//

Тахауи Ахтанов. Күй аңызы(Әңгіме)

4325 рет қаралды
8

Екі салт атты адырдың басына желе-жортып шықты да, аттарының басын іркіп, алақан астынан алысты шолды. Төмен қарай көлбеп бара жатқан кең жазықтың шетінде мұнартып оқшау тұрған жалаңаш тау көрінді.
– Анау Ипан тауы ғой, – деді жас жігіт қамшысымен нұсқап.
Жас жігіттің дауысы аңсағанын көргендей қуанышты шықты. Оның астында жалын өрген қылаң бесті, үстінде өңіріне зер ұстаған кең мақпал қамзол, талдырмаш белін қызыл үдері белбеумен қынай буған, басында төбесін көк мақпалмен тыстаған құндыз бөрік. Тек ер-тұрманы ғана жұпынылау. Бір кезде көк сауырлап жез шегені тізілте қаққан ері басқа біреудің астынан ауысқан сияқты, әбден тозып, бояуы оңып, жарғақтанып кеткен. Ердің артындағы ұзын қызыл қоржыннан шекпен қап кигізген домбыраның мойны шығып тұр. Оның қасындағы күрең атты – жасы елуді алқындырған, әдемі дөңгелек қара сақалды, биік дөңес мұрынды, кішілеу өткір қоңыр көзі биік қабағының астында терең ұялаған, қағылез кісі. Бұл осы өңірге аты кең жайылған Естемес күйші еді. Ол маңдайына тосқан қолын түсіре берді де, етсіз салалы саусағымен қамшысының ұшын қағып алды.
– Бұл маңдағы ауыл көшіп кеткен-ау, – деді Естемес ойланғандай болып.
– Неге? Ауыл ылдида – Ипанның етегіндегі қайнарда болар, – деді жас жігіт.
Қыбыр еткен бір қара көрінбейді. Бұл ауылдың малы әрі Ипан аспай, бергі осы бозда жайылатын еді ғой. Жаңа ғана Ипанды көргенде балапандай талпынып, сергіген жас жігіт енді басылып қалды.
– Иә, мал көрінбейді, – деді ол. Естемес жас жігітке өңі жылып, есіркей қарады.
– Шаршадың білем, ә? Оқасы жоқ, ел болмаса да, қайнарда ат шалдырып, тыңайып алармыз. – Ол сәл күрсінгендей болды… – Күйшінің өмірі осы. Қамшыны тастай беріп, домбыра ұстайсың. Домбырадан босап кетсе, қолың тағы да тізгінде болады, солай, Оразымбет шырағым. Ал аттың терін басайық. Енді екеуі асықпай, аяңмен келеді. Естемес қайтадан сөз бастады:
– Қарағым Оразымбет, маған ергеніңе жыл болып калды. Құлағың сақ, қолың жүйрік жігітсің. Түбі, жақсы күйші сен боларсың. Бірақ күйімді үлгі етсең де, менің өмірімді үлгі етпе! Жас елуге келді. Менің өмірім тұрлаусыз болып барады. Қанша ел көрсем де, жер көрсем де, қайтып оралар бір қазығым жоқ. Жар сүймей, бала сүймей кетіп барам. Енді бір айналғанша, қарттық келеді. Нағыз от басының жылуын аңсайтын кез сонда болар.
Естемес ауыр күрсініп қойды. Оразымбет ұстазын аяп кетті. Қабағы кірбеңсіз, көңілі ашық көрінген ұстазын іштей кемірген зор уайым бар екен.
– Сізге қарттық қайда, Еске! Әлі де біреуді айттыруға болады ғой. Алпыстағы Түлкібай да былтыр қыз алған жоқ па? – деді ол ұстазының көңілін аулап.
Естемес ащы мырс етті:
– Аңғыртсың-ау әлі. Немді көріп құда түсем?! Күйге қыз берген қазақты әлі көргенім жоқ.
Осы әңгімеден екеуінің де көңілі жүдеп, үнсіз келе жатты. Кенет суалып қалған жырада жалғыз нар көрінді. Жолаушылар үйреншікті мал емес, жапанда жалғыз қалған адам көргендей әлденеден тітіркеніп, аттарының басын тежеп, іркіліп қалды.
Нардың түрі жүдеу, бүйірі солып, өркеші қамшылар жағына қисая бастаған. Тамыры қураған ағаштай семіп, кішірейіп бара жатқан ірі тұлғасы, күйіс қайырмай, қыбыр етпей тұрған мүсәпір бейнесі, әсіресе телміре қараған жасқа толы үлкен мөлдір көзі екі күйшіге қатты әсер етті. Оразымбет үрпиіп қадалып қалған Естемеске бұрылды:
– Еске, дұға оқып жіберіңізші. Елсіз далада мал кейпінде жын-шайтан жүреді деуші еді.
Өз сөзінің соңын көміп нар боздап қоя бергенде, Оразымбет « астағыпыралла» деп күбірлеп, кеу­десін ұстады. Ішінен дұға оқып тұр ма, әлде айуанмен үнсіз тілдесіп тұр ма – Естемес бұған бұрылған жоқ. Нар аяғы жерге кіріп кеткендей ырғала ауыр қозғалып бұрылды да, теңселе аяңдап кете берді. Төбе құйқаны шымырлатып, зарлап боздап барады.
– Ботасы өлген боз інген, – деп күбірледі Естемес атын тебініп қозғала беріп. Ойынан енді ғана сергіп, Ора¬зымбетке бұрылды. – Көрмейсің бе, ботасы өлген ғой аруананың. Зары қандай ащы еді. Түйе деген жануар баласын адамнан артық жоқтайды.
– Мен қорқып қалдым, – деп Оразымбет шынын айтты. – Киелі шығар жануар.
Естемес тағы да үндемей қалды; көзі өткір жылтырап, өңі қуқыл тартып, алысқа қарайды. Желе жортып кеткісі келген Оразымбет те оның өңіндегі құбылысты танып, атының тізгінін тартты.
Естемес аз уақыт үн шығармай іштей ыңылдап, толқып келе жатты. Кенет атының шылбырын Оразымбетке тастай беріп, қолын кейін созып, қызыл қоржындағы домбырасын суырып алды.
Естемес домбыраның құлағын бұрап күйге келтіріп алып, машықты әуенмен қағып-қағып жіберді. Епті ұзын саусақтар пернені жоғарыдан төмен бірнеше қайтара жүгіріп өтті. Бірақ мұның бәрі жаттанды сарын еді. Аздан кейін күйші қолы күрмеліп қалғандай бір пернені басып, жалғыз ішекті шерте берді. Белгісіз тың әуен дүниесінің табал­дырығынан аттап өте алмай, қиналған түрі бар. Оразымбет те демін ішіне тартып, ұстазының дидарына ынтыға қарап қалған; жаңа бір күй сарайының есігін ашқанша асыққан сабырсыздық бар өңінде. Ат жалына еңкейіңкіреп барып Естемес ырғалып, кеудесін көтере беріп, тың күйді бастап кетті. Майда ырғақты, жұмсақ әуен бояуы оңып кеткен шүберектей күзгі қуқыл даланың үстінде қалықтай берді. Сәл бәсеңдеп барып домбыраның кеудесінен екі-үш ырғалып, әрең суырылып көтерілді де, ар жағы мұңды сазға, майда ырғаққа ауысты. Көңілі жүдеу бишараны жұмсақ алақанымен маңдайдан сипап, алыстағы бір болмашы үмітті нұсқағандай елес береді. Күй шым-шымдап ішке кіріп, көңілді босатып, қабақ астында қатып қалған жасты жібітіп, енді бір кез майда рахат самалымен желпіп сергіткендей болады.
Оразымбет тарамыс денелі, қатқыл өңді, егде кісіден дәл осындай жүрек қылын шертетін нәзік күй шығады деп ойламап еді. Ол ұстазының бетіне қарап, оны жаңа көргендей болды. Терең әжімді, ашаң жүзіне жастық балғын нұр жүгіріп, кішілеу өткір көзі дымқыл тартып, Естемес балқып тұр екен. Салалы ұзын саусағы буынсыз болып кеткендей, жібектей майысып, жыпылдап барады. Жаңағы бір сезімтал майда әуенді қайталап келіп, енді көтеріле бергенде, өрге шыға алмағандай тайғанақтап, күй сазы қайта шегінді. Тағы да бір-екі рет талпынып барып, булығып қалды. Естемес ыза болғандай домбыраны қатты бір қақты да, бұрылып артындағы қоржынға салып қойды. Күйге еліккен Оразымбет ұстазының қолынан ұстай алып:
– Еске, ар жағын!.. – деді дауыстап. Естемес иіліп атының тізгінін қолына алды.
– Ай, шырағым-ай, мені қинайтыны да сол ар жағы ғой. Бұл өзі көптен көңілді тербеп жүрген бір күй еді. Дәл осы арадан аса алмай-ақ қойдым. Қашан кемеліне келтіргенше, күйді көп алдына салмаған жөн. Халықтың құлағын қажаған күйші күйден садаға кетсін. Қашаннан әдетім: күйімді әбден нақыштап алғанша, жанға есіттірмеуші едім. Ең аяғы, қасымдағы жолдасым сенен де бүгіп, осы күйді оңаша толғап жүрдім. Жаңағы бір оқиғаның қозғап жібергені ғой. Ар жағын алып кетем бе деп едім… Әлі де бір түрткі жетпей жатыр-ау. – Естемес көңіл толқуын баса алмай аз бөгеліп, қайтадан сөйлеп кетті. – Күй деген де ойдан туады. Қолың қанша жыпылдағанмен, көңілің қуыс болса, күй шықпайды. Жаңағы жарты күй осы жасқа келгенше ойланып-толғанып, түйгенім сияқты көрінеді өзіме. Қамкөңілді жұбатсам деген бір арман еді. – Естемес ауыр бір күрсініп, ойынан қалт сергіді. – Нарымыз ұзап кетті ғой. Кәне, сол ойсылқараның соңынан ерелік, бір қараға жеткізер, – күйші атын тебінді.
Нар соңынан « әудем» жер еріп отырған екі атты Ипан тауынан бергі ылдидағы қайнарда жұпыны ғана жалғыз қараша үйді көрді. Нар үйге жеткенде басына үкілі тақия киген, талдырмаш денелі қыз шығып, бұйдасын шешіп, есік алдындағы қазыққа байлады. Екі атты да cay етіп келіп, « қарбалас-ау» деп аттан түсті. Қыз бала қаймықпай жолаушылардың қасына келіп, ізетпен үйге шақырып, Естеместің тізгінін алып, белдеуге өзі байлады.
– Әкемнің ұлы жоқ, айып етпеңіздер, – деді дауысы сыңғырлап.
« Дауысының әсемін-ай, құлақты қытықтап барады. Әрі еркін, әрі ибалы, мінезі де оңды екен», – деді Естеміс ішінен.
Түндігі бүркеулі қара көлеңке үйдің ішінде жалғыз шалдан басқа адам жоқ екен. Ол орнынан тұрып қонақтардың сәлемін алып, екі күйшіні төрге отырғызды.
– Жаңыл-ай, қалқам, түндік ашшы, – деп дауыстады.
– Ал жол болсын, шырақтарым?
– Әлей болсын! Біз ел аралап жүрген күйші боламыз. Менің есімім – Естемес. Мына жігіт – Оразымбет күйші.
– Өзім де шырамытып отыр едім. Ана жылы ел осы қайнарда отырғанда екі күн күй тартып, құлақ құрышын бір қандырып кетіп ең-ау.
Осы кезде үйге Жаңыл кіріп, төменгі жаққа келіп отыр-ды. Естемес қабақ астынан қыздың тұлғасын шолып өтті. Жасы он алты-он жетілер шамасында болар. Қою қара қасты, мөлдіреген қара көзді, дөңгелек жүзді, қара торының сұлуы екен. Үстіндегі жалаң көк көйлегі тозған. Шынтағындағы білдіртпей салған жамауын да күйші көзі шалып қалды. « Әттең, үлде мен бүлдеге ораса, жанып-ақ кетер едің-ау», – деп қойды Естемес ішінен. Шал арғы ел, бергі елдің хабарын сұрастырып отырғанда да, күйші пейілі түсіп, сөз арасында қызға қарай берді. Тіпті бұл үйдің жолаушыларға сусын ұсынып, қазан астына от жағуды ұмытып кеткені де есіне келмеді.
Шал аз уақыт тұйықталып, төмен қарап отырды да, бір кезде басын көтеріп алып:
– Естемес шырағым, – деді. – Өлімнен ұят күшті. Сен келгенде бір тостаған сусын тауып бере алмай, жерге қарап отырмыз.
– Жоқ, ақсақал, сіз қиналмаңыз.
– Неге қиналмаймын, қарағым. Биылғы жұт елді титықтатып кетті ғой. Арқалайтын да, асырайтын да жалғыз нарымыз анау жатқан. Ауыл көшерде бошалап кетіп, ботасыз қайтты. Суалып қалды. Қаңсытып, таңдайды кептіріп отыр, – деп шал ауыр күрсінді. Содан кейін қызына бұрылды. – Жаңыл қалқам, қайнардан су әкеліп бер. Қонақтар шөлдеген шығар. Жаңыл иіліп тостағанмен су ұсынғанда, Естемес тағы да ұзағырақ қарады. Қыз көзіне көзі түсіп кеткенде, жүрегі бүлк ете қалды. « Сақалды басыммен сабырдан айырылғаным қалай», – деп кейіді өзіне. Бірақ көңілі құрғыр әлденеге талпынып алып барады. Сонау бір жастық шағы қайтып оралғандай еліте құмартады. Талайдан аңсағанын көргендей көз жазғысы келмейді. « Атастырған адамы болмас, өйтсе шалды жұртқа тастап кетпейді ғой. Және ұзатылатын уақыты да жеткен ғой», – деп ойлады ішінен. Күйші осы күнге дейін аумалы-төкпелі халге түсіп, қыл үстінде тұрғандай қалтырайды. « Кім біледі, жер ортасынан асқанда тәңірінің сарғайтып барып бұйыртқаны осы болар», – деген де ойға тіреліп, қайта ауытқиды. Көңіл аптығын басу үшін Есте¬мес домбырасын алып, ақырын шерте берді.
Ойланып қалған шал басын көтеріп алып, тағы да тіл қатты:
– Апырым-ай, осы мал жарықтықтың күйге елігетіні болады деуші еді. Естемес шырағым, өнеріңді салып көрсең қайтеді?! Хақ тағала көз жасымызды көрсе, кім біледі, нарымыз иіп кетер. Салшы өнеріңді, қарағым. Қолымнан келсе, не сұрасаң да берейін.
– Не сұрасам да бересіз бе? – деп Естемес жалт етіп Жаңылға көз тастады.
– Беремін, қарағым.
Жаңыл сытылып үйден шығып кетті.
– Ақсақал, сіз де елде жоқ қолқа салып отырсыз. Мен де елде жоқ қолқа салайын. Осы күнге дейін жар сүймей келе жатыр едім…
Шал Естеместің қолқасын түсініп төмен қарап, ойланып қалды.
– Апырым-ай, мынауың шынында да елде жоқ қолқа екен, – деді ол сәлден кейін. – Ай, бірақ сен де бір азаматсың ғой. Баламды қор қылмассың. Сөзім сөз. Өнерің жетсе, тілегіңді бердім, қарағым.
Осы кезде Жаңыл есіктен қарап:
– Екі күйші өнерлеріңді бірдей салыңдар, – деді.
– Мейлі, болсын. Кәне, Жаңыл қарағым, нарыңды тұрғызып, шелегіңді тоса бер, – деп Естемес домбырасын ұстап орнынан тұрды.
Жаңыл нарды үйге жақынырақ әкеліп байлады. Шал тулақ алып шығып, нардың алдына төседі. Естемес « кепкен шандырыңды жібіте алар ма екем» деп сынағандай нарды шолып өтті. Түйенің ендігі түрі манағы көргенінен бөлек. Балшықтан құйғандай денесінде қыбыр еткен тірлік белгісі жоқ. Басын манағы келген жағына бұрып, сонау алыс адырға құрғақ, жансыз көзін қадап, қатып қалған. « Апырым-ай, мына жануарды жібіту қиын болар», – деп секем алып қалды Естемес. Осы кезде Жаңыл келіп, түйенің мойнынан құшақтап, басынан сипады. Нар сонда ғана селт еткендей болды. Естемес көзі тағы да Жаңылға түсті. « Мал баласына осылай пейілің түскені… жас та болсаң, аса мейірбан боларсың», – деп ойлап, күйшінің іші жылып кетті. Жаңыл қарындағы шелегін алып, түйенің желініне тосып, саууға ыңғайланды. Күйшінің жіті көзі қыздың әр қимылын қапысыз бағады. Бай ауылда күң, сауыншы аталатын еңбек әйелінің әр қимылында жарасымды ширақтық, әсем ептілік барына сүйсіне қарайды. Жаңыл бұрылғанда байқады, қыз жүзін ай бетіндегі мұнардай бір мұң шалып тұр екен. Естемес ішінен: « Қасымда тұрсаң да, алыстағы арманым екенсің, күй қанатымен қуып көрейін», – деп Жаңылға телміре қарап сәл тұрды.
Күйші жүгіне беріп, « я сәт!» деп домбыраны қағып-қағып жіберді.
Жасы ұлғайып, қимылы ауырлап кеткен ұстазының жас жігіттей құлшынып шыға келгеніне Оразымбет таңырқай қарады. « Бір жылдан бері мен аңдамаған мінезін осы бүгін көрсетті-ау», – деп ойлады. Әншейінде жайғасып малдасын құрып, тіпті шынтағына жастық қойдырып тартатын күйші, қазір бір тізелеп жүгініп отыра кетіп, сілтей жөнелді. Домбыраны қатты қағып, нарды бір елең еткізіп алды да, күйді бастап кетті. Алғашқы ырғағынан-ақ Оразымбет бұл жол үстіндегі өзі тыңдаған күй екенін танып: « Еске-ай, манағы тірелген жеріңде тағы да тайып құламасаң не қылсын», – деп сескеніп қалды. Бірақ Оразымбет бұл күдігін тез ұмытты. Ол енді алғашқы рет тосын күй тыңдағандай көз шарасы үлкейіп, ерні түріліп елтіп қалған. Күйшінің мына тартысы бөлек еді. Енді манағы мұңды әуеннің мағынасы артып, аяғы арманға ұласып барады. Жібек сазды ырғақтың арасында домбыра ақырын ғана күрсініп алғандай болады да, қайтадан сергіп, балапандай талпынады. Оразымбет лыпылдаған қанат сусылын естігендей де болды. Діріл қаққан күй тарауы майда қоңыр сазды сарынға ауысты да, ақырындап көтеріле берді. Күйшінің саусағы домбыраның сағасына таман келіп безек қағып, күй аз бұлқынып жоғары өрледі де, суырылып барып, асқақтап жүре берді. Күйшінің қиналған жерден өтіп кеткенін сезіп, Оразымбет: « Аһ, сабазың, шыңыраудан суырып шығарды-ау!» – деп сүйсінді. Алдынан кең өріс, алыс қиян ашылғандай оның да бойы сергіп қалды…
Естемес күйге елігіп, өзге дүниені ұмытып кетті. Талайдан бері арқаны құрыстатып, кеудені кернеп, булықтырып жүрген нәрсе түйіні шешіліп, қыртысы таралып, жанын сергітіп, әсем сазды күй болып дүниеге келе жатыр. Сарылып іздегені оңай табылып, шиеленісіп қинағаны тез шешіліп, күйші көңілі де күй қанатына ілесіп алысқа самғады. Сәл иіліп, талдырмаш тұлғасы әсем майысқан қыз бұлдырап алыстап, биіктеп кетеді. Сонау көкжиектен, сағым арасынан сыңғырлап күліп, еліктіре шақырғандай болады. Күйші көңілі соған талпынады.
Естемес қиялынан сергіп, нарға қарады. Нардың тақырдай қатып қалған қайыс жоны жұмсарып, қан жүгіргендей. Денесіне тіршілік дірілі еніп, бір-екі рет қозғалып теңселгендей де болды. Жаңағы қадалған қырқадан басын бері бұрып, үлкен көзі жасқа толып, жаудырап тұр екен. Күйші осы кезде күй ырғағын баяулатып келіп, ақырын дірілдетіп көтерді де, ботадай боздатып жіберді. Анадан айырылған жас ботаның алғашқы зарлы үні үзіліп-үзіліп шығады. Аруана осы тұста бір ыңырай-ды. Естемес оны да домбыраның ішегіне іліп әкетті. Күйші көзі Жаңылға түсті… Қыз нардың емшегін қысып ұстап қатып қалыпты. « Апыр-ау, бұл неге саумай тұр», – деп ойлады Естемес. Нардың желіні тырсиып барады. Естемес қыздың әдейі сау­май тұрғанын байқады. Кенет оған бір суық ой келіп, шошынып қалды. « Екі күйші өнерлеріңді бірдей салыңдар» деген қыз сөзінің астары енді ашылып, есіне қайта түсті. Дір етіп, бір шошынып қалған күй әлгі тапқан жайма–шуақ биігінен төмендеп, қайтадан мұңды сазға ауысып күңіреніп барады. Сәлден кейін жалт еткен арманынан айырылып қалғандай күй тағы бір талпынды. Естемес Жаңылға енді бір қарағанда, сығымдап қысқан сүйріктей ақ саусақтың арасынан шым-шымдап сүт тамып барады. Күйшінің де көзінен жас тамып кетті. « Заманым өткен екен ғой!» – деп аһ ұрып, жалт бұрылды да:
– Ар жағын сен тарт! – деп саңқ етіп, домбыраны Оразымбетке тастай берді.
Оразымбет домбыраны қағып алып, жалғастырып тарта жөнелгенде, нардың сүті де шелекке сауылдап құйыла берді.
Біз қайдан білейік, ел « Нар идірген» күйі осылай туыпты деседі.

Парақшамызға жазылыңыз

8 Comments

  1. Актобе облысы
    Алға ауданы
    Аманкелді ауылы
    Аманкелді негізгі мектебі
    Күні:
    Пәні: қазақ тілі
    Класы: 9
    Сабақ тақырыбы: Ресми іс-қағаздар стилі
    Мақсаты: білімділік- оқушыларға ресми іс қағаздар стилі, іс қағаздарының түрлері мен тілдік құрылымдық ерекшеліктерін меңгерту; дамытушылық-оқушылардың іскерлік дағдысын қалыптастыру, ой-өрісін дамыту, ізденімпаздыққа баулу, танымдық қабілетін жетілдіру; тәрбиелік-оқушыларды сыйластыққа, бір-бірінің пікірін тыңдай білуге тәрбиелеу
    Сабақтың типі: аралас сабақ
    Әдіс-тәсілі: мазмұндау, іздену, зерттеу
    Пәнаралық байланыс: әдебиет, орыс тілі, ағылшын тілі
    Сабақ барысы
    Ұйымдастыру
    Оқушыларды амандасу, класты түгендеу, оқушылардың сабаққа дайынды,ын тексеру.
    Үй тапсырмасын тексеру
    Үй тапсырмасын бекіту. «Роунд-робин» әдісі
    Оқушылар стильдер туралы, ауызекі сөйлеу стилі, көркем әдебиет стилі туралы не біледі, сол жайында бір сөйлем не бір сөз тіркесін айтуы керек. Бірінің айтқанын бірі қайталамауы тиіс. Сыныптағы оқушылар түгел сөйлеуі керек.
    Жаңа сабақ
    1.Білу Бүгінгі сабақта нені білуіміз керек?
    1) Іс қағаздары, оның түрлері
    2) Қатынас қағаздары
    3) Іс қағаздары стилінің ерекшеліктері
    2.Түсіну. Кесте арқылы жаңа материалды тексеру
    І -кесте
    !с қағаздары дегеніміз-жеке адамның, ұжымның, фирмалардың, мекемелердің атқаратын қызметіне байланысты пайда болатын жазбаша (ауызша) қарым-қатынас құралы.
    Сенімхат
    Ұсыныс
    Қолхат
    Мінездеме
    Түсінікхат
    Келісімшарт

    Арыз
    Өтініш
    Бұйрық
    Өмірбаян
    Анықтама
    Хаттама
    Куәлік

    Іс қағаздарының түрлері

    2-кесте
    Іс жөніндегі қатынас қағаздарының құрылымы
    Қатынас қағазының жіберілген мерзімі (күні, айы, жылы) Қатынас қағазының мазмұны Қатынас қағаз жіберілген мекеменің (фирманың) , мекеме басшысының аты-жөні Қатынас қағазды жіберуші жөнінде мәлімет және оның қолы

    3-кесте

    3. Қолдану
    Өзіндік жұмыс.
    75-жаттығу.Оқушылар алған білімдерін қолданып, бір құжаттың үлгісін өздері құрастырады.
    4. Талдау.
    1. «Іс жүргізуш» і ойыны
    Әр оқушы 1-ден 10-ға дейінгі сандардан тұратын ұяшықтарды таңдайды. Ұяшықтағы құжаттардың үлгісімен танысып, құрылысын талдайды.
    1.Арыз 2. Өтініш 3.Куәлік 4.Анықтама 5.Ұсыныс 6.Түсінікхат 7.Қолхат 8.Сенімхат 9.Мінездеме 10.Хаттама
    2. «Полиглот».
    Берілген ресми іс қағаздар стиліне тән сөздерді үш тілде орындау

    Берілген сөздер Орыс тілі Ағылшын тілі
    арыз заявление
    куәлік удостоверение
    анықтама справка
    түсінікхат Объяснительное письмо
    сенімхат доверенность
    мінездеме характеристика
    хаттама протокол
    Сабақты қорытындылау
    5.Жинақтау
    Сабақты қорытындылау мақсатында оқушыларға сұрақтар беріліп, жауап алу.
    1.Стильдің қанша түрі бар?
    2.Іс қағаздар стилі дегеніміз не?
    3.Ресми іс қағаздар стилінің мақсаты қандай?
    4.Іс қағаздарының қандай түрлері бар?
    5.Іс қағаздар стилінің ерекшеліктерін ата.
    Іс қағаздарының адам өміріндегі орны ерекше, адам өміріндегі іс-әрекеттің дұрыс, дәл кезінде іске асуы құжаттар мазмұнының анық, дәл баяндалуына байланысты болады. Іс қағаздары мазмұны дәл, анық жазылуы керек, құжаттарды жазуда мемлекет дайындаған арнаулы нұсқаулық басшылыққа алынуы керек.
    6.Бағалау кезеңі.
    Бағалау кестесі бойынша оқушылардың білімін, белсенділігін сараптау, бағалау.

    № Оқушының аты-жөні:

    Үй тапсырмасы

    «Іс жұргізуші» ойыны Өзіндік жұмыс Семантикалық карта Сұрақ-жауап Бағасы
    1 Дүзбас Армианай
    2 Елжан Гүлсезім
    3 Уразбаев Нұрберген
    4 Қаликеш Ерназ
    5 Шәкір Жандәулет

    Үйге тапсырма беру.
    73-жаттығу. Мәтінді оқып, әс-қағаздар стиліне тән ерекшеліктерді атау. Басқа да ресми іс қағаздарға жататын құжаттарды іздестіру, жинақтау, жазылу ерекшелігіне назар аудару. Сыныптас құрбыларына мінездеме жазу

    Бағалау парағы
    № Оқушының аты-жөні:

    Үй тапсырмасы

    «Іс жұргізуші» ойыны Өзіндік жұмыс Семантикалық карта Сұрақ-жауап Бағасы
    1 Дүзбас Армианай
    2 Елжан Гүлсезім
    3 Уразбаев Нұрберген
    4 Қаликеш Ерназ
    5 Шәкір Жандәулет

  2. сабағыңызға рахмет! Ұнады. Самал

  3. Күні:
    Пәні: әдебиет
    Класы: 9
    Сабақ тақырыбы: Осы күнгі айтыстар
    Мақсаты: білімділік-осы күнгі айтыс өнерінің өзіне тән ерекшеліктері мен халық өмірінде алатын орны, тәрбиелік мәнінің зор екендігі жайлы түсіндіру; тәрбиелік-суырыпсалма ақындар айтысының ьтақырыбы мен айтпақ ойларын оқыту арқылы оқушыларды адамгершілікке, имандылыққа, әділдікке тәрбиелеу; дамытушылық-сабақ барысында оқушылардың ұлттық психологиялық ой-өрісін дамыту
    Көрнекілігі: дидактикалық материалдар, кеспе қағаздары
    Әдіс-тәсілдері: топтастыру, бес жолды өлең, концептуалдық кесте, сауаттылық хат үлгісі, пікір сайыс.
    Сабақ барысы:
    І Ұйымдастару бөлімі. Топқа бөлу (қызығушылықты ояту)
    1-топ. Бірлік
    2-топ. Байлық
    Әр топпен өз аттары туралы сұхбат жүргізіледі
    Топпен әңгімелесе отырып, барлық ынтаны бір мақсатқа бұрамын
    (Мағынаны ажырату). Топпен жұмыс
    Айтыстың түрлерін топ ішінде талқылау
    Айтыс ақындарына сипаттама беру
    Топқа бөлінген оқушылар «Айтыстың түрлері» тақырыбына байланысты түзілген сұрақтар мен тапсырмаларға жауап береді.
    Топтарға конверттегі сұрақтар беріледі.
    Жұмбақты тапқан топ бірінші жауап береді. Сөз тіркесінің мағынасын тапқан топ екінші жауап береді.
    Жұмбақ.
    Бір сандық ішінде,
    Дүниенің сыры бар.
    Жұрт еріксіз бұрылар.
    Азды-көпті көруге
    Әркімдер де ұрынар.
    ( Кітап)
    Тұрақты тіркестің мағынасын тап.
    Сөздің майын тамызу-әдемі сөйлеу
    Сабақ төмендегі жоспар бойынша жүргізіледі:
    1.Бізге мәлім деректер
    Екі топқа екі конверт беріледі. Конверттегі сұрақтар мен тапсырмалар
    1.Айтыс туралы не білесің?
    2.Бәдік айтысы
    3.Жар-жар айтысы
    4.Жануарлар мен адамның айтысы
    5.Жұмбақ айтысының ерекшелігі неде?
    6.Салт айтысы. Біржан мен Сараға сипаттама
    2.Көргендінің сөзін ал
    Екі топқа ақындар айтысында көрсетілген мәселенің бірі өнеге жайлы нақыл сөздердің мәнін ашу тапсырылады.
    1.Ақ көкірек, ақылды адамдармен кеңес құр
    2.Адамдардың қадірін бағалай біл
    3.Сөзді дәлелдеп айт
    4.Жақсылықты ардақтай біл
    5.Біреуге ақыл айтпақшы болсаң, оны өзің орындаған бол
    6.Барлық уақытта да қарапайым бол
    3.Сауаттылық хат үлгісі (Кейіпкерге хат)
    Автор орындығы сынып бөлмесінің ортасына қойылады. Әр топтан бір оқушыдан шығып, автор орындығына отырып, өздерінің айтыс ақындарына жазған хаттарын оқиды.
    4.Концептуалдық кесте.
    Кейіпкер Адамгершілік қасиет Өмірге көзқарасы Кейіпкерге баға
    Сара Қазақ қыздарына тән ұяңдық, үлкенді сыйлау, құрметтеу ақын Сараның ең басты адамгершілік қасиеттерінің бірі болып табылады. Бүкіл қазақ әйелінің басына бостандық тілеп, жырға қосты. Ол алдағы өмірден үміт күтті. Басына бостандық алуды ең басты мақсат етіп қоя білді және сол мақсатына жетті. Жоғары
    5.Бес жолды өлең.
    Тақырып /зат есім/ Ақындар
    Суреттеу /сын есім/ суырыпсалма, шешен
    Қимыл /етістік/ айтады, жырлайды
    Сезіну /сөз тіркесі немесе сөйлем/ Ақындар бір-бірінің өнерін жоғары бағалайды
    Мәнін қайта айту. Ақын-үздік өнер иесі
    6.Пікір сайыс.
    Айтыстың болашағы жайында не ойлайсыңдар?
    Айтыстағы жеңу мен жеңілу деген не?
    Сабақты қорытындылау
    Оқушыларды бағалау
    Үйге тапсырма. «Айтыскер қыздардың әсемдік әлемі» атты шағын эссе жазу

  4. Күні:
    Пәні: әдебиет
    Класы: 9
    Сабақ тақырыбы: Қыз Жібектің ару бейнесі
    Мақсаты: білімділік-тақырыбын терең талдап, идеясын жан-жақты айқындау; портрет, шендестіру, риторикалық сұрақ, т.б көркемдеуіш құралдарды тауып әдебиет теориясынан білімдерін тереңдету; дамытушылық-оқушылардың әдеби тілде сөйлеу мәдениетін дамыту, өзіндік пікірлерін ортаға салу, талдай білу дағдыларын жетілдіру, сыни тұрғыда ойлау қабілеттерін қалыптастыру; тәрбиелік-әдемілікті, әсемдікті бағалай білуге баулу, танымдық көкжиегін кеңейту, талғампаздық қасиетке, пікірсайыс мәдениетіне тәрбиелеу.
    Әдісі: сын тұрғысынан ойлау әдісі, талдау, пікірсайыс
    Көрнекілігі: кеспе қағаздары, суреттер
    Пәнаралық байланыс: өзін-өзі тану, музыка, бейнелеу
    Сабақ барысы
    Ұйымдастыру
    «Шаттақ шеңбері»
    «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» әнін орындау
    Негізгі бөлім
    Жаңа ақпарат
    Халық жадында мәңгі сақталған арулар-Ақжүніс, Баян сұлу, Құртқа, Жібек,т.т «Шаттық шеңберіндегі» әнде айтылған ару қыздарға тән қасиеттер осы жыр кейіпкерлерінің бойынан табылады. Жан-дүниесі аппақ мақтадай ару қыздар азаматтарымыздың рухани серігі бола білген. Мұның өзі-ішкі жан-дүниенің табиғы сұлулығы. Ал «Кабуснамада» әсемдік әлемін былай суреттейді: «Ей, перзентім! Адамның табиғи сұлулығы (сыпайы, биязы мінезі) болмаса, ғашық бола алмайды. Өйткені махаббат дегеннің өзі табиғи сұлулыққа байланысты екені даусыз».
    Мұхтар Маңауиннің пікірінше, «Әлемдегі ең сұлу қыз-қазақ қызы…» Бқл сөздер ән жолдарындағы «Бәрін айт, бірін айт та, лайықсың, Қазақтың қызы деген ғажап атқа» деген бейнелі бағамен үндесіп тұрғандай. «Әлемді әсемдік құтқарады» деген Ф.Достоевскийдің қанатты сөзі әдемілік жөніндегі түсініктің адамзатқа ортақ екендігін көрсетеді. «Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу» халық даналығы ішкі жан-дүниенің рухани үнлесімі ғана сұлулық сипатын шырайландыратындығын танытады. «қыз Жібек» жырындағы Жәбектің ару бейнесі осындай көрікті ойларға жетелейді.
    «Ойланайық, пікірлесейік»
    1. «Ару» деп қандай жанды айтамыз?
    2. «Қыз Жібек» жыры қай ғасыр туындысы?
    3. Оқиға қай жерде өтеді?
    4. Табиғат суреттерінен сұлулық туралы ойбөлісу. (өзін-өзі тану)
    Сурет бойынша қорытынды ой
    1.Тәкаппар тау бейнесі Жібектің өршіл мінезін танытқандай
    2.Күннің қызыл шапақ сәулесі-«Ақ бетінің қызылы, ақ тауықтың қанындай»/үндесім/
    3.Бұлақтың сылдыры Жібектің сыңғырымен үндескендей.
    4. «Гүл өссе-жердің көркі, қыз өссе-елдің көркі»
    Тапсырмалар
    1.Қыз Жібектің анасының сипаты:
    …Ақ маңдайы жарқылдап,
    Танадай көзі жалтылдап,
    Алтынды кебіс сартылдап,
    Көшті тартып барады.
    Жібекті тапқан шешесі.
    Осы жолдармен үндесетін халық даналығы.
    «Аяғын көріп, асын іш;
    Анасын көріп, қызын ал»
    2.Қыз Жібек сипаты:
    …Қыз жібектің ақтығы
    Наурыздың ақша қарындай.
    Ақ бетінің қызылы
    Ақ тауықтың қанындай.
    Ақжүніс сипаты:
    Қара жерге қар жауар,
    Қарды көр де етім көр.
    Қар үстіне қан тамар,
    Қанды көр де бетім көр.
    Әдебиет теориясы. Шендестіру
    Венн диаграммасы
    Ақжүніс Жібек

    3. Жібектің болашақты болжауын Құртқа бейнесімен байланыстыру.
    Қыз Жібекті ңтүс көруі, Төлегеннің жай-күйін сұрап білуі, болашағынан қауіптеніп сақтануы. Құртқаның кішкентай құлындв баптап өсіруі, Тайбурылдың қырық үш күндік кемдігін танып білуі, Қобыландыны қауіптен сақтандыруы.
    4. Қыз Жібектің инабаты, ибасы, жан сұлулығы
    Шеге мен Сансызбайдың алдында иіліп сәлем беруі. /Жырдан үзінді келтіру/
    5. Ұлттық дәстүрді ұлықтаушы Жібек бейнесі бүгінге үлгі ме? Жібек бейнесіне топтастыру жасау
    6.Семантикалық карта
    № Кімдер Ақжүніс Баян Жібек
    1 …Қара жерге қар жауар,
    Қарды көр де етім көр.

    2 …Ақ бетінің қызылы
    Ақ тауықтың қанындай.

    3 Аппақ көрік маңдайлы, қылығы наз.
    Малың түгіл басыңды берсең де аз.
    7.Әсемдік менің жанымды бөлейді.
    Үйге тапсырма
    1.Жібекті ңбейнесі /Жырдан үзінді жаттау/
    2. «Қыздарға әсемдік жарасады (ойтолғау)
    Бағалау

  5. Күні:
    Пәні: әдебиет
    Класы:9
    Сабақтың тақырыбы: «Қыз Жібек» жырындағы ұлттық мәдениет
    Сабақтың мақсаты:
    Білімділік. «Қыз Жібек» жырын меңгерте отырып, мазмұнына талдау жасату, жырдағы кедесетін салт-дәстүрлер,олардың қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіндегі, бала тәрбиесіндегі орны туралы білім қалыптастыру.
    Тәрбиелік. Жыр мазмұнымен таныстыра отырып, оқушыларды адалдыққа, бір сөзділікке, адамгершілікке, халықтық мұраларды, салт-дәстүрлерді құрметтеуге тәрбиелеу
    Дамытушылық. Оқушылардың ойлау қабілетін, қиялын дамыту, шығармашылықпен жұмыс жасай білуге машықтандыру.
    Сабақтың типі: Пысықтау сабағы
    Сабақтың түрі: Дәстүрлі сабақ
    Сабақтың әдіс-тәсілдері: Сұрақ-жауап, баяндау, шығармашылық жұмыс, диалог құрау, «Шығарма кестесі»
    Сабақтың барысы:
    І. Ұйымдастыру кезеңі
    ІІ. Шығарманы талдау
    Үйге «Қыз Жібек» жырының мазмұнымен танысып келуге берілген болатын. Үй тапсырмасын алдын-ала құрылған жоспар бойынша сұраймын (10 минут)
    Төлегеннің дүниеге келуі
    Әмеңгерлік Жар іздеуі
    Қыз Жібектің елінде
    Төлегеннің өлімі Түс
    Төлеген өз елінде
    Берілген схема бойыншы «Қыз Жібек» жырының мазмұнына оқушылардың өздеріне шолу жасатамын.
    – «Қыз Жібек» жыры ең алғаш рет қашан және қай жерде, қандай баспада басылып шықты?
    – «Қыз Жібек» жыры ауыз әдебиетінің қай түріне жатады?
    – Лиро-эпостық жырлардың батырлар жырынан қандай айырмашылықтары бар еді?
    Лиро-эпостық яғни махаббат жырларында негізінен батырлық, ерлікті жырлаудан гөрі, екі жастың арасындағы шынайы махаббат, халықтың әдет-ғұрпы , салт-дәстүрі көбірек суреттеледі екен. «Қыз Жібек» жыры да солардан кенде емес. Олай болса бүгін біз «Қыз Жібек» жырында кездесетін салт-дәстүрлерге, әдет-ғұрыптарға тоқталамыз.
    Дәптерлеріңді ашып, күн ретін, тақырыпты жазып қойыңдар:
    «Қыз Жібек» жырындағы салт-дәстүрлер
    – Қане, кім айтады, балалар, «Қыз Жібек» жырын оқып отырғанда сендер қандай салт-дәстүрлерді кездестірдіңдер?
    ( Оқушылардың ойын тыңдаймын)
    – Енді мен тапқан салт-дәстүр, әдет-ғұрып түрлеріне назар салайық:
    Әр салттың мазмұнына және оның жырдың қай жерінде кездесетініне тоқталып кетеміз.
    Енді назарымызды теледидарға аударайық. («Қыз Жібек» фильмінен үзінді көрсетемін) ( 3 минут)
    «Қыз Жібек» жыры 1971 жылы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген. Авторы Сұлтан-Ахмет Ходжиков. Рөлдерде Асанәлі Әшімов, Әнуар Молдабеков, Фарида Шәріпова, Меруерт Өтекешова, Құман Тастанбеков сынды атақты өнер қайраткерлеріміз ойнаған
    – Жаңа өздерің тамашалаған үзіндіден сендер қандай әдет-ғұрып, салт-дәстүрді байқадыңдар?
    ( Бата беру, шашу шашу, отқа май құю дәстүрлері, сондай-ақ жерді, отты, ақ төсекті киелі санап, ерекше қастерлеген)

    – Балалар, сендер батаның қандай түрлерін білесіңдер?
    (Наурыз бата, шілдеханада берілетін бата, дастарқанда ас қайырғанда берілетін бата, беташарда берілетін бата,қыз балаға, ұл балаға берілетін бата, жаңа айға берілетін бата, алғыс батасы, т.б.)
    Енді балалар, қазір мен сендерге батаның алғашқы жолын беремін, сендер соны ауызша ары қарай өздерің ойдан шығарып жалғастырасыңдар.
    « Батамен ел көгерер» деп халық бекер айтпаған.
    Балалар, кеше мен интернеттен «Қыз Жібек» фильмі, «Қыз Жібек» жыры туралы қосымша материалдар немесе деректер бар ма екен деп іздестіріп отыр едім, «Мәдени жаңалық. Қазақстанда халық эпосы «Қыз Жібектің» бұрын белгісіз болып келген үзінділері, яғни фрагменттері табылды» деген хабарламаны оқыдым. Онда Батыс Қазақстан жеріндегі Сайлау деген кісі «Қыз Жібек» жырының бізге белгісіз үзінділерін (фрагменттерін) білетіндігі, оны кішкентай күнінде үйіне келген қонақтан естіп, есінде сақтағандығы және осы үзінді енгізілген жыр нұсқасы жақын уақытта «Орал өңірінің музыкалық фольклоры» деген атпен жарық көретінін жазған екен. Бірақ табылған үзіндінің өзі берілмеген екен.
    – Сендерге тапсырма:
    1-қатар: Табылған жаңалық, үзінді не туралы болуы мүмкін?
    2-қатар: Бекежанға хат
    3-қаатар: Егер Төлеген Шекті еліне бір күн кешігіп шыққанда, оқиға ары қарай қалай жалғасуы мүмкін еді?
    Оқушылар, сендердің оқыған өз туындыларыңнан біз сендердің шығармашылықпен жұмыс жасай алатындарыңды көріп отымыз.
    Енді сендерге тапсырма : Мына үзіндіде Төлеген мен Жібектің бір-бірімен әңгімелесіп отырғаны берілген. Бірақ дыбысы шықпай тұр. Сендер Төлеген мен Жібектің не туралы сөйлесіп отырғанын болжап, диалог құрастырасыңдар. Диалог құрастыру барысында Төлеген мен Жібектің бет ажарына, бет қимылындағы өзгерістерге назар салып отырыңдар.( Соңынан оқушылардың диалогын тыңдаймын )
    ІІІ. Қорытынды
    Сабақты қорытындылау мақсатында оқушылардан ауызша «Шығарма кестесіне» жауап аламын.
    Шығарма кестесі
    Шығарма аты
    Шығарманың авторы
    Оқиға орны
    Кейіпкерлері
    Ұлттық салт-дәстүрлер
    Шығарманың басталуы
    Немен аяқталды
    Не үйретті
    ІҮ. Бағалау
    Ү. Үйге тапсырма: «Қыз Жібек» жырын қайталау

  6. не мынау фу жазсандар дурыстап жазбайсын ба еу чорт

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар