І
Белгілі әдебиеттанушы, мәдениет жаршысы, эссеші, зерттеуші Сауытбек Абдрахманов өзінің кітабын осылай деп атаған екен. Кітапқа оның қазақ тарихы мен мәдениеті, ділі мен сыр-сипаты, тәржімалық өнері тұрғысынан Пушкин шығармашылығына арналған, орыс кемеңгерін өзінше пайымдап тани түсуді мұрат тұтқан төрт эссе-очеркі енген. Қазақ пушкинтанушысының пайым-көзқарасы мүлдем өзгеше.
Кітапты құраған «Коран и Пушкин», «Наш Пушкин», «…Поехал я в Уральск», «Вер бана ат» (А.С.Пушкин шығармаларындағы түркизмдер) зерттеу-эсселері маған олардың әр жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған қазақша нұсқаларынан таныс, ал «Біздің Пушкинді» сондай-ақ жеке басылымы бойынша да білемін. Осы жарияланымдар оқырман қауымның құмар ықыласын туғызып, былайша айтқанда, мәдени оқиғаға айналды. Пушкин шығармашылығы жайында айтылмаған нәрсе қалмаған сияқты еді. Тек салыстыру орайында жаңа тәржімалар туралы сөз қозғауға, немесе, әрі салғанда, әлімсақтан белгілі ақиқаттарды аударып-төңкеруге болар деп ойлайтынмын.
Олай болмай шықты! Сауытбек өзінің байыптылығымен, әмбе мұқияттылығымен, дәстүрлі пушкинтануға деген өзінің ілкімді көзқарасымен таңдандырды, қызықтыра білді, бірге ойлануға, толғануға һәм нысанның мәніне тереңірек үңілуге мәжбүр етті. Марқұм Қалтай Мұхамеджановтың қоңырауы есімде: «Сауытбекті оқыдың ба? Апырай, неткен тереңдік, кең құлаш, дәлдік! Ғажап!» деп еді.
Шынымен де солай. Пушкин жайлы, Абай жайлы, Әуезов жайлы, тәржіма жауһарлары хақында, тілі басқа кемеңгерді түсініп-түйсіну жолындағы көзге көрінбес кедергілер хақында, рух алыптарының рухани бекзат туыстығы және өзара қытықсыз араласып кірігуі хақында сүйіспеншілікке толы жан дірілімен толғана отырып, қазақ зерттеушісі соншама байтақ білім, соншама іздемпаздық құштарлық пен қарым-қабілетін, соншама ысылған кәсіби білік пен пайым даналығын танытқанына еріксіз қайран қалып, ұлт өркениетінің биік өресі үшін қуанышқа бөленесің. Жо-жоқ, кітап аңдатпасында айтылғандай, Сауытбек Абдрахманов пушкинтану саласындағы жұмыстары үшін Ресей сөз өнері академиясының «Ревнителю просвещения» медалімен бекер марапатталмаған екен.
Қайталап айтайын: оның барлық эссе-очерктерін мен кезінде қазақшасынан оқығанмын, ал мына кітапта олар шұрайлы әрі ұғынықты (кітаби-жылтырақ емес) орыс тіліне орайымен қотарылып, қос тілді оқырман үшін қазақ тіліндегі аударма үлгілері қоса берілген. Мұның өзі кітапты ерекше шырайландырып-ақ тұр.
Сауытбек негізгі зерттеушілік ұстанымын «Құран және Пушкин» эссесінде: «Бүкіл адамзат баласымен бірге жаңа мыңжылдық табалдырығын аттап отырған осындай тұста біз тек туған ұлтымыздың жоғын жоқтап, жыртысын жыртуды қанағат тұтып қалмай, әлемдік өркениет көшіне қосылған ел ретінде дүние дидарындағы қым-қиғаш құбылыстарға хал-қадерімізше пікір қосып жатсақ, тым болмаса соған ұмтылсақ еш әбестігі жоқ» – деп барынша дәл айқындапты.
Айтары жоқ, міндет мерейлі, мақсат мағыналы. Осыны Сауытбек өз кітабында айшықты өрнекпен көрсете білген.
ІІ
«Құран және Пушкин» эссе очеркі негізінен Пушкиннің екі өлеңін – бағдарламалық, тәңіри лебізді «Пайғамбар» («Духовной жаждою томим») мен «Құранға еліктеуді» талдауға құрылған. Сауытбек орыс кемеңгері өз өмірінің тауқыметті кезеңінде өзі терең білетін Құранға тектен-тек жүгінбегеніне көңіл аударады.
«В пещере тайной, в день гоненья,
Читал я сладостный Коран».
Мені мынадай мағлұмат таң қалдырды: мамандардың айғақтары бойынша, Пушкин шығармаларында Құран тақырыбына Қасиетті кітаптағы 114 сүренің ішінен кем дегенде 33-інің сарындары қамтылған екен. «Құран және Пушкин» кітабында бұл аяттар Бақара, Ғимран және Әғраф сүрелерінен келтіріледі және әдебиетші С.Фомичевке сілтеме жасай отырып, 1824 жылдың қазан айына қарай Пушкиннің қолында Құранның французша нұсқасы (М.Савари аудармасы) болғандығы айтылады. Автор Құран аяттарын «Құранға еліктеудің» өлең жолдарымен салыстыра отырып, ортақ үрдістерді, түзілімдерді, үндесулер мен ремисценцияларды, баламаларды табады. Сонымен бірге Сауытбек өз байқауларын орыс, татар, әзірбайжан әдебиетшілерінің зерттеулерімен бекітіп отырады. «Пайғамбарды» ең алғаш сонау 1915 жылы Көшке Кемеңгеровтің аударуы тегін болмаса керек. Қазақ пушкинтанушысының тұжырымы: «…данышпан Пушкин өзінің өлеңдер циклының болмыс-бітімін «еліктеу» деп сыпайы ғана сипаттау арқылы да «Құранды» қандайлық құрмет тұтатынын көрсетіп, Алланың алдында тағзым ететінін танытып отыр. Білген жанға бұл да үлгі».
ІІІ
«Біздің Пушкин» – кітаптағы ең көлемді очерк. Шын мәнінде, бұл дербес тұрған байыпты зерттеу. Очерк «Төлтума мен телтума», «Абай асқары», «Е, Тәтіш!», «Аударма асулары» деген төрт тарау мен түйіннен түзілген. Қазақ әдебиетшісі Пушкин шығармашылығы мен пушкинтанудың көптеген жайларын қозғайды. Ол Пушкиннің «Ескерткіші» және оның бастапқы нұсқалары хақында, Пушкин шығармалары мен ол жайындағы әдебиеттің (бірнеше мың атау!) ұзыннан ұзақ библиографиясы хақында, пушкинтанудың мехнатты жолындағы жаңашылдық сыйы хақында, Пушкиннің көзі тірі кезіндегі халықаралық мойындалуы хақында, ұлы орыс ақынының ұлан-ғайыр шығармашылық мұрасы (17 академиялық том!) хақында, көркем аударманың табиғаты мен мәні хақында, пушкиндік асқар биіктерді түсініп-тану хақында, Пушкин шығармашылығын тәржімәлау кезіндегі олжалар мен олқылықтар хақында, «Евгений Онегиннің» Ілияс Жансүгіров пен Қуандық Шаңғытбаев жасаған аудармалары хақында және Пушкинді ұлттық тұрғыдан қабылдап түсінуге қатысты көптен де көп басқа жайлар хақында қилы-қилы әңгіме тиегін ағытады.
Очерктегі көптеген жайлар менің жаныма аса жақын. «Ілияс Жансүгіров аудармалары жайлы этюдтар» деген кітабымды жазған кезде мен қасіретті 1936-1937 жж. жарық көрген Пушкин шығармаларының қазақ тіліндегі үш томдығын толқи отырып конспектілеп едім, жетістіктері мен мүлт кеткен тұстарын қабат ашып, «Евгений Онегиннің» тұңғыш аудармасын ежіктей оқып, талдаған болатынмын. Сөйтіп, романның қазақ тіліндегі қайта жырланған халықтық нұсқаларын шолдым, сол уақыттың әдеби ауанына үңілдім, осыған байланысты Жансүгіровтің, Әуезовтің, Жұмалиевтің мақалаларын зерделедім, Сауытбек қараған дереккөздермен мен де жұмыс істедім. Соған қарамастан «Біздің Пушкин» маған өзіме бейтаныс көптеген қызғылықты мәліметтерді көлденең тартты. Мысалы, мен қазіргі уақытта ақын шығармаларының 93 тілде 1750 аудармасы бар екенін (бұл қатарға біздің Кәкімбек Салықовтың жаңа аудармалары қосылды ма екен?), тек неміс тіліне ғана «Евгений Онегин» 13 рет, хань тіліне – 7 рет аударылғанын, қытайша «Пушкин» «Пусицзинь», ал оның романы – «Ефугени Аонецзинь» деп жазылатынын, Абай аудармаларында төлтумадан да асып түскен жерлері кездесетінін, «Евгений Онегиннің» халықтық нұсқалары шын мәнінде бірегей құбылыс екендігін, Қ.Шаңғытбаев аудармаларының екі нұсқасы ерлікке барабарлығын, т.т. білдім. Сілтеме жасалған дереккөздер тізімі де оңай емес – 131 аталым. Ғылыми тұрғыдан жан-жақты тиянақталған зор еңбек!
IV
С.Абдрахмановтың кітабындағы келесі очерк «…Оралға келдім» деп аталған. Мұндағы әңгіме не жайында екендігі оның хатынан алынған осынау Пушкин сөзінен-ақ түсінікті. Пушкиннің Орынбордан Оралға саяхаты туралы көп жазылды. Орал сапарында Пушкиннің қасында Даль болды деп дәттеледі. Сауытбек бұған күмәнмен қарап, 1933 жылдың қыркүйегінің соңындағы барлық күндерді, былайша айтқанда, шоттың тасындай қағыстыра тәптіштейді. Әлбетте, осы арада мына белгілі жәйт те қаперден қағас қалмайды: Пушкин үшін сол жолы Қозы Көрпеш – Баян сұлу туралы қазақ аңызының сюжеті жазылып алынған. Пушкиннің бүлікші Махамбетпен Оралдағы жорамалды кездесуіне байланысты да Сауытбек пайымдары әбден қисынды. Менің ол жайында көркем әдебиеттен оқуыма тура келген. Бірақ ондағы қиял шарықтауы ақталып тұр, ғылыми еңбектегіден өзгеше орынды. Сауытбек былай деп жазады: «Қазірге бұл жағын ашық қалдыра тұрғанымыз жөн сияқты. Өз басым мұндай кездесу болмаған деген ойға саямын. Өкінішке орай». Әрине, Пушкиннің қырғыз-қайсақ сақарасына сапары фактысы мен осынау өлке тарихына ықылас танытуының өзі айрықша мәнді. Аталмыш очерктің тебіреністі сарынының сыры нақ осында.
Ү
«Құран және Пушкин» кітабын түйіндеген жұмбақ атаулы «Вер бана ат» эссесін зейін қоя оқып шықтым. Бұл «Арзрумға саяхаттағы» Пушкин сөзі: «Мен оның түсініксіз сөздерінің бәріне: «Вер бана ат» (маған ат бер) деген бір ғана жауап қайырдым». Бұл эсседегі әңгіме А.С.Пушкин шығармаларындағы түркизмдер хақында. Мен бір ғылыми конференцияда Сауытбектің осы тақырыптағы баяндамасын тыңдағам, сосын «Егемен Қазақстаннан» үлкен үзіндісін оқығам, енді осы қызғылықты зерттеудің толық нұсқасымен танысып отырмын.
Автор: «Ұлы ақынның 10 томдық академиялық басылымынан біздің түркизмдер ретінде сүзіп алғанымыз 217 сөз бен атау сөз. Олардың арасында 5 антропоним, 10 топоним, 7 этноним бар» деп атап көрсетеді. Ықтиятты әмбе кірпияз зерттеуші: «200-дей түркизмнің… оншақтысының әлі басы ашылмаған, даулы» деп ағынан жарылады. Барлық түркизмдер әліпби ретімен түзілген. Шынымды айтсам, мен осынау тізбеде өзімбілермендік, болжалдап айтып жіберу, халықтық этимология тұрғысындағы күмәнді пайымдамалар аз болмас деп қауіптеніп едім. Ондайдың бірі де болмады! Әрбір түркизмге белгілі де беделді лингвистер мен этимологтардың түсіндірмелері берілген, әртүрлі тілдердегі нұсқалары теріп алынған, шыққан тегі, түп тамыры атап айтылады. Күмәнға ешбір желеу қалмайды дерлік. Мысалы, «Пугачев тарихынан» «капкан» сөзі келтіріледі. Автор: «Бұл сөздің түбірінде қағу, қабу, қауып қалу жатқаны талассыз. (Дмитриев, 1958, 25). Оғыз формасы – қапан. Әзірбайжан, түрік тілдерінде гапан деп айтылады. Қазақша – қақпан, қырғызша – қапқан, өзбекше – қопқон» деп түсіндіреді. Немесе Пушкин қолданған «очаг» сөзін алайық. Зерттеуші бұл сөздің этимологиясы туралы әртүрлі пікірлерді келтіріп, Радловқа жүгінеді және нұсқаларды нұсқайды: татарша – учак, өзбекше – учоқ, сахаша – осох, әзірбайжанша – оджаг, түрікше – ожақ. Одан әрі түрік тілінде осы сөздің көп мағына беретіндігі түсіндіріледі.
Осылайша Пушкин шығармаларындағы барлық түркизмдер тәптіштеле талданып: «Пушкин түркизмдерді шығарма бояуын қалыңдату немесе экзотизм үшін әдейі қолдана бермеген» деген авторлық тұжырым жасалған. Аталмыш очеркті жазу барысында пайдаланылған әдебиет тізімі 36 атаудан тұрады. Мұның өзі зерттеушінің ғылыми ықтияттылығы мен байыптылығын айғақтаса керек.
VI
Мен С.Абдрахмановтың тамаша ғылыми еңбегіндегі жекелеген жаңсақтықтарға да назар аудардым. Мысалы, қате сілтемелер: 9-бетте («Клянусь утренней звездой»), 21-бетте («Вознесся он выше главою непокорной»), 29-бетте («Крейцеровская соната»), 58-бетте («Пред тобою слезы лью»), 63-бетте («Гаврилиада»), 127-бетте («Отдал я чужим словам»), 140-бетте («Поэтический Пэрнас»). Дұрысы: «Клянусь я утренней звездой», «Вознесся выше он главою непокорной», «Крейцерова соната», «Перед тобою слезы лью», «Гавриилиада», «Продал я за чужие слова», «Пегас». 191-бетте, тұтқыннан босатылған колонистер туралы айтқанда автор осы жерді қате пайымдаған деп ойлаймын. Іс жүзінде әңгіме осылай аталған колонист-немістер жайында болып отыр. Өйткені, олар Ресейге герман князьдықтарынан қоныс аударып, колониялар болып, яғни оңаша-оқшау өмір кешті. Ол жайлы Давид Куфельдтің «Кюстер Дайс» поэмасында (1913) әсерлі айтылған. Міне, Державиннің меңзеп отырғаны нақ солар (Шабынды кезінде сақаралықтар келімсек колонист-немістерді тұтқынға жүздеп айдап әкетіп, Хива хандығына сатып отырған). Кітаптың кей жерлерінде әріп қателері ұшырасады. Әрине, ұсақ-түйек. Десе де мынадай салиқалы еңбекте ондай-ондайдың болмағаны жөн.
VII
Жоғарыда айтылғандардың бәрін түйіндей келе, Сауытбек Абдрахмановтың «Құран және Пушкин» атты бірегей кітабын қолыма қарындаш алып ежіктей оқып шыққанда бойымды қуаныш пен мақтаныш кернегенін қадап айтамын:
а) әлемдік құбылыс ретіндегі Пушкин рухын ұлттық сөз құрылымының құралдарымен лайықты жаңғыртқан қазақ тілінің құдіреті мен бейнелеу қуаты үшін;
ә) әлемдік әдебиеттің аса күрделі туындысы – өлеңмен жазылған роман «Евгений Онегинді» қазақ тілінде сөйлеткен Абайдың данышпандығы үшін, Ілияс Жансүгіровтің таланты мен қайсарлығы және Қуандық Шаңғытбаевтың рухани ерлігі үшін;
б) ұшы-қиырсыз тақырыпты ұлағаттылықпен меңгере талдап, оны ұлттық дүниетанымның биік мұнарасынан жарқ еткізген қойдан қоңыр ыждағатты зерттеуші Сауытбек Абдрахманов үшін.
27.01.07.
Аударған Қорғанбек АМАНЖОЛ
Дереккөз: “Жұлдыз” журналы
Парақшамызға жазылыңыз