Бүгін Алматыда “Достық үйінде” Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитеті мен “Викибілім” қоғамдық қорының ұйымдастыруымен “Интернет желісінде қазақтілді мазмұнды дамыту мен насихаттау” тақырыбында семинар-тренинг басталды.
Шараға Тіл комитетінің өкілі Шерубай Құрманбайұлы, “Викибілім” қоғамдық қорының президенті Рауан Кенжеханұлы және басқа да қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Негізгі мәселе – интернеттегі қазақ тілінің дамуы. Рауан Кенжеханұлы www.ikitap.kz жобасы мен creative commons жүйесімен таныстыра отырып, Қазақстандағы электронды кітапхана жағдайымен таныстырды. “Викибілім” қоғамдық қоры қазақша википедияны қолға алғанда,ондағы қазақ тіліндегі ақпараттардың саны саусақпен санарлық болса, қазірде оның саны 160-мыңнан асқан. Сонымен бірге электронды кітапхана жасақтау мақсатында creative commons лицензияларын кеңінен насихаттау қолға алынып отыр. Осы лицензиялар арқылы қазақтың классик жазушыларының аудикітаптары және парақтап оқуға болатын PDF нұсқалары жүктелген. Сонымен қатар қазақ тіліндегі видео материалдарды да бұл сайттан молдап таба аласыз.
Журналист Жалғас Ертай қазақтілді мазмұн мен интернеттегі негізгі тенденциялар жайында өзінің срааптамасын ортаға салды. Қазір қазақ интернетінде 4 мыңға жуық сайт тіркелсе, оның 3 мыңдайы белсенді түрде жаңаланып келеді. Алайда, әлі күнге дейін Қазақстандық тұтынушылардың ең жоғары деңгейде пайдаланылатыны – “Мой мир” әлеуметтік желісі. www.zero.kz сайтында “Мой мирге” 24 сағат ішінде 33 миллион адам кіреді екен. Ал аптасына 205 миллион адам енеді. Демек, біз әлі күнге дейін ақпараттық салада Ресейдің бодандығында отырмыз.
“Мінбер” журналистерді қолдау орталығының жетекшісі Есенгүл Кәпқызы қазақ контентін дамытудағы кедергілер жайында өз ойын ортаға салды. “www.baq.kz –те аймақтық ақпарат құралдарын топтастыру тығырықтан шығудың жолы емес. Сол себепті де, қазақ контентін дамытудың өзіндік бағыт бағдары, жүйесі болуы керек. Қазіргі қазақтілді интернет басылымдардың басым көпшілігі энтузиазистердің қолында. Олардың ақпарат құралын дамытуға арнай қаржы бөлініп отырған жоқ. Бізден өзге мемлекеттердің көбі – өзінің іздеу жүйесін, әлеуметтік желісін, арнайы пошталық сервисін дамытуға күш салуда.Бұған өзге емес мемлекет тікелей араласып отыр. Біз ақпараттық технологиялық тұрғыдан да әлі күнге дейін Ресейдің боданында отырмыз. Мысалды алыстан іздемей-ақ, Мой мирдегі төрт миллионға жуық тіркелушіні айтуға болады”, – деді ол.
Сонымен қатар ресейлік Яндекс іздеу жүйесінің қазақ тіліндегі мәліметтерді іздеуге бет бұрғанына да біраз уақыт болды. Яндекс компаниясының Қазақстандағы өкілі Жанат Әбілқасым оның қазақ тіліндегі іздестіру қызметінің біршама жұмыс атқара бастады. Оның айтуынша күніне “Яндекс” іздестіру қызметінің жүйесінде 90 миллион дүние іздестірілсе, оның 3,4 пайызы ғана қазақ тілінде жүзеге асырылады екен. Бұл дегеніңіз қазақ тілінде күніне 100 мың, айына 3 миллионға жуық мәлімет іздестіріледі деген сөз. Қазақстан бойынша “Яндекс” іздестіру қызметіне 79 миллионнан астам құжат белгілі болса, соның 6 миллиондайы қазақша, яғни барлық контенттің 7-8 пайызы қазақ тілінде.
Демек, интернеттегі қазақтілді контент басқа контенттермен салыстырғанда, тым аз. Дөңгелек үстелге жиналғандар осы бір олқылықтың орнын қалай толтыру қажеттілігіне тоқталды. Түстен кейін дөңгелек үстел семинар-тренингпен жалғасты.
“Мінбер” ақпарат.
Парақшамызға жазылыңыз