//

Бақытбек Бәмішұлы: Тәңірінен жазу туралы пәрмен алған адам – жазушы

988 рет қаралды
6

(«Таң-Шолпан» әдеби-көркем, көпшілік журналының сауалдарына жауап) 

Сұрақ: Сіз кітап дүкендеріне барып тұрасыз ба? Ол дүкендерден қазақтың қай ақын-жазушыларының кітабын көрдіңіз? Жаңа шығармалар бар ма екен? Егер бармайтын болсаңыз оның себебі не дер едіңіз? Сіздің кітабыңыз соңғы рет қашан шықты? Кітап дүкендеріне түсті ме? Мемлекеттік тапсырыс деген көркем әдебиетті өсіретін әрекет пе, әлде «әдебиетті қолдамай отыр» деген әңгімеден қашып жасалына салған көзбояушылық па?

Жауап: Кітап жақсысы адамды адамгершілікке, кісілікке тәрбиелейді. Кітаптың бұл қызметі жойыла қойған жоқ шығар. Бұрынғыдан қалған сөз: «ауылыңда қартың болса жазып қойған хатпен тең». ХХ ғасырдың бірінші жартысы қазақ халқына орны толмас қасырет әкелді. Қазақтың қарты мен мәртінің басын қақшып тастап, олардың орынын большевиктер хатпен (кітаппен) алмастырды. Адамгершілік, кісілігіміз күшеймесе жойылмады. Шындығында жоя алмады. «Арам қаны асқынған жаудың» арманы ақыр болмады. Қазақ тамырынан көктеді. Қаламгерлеріміз қазақ әдебиетінің «алтын ғасырын» өмірге әкелді. Қазақ жауда жүріп аршындап еді, бауда жүріп қалшылдайтын түрі бар. Қарттың да, хаттың да қадірі қашты. Көз біткен көк тиынмен шелденген бейдауа заманда адамгершілік пен кісіліктен айрылдық. Аз ақ жылда бұзды, бұзылдық. Ақшасы бары адам, пәресі жоғы харам болды. Осындайда жақсы Кітап сергітеді. Жазушылар Одағына, «Баспалар  үйіне» (Алматыдағы) барамын. Шағын кітап дүкендеріне кіріп шығамын. Жалғызұрылық бірлі-екілі классиктердің кітаптары көрінеді. Жуықта «Кітап», «Көкжиек» дүкеніне бас сұқтым. «Кітап» дүкенінің күйіне ішім ашыды. Алматыдағы ең үлкен сауда орыны еді ғой. Жаның ашиды. Менің кітабым соңғы рет 2008 жылы өз қаражатыммен жарық көрген, дүкендерге түсіретіндей тираж емес. Шарқыңа сай шығарған тауарымды ақысыз-пұлсыз таратамын. Кітабы шығып, ол сатылып, оның жемісін жеп жатса неге қызықтырмасын. 2000 данамен ешкім байымайды. Дұрыс айтасыз, мемлекеттік тапсырыс – ауыз басыртқы. Шығармалары мүлдем жарық көрмей көміліп жатқаннан гөрі оған қолы жеткен жазушылар жазғанының жылт еткеніне дән риза болады. Мен тек жазғанына жырғап жүрген жеті жүздің бірімін. Ақын-жазушы – алтынды орда, үлкен кен. Оның байлығымен бизнесмен-кәсіпкер айналысуы керек. Бұл өнімнің (қол жазба)  бір ерекшелігі – тура қолданысқа енсе тауар да, ал баспагерге өтсе, қайта өңдеп әуіре болмайтын таза шикі зат қой. Тауар ететін баспагер. Бізде баспагерлік өнер мешеу күйінде, мешел, дамымай отыр. Бар баспагерлеріміз үкіметке алақан жайып, соның берген бес-он теңгесімен бес-он адамды асырайды. Баспагерліктен емес, үкіметтік тапсырыстан тамағын табады. Тендер иесі өзінің алпыс ата, жетпіс жездесінің шикі затына тапсырыс береді. Ол тауарды баспагердің қолынан қидай сыпырып алады. Шынайы баспагер, ол тауар өндіруші. Өнімін сатып, айналымға түсіріп, содан пайда әкеледі. Өнім өтімді, баға сүюі басты шарт. Демек, баспагер сапалы өнімге сапалы шикі зат іздейді. Жазушының туындысы баспагер үшін жер бетінің жем-шөбі, орман-тоғайы сияқты шығыны аз, арзан шикі зат қой. Жазушы – табиғат. Өндіріссіз жерде  шикі зат іріп-шіріп қала береді. Туысып кеткен туындылар жетеді. Ал биліктің баспагерліктің дамуын қаламайтындығы, қақтың суындай қалам ақысымен қаламгер қауымының қасқаларын уысынан шығармай ұстау тәсілі. Оған кінә арту, кешегі кеңестік психологиядан арыла алмағандығымыздың куәсі. Сана тазармады. Кешегі құлдықтың құрығынан шыға алмай, батпақтап қалдық. Ертең жазушының өнімін де шет елдерден біреу келіп сатып алады. Жазушы шет елдік магнатқа қызмет ететін болады. Сонда қара кебеженің түбіндегінің бәрі бетіне шығады-ау. Айраннан қағылатын тағы да қазақ байқұс болады-ау.

Сұрақ: Қаламақы алмаса да қазақта жазуын тоқтатпаған жазушы бар ма?

Жауап:  «Ешнәрсе дәметпей жанын салып еңбектеніп жүргендер» бар, қоғамның ең бір жанкештілері. Нағыздар. Тәңірінен жазу туралы пәрмен алған адам – жазушы, ол қаламақыға қарамайды, күй талғамайды, жаза береді, жаза береді. Жағдайының көркемдігіне көңіл бөлмейтін бейнетқорлар. Қоғамның құлдары, кешірсін!  Дәметіп күн көргендерді білмейді екемін. Егер қаламгер еңбегін әлде кім пайдаланып жатса оған неге ақы төлемеске, төлену керек. Жалпы біздің қоғамда ақын-жазушының еңбегін ақысыз, пұлсыз игілігіне жарату қалыптасқан. Қаламгерін құл сияқты жұмсайды ғой. Әншісі қымбат, ақыны құнсыз. Қоғамның әлсіздігі. Коммунизмнен қалған қоқыс. Қазіргі аз-мұз қалам ақы көңілі жеткендерге беріледі, өнімнің сапасына еш кім мән беріп жатқан жоқ. Өйткені, «басы ауырмағанның құдайменен ісі жоқ», ақшаны өзі таппаған соң, құйпалап бірдеме шығарып газет не журналдың бетін, не баспа табағын толтырса болды. Ондай жерден қандай ықпал дәметеміз.

Сұрақ: «Қазақ жазушыларының ішінде шын мәнінде патриотизм бар ма?».

Жауап: Қазақта бір жаман мақал бар: «Алтын көрсе періште жолдан таяды» деген. Сонда ол қай періште? Оң иықтағысы ма, сол иықтағысы ма? Оған қарамайды. Жасырмай айту керек. Коммунизм түрме еді. Бүкіл бүтін қоғамды абақтыда ұстаған. Осы түрмеден шыққанда адамдардың «естен танғаны» сондай, қуана да алмай қалды. Ал абақтыдан шыққан адамның алғашқы ойлайтыны не? «Шын ба Өтірік пе?!». Біздің жолдан тайып, періштенің ақ пен қарасын ажырата алмай, жалған патриотизм мен отаншылдыққа баратындығымыздың себебі осы. «Молданың айтқанын істе, істегенін істеме». Қазіргі қоғам жағымпаз жазушыларды жарылқап жатыр. «Күшігінде таланып» қалған «тарлан, тақуаларда» ұлттық шынайы патриотизм болмайды. Жан жүйемізден коммунизмнің зардабы жойылмағандықтан, есесіне, парақор папалар мен жемқор жезделер ұрпаққа уын сіңіріп жатыр. Бес тиынға бәрі мәз. Ақша жүрген жерде қандай патриотизм болады. Адамнан гөрі, алаңнан гөрі ақшаның амандығын ойламай ма?  Бүгінгі тірлігі жанына тікендей қадалып, тірінің тозағын тартып, азабын арқалап, абақтыда жүрген ақын, қапаста отырған қаламгер жоқтай көрінгенімен, «ойлы адамға» алаштың ақырзманы атқан таңмен жетердей, қара жердің бетіне қайтып алаш келмейтіндей өмір сүргінін көріп жатырмыз. Айдалаға ағып жатқан мұнай, атылып жатқан Ақбөкен, аһұрып жатқан Арал, сатылып жатқан Сайын дала, селдіреп қалған Сексеуіл, селдей көшкен құм, құрып-суалған өзен, көл, күрмелген тіл, ергеншексіз есік… қаламгер қайғысы, қазақ қасыреті.  Бір адам емес, бүтін жұртты алаңға алып шығатын жалпы ұлттық мәселе. Қол бастау сирек құбылыс. Оны қоғамның алғы шарттары тудырады. Қалыптасқан жағдай батыл, батыр, күрескерін таңдайды. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар». Әрі идеолог-жазушы, әрі күрескер-қаламгер болу екінің бірінің маңдайына жазыла бермеген. Күрескер-жазушы деп Шаханов Мұхтарды айт. Ол алмас текті, алдаспан батыр еді. Қартайтты. Бірақ, ол да, Махамбет те қолбасшы болған емес. Менің Ақ періштем адал, ақша көріп ақ жолынан адаспайды деп сенемін.

Сұрақ: Өз шығармашылығыңыз туралы сөз қозғаңызшы. Көркем әдебиет жайында сөйлесетін, пікір алысатын ортаңыз бар ма? Бүгінгі проза және поэзия туралы не айтар едіңіз?

Жауап: Мен өзімді жаратылысымнан жазушы, ақын адаммын деп есептеймін. Қаламгер үнемі ойда жүреді, ойлап жүреді… Қазақтың мәңгіліктігін ойлайды. Адамгершілік, кісілікті ойлайды… Жылқы тас қараңғы түнде жарты тарыны көреді дейді. Қаламгердің де қарасы өткір, қоғамды қырғидай шолады. Қылт еткенін сезеді. Жол жиегінде жатқан темекінің тұқылын көреді, қынжылады, жол үстіне түкіргендерден түңіледі. Демек, жазушының жанын жараламайтын жер үстінде жат нәрсе болмайды. Ұлт мәселесі ол үшін азап, қазақ тағдыры тозақ. Шығармаларын ұлтына арнап жазады. Туындысы туған халқына қызмет етіп жатса оның барлық адамзат баласына ортақ болғаны. Өз ұлтының керегіне жарамаған дүние басқаның да көсегесін көгертпейді ғой. Ақынның ақылшысы, суреткердің кеңесшісі кітап шығар, ал пікір алысатын ортасы өзінің ішкі ойлары болса керек. Мен алғашқы махаббаты Қазақстан деп ашылған жанмын. Маған бұ дүниеде Қазақстаннан қымбат еш нәрсе жоқ. Сондықтан басқаны  көксемеймін. Тағдырымды туған елімнің тасына тасқып шегелеген жанмын. Мұны айтып отырған себебімнің арқы түбін аңғарған шығарсыз. Адами қарым-қатынас арасын жайлап алған арсыздық пен анайылықтың дауасын таппай, өркениеттің өрінен, енді қайта құлдауға бет бұрған, адамдары жаппай жалғыздық күнін кешкен, азиялық «эгзотикалармен» жылып көрісетін Еуропадан, Америкадан әдебиеттің де, мәдениеттің алатын үлгісі де жоқ, өнегесі жоқ. Неге біздің жемқорларымыз бен пәреқорларымыз Еуропаға, Америкаға қашады. Яғни, онда пәлеқорлар паналайтын апан бар. Қытайға, Жапонияға неге қашпайды? Онда қылмыскерлерді қорғайтын қауым жоқ. Қауымы қорқыныш пен үрейде өмір сүрген елдің әдебиеті де сондай болады. Біздің ата-бабаларымыздың тұқым қуатының күштілігі, гендік қасиеттерінің тектілігі сондай пасионарларын қырып тастағанына қарамай ұлттық құндылықтарымыздың не бір ғажайып үлгілерін бойына сіңірген кемел көркем әдебиет жасады. Айттым. Қазақтың қанды геноцидтерден құрып кетпей қайта түлеп, күш бермей алсындап, ажарланып, әлемдік айдынға жырқырап шығуы қандық қасиет. Осы қасиет көркем әдебиетімізде бар. Ананыкі анандай, мынаныкі мынадай екен дейтін еліктеушілік балалық. Қазақ оқымаған әлем әдебиеті жоқ. Уақыт пен кеңістіктен тең жарасым тапты. Ендігі мақсат шыққан шыңымыздан құлап кетпей осы биіктікті ұрпағыңның ұрпағына жалғастыру. Бұрын да болған, қазір де бар, көркем әдебиеттегі көп тартыс тудыра беретін бір мәселе сана ағымына байланысты туындайды. Қыран қиялдың ақық ойдың ақ пырағына айналдырған қаламгерлеріміз ой орбитасына шығып алғаннан кейін кебіреулері есіне ие бола алмай сандыраққа бой алдыру жиі ұшырасады. Сол шақтарда құпиялыққа құлаш сермеу мен сана сандырағын ажыратпай қала ма деп ойлаймын. Сонысын тықпалайды. Сонысы соны нәрсе емес қой. Бұдан еш үркудің, бұны жатсынып, жатырқамаған жөн. Ағаштың бүйіріндегі ұрысындай бұлтиып, томпайып тұра береді. Әдебиет одан шекімейді. Өнер өзіне қажеттісін таңдап, уақыт сұрыптамақ. Нұрлы сөз (өлең) қандай да тас жүректі жібітеді. Әдебиет уақыт елегінен өтсе – өнер, өтпесе – архив. Ал өз басым адам баласын аярлыққа, анайылыққа, хайуандық қалыпқа қарай бағыттайтын жазбалар дәріптелмесе екен деймін. Өйткені адамның тіліне аспандағы бұлт та азады дейді ғой. Адамзат баласын сақтап тұрған тепе-теңдік емес пе. Табиғаттың тепе-теңдігінің бұзылуы – заманақыр. Сөздің заманы кетіп, көздің заманы келіп тұр. Сөз – мұңлық, көз – сұмдық. Тым болмағанда осы тепе теңдікті сақтай алсақ адамзат баласы да Алаш баласы да біраз уақытқа дейін ғұмыр кешер. Алтын көрсе де адал қызметінен айнымас Ақ періштелерімізге аямай қара күйе жағудан абай болу қашан да, қай заманда да қаламгердің арына сын болған. Ар – ақылдың ісі. Арлы жерде арамдық жүрмейді. Сондықтанда Алаш баласының аманының Атасы да, Анасы да – Ар. Оның адамгершілік пен кісілік төл тумасы болса керек.

«Таң-шолпан», №1, 33-37 беттер, 2011 жыл.

 

 

 

Парақшамызға жазылыңыз

6 Comments

  1. Бақытбек аға, күшті жазыпсыз. Бір нәрсеге көзім жеткені: кітап көп оқыған адамның есі дұрыс, миы жақсы жұмыс істейді. Сосын Абай атамыз айтқан; адам мінезін түзеу тек кітаптың қолында, ал кино көрген адамның миы шаршап қалады. Тек қазақша көп кітап оқыған адам қазақ тілінің байлығынан айырылмайды. Кинода ақпараттың бәрі дайын миға құйылады да ол жерде ойлауға мұрша болмайды. Кітап оқу көп еңбек талап етеді. Ал жалқау адамға кітап бетін ашқаннан гөрі ана бір түрітердің, корейлердің, үндістердің тексіз сериалдарын көрген оңай ғой.

    Мен Санкт-Петербургта болдым. Кітап сататын дүкендер 5-6 этаж екен. Адамдар ішінде сеңдей соғылысады. Метода адамдардың 70% кітап оқиды. Біздегі дүкендердегі қазақ жазушыларының кітаптары екі алған бала сияқты сүмірейіп бұрышта тұр. Бүкіл ақшаңа сатып алып байғұстарды үйіңе апарып қойғың келеді. Бізде кітап дүкендерінен гөрі диск сатқыштар көп қой. Нарық заманында ол да бір сұраныстың әсері ғой. Қазақтар кітап оқуға намыстанады. Бұрын жұмыста маған айтады: «салып қойшы кітабыңды сөмкеңе, кітап көрсе ана бастық ұрсат» деп. Ол қандай бастық кітап көрсе ұрсатын? М.Мағауиннің 12 томдығы бір-ақ дүкенде бар. Оның өзін алу үшін бірай күту керек. ал Қ.Жұмаділовтің 12 томдығын таппай қойдым. Тіпті «Дарабозды» да таппадым. Ал қазіргі рухани аш жастарға «Дарабозды» оқытса болмай ма? Нағыз қазақты таниды ғой. Қабанбай бабамыз, Абылайханның саясаты болмаса қазір өстіп тайраңдап жүреміз бе? кенесары қайда? Баы қайда? Эрмитажда ма? Жоқ, әлде бір бай орыстың үйінде «коллексия» болып тұр ма?

    Қазақстанды жер көлемінен 9 әлде 8 орында ма дейді ғой. Шындығында бірінші ғой. Қалғанынң бәрі құрама, федерация. Тек қана қазақ бір тұтас, салт, дәстүр, мінезі де бар. Ал қазіргі ұрпақтың сана сезімін интернет жеп отыр. Күні түні монитордан көз алмайды. «Сөз қадірі кеткенде ақын көбейеді, қыз қадірі кеткенде қатын көбейеді».заманақыр боларда кітап жойылады. Қиамет қайым боларда ел-жұрт намаз оқитын, құранның сөздерін оқитын кітап таба алмай қалады деуші еді. соған қарағанда ол күн де алыс емес. Қазір қағаздың, қаламның қадірі жұрдай болды. Адамдар қалталарындағы алақандай телефоннан бәрін біліп алатын болды. Қазақтай халық әлемде жоқ. Қазақтағы бар нәрселер: тек, рух, намыс, ұят, қан тазалығы. Бірде бір ұлттан кездестіре алмадым. Ана жайылып жүрген үркек мінез жылқыға қара қазаққа қарайықшы. 1916 жылға дейін қазақ жерінде 5 миллионнан астам жылқы болды. Ал Галашокиннен кейін 10000 жылқы қалды. Ал енді атқа мінген қазақ пен жаяу қазақты көз алдыңызға елестетіңіз. Қайсысын басқару оңай. Ұлттық құндылықтан жұрдай болдық. Тазы қайда Арқада мыңдап жүгірген? Маң төбеттеріміз қайда? Ақан сері, Қабанбай бабамыз, Маханбет, Кенесарылар мінген қазан аттар қайда? Осыларды қайта қалпына келтірсем деп жанын салып жүрген кейбірімізді өз қазағымыз келіп соғып жүрген жоқ па? Ит сатып, ит төбелестіріп. Киіз үйге ассалаумағалейкум деп сүмірейіп кіріп, 500 теңгеге бір кесе қымыз сатып ішіп. «Қазанат-мазанат не, мне только ағылшын и ақалтеке ұнайды» деп жүрген жартылай комунист, жартылай социалист ағаларымызды қалай түсінеміз?

    Мен оқып жүрген университетте Малайзияда 110 мемлекеттің студенті оқиды. Лабороторияда студентер тік ұшақ жинайды. Тарының қауызындай кішкентей ғана Малайзия. Египеттен 20 жылға озып кетті. Кезінде патшамыз осы Малайзия мен Сингапур сияқты болсақ деп еді. сол үшін болашақ бағдарламасын іске асырды. Ұлтсыз, рухсыз (бұл жерде бәріне тіл тигізгім келмейді!) ұрпақтың қаншамасы мемлекеттің ақшасына оқып, шет елдерде қалып үбірлі-шүбірлі болып отыр. Жақында ондай бір азаматтан «енді оқуың бітті, еліңе қайтпайсың ба?» десем, «осында қаламын» дейді. «Ал еліңмен жасасқан келісім шарт қайда қалады?» десем, «ой оны тиын-тебенін төлеп келісіп қойғанмын» дейді. Не керек, жемөорлықтан, парақорлықтан, жекебасқа табынушылықтан, жағымпаздықтан.?! Осылардан жалыққан жастар шет елде тып тыныш қалғысы келеді. Рахат өмір. Жұмыс та табу оңай. Ер туған жеріне, ит тойған жеріне деген мақал керісінше болып кетті. Қаншама ер азаматтарымыз алтын бастарын шет елдесаудаға салып жүр. Ал мемлекет ше? Сенетін, сенім артатын Сарыарқаның төріндегі азаматтарымыз ше? Олардың өмір сүруі кәдімгі шет елдік стандарттан 1 мм ауытқыған емес. Ал ауылға қараңыз? Еститін әңгімеңіз «анау кеше мас болып келіп қатынын сабады». Одан қалса айтуға ауыз бармайтын неше түрлі сұмдық әрекеттер… жайлаған. Тозған жұрт. 21 ғасырда осындай тозған елді еш қай жерден кездестірмейсіз. Бұл тек әлемдегі шикізатқа ең бай елде ғана кездеседі. Құлдық сана-сезім қанымызға сіңіп кетткен. Орыс миымызды шырдай айналдырды. Мына малайлардан көргенім бос, қысыр әңгіме мұнда болмайды екен. Күрішке тойып алады да әр кім өз ісімен айналысады. Қазақтың ісінен гөрі сөзі көп.

    “Алтау ала болса ауыздағы кетеді, бөлінгенді бөрі жейді, айырылғанды аю жейді». Әліде кеш емес, алдағы жастарға мүмкіндік беру керек. рухы мықты жастарды 10 рет айдап әкеліп кедендік ұйымға» қайта салсаң да енді қайтып орысқа мойын бұрмайды. Қазақтың рухы мықты, қаны таза, сондықтан барлық апат, қолдан жасалған нәубаттан аман қалды. Бізді құртқан орыстың қойдың құмалағындай бір түйір оғы. Қазақ өз қатесін түсініп, өкпесін, көре алмаушылығын, біреуді табалауын, жалқаулығын, қысыр әңгімесін, біреуге жөні жоқ күлуін доғарса Алла қаласа болашақта Алаш баласына әлі де көктем келіп жетер.

  2. Жігер, үлкен тебіреніс, толқыныспен жазғандарыңды оқып дән риза болып отырмын. Өзің айтқандай елдің ертеңі сен сияқты жастардың қолында. Жазушының мақсаты – жазу. Қоғамның күйін айту, кемшілігін көру, мүмкіндігінше ізгілік жолын нұсқау ғой. Ал оны іске, жүзеге асырушы екінші бір адам болса керек. Міне, сенің айтып отырғаның барлығы да біздің қоғамның бүгінгі дерті. Оның оташысы, емші, дәргерлері сендер-жастарсыңдар. «Біз жастарға сенеміз». Сендерге сенбесек, кімге ел мен жерге тапсырамыз. Жетіліңдер, өсіңдер, елге-жерге ие болыңдар, тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетпесін атаның аманаты. Малайлар қазір ағылшындармен, араптармен, қытайлармен күресіп жатыр, оны да бажайлап қарау керек. Отаршылар онда қырық темірдің қылауы, ұлтсыз мемлекет құру мақсатын жүзеге асырмақ. Басқадан үйренетін де, жиренетін нәрсе көп қой. Бір нәрсе анық. Ол жер бетінде Қазағыңнан артық ел де, жер де жоқ.

  3. Оте орынды. мен кытаптын кадырын енды былген адамын. 1топтагы мугедекпын. Уиткены кулагымда естыми калган 4 жыл болды. содан беры кытап окимын. ен алгашкы кытабым Мухтар Шахановтын эфереске шыгу деген олен кытабы еды. Содан беры кытаб ыздеумен келе жатырмын, алматыда улттык кытаб канасына барганмын, рахатанып кешке шеин кытаб окиншы деб. Бырак мены кыргызбеды, бултжерде тек студентер окиды деп. Баска жерлерге бадым оларда осы соды айты. Содан беры, студен и мектепте окитын карындастарыма алдырыб окыб журмын. Ал мына интернеты колданганыма 1айдан асты. оте зиан екен, козым ауырады, и ашуланшак болдым.

    • женис siz Mametova Formanov koshesinin kitaphanasina bariniz sonda ote kop kazahsha kitap bar. Uyge de alip okuga boladi!

  4. Дони, бауырым, “пәрмен” деген “әмір”, “бұйрық” деген мағынаны береді, бұл жерде Тәңірінің күшқуаты, қалауымен деген мәнде қолданылып тұр.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар