//

ҚҰРБАН ШАЛУ қалай атқарылады?

1137 рет қаралды
3

Қазан айының 26-сы – Құрбан айттың алғашқы күнi. Елбасының Жарлығымен бұл күн – демалыс күнi болып белгiленген. рдақты ағайынө Араға жыл салып, күллi Ислам үмметi аңсай күткен ұлық мереке – Құрбан айт та күн санап жақындап келедi. Әрине, әрбiр иманжанды азамат Құрбан айт жайлы танымын арттырып, сол күндерi орындалар амалдарды бiлгенi жөн. Мәселен, мұсылман үмметi Құрбан айт күнi таңертең дәрет алып, өзiнiң алғашқы қадамын тазарудан бастап, мұнан кейiн үстiне кiршiксiз таза да жаңа киiмдерiн киiп, хош иiс себiнiп, мешiтте көпшiлiкпен бiрге мерекелiк намаз оқиды. Намаз соңынан бiрiн-бiрi құттықтап, қуанышқызықты бiрге бөлiседi. Осылайша мұсылман мерекесi құлшылықпен басталып, өзiнiң барлық сән-салтанатымен имандылық думанына жалғасады.

Тәкбiр-тәшриқ

 Арафа күнi таң намазының парызынан кейiн басталып, құрбан айттың төртiншi күнi екiнтi уақытына дейiнгi болатын әрбiр парыз намаздың соңынан төмендегi тәкбiр-ташриқ дұғасын оқу уәжiп болып табылады. Мұны да осы бастан бiлгенiмiз жөн.

Оқылуы: «Аллааһу әкбар, Аллааһу әкбар, ләә иләәһә иллаллааһу уаллааһу әкбар, Аллааһу әкбар уа лиллааһилхамд». Мағынасы: «Алла ұлы (2 рет), Алладан басқа тәңiр жоқө Алла ұлы (2 рет), Барлық мадақтар мен мақтаулар тек Аллаға ғана тән».

Сүйiктi амал – Құрбан шалу Құрбан айт мерекесiнде мүмкiндiгi бар әрбiр мұсылман баласы

Алла-тағаланың ризашылығы үшiн құрбандық шалуы тиiс. Тiптi, Алла Елшiсi (с.а.с.): «Кiмде-кiм дүние-мүлкi мол бола тұра құрбан шалмаса, бiздiң мешiтiмiзге жақындамасын», – деп қатаң ескерткен. Сондықтан қорада малыңыз яки қалтаңызда қаражатыңыз болса, сараңдыққа салынбай, Алла жолында малыңызды құрбан етiп, мұқтаж жандарға үлестiрiп бергейсiз. Бұл рәсiм Құрбан айт намазынан кейiн айттың үш күнiнде орындалады. Сүйiктi пайғамбарымыз (с.а.с.) мерекенiң басталуы мен құрбан шалудың уақытына қатысты: «Бiздiң бұл күнде алғашқы атқаратын iсiмiз – намаз оқу, сосын қайтып келiп, құрбандық шалу. Кiмде-кiм осылай етсе, бiздiң сүннетiмiзге ергенi. Ал кiмде-кiм бұдан бұрын құрбандығын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берiлген еттен айырмашылығы жоқ. Мұның құрбан болуы мүмкiн емес», – деген.

Төрт түлiк малдан қой, ешкi, сиыр және түйе ғана құрбандыққа шалынады. Қой мен ешкi бiр жасқа, сиыр екi жасқа, түйе бес жасқа толуы керек. Алты айдан асқан тоқтының сыртқы көрiнiсi күйлi болса, құрбандыққа жарайды. Ал, ешкi мiндеттi түрде бiр жасқа толуы керек. Сиырдан тек екi жасқа толғаны, түйеден 5 жасқа толғаны құрбандыққа жарамды. Қой мен ешкi бiр кiсi атынан құрбан етiлсе, сиыр мен түйенi бiр адамнан жетi адамға дейiн бiрiгiп құрбан етiп шала алады.

Құрбандық қалай шалынады?

 Ең алдымен құрбандық малы сол жағымен құбылаға қаратып жатқызылады. Сосын бауыздайтын кiсi “Бисмилләәһи Аллааһу әкбар” деп айтады. Малды иегiнiң астынан өңешiн, кеңiрдегiн және күре тамырларын кесе отырып бауыздайды. Малдың жаны шықпастан алдымен жұлынына пышақ салу, басын кесiп алу және терiсiн алу – мәкруһ амал. Малды бауыздап жатқанда “Бисмилләһ” сөзiн әдейi айтпай қойса, ол малдың етiн жеуге болмайды.

Етi кiмге таратылады және терiсiн пайдалануға бола ма?

Құранда «Хаж» сүресiнiң 28 аятында: «Құрбанның етiнен өздерiң жеңдер әрi мiскiндер мен кедейлерге жегiзiңдер», – делiнген. Демек, құрбандыққа шалынған малдың етiнен өзi және өзгелер де жей алады. Дұрысы, бұл мәселеде пайғамбарымыздың өсиетiн басшылыққа алып, құрбан етiн үшке бөлiп, бiр бөлiгiн мұқтаж жандарға, екiншi бөлiгiн туғантуыстарға немесе көршiлерге, ал қалған бөлiгiн өз отбасына алып қалған жөн. Сондай-ақ, «барлығын Алла жолында атадым» деп құрбан етiн түгелдей тұрмысы төмен жандарға таратып беруге де болады. Ал, құрбан шалушы адам сойылған малдың терiсiн пайдалана алмайды және қасапшыға ақы ретiнде де беруiне болмайды. Терiсi садақа ретiнде берiлуi тиiс. Осы орайда айта кеткен жөн, шалынған малдың бас-сирағы мен iшек-қарнын ысырап етiп тастамай, оларды тазалап алып, мұқтаж жандарға үлестiрiп беру керек. Құрбан айттың ең сүйiктi амалы және осы мерекенiң басты құлшылығы болған құрбандығымыз толықтай қабыл болуы үшiн малдың жеуге жарамды болған ешбiр ағзасы күлқоқысқа тасталмауы қажет.

Жаратқан Иемiз құлшылықтарыңызды қабыл етiп, мақсат-мұраттарыңызды асыл еткейө Қасиеттi орындарда қажылық парыздарын өтеу үшiн жолға шыққан бауырларымызға дiн аман елге оралуды жазғайө Алла тағала күллi мұсылман үмметiн жарылқап, асыл дiнiмiз – Исламға күшқуат бергейө Келе жатқан Құрбан айт мерекесi құтты болып, шалғалы жатқан құрбандықтарыңыз қабыл болғайө Әмин.

Қалижан ЗАҢҚОЕВ, ҚМДБ-ның найб-мүфтиi, Астана қаласының бас имамы.

Парақшамызға жазылыңыз

3 Comments

  1. Яхия қажы ИС­МАИЛОВ, Астана қала­сындағы Шейх Кунт­ қажы атын­дағы мешіттің бас имамы:
    – Бисмиллә, рахман-рахим! Әрбір мұсылман үшін Құрбан айт – қасиетті де мүбәрак мейрамдардың бірі. Бұл мейрамның маңызы ерекше. Біздің пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. Ибрагим пайғамбарды сы­наққа алу мақсатында оған өзінің баласын құрбандыққа шалуды бұйырады.
    Міне, сонда Алла тағалаға деген махаб­батының ерекше екенін білдіріп, алмас қылышпен баласын құрбандыққа шалғалы жатқанда пай­ғамбарымыз аспаннан нән қошқарды түсіріп, «сенің маған деген сеніміңе шексіз ризамын, құрбандыққа мына қойды шал!» деп бұйырған екен. Сол күннен бастап Алла тағала жағдайы келген әрбір мұсылман баласына құрбан шалуды уәжіп еткен. Құдайға шүкір, елімізде жағдайы бар барша мұсылман қауымы осы уәжіпті өз ризашылықтарымен жыл сайын ойдағыдай жүзеге асырып келеді.
    Тағы бір ерекшелігі, дәл осы ұлық мейрам қарсаңында сан мың мұсылман баласы Мекке-Мәдинаға барып, өздерінің қажылық парызын өтеуді дәстүрге айналдырған. Бұл мейрамның басты парызының бірі – құрбандық шалумен қатар, жер-жердегі мешіттерде жиналған жұртшылыққа елдің ынтымағын арт­тырып, барша жұртшылықтың бірге туған ағайын-бауырдай тату-тәтті өмір сүруі қажеттігі жан-жақты уағыздалады. Демек, әрбір Құрбан айт мейрамы елді береке-бірлікке, ынтымаққа, достыққа шақыратын ұлыстың ұлы күніне айналуы қажет. Еліміздің көк Туы биікте желбіреп, тәуелсіздігіміз тұғырлы да, баянды бол­сын.

    Дайындаған Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ

  2. Құрбан айт мейрамы мүбарак болсын,құрметті мұсылман қауымы!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар