//

Таңда жалғыз жылаған байғызбен мен үндесем

1020 рет қаралды
5

Жапырақ

 

Көктей түсті жапырақ,

Жабырқады атырап.

Көгі үзілген қанаттай,

Қабырғам тұр қақырап.

 

Қорқытады түс мені,

Қандай қаһар күштеді.

Қандай азап,

Жап-жасыл

Жапырақтың түскені.

 

Көңілден өтті сан ғайып,

Сұлу таңда бар ма айып?!

Үзілгені жақсы ғой,

Жапрыақтың сарғайып.

 

Жеңілмей жұттан жүр едім.

Жүн жеген иттей жүдедім.

Жапырақ көрсем мұңайып,

Дірілдейді жүрегім.

 

Қайғымды жырмен жасқайын,

Басыма соны жастайын.

Үзе көрме, табиғат,

Жапрыағыңды жастайын?!

21.04.2012ж.

 

Бота

 

Тағдырдың тиді қамшысы,

Жасымның қызыл тамшысы.

Талқан болды, қайтейін,

Тірлігімнің тал түсі.

 

Табан асты тозғаным,

Тағдырымнан озбадым.

Айырылған енеден,

Ботадайын боздадым.

 

Қайғы, шерді қоздатқан,

Қаратауды қозғалтқан,

Құдырет-ай,

Кәріні

Ботадайын боздатқан.

 

Бота қалса артында,

Арман бар ма қартында?

Қызығы шыж қу дәурен,

Күңірен де жарқылда.

 

Су көтермей сіркесі,

Есуаспын кем есі,

Бота көріп не керек,

Боздап қалса енесі?

 

Ботамын ғой ботамын,

Бордай болып босадым.

Қашан, ботам, келесің,

Қай қиырдан тосамын?

 

Запыран ішке ұйыды.

Зиыны тәннің сұйыды.

Зарлаған мен бір ботамын,

Зауығы тұман, бұйығы.

22.04.2012ж

 

Сағыныш

 

Сағыныш – күш, тартылыс,

Жанымды жеген уайым.

Уайым у ғой кетер ме,

Ащы жаспен жуайын.

 

Сағыныш сынды елестер

Сағымдай сырғып келеді.

Сазды, мұңлы сары әуен,

Көкірегімді кереді.

 

Айналам салқын, меңіреу,

Тылсыммен мүлгіп тілдесем.

Таңда жалғыз жылаған,

Байғызбен мен үндесем.

 

Қарап ұзақ қабаттан

Сарғайтамын санамды.

Қажығанда уатқан

Сағындым салхар анамды.

 

Бота жасым моншақтап,

Мол-молымен тамады.

Сағыныш уы жеп біткен

Жүрек те әлсіз,

Талады.

 

Көктің иісі аңқыған,

Топиған торы топырақ

Топыраққа тоқтайды,

Сағынышым тоқырап.

25.04.2012.

Парақшамызға жазылыңыз

5 Comments

  1. Мен жыладым әлде нені іздеді бе білмеймін әсері күшті болды

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар