы әскери комендатураға айтып, мәлімдеу үшін осындай әрекетке барған деген хабар таратты.
Қазіргі кезде шекарашылар 2017 – Зайсан әскери бөлімінде әскери прокуратура тергеушілеріне жауап беріп жатқан көрінеді. Сонымен қатар «Терісайырық» заставасының басшысы ауысқан.
Ел ойлайды: «Терісайырық» заставасында әлімжеттік әрекеттері, бірін-бірі басынушылық, үлкені кішісіне кісімсіп дөң айбат көрсету т.б. әскери адамға жат заңнан тыс қоқаңлоқылар жасау, бейбастық салдарынан шекарашылардың жүйкесі әбден жұқарды делік. Ау, сонда шекараны үйірімен иен тастап кетуге бола ма? Әлде біздің әскерлеріміз шекара дегеннің, ел шекарасының не екенін білмей ме? Оларға отан қорғау туралы оқу-тоқу жүрілмей ме? Патриоттық тәрбие деген болмай ма? Елі мен жерін ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен қорғаған қанына сіңген ата-баба дәстүрі, ұлттық намыс, ар қайда? Тобымен тайраңдап жоғалмай екеуі немесе үш-төртеуі барып шағымданып, «төбелерінен жай түсірсе де» болар еді ғой?!
Елдің шетін күзеткен, ант-су ішкен әскер түгіл қотанын баққан ит екеш ит те қорасын тастап кетпейді ғой. Ит құрлы болмадық па? Масқара болдық қой!Әлімжеттік тұрмақ қақ жүректің басынан, қасқа маңдайдан мылтық кезеп тұрса да қаймықпай сол шекараны тік тұрып қорғауға тиісті һәм міндетті емес пе? Әскерилердің бірінің соңынан бірі осындай ақылға қонбайтын, ұлттық қауіпсіздікке қатер келтіретін әрекеттерге баруы нені меңзейді? Меніңше бұл – елдің әскери басқару жүйесін жайлаған, әбден тозығы жеткен, ақыры елін-жерін қорғауға шамасы келмей қалған берексіздік пен білімсіздіктің белгісі болса керек. Демек, бұл, бұл салаға түбегейлі түбірлі өзгеріс керек екендігін көрсетеді.
Қарамер
Парақшамызға жазылыңыз
Ит болмақ түгіл бит болып кетесің мына биліктің жетегінде, білдің бе? Елді ойлап жүрген бір басшы бар ма? Олар елді емес, жемді ойлап жүр.
Арқан керген оқиғасының себебіне елді сендіру үшін шығыс шекараңды қорғап жүрген он бір азамат құрбандыққа шалынды.Бір емес, қазақтың он бір азаматты бірдей сатқын дегенге сенбеймін. Басқа сылтау неге таппайсыңдар!
Негізінде бұлар (“Арқанкерген” және “Терісайрық”-тағы) оқиғалар баяғыда айтылуға, жариялануға тиісті, елдің бәрі дерліктей білетін, бірақ айтылмайтын, “жауырды жаба тоқып келген” істердің салдары болу керек. Негізінде соңғы шетін оқиға осыдан басқа амал қалмаған соң ұлдардың жасауға мәжбүр болғандықтан істегендері шығар. Мен риза болып отырмын.
Автордың “Әлімжеттік тұрмақ қақ жүректің басынан, қасқа маңдайдан мылтық кезеп тұрса да қаймықпай сол шекараны тік тұрып қорғауға тиісті һәм міндетті емес пе?” деген сөзіне толықтай қосыламын. Басыңа қандай кезең туса да, мәселені адамгершілік, ар-ұждан, намыс тұрғысынан шешу адамдық жолдан адастырмайды. Ал, шекарашыларға келсек, олар ер азаматтар, Отан, ел алдындағы антын айтпғанда, еркекке тән мінез – ірілік қайда?!