///

Болмысы бөлек тұлға

1648 рет қаралды
1

Профессор Тұрсынбек Кәкішұлы туралы таным

Тұрсынбек Кәкішұлы туралы ой-толғаудың желісі бөлек. Өйткені, жүрекжарды ой-таным ресми баяндауға бағына бермейді… Дегенмен, ғылыми ортада, тіпті әлеуметтік-қоғами ортада да «айтуға болады немесе айтуға болмайды» деген шектеу қалыптасқалы қашан?! Сондықтан, риясыз сезімді қарапайым тілмен қаз-қалпында баяндап болған жайлардан түйгенімді таратпақпын.

Тұрсынбек ағай әдебиетші-ғалым ретінде түркі жұртына танымал тұлға, ол кісіні дүйім жұрт біледі және тілекші болып жүреді. Сол тілекшілердің бірі – мен. Ағайдың дәрісін тыңдаған шәкірті болмасам да жазғандарын мүмкіндігімше оқып жүремін… Әсіресе, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда бұрынғы жазғандарын қайта сана сүзгісінен өткізіп, Кеңес қоғамы қыспағымен айтылған һәм айта алмағандарын жаңаша пайыммен саралаған шығармалары кім-кімді де ойландырары хақ. Атап айтсақ: «Қағидаға айналған қателер» (Нәубет, 1990), «Санадағы жаралар» (1992), «Ескірмейді естелік» (1994), «Кер заманның кереғар ойлары» (1995), «Мағжан–Сәкен» (1999), «Сайыс» (2000), «Сәбең өткелдері» (2000), «Сәкен сүйген сұлулар» (2002) атты зерттеулері тәуелсіз елдің әдебиеттану ғылымына қосқан орасан зор еңбек екені даусыз. Осы туындыларға жеке-жеке тоқталып, өзімен сұхбаттасуды жоспарлап жүретінмін. Бірде «бір шұғыл жағдайға» байланыс­ты, 2006 жылдың сәуірінде ағаймен телефон арқылы сөйлесуге тура келді. Шындығында, бұрын-соңды тіл қатысып көрмеген адамға «Ушыққан мәселені шешуге себепші болыңыз» деп қолқа салудың реті қалай болар екен деген ой мазаласа да, қалта телефонның нөмірін қобалжи теруге тура келген-ді…«Бұл кім екен?» дегізбестен, болған жайды, апыл-тапыл айтқан сөзімді соңына дейін тыңдаған ағай қарлығыңқы үнмен: «Мұны дер кезінде айттың, бүгін осында әкім Иманғали Тасмағамбетов келеді, міндетті түрде айтамын», – деді. Өз құлағыма өзім сенбей, «Енді не болар екен?» – деп көңілім күпті болып жүрді. Менің бұлай қобалжуыма себеп жоқ та емес еді, өйткені қаладағы Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің тағдыры тұйыққа тіреліп, үйді «тартып алу» қаупі төніп, қала әкімшілігі «жан алқымға алған» келеңсіздеу тұс болатын…
Бұл жөнінде барлық қазақтілді БАҚ пен телеарналарға хабарласып, араша болуын өтінген едік. Олардың ішінен тек «Ана тілі» апталығы мен «31-ші телеарна» ғана жанашырлық танытып, болған жайды бірі – оқырман қауымға, бірі – көрермен жұртқа дер уақытысында жеткізді. Өкінішке қарай, бүгінгі қарбалас қоғамда газет оқымайтындар мен теледидар қарамайтындар жеткілікті. Ал, оқыған, көрген күнде де ойын бөліспейтін «өлі ойлы, бетон беттілер» баршылық екені ешкімге де жасырын емес. Оларға несін өкпелейік, тіпті кешегі, 1988 жылы ғалымның аяулы есімі ақталған тұста тұлға туралы жабыла жазған, қазақ көсемін «ұлттық рухтың ұлы тіні» деп ұлықтаған ғалымдарымыз басын изей отырып, үнсіз тыңдап, үнсіз шығарып салғаны және бар… Дәл осы шақта шарасыз күйге түсіп, Ахаң мұражайына кімнің араша болып, азаматтық көрсетеріне көзім жетпей, ақылым айран болған шақ еді. Жазғы демалыста «Алатау» сауықтыру кешенінде бір топ ғалымдар қала әкімінің қамқорлығымен емделіп жатыр екен. Т.Кәкішұлына шығуға ақыл берген ғылыми жетекшім Айгүл Серікқызы Ісімақоваға, ағайдың қалта телефонын берген әдебиетші Дандай Ысқақов ағаға алғысымыз алабөтен.
Қазақ халқының көсемі, Алаштың ардагері, ұлтымыздың ар-ұжданы Ахмет Байтұрсынұлының Алматыдағы осы «тарихи жәдігерге» айналған үйінің толқымалы тағдыры – сонда жұмыс жасап жатқандардың қайғысы ғана емес, өзін «қазақпын» деп санайтын әрбір адамның қайғысы деп түсінемін. Әсіресе, қазақ ұлттық ғылымының көшінде жүрген оқымыстылар Алаш Арысына қарыздар деп білемін. Бірақ «өзі болған қыз төркінін танымайды» демекші, бүгінгі кейбір ғалымдардың Ахаң тұрған үйдің тағдыры былай тұрсын, ол үйдің қайда екендігін білмейтіні ащы да болса, шындық. Ал, «келеңсіз жайттар жайлы айту сүйкімімді кетіріп, абыройыма нұқсан келтіреді» деп, әліптің артын бағатын қорғаншақ адамдар қаншама! Тұрсынбек Кәкішұлы ондайлардың санатына жатпайтын, бітім-болмысы бөлек, ерекше жан екенін басымызға іс түскенде біліп, тәнті болдық.
Қуанышты хабар мен жаманаттың жатпайтыны баршамызға белгілі емес пе, ««Алатау» сауықтыру кешеніне қала әкімінің барғаны, Тұрсекеңнің мұражай жайын төтеден қойып, «Ахаңдай тұлғаға бір үйді қимау не масқара?!» – деп мәселе көтергені туралы ақпар, ұзынқұлақтан бізге де келіп жетті. Дұрыс пен бұрысты бетке айтатын тік мінезді, адал жан зор адамгершілігін Ахаң үйіне араша болу арқылы көрсетті. Осы оқиғадан соң көп ұзамай мұражайдың жөндеу жұмыстарының жай-жапсарын білуге келген әкім И.Нұрғалиұлы: «Мұражай Ахмет Байтұрсынұлынікі. Оған ешкім тимейді, енді шуылдай бермеңіз», – деген түйін айтты. Осымен «жабулы қазан жабулы күйінде» қалып, алып-қашпа әңгіме тәмам болды. Қайта-қайта мазалап: «…артында 70 пайыз мүлігі сақталмаған бұл үй мұражай болып қала алмайды», – деп қақылдағандардың аузына құм құйылды. Осылайша, Ахаң үйінің қорғаушысына айналған ағайды біздің ұжым мұражайдың рухани әкесіндей пір тұтамыз.
Тағы бірде «Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық ғұмырбаяны» атты кандидаттық диссертацияға бейресми пікір беруін өтіндім. Қорғау жұмысы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Ғылыми кеңесінде қаралып жатқан. Сөз кезегі Тұрсекеңе тиді. Зерттеуге де, институт ұжымының жұмысына да сынды дауылда жауған қарша боратты… Отырғандардың кейбіреулері тынышсыздана бастады, тіпті тартына сөйлеуін сұрап, жастарға зияныңыз тиіп кетпесін деп, қақпайлағандар да болды. Неге екенін білмеймін, өз басымда не ренжу, не қобалжу болған жоқ. Тек «сирек қорлардағы құпия құжаттардың кілті аспанда» екенін айтып, ақталғандай болдым. Ал, бұл «көлеңкелі жайттан» хабары мол Тұрсынбек ағай жауапқа қанағаттанды ма, жоқ әлде тығыз шаруалары болды ма білмеймін, кетуге ыңғайланып, сыртқа бет алды. Мінберде тұрғандықтан, ағайды шығарып салудың реті келмеді. Бірақ бұл жағдай арамызға сызат салған жоқ, керісінше жақындата түсті. Кейінірек, ағайдың сыны қамшы болып, екі тараудан тұратын ғылыми зерттеуді қайта пысықтап, «Ғасыр саңлағы» атты монографияға жинақтадым. Осы еңбектің жауапты редакторы болуын өтініп, жұмыстың қолжазбасын апарып бердім. Жасының ұлғайғанына қарамастан, елп ете қалатын әдетімен, келісе кетті. Міне, нағыз ғалым! Кез келгеннің бойынан жылт еткен шоқ көрсе, үрлеуге дайын тұратын хас шебер. Бағымызға қарай зерттеу жұмысы мемлекеттің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді. Ал, жанының тыныштығын бақпайтын Тұрсекең тағы бірде жолыққанда: «Осы текке жүрмей, жазғандарыңды анау «Фолиант» баспасынан шығатын «Тамаша адамдардың өмірі» сериясына неге ұсынбайсыңдар», – деп қызықты ойдың басын қылт еткізді. Міне, өзі де үнемі ізденісте жүретін, өзгелердің де ізденгенін, жан-жақты болғанын қалайтын, білгенін бәзбіреулер сықылды бүкпей, айналасына шуағын шашып жүретін ағай маңайының да тірлігіне қозғау салып, Ахаңның «масасынша» ызыңдап жүргені. Мүмкін бұл біреулерге ұнамас. Ал, саңлауы бар адам үсті-үстіне қуаттанғандай тағы тың соқпақтарға түсіп, соны жаңалықтар іздейді.
Бұл күні сексен бесті еңсергелі отырған, ұлт ұстазы Ахаңды ұлықтаған Тұрсекеңе зор ілтипатпен «әр дарынның өз орны бар» дейтін қағидасын өзіне қаратып мынаны баса айтқымыз келеді: «Сіздің қазақы қоғам һәм мұражай-үй үшін орныңыз ерекше, Сізді Ахаңның мұрасын бағалаушы ғана емес, қорғаушысы деп білеміз. Алмағайып заманда Алаш арыстары қазақ ұлттық ғылымының іргетасын қаласа, сол ғылым саналы ұрпағының сабақтастыруымен күні бүгінге жетіп, дамып, жетілу үстінде. Өзіңіз ғұламаның «Әдебиет танытқышы» туралы: «Мұндай еңбек бізде бұған дейін де, бұдан кейін де қайталанған жоқ. Ол – әдебиет теориясы мен әдебиеттану ғылымының міндет-парызын қатар атқарып, біздің алдыңғы ағаларымыздың эстетикалық сауатын ашуға мұрындық болған жүйелі оқулық. Ондағы анықтамалар мен терминдердің өзі күні бүгінге дейін біздің ғылыми арсеналымыздан орын алатын құнды қағидалар мен атаулар. Көркемдік әлеміндегі сөз өнерінің сай-саласын ұғындыратын Әдебиет танытқыш – қазақ әдебиеттану ғылымының негізін қалаған өміршең қондырғы-фундамент» деп таныдыңыз және ғылыми ортада оны сан қайтара дәлелдеп жүрсіз. Бұл пайымыңыздан кезінде авторы аталмаса да, зерттеу еңбектің қасақана «аластатылғанына» қарамастан, әдебиет саласында жетекші, бас құрал болғанының бұл күндері куәсі болып отырмыз…
Ғылымның даңғыл жолындағы стилі де дара, өмір сүру мәнері жатық әрі қарапайым, жаны адалдыққа құмар, жүрегі шындық деп шырылдайтын Тұрсекеңнің жүзі қашан да жарқын. Дегенмен, ағай ішкі сырын ақтарғанда, бүгінгі ұрпақтың былдыр тіліне қапаланатынын жасырмайды. Олардың арасында өз немерелерінің де жүргенін айтып, қоғами ахуалдың қазіргі беталысына қабырғасы қайысады. «Қайтесіз қамығып, бұл жаһандану заманының талабы ғой»,– деген маған, жалт қарап: «Кешегі қазақ басына қауіп төнген тұста да Алаш арыстары ана тілін таптатпаған. Қазақша сөйлеп, қазақ тілінде іс жүргізген. Ал, ұлт мектебінің атасы Ахаң бастауыш мектептегі баланы тек ана тілінде оқытудың керектігін айтты емес пе?! Ғұламаның ғұламалары, нағыз көрегендер олар», – деп, өзінің Ахаңа, Жақаңа, Сәкенге, Мағжанға, Сәбеңе деген сүйіспеншілігін мейірлене ақтарды. Нағыз ғажап! Алаш арыстарын оқы, құрметте деп, кеңес кезінде Тұрсынбекке тапсырма берген ешкім жоқ. Жас өрікпеген коммунист Тұрсынбек әдебиет әлемін өз түйсігімен таныды, шама-шарқынша сол қоғамға танытты… Арада жылдар өтіп, уақыт таразысының екшеуіне түсіп, тәуелсіздік алған тұста кешегі айтқандарынан әлдекімдерге ұқсап жалт бермей, тағы жады өлшеміне салып, тура сөйледі. Бүгін бізге де Тұрсынбектерді оқы деп тапсырма түскен жоқ. Өз таңдауымыз. Соған қарағанда құдіреттің тылсым күші, рухани тазалығы жақын жандарды бір-бірімен жіпсіз байланыстыратын болса керек. «Алдындағыға қарап бой түзейді» демекші, ойы ұқсас адамдар да бір-бірін зерделеп, қабылдау арқылы толығады-ау деймін. Тұрсекең әдебиет майданындағы қазаққа керек қазақы қоғамда адалдықты пір тұтып, ақиық ағаларының ақ жолын ұстанды, өзгелерге де осыны уағыз етуде. Біз де ағайға ұқсағымыз келеді. Осындай ұқсастықтар мен үндестіктер – қазақ ұлттық ғылымының рухани жалғастығы болып, тағылым мектебіне айналатыны сөзсіз. Оған тарих-таразы айғақ.

Райхан ИМАХАНБЕТ,
Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры,
Халықаралық бизнес университетінің доценті.

Дереккөз: “Қазақ әдебиеті”

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Телефон тұтқасын көтеріп, құлағына тосқан Тұрсынбек аз уақыттан соң: “кім олар?”, – деп гүрс етті. Арғы жақтан сұрағына жауап естіген соң және де: “Сенің кім екеніңді нақты білмеймін, бірақ, бұл мәселені мен аяқсыз қалдырмаймын. Уәде етем!” – деді де, телефон тұтқасын қоя салды. Біраздан соң санаториге ел күткен Иманғали да келді. Дастарханға жайғасып, әркім тілектерін айтып, әкімге алғыс жаудырып жатты. Тіпті, кейбір ақын-жазушылар өмірі мұндай демалыс орынын көрмегендей, ғаламның небір ғажайыптарынан осы күнге дейін мақұрым болып келгендей, қараңғы көзін “әкім” ашқандай жарамсақтанып жатты. Базбіреулері 80-ге келіп селкілдеп отырса да немересімен жасты әкім мырзаға жағынғандары соншалық, сөзді ысыра тұрып ән айтуға көшті. Әйелімен бірге ән салған әлгі адамның сол кездегі ұятты жағдайға қалғанын сол кеште көрермен болған әкім де, өзге әріптестерні де көрді. Іштей күлді, мүсіркеді. Табалағандар да кездесті. Біраздан соң кезек Тұрсынбек Кәкішұлына да келді. Микрафонды қолына ұстаған ғалым: “Құрметті Иманғали! Сені мына жұрт мақтап жатыр, мақтауыңды асырды. Мен бұлардай мақтау сөз айта алмаймын. Бірақ, көп істеріңе ризамын”, – деп сәл тыныстап алды да ары қарай: “Мен саған екі шаруа айтам… Біріншісі, қазақтың қасиетті қарашаңырағына айналған Ахаңның, алаштың Ахметінің қазіргі мұражай үйін неге бұздырмақшысың? Мен жаңа ғана сондай ақпарат естідім. Директорымын деген бір келіншек хабарласты. Ахмет Байтұрсынұлының үйін қиратуға қалай ғана дәттерің барады?”, – деп сұраулы жүзін әкімге қадады. Әкім сасқалақтап қалса да сездірмеуге тырысып: “Тұрсынбек аға! Мен бұл мәліметті міне сізден естіп отырмын. Кім айтты? Мен ондай бұйрық берген емеспін. Рас болса ертең-ақ мұны ретке келтіремін”, – деп орнынан ұшып тұрды. “Алматының төрінде Алаштан қалған жалғыз ескерткіш Ахаңның үйін бұзсақ қазақтығымыздан садаға кетсін. Оған жол бермеу керек”, – деді Тұрсекең де бірінші шаруасын айтып. “Ал, екінші жұмысым”, – деді ақсақал: “Сен Алматының көлік жүретін көшелерін жақсы-ақ жасадың. Көпірлерін де салып жатырсың. Бірақ, жаяу адамдар жүретін тротуарларын неге жөндемейсің? Әлде, елдің бәрі өзіңде көлікпен жүреді деп ойлайсың ба? Мына біз секілді кәрі-құртаңдар да, көлігі жоқ кедей-кепшіктер де сол тротуарды пайдаланады. Сондайда, аяғы тайып, мықшыңдап мазасы кетеді. Осыған не дейсің?”, – деді. Бірақ, әкім мырза бұл сұраққа жауапты тез берді. “Сіздің үй орталық стадионның жанындағы анау кішкентай көшеде емес пе еді? Жөндейміз ол жақты да. Сосын, қаланың басқа да көшелері бойындағы тротуарларды түгелдей ретке келтіреміз. Тағы да уәде етемін”, – деді. Тұрсекең екі сұраққа да тұщымды жауап алды да: “Істеріңе Алла береке берсін, аман бол”, – деп, қысқа қайырды да, әкімнің жанындағы өз орнына барып жайғасты. Дастархан соңындағы қорытындылау сөзін сөйлеген әкім: “Мен мұнда сіздердің не істеп, не қойып жүргендеріңіздің бәрін де білемін. (Санаториде ақын-жазушылар әкім келгенге дейін бір аптадан артық уақыт демалып жатқан болатын. Әкімнің қаржысына.) Осы кездесуге сіздерден бір көмек алармын, жұмысыма бағыт-бағдар сілтерсіздер деп үміттенгем. Осы ретте мына Тұрсынбек ағамның айтқандары көңіліме ерекше әсер етті. Сіздердің әр айтқан ескертулеріңіз мен үшін көп көмек екенін айтқым келеді”, – деді.
    Бұл кездесудің ертеңінде Ахмет Байтұрсынұлы мұражай директоры Тұрсекеңе қоңырау шалып, әкімнің келіп-кеткенін, бәрі де ретттелгенін қуана хабарлап, алғыс білдіріпті. Сондай-ақ, көше тротурарлары қайта жөндеуден өтіп, айтылған сөз, берілген уәде жерде қалмапты.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар