Мұндай сипаттама ел басшылығына баяғыда-ақ хабарланған көрінеді. Сол себепті де Қазақстан Көшбасшысы мектеп қабырғасын тастап шыққаннан бастап, жастардың жұмыссыз, бос сандалмауына, «екі қолға бір күрек» тауып беруге назар аударуда. «Осы орайда Мемлекет басшысының «Жас Отан» жастар қанатының ІІ съезінде берген тапсырмаларының айрықша өзекті екендігін атап өткім келеді. Ол тапсырмалар Қазақстандағы жастар саясатына түбегейлі өзгерістер енгізеді» деді Бас прокурордың орынбасары.
Әрине, Қазақ елінде лаң салуға құмартушы, арандатушы күштер «идеологиялық өңдеу» сыртында, қазақстандық жастарды қаптаған «көк қағаздармен» қызықтырады. Сондықтан қоғамымызды терроршыларды қаржыландыратын ресурстардың елімізге оп-оңай өтіп кететіндігі ашынтып отыр. Осыған байланысты жиында мәлімделгеніндей, Үкіметтің осыған жол бермеуге тиісті құрылымы – Қаржы министрлігінің Қаржылық мониторинг комитеті, «құрылған кезінен бері, құқық қорғау және арнайы органдарға терроризмді қаржыландыруға және қылмыстық кірістерді заңдастыруға қатысы болуы мүмкін тұлғалар мен ұйымдар туралы 190-нан астам материалдар бағыттапты. Осы органдардың 110 сұрауы бойынша жекелеген қаржылық операциялар, қаражаттары тиісті жеріне жеткенше, қадағаланған және «тиісті шешімдер қабылданған». Әрине, бұл комитеттің жұмысы жеміссіз деуге болмайтындай. Бір деректер бойынша, Әблязовтың Қазақстандағы арандату әрекеттерін қаржыландырғандығы осы комитет арқылы да анықталыпты.
Терроризмнің қалай қаржыландырылатындығы «аз зерттелген» мәселе болып қалып отырғандығын Бас прокуратура басшылығының биік лауазымды өкілі де мойындады. Әйткенмен И.Меркельдің айтуынша, Қаржылық мониторинг комитеті әлемдегі қаржылық барлау ұйымдарының бейресми бірлестігі – «Эгмонт» тобына мүше болғаннан бері, терроршылардың өз еліміздегі, сондай-ақ шетелдегі қаржылық мекемелер арқылы жасаған кез келген қаржылық операцияларын індету мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейіпті. Бұл ретте Бас прокурордың бірінші орынбасарының мәліметінше, әлгіндей қарау істерді қаржыландырушылар тіпті мемлекеттік сатып алулар саласына да еніп кеткен!
Иоган Меркель ең радикалды діни көзқарастарды жақтаушылардың өздерінің айрықша мазасыздығын туғызып отырғандығын ашық айта келе, олардың «ұйымдасқан қылмыстық топтармен (ҰҚТ) біте қайнасуы жүріп жатқандығын» хабарлады: «ҰҚТ мүшелері дәстүрлі емес діни ағымдарға тартылуда және сол наным-сенімдерде өздері жасайтын қылмыстарға идеологиялық ақтау табуда. Жекелеген өңірлерде радикалдардың бизнестің криминалды салаларына бақылау орнату, өз қызметтерін қаржыландырудың көзі ретінде мемлекеттік сатып алулар үдерістеріне кіру талабы тіркелуде!»
Айтқандай, Бас прокуратураның бастамасымен, терроризмді қаржыландыруға және заңсыз алынған кірістерді жылыстатуға қарсы тұру туралы ұлттық заңнамаға толықтырулар енгізіліпті, оларға сәйкес, Бас прокуратура арнайы және құқық қорғау органдарының ақпарлары негізінде «қара тізімдер» түзеді, оларға терроризмді қаржыландыруға тартылған тұлғалар мен ұйымдар енгізілетін көрінеді. Мұндай адамдардың барлық байланыстары мен жақын-жуықтары бейресми бақылауда ұсталынады деседі. Осыдан «биліктегілерге жақпаған бизнесмендер не басқа да тұлғалар осы тізімге қосылып кетпей ме?» деген қауіп туады. Өйткені ондағы адамдардың күдік туғызады деген қаржылық операциялары өткізілмей тасталады, есепшоттарының тұтқындалуы ғажап емес. Бірақ Бас прокуратура басшылығының өкілі бұл қауіпті сейілтуге асықты: «Бұл біздің осы тізімге кімді қаласақ, соны қосатындығымызды білдірмейді, – деп сендірді журналистерді Иоган Меркель. – Мұндай әрине, болмайды. Келіп түскен ақпарат қайта тексеріледі».
Жалпы алғанда, биылғы, бар болғаны он айда терроризммен және экстремизммен байланысты 112 қылмыс әшкереленіпті. Соңғы бес жыл үдерінде Қазақстанның 40 азаматы террористік ұйымдардың қызметіне қатысты болғаны және заңсыз қарулы құрылым-дарға қатысқаны үшін басқа мемлекеттер аумағында ұсталған. Ал соңғы 5 жылда террористік қылмыстары үшін 148, экстремизмі үшін – 160 адам сотталыпты. Қазақ елінде ойран салатын қазақстандық «шәкірттерін» даярлау үшін шетелдік тәжірибелі терроршылар келе бастапты: кеше «елімізде жыл басынан бері халықаралық террористік және экстремистік ұйымдардың 68 мүшесінің тұтқындалғандығы» жарияланды.
Шенеуніктер Қазақстандағы тұрақтылықты мәңгілік деп қабылдамаулары тиіс, қайта оны нығайту жолында күн сайын жұмыс жасау, тер төгу талап етіледі. Бұл ретте биліктегілерге «бәрі жақсы» деп өзін-өзі алдай бермей, жерге түскен, халық арасындағы шын жағдайды нақты бағамдаған жөн. Парламенттегі жиында осының талабы жасалды. «Елдегі қазіргі діни ахуал туралы айтқанда, біз Қазақстан халқының радикалдануының тұрақты үрдісін атап өтеміз! – деп ашық мәлімдеді Бас прокурордың бірінші орынбасары. – Дәстүрлі емес діни бағыттағы топтар саны өсуде. Тәжірибе көрсеткеніндей, дәл солардың өкілдері терроризм актілерін жасауға бейім келеді. Олардың қатары аз қамтылған, әлеуметтік тұрғыдан өз орнын таба алмаған жастардың және басқа адамдардың есебінен толығуда.
Кешегі халықаралық жиында Бас прокуратура киберқылмыстар үшін Қазақстанда қылмыстық жаза енгізу туралы ұсыныстарын жария етті. Алда еліміздің Қылмыстық кодексінің жаңа жобасы жазылатындығы жақында мәлімделген-тін. Бас прокуратура сонда киберқылмыстарға жеке тараудың арналуына қол жеткізбек ниетте. «Сонда терроризммен, порнографиямен, суицидпен байланысты ақпараттар орналастыратын авторлар мен сайттар жазаға тартылатын болады, – деді Бас прокурордың бірінші орынбасары И.Меркель. – Мұның барлығы қадағаланады, мониторинг жүргізіледі».
Әйткенмен терроризммен және экстремизммен байланысты көптеген сайттар мен авторлар шетелдегі ресурстарда орналасқан, демек, оларды жазалау тұрмақ, ғаламтордағы парақшаларын жауып тастау мүмкін емес: іздеген адам прокси-серверлер арқылы бәрібір қол жеткізеді. Сондықтан Парламенттегі халықаралық жиында қазақстандық билік халықаралық қоғамдастыққа осы салада ынтымақтасу ұсынысымен жүгінді. Әйтпесе әлгіндей аса қауіпті ресурстар ғаламторда көбейіп барады. Тек Қазақстанның өзінде, арнаулы мониторинг қорытындылары бойынша, Бас прокурордың өтінішімен – 70 мың интернет-ресурстың, ал соттар үкімімен – 550 интернет-ресурстың өнімдері заңсыз деп танылып, Қазақстан аумағында таратуға тыйым салыныпты.
Елдос СЕНБАЙ
“Айқын”
Бұл да бір жетістік. Осы қарқынымен жалғасын таба білсе елімізде терроризм үлкен мқлшерде азайып, халықтың көңілі жайлана түсер еді.
Дін, дін, дін, тағы да дін! Әр адам қандай дінді, қандай жолды ұстанса да өз еркі деп, жол ашпас бұрын жақсылап ойлану керек еді. Ал енді жұмыстарыңызды еселеп алдыңыздар! Іске сәт!