///

Павлодарлықтар неге Путинді көкесіндей көреді?

745 рет қаралды
1
Жуырда ғаламтор беттерінде павлодарлық оқушылардың президенттерге жазған хаттары жарық көрді. Мейлі, Елбасыға кімнің болса да хат жазып, одан көмек сұ­рауына, құттықтауына болады. Себебі Нұрсұлтан Әбішұлы президент болғандықтан өз еліндегі жақсыны да, жаманды да білуге құ­қы бар. Бірақ еліміздегі келең­сіздіктерді жою жөнінде Ресей президенті Владимир Путинге хат жазғандардың ойлағаны не? Көп­шілікті толғандырып отырған осы мәселе. Түсінікті болуы үшін хат жолдарын (ол орысша жазылған) оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

«Біздің есіміміз Абылайхан және Жарас, Павлодар қаласының Дерибас көшесіндегі №12/1 үйде тұ­ратын оқушылармыз.

Жақында сіз­дердің біздің қалаға келетініңіз жө­нінде естіп, өзіміздің арманымыз жөнінде жазғымыз келді. Ауламызда Астана мен Мәскеудегіден кем түспейтін ойын алаңы пайда болып еді. Сол алаңды бір жаман адамдар заңсыз иеленіп алды да, оны бетонмен қоршап, үй мен гараж салды. Барлық қоқыс контей­нерлерін ауланың ортасына әкеліп қойды. Одан шыққан сасық иіс, бүлінген жол, сынған шамдардан бізде ойнау былай тұрсын, демалып отыруға мүмкіндік қалмады. Бізге өз ауламыздың мұндай жағдайға жеткенін көру өте ауыр тию­де. Ауламызды үлкен кісілердің заңсыз әрекетінен қорғауға біз әзірше жаспыз.

Құрметті президенттер, біздің әдемі ауламызды қайтарып беруге көмектесіңіздер. Санап көрдік, бұл жерде жүзден аса бала бар екен­біз. Олардан ауламызды сақтау жөнінде қолдарын жинауға біз дайынбыз. Үніміз сіздерге ертерек жетсе екен деп тілейміз.

Нұрсұлтан Әбішұлы, Владимир Владимирұлы, біз сіздерді өте құр­меттейміз. Сондықтан жанай­қайымызды естігеннен кейін бізге қонаққа келіңіздер».

Бұл хатқа Жарас, Абылайхан, Денис, Алан, Ислам есімді балалар қол қойыпты.

Ешкім хатта жазылғандарды бұрыс дей алмаса керек. Көпқабатты үйлердің ауласын жекеменшікке айналдырып, үй, дүкен салып ал­ған­дарды тек Павлодарда ғана емес, еліміздің басқа қалаларынан да кездестіруге болады. Олар өз­дерінің бұл істері үшін қариялардан да, балалардан да ұялмайды.

Егер павлодарлық оқушылар хат жазыпты деп Н.Назарбаев тө­мен­дегілерге тапсырма берер болса, оған тек қуану керек шығар. Бі­рақ хаттың екінші данасы неге Ресей президенті В.Путинге жолданды, мә­се­ле осында. Біздің ішкі мә­селемізді шешуге көмек сұрайтындай В.Путин Қазақстанның прези­денті ме? Әлде павлодарлық оқу­шылар Ресейдің президенттері Қазақстанның ішкі істеріне араласады деп ойлай ма екен? Демек, балалар солай деп хат жазса, үлкендерден бір әңгіме естіген болар. Қазақстанның солтүстігіндегі облыстарда кейбіреулердің бүй­регі Ресейге бұрып тұратыны осы­дан-ақ белгілі емес пе?

Қазақстанның тәуелсіздік алғанына таяуда жиырма бір жыл толады. Ал бізде кейбіреулер әлі күнге дейін Ресейге қарап көзін сүзгенін қоймай келеді…

Қ. БАСТАУ

“Замана” газеті

Сурет: dayevents.ru

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. не дейміз енді !!! жөнделер, түзелер балким” мүмкин керек болса тағы да жиырма жылдай күтейик . ен бастысы сабырлылық

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар