Күләш апайды тұңғыш көруім. Сөзі де, өзі де нағыз асыл жан екен. Жас кезінде, тіпті, көрікті болған-ау. Өтекеңе наздана қарайды, ақынға әлі де ғашық, баладай баптайтыны аңғарылады. Кезінде марқұм Тоқаш, Мұқағали, Төлеужан, Асқарлармен бірге жүрген Өтеағаңның жайнаған туы жығылмай, ортамызда аман-есен таудай боп отырғаны – осы Күләш апайдың арқасы екен-ау, деген ой түйгем сонда. Әрине, сөйлеуші – Өтеағаң, тыңдаушы – біз. Арғы-бергіден сөз тартқан шайырдың өзіміз күткен «жындылығын» көре алмадық. Әншейінде қисық-қыңыр сөйлейтін Өтеағаң сол жолы бізді ақыл-парасатымен, орнықтылығымен тәнті етті. Алдына келген қойдың басына қол жайып, бата беріп жатпады, бірақ қазақылықпен бәрімізге үлестіріп, ауыз тигізді. Сол отырыста Зайда ханым әуелете ән салып, Жұмағамнан қалған асыл тұяқ – Айкүні өзі шығарған орысша өлеңін оқыған. Бәріміз де өлең оқығанбыз, бірақ Өтеағаң, жұрт жалынса да, өлең оқымай қойды. «Өлеңді жатқа оқу керек, жатталмаған өлең – өлең емес» дегені есімде. Сол жолы қаламгер Құрал Тоқмырзиннің Өтеағаңды қаралап жазған бір мақаласы сөз болып, Күләш апай Құрал ағамызға ренжігенде, Өтеағаң «Күлеке, мен сенің орныңда болсам, қайта Тоқмырзинді қонаққа шақырар едім» деп керісінше кесіп-пішкен. Соның бәрі күні кеше болған сияқты еді. Күләш апайдай жары бар Өтеағаң әл-әзір өлмейтіндей көрінген. Өлмес те ме еді…
…Күләш апайдың көзі кеткен соң-ақ Өтеағаңның иығы түсіп, жағы суалып, жүдеп сала берді. Қанша жерден сал-серілігіне басып, Сомбреро шляпасын сындыра киіп, үшкіл бас тақалы туплиін тастамаса да, күтімі біртін-біртін кете бастады. Баяғы отырыстан кейін ұмытпапты, қарсы кездескен сайын «Газетіңе менің өлеңімді неге шығармайсың? Әлде, өлгенімді күтіп жүрсің бе? Өлген соң бәрібір шығарасың» дейтін.
Өтеағаңның Саят деген жалғыз баласы ҚазПИ-де бізден бір курс төмен, орыс филологиясында оқыды. Орысша жазған өлеңдерін оқыған Асқар Сүлейменов «Әкеңнен де мықты ақын боласың» деп сүйсінген екен. Осы Саят 1985 жылы желтоқсан айында 22 жасында дүниеден өткен. Әкесін шеттеткен кер қоғамға налыған сияқты, өзін-өзі оққа байлаған. Тәкен Әлімқұлов 1986 жылы Саяттың бір топ өлеңдерін қазақшаға аударыпты. Жалғыз баласы – орнын басар тұяғының көзі кеткен соң, Өтекең бұл боқ дүниеден жерінген, ешкімге, ештеңеге басын имеуге бекінген секілді көрінеді.
Біз Өтеағаңды беті қайтқан кезінде көрдік. Әйтпесе, елуінші жылдардың аяғы, алпысыншы жылдардың басында әдеби ортада атақ-аты Мұқағали мен Төлегеннен, Қадыр мен Тұманбайдан бұрын дүркіреген. Алғашқы кітабы «Менің махаббатым» 1962 жылы 24 жасында студент кезінде шығыпты. 1965 жылы 27 жасында Алматыға көшіп келген. Бәрі жап-жақсы басталған. Бірақ…
Оқырмандар ақынды тірі классик ретінде бағалады. Бірақ Өтеағаңның ресми атақ-даңққа қолы жеткен жоқ. Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері атана алмады. Бар болғаны Байғанин ауданының құрметті азаматы атанды. Орден алды. Бары – сол.
Орден демекші, 2006 жылы «Қазақ әдебиетіне» «Орден алғанда…» деген өлеңі шықты.
«…Мен Құдайдан медаль күттім, ал Ол маған орден берді,
Анау-мынау ақындардың қолы жетпес… жерден берді…». Мұқағали, Төлеген, Жұмекеннің қолы жетпеген орденге Өтеағаң ие болды. Осы жарқыраған орденін кеудесінен тастамай, шырттай киініп, екі қолын артына ұстап, алшаң басып жүрді. Жүрді-жүрді де, бір күні дүкенге сүт алуға кіргенде, құлап түсті. Қайтып тұрмады.
Тағдыры ақынды аямаса, Өтеағаң да ешкімді аяған жоқ. Өзін де, өзгені де. Тілін тартпай өтті. Бір ғажабы, «айтты екен-ау» деп Өтеағаңа еш адам ренжімейтін. Бұл да оның біз үңіле алмаған тұңғиығы.
Не жазса да тереңнен қазып, сүйектен өткізіп жазатын Әбіш аға Кекілбаев «Ерекше күйініп, ерекше сүйініп, ерекше түңілетін Өтежан Нұрғалиев әлі сол өте жұмбақ қалпында. Азу тигізбестей асау. Тіл тигізбестей тылсым. Оның тұңғиығына бойлаймын деп, әлі талай ұрпақтың қары талады. Көзіңіздің барында қандай көзге шыққан сүйелдей сирек құбылыс боп өтсеңіз, көзіңіздің жоғында да дәл сол қалпыңызда қаласыз» депті Өтежан ақынды 60 жылдығымен құттықтауында.
Өтеағаңның өмірінің күнгейі мен көлеңкесі, жүрек дерті, өмір серті ақынның таяуда жарық көрген қос томдығында тұнып тұр. Бұл қос кітап «Көне соқпақтар, соны сұхбаттар» (мақалалар, сұхбат-толғамдар) және «Соғыстың соңғы жазы» (Өлеңдер, балладалар, поэма) деп аталады.
«Соғыстың соңғы жазы» бұдан 30 жыл бұрын әбден паршаланып, 4-5 бөлікке бөлініп шығыпты. Бұл кітап – соғыс жылдарындағы алыстағы қазақ ауылының жетім баланың көзімен берілген поэтикалық понограммасы. Сәби шағы – жетімдікке, естияр кезеңі – өктемдікке жем болған шайырдың шерлі шежіресі. Қос кітап әке рухына бас иген перзенттері Маргарита, Бэла, Тахмина Өтежанқыздарының демеушілігімен жарық көрген.
Төреғали ТӘШЕНОВ
P.S. Бүгін сағат 15.00-де Қазақстан Жазушылар одағында Ә.Қодардың «Зерделілер» ғылыми-танымдық клубының ұйымдастыруымен Өтежан Нұрғалиевті еске алу кеші өтеді. Әдеби кеш ақынның таяуда жарық көрген қос томдығының тұсаукесер рәсімімен ашылады.
Дереккөз: “Айқын”
Ақын Жұмекен айтпақшы, “том-том болып айтылар да иманым, фамилияға айналармын” деген осы-ау.
Акынның жары Күләш текті жердің қызы, атасы алашордашы, Оралдағы С.Сейфуллин ашқан тұңғыш қазақ мектебінің тұңғыш директоры болған. Күләш жас кезінде хас сұлудың өзі еді, есейгесін онысына ішкі жан сұлулығы қосылды. Ақын үшін қажет бір қайрақ осы емес пе?! Ал Өтежан Нұрғалиев туралы нағыз шындық өзі айтып кеткендей 100 жылдан кейін айтылатын болар…