/

Сәбит Досановты сотқа беріп, 1 миллион теңге талап етпек

1241 рет қаралды
2
 Саясаттың заманында әдебиетті айтып қоймадық-ау. Оның да себебі бар… Әдебиет қоғамнан бәрібір бөлек қала алмайды. Жазушы Тұрсынәлі Рыскелдиев жақында ғана Мемсыйлықтың иегері атанған Сәбит Досановты сотқа беремін деп тас түйін отыр. Тіпті шағымын Алматы қалалық сотына апарып та қойыпты. Жазушының сотқа жүгіруіне себеп: (Рыскелдиевтің өз сөзімен айтсақ) Сәбит Досанов оның бір емес үш кітабының оқиға желісін, оқиға детальдарын «ұрлап» алған.  Сәбит Досановтың Мемлекеттік сыйлық алған «Жиырмасыншы ғасыр» роман-эпопеясының екінші кітабында («Ұйық») Тұрсынәлі Рыскелдиевтің  «Тау тағысы» романы мен «Ұлы көш» романының 1-ші, 2-ші кітаптарындағы оқиғалары, ойлары өріп жүр екен. Редакциямызға осылай деп арыз арманын айтып келген  Рыскелдиевтің  Досановпен арадағы дауы бұдан бұрын да баспасөзді шулатқан.  Бір-бірін «ұрлықшы», «жалақор»  деп айыптаған жазушылардың айтысының басылар түрі жоқ. Керісінше іс насырға шабатын сияқты. Өйткені Рыскелдиев Досановпен соттасып, моральдық шығын ретінде 1 миллион теңге төлеуін талап етемін деп отыр. 
    «Менің романымның оқиға желісін көшірді», – деп отырған Тұрсынәлі Рыскелдиевтің «Тау тағысы» романы – Шыңжаңдағы Көктоғай кен районының тыныс-тіршілігі және Алтай халқының Рысхан, Есімхан, Оспан батырлар бастаған ұлт-азаттық көтерілісі жайлы жазылған шығарма екен. Роман алғашында «Ақмерует» деген атпен «Шұғыла» журналында жарық көріп, 1995 жылы «Шыңжаң жастар – өрендер» баспасында кітап болып шығыпты. Жазушының өзінің айтуынша 1996 жылы «Шыңжаң халық радиосында» жыл бойы тұтастай оқылыпты.
      1991 жылы Шыңжаң инcтитутын қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген жазушы арғы бетте жүргенінде-ақ жемісті еңбек етіп, роман жазып, онысы кітап болып шығып үлгереді. 1996 жылы Мұхтар Әуезовтің 100 жылдық мерейтойының қарсаңында Тұрсынәлі Рыскелдиев шеттегі жазушылармен бірге Қытайдан делегат болып келеді. Мерейтойға келген жазушы Сәбит Досановпен сол жиында танысыпты.  Тұрсынәлі Рыскелдиев өзінің «Тау тағысы» романын ала келген екен, айтысынша, таныстық үшін кітабын Сәбит Досановқа сыйлапты. Сыйластық үшін Сәбит Досанов та ілгеріректе жазған бір кітабын беріпті. Екі жазушының таныстығы осылай басталады.  
      1998 жылы Тұсынәлі Рыскелдиев отбасымен бірге туған жерге біржола ат басын бұрады. 2001 жылы Рыскелдиевтің «Ұлы көш» романының бірінші кітабы Отырар сериясы бойынша үкімет тапсырысымен жарық көреді. 2003 жылы екінші кітабы шығады. Ол кітаптарды да қаламдас-құрдас болып жүрген Сәбит Досановқа оқы деп беріпті. Рыскелдиевтің айтуынша, екі жазушы бір-бірімен кітап алмасып оқып жүреді.  Ал 2005 жылы Сәбит Досановтың «Ұйық» атты көлемді кітабы «Арда» баспасынан жарық көреді. Тұрсынәлі Рыскелдиевке: «Қаламдас-тағдырлас құрдасым, көзі тірі классик Тұрсынәліге! Сәбит бауырынан», – деп қолтаңбасын жазып,  2006 жылғы қазанның жиырма сегізінде Досанов та жаңа шыққан кітабын сыйлапты. 
        Бір қызығы, Досановтың бұл кітабын Рыскелдиев сол күйі бетін ашпапты. Досановтың романы Рыскелдиевтің үйіндегі кітап сөрелерінде тұра береді. Арада алты жылдан астам уақыт өткенде Тұрсынәлі Рыскелдиевтің шәкірті Рақым Айыпұлы «Ұйықты» оқуға сұрап алады. Романдағы ұқсастықтарды байқаған Айыпұлы бұл жайды ұстазы Тұрсынәліге айтады. Жазушының өзі де оқып шығып, қызық жайттың куәсі болады. Мұнан кейінгіні жазушы былай баяндайды:
      «Досановтың «Ұйығында» менің «Тау тағысы» романым мен «Ұлы көш» романымның 1-ші, 2-ші кітаптарындағы оқиғаларым, ойларым өріп жүр. «Тау тағысы» романымдағы «ақиық қыранды» ол «Ұйықта» «ақбас бүркіт» деп ала салған. Мендегі Көктоғайды Сарытоғай, Қараторғай деп алған. Экологияның бүлінгенін мен қалай жазсам, Досанов та дәл солай жазған. «Ұлы көш» романымның 1-ші, 2-ші кітабымның да оқиғаларын да алып, ішіне осы ақбас бүркітті кірістіре салған. Мұндай 100-ге тарта оқиға бар қайталанған. Жай ұқсастыққа балайын десең, соншалықты 100-ге тарта оқиға қайталанбайды ғой. Аңыз, қоғамдағы оқиғалар болса, түсінемін. Ал идея ұқсастығы және оның бір емес, бірнеше мәрте қайталануы ұрлық емей немене?!», – дейді Тұрсынәлі Рыскелдиев.
    Рыскелдиевтің бұл екі романында да қазақ халқын орыс отаршылдары мен Қытай отаршылдарының екі бүйірден қысып, жойып жібере жаздағаны, аштыққа, қуғын-сүргінге, репрессияға ұшыратып, қынадай қырғаны көркемдікпен суреттеледі.  Жазушы Тұрсынәлі Рыскелдиев: «Сәбит Досанов та  «Ұйық» романында сол идеяны көтереді. Мен бес ұрпақ арқылы Ұлы даладағы ғасырлық оқиғаны бейнелеуге тырысқанмын. Досанов «Ұлы көш» пен «Тау тағысындағы» кейіпкерлердің образ-характерлерін, кей жерінде портретін де өзгертпей ала салған. Оның романында менің романыммен бүркіт туралы оқиғада, атақты адамдардың асын бергендегі оқиғада, алтыбақан тепкен қыз бен жігіттің мінез, портретін беруде, боранда адасқандардың көрген қорлықтарында, түс көргенде аруақтар аян беріп, өнер таңдауда, қазақ даласындағы аңдарды жаттың жоюында ұқсастықтар толып жатыр. Тіпті сөз сөйлемі де, характері, образы, жазушының кейіпкерлердің жан сезімін суреттеуі, қиялдауы бәрі-бәрі ұқсайды. Адамның, жердің атын өзгерткені, оқиғаның дәуірін, болған уақытын өзгерткені,  сөйлемнің бірді-екілі жерін ауыстырғаны болмаса, Досановтың романының оқиға желісі менің романымнан аумайды. Мен мұндай ұқсастықтардың 100-ге жуығын тауып, дәлелдеп қойдым. Досанов менен кешірім сұраудың орнына, мені «жалақор» деп айыптады. Менен көшіргенін сот арқылы дәлелдеуге бекіндім», – деп отыр.
      Мәселенің мәнісін аңғарған соң Сәбит Досановқа да хабарластық. Жазушыдан: «Тұрсынәлі Рыскелдиевтің бұдан бұрын да айтып жүргені ғой. Мен оған баспасөзде жауап бергенмін, «Аққа Құдай жақ» – деп. Тағы да осыны айтамын. Басқа алып-қосарым жоқ», – деген жауап айтты. 
Осылайша Рыскелдиев бірнеше айдан бері Досановты «ұрлады» деп айыптап, ал Досанов «ақпын» деп ақталып әуре. 
 P.S. 
Ал бізді таңғалдырғаны: егер Досанов Рыскелдиев айтқандай «ұрлаған» болса, Сәбит Досановтың «Ұйық» романының жарыққа шыққанына да алты жылдан астам уақыт өтіпті. Екі жазушының романындағы Рыскелдиев айтып жүрген ұқсастықтарды әдеби ортаның, әдебиет сыншыларының аңғармағаны ма? «Әділдік іздеп Жазушылар одағына, «Қазақстан авторлары қоғамына» да бардым, олар да бұл жайдан хабардар», – дейді Рыскелдиев. Алайда, Жазушылар одағынан пәлендей жауап болмапты. Бұл дауға не айтады деген сауалмен «Авторлар қоғамының төрағасы Марал Ысқақбайға хабарласқанымызда ағамыз екі жазушының арасындағы тартыстан хабардар екенін, бірақ Рыскелдиевтің де Досановтың да дауласып жүрген романдарын оқымағанын, туындыдағы оқиға желісі кімге тиесілі екенін анықтау өзі басқарып отырған мекеменің міндетіне жатпайтынын айтты. Қазақстан авторлары қоғамы»  авторлардың мүліктік құқығын ұжымдық негізде басқаратын ұйым болғандықтан, негізгі атқаратын қызметі – авторлардың мүліктік құқығын басқару, яғни авторлардың атынан олардың туындыларын пайдалануға рұқсат беру, авторлық сыйақыларын жинау, жиналған сыйақыны бөлу және төлеу сынды шаруаларға ғана ықпал ете алады екен. Әрі көркем шығарманың емес, сахналық шығармалардың құқығын ғана қадағалайды. Марал Ысқақбай: «Бұл даудың шешімін Жазушылар одағы арнайы комиссия құрып, екі романды талдап-талқылап, сараптама жүргізуі қажет. Соның нәтижесінде шешімді тек сот шығарады», – дейді. 
Даудың нүктесін бір қойса, сот қояды енді.  Тұрсынәлі Рыскелдиевтің шағымы қаралып, қабылданса даудың төрелігін Алматы қалалық соты  айтады. 
Қарлыға ИБРАГИМОВА
“Халық сөзі”
Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Бұл мәселе жазушылардың бірінің шығармасын екіншісі оқимайтындығын көрсетеді. Тұрсынәлі тым болмаса сол заманда “Ұйықты” бір шолып өтсе болмас па еді. Егер бұл жағдай шын болып дәлелденсе Сәбит Досановтың бүкіл шығармасын өртеп жіберу керек.

  2. Екеуінің ойы бір болды ма, кім білсін… Не болса да бұл жерде бір гәп бар

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар