///

Жыл иесі — жылан

3346 рет қаралды

Жыл «иесі» жыланның қасиеттерін жақсы ырымға балап, өзімізше талдап, алдағы уақытқа болжам жасау қашанғы қалпымыз ғой. Жыл санауы бойынша ұлудан кейiн кiретiн жылан бiз үшiн несiмен қадiрлi? Бауырымен жорғалаушылар класына жататын жыланның кез келген адам біле бермейтін немесе аңғармайтын өзіндік тіршіліктеріне тән қасиеттеріне үңіліп көрейік.

ЖЫЛАН ШАҚПАСЫН ДЕСЕҢІЗ…

Жылан — шөптесін жерлерде бауырымен жылжып қозғалуға, көлемді заттарды тұтасымен жұтуға бейімделген жәндік. Сыртқы пішініне қарағанда жыландар аяқсыз кесірткелерге ұқсайды. Қозғалу ерекшеліктеріне байланысты жыландардың омыртқа жотасы біркелкі, көптеген (200-450) омыртқадан тұрады.
Жыландардың қазір 2300-2500-ге жуық түрі белгілі. Олар жер бөліктерінің барлығына тараған, әсіресе, ыстық жерлерде көптеп кездеседі. Солтүстікте полярлық шеңберге дейін еніп жатады. Оңтүстікте Оңтүстік Америкаға дейін тараған. Отты жерде, Жаңа Зеландияда және Полинезияның көптеген аралында жыландар болмайды. Жыландар ағашты, далалы, таулы жерлерде, кейбір түрлері суда, жер астында тіршілік етеді.
Олар жұмыртқа немесе тірі жұмыртқа салып көбейеді. Жыландар ұсақ насекомдар мен кемірушілерден бастап, бұғының бұзауына дейінгі әртүрлі организмдермен қоректенеді. Жануарларды сескендіріп барып, тез шабуыл жасап, ұстайды. Жылан өзі келіп шақпайды, тек өзіне қауіп төнгенде ғана шағады. Бір қызығы, жыландар қоректенбей үш жыл ұйықтай алады
Жыланға табынғандар
Жалпы, жылан туралы аңыз-әфсаналар өте көп. Австралия, Орталық Африка аборигендері, ежелгі грекиялық фессалийцтер, Солтүстік Америкалық үндістер өздерінің ата-тегін жыландар деп есептейді. Сондықтан бұл тайпалар жыланға аса құрметпен қарайды. Алайда бертіндегі ғалымдар мұны ежелгі тотеизмнен қалған сарқыншақ деп түсіндіреді. Қалай десек те, ХVII ғасырда жыланға табыну фанаттық формада жүзеге асқаны шындық. Жыландар зәулім храмдарда тұрып, рахат ғұмыр кешкен. Ал көптеген африкалық тайпалар жыланға қызмет көрсетуді мәртебелі іс санаған. Оқыған абыздар белгілі бір мерзімде елді аралап, 10-12 жасар қыздарды жыланға табынушылық құпияларына үйреткен.
Жылан — күрделі және әмбебап нышан. Ол бірден жер мен суды, өмір мен өлім, тыныштық пен тіршілік күшінің тасуын және у мен аурудан айығуды бейнелейді. Яғни бүгінгі күні ғалымдарға жылан уының емдік қасиеті ХVII ғасырда белгілі болғаны мәлім. Франческо Реди деген адам мұны алғаш ашқан деген мәлімет бар. Ал жүз жылдан соң тағы бір итальяндық ғалым Фелисе Фонтане удың ұңғыл-шұңғылын зерттеп, адам ағзасына әсер ету механизмін түсіндірген.
Бүгінгі медицинаның басты белгісі болған символ — тілін сумаңдатқан жіңішке жылан XVI ғасырдан бастап қолданысқа енген. Бұл символды кеңес елі де 1924 жылы түпкілікті мақұлдаған.

ЖЫЛАНДАР НЕДЕН ҚОРҚАДЫ?

Сүтқоректілердің бәрінің өз жемін ішіп-жеуіне бейім еріндері болады. Ал жылан біткеннің бәрінің ерні болмайды. Олардың ішке қарай иіліп қайқы біткен тістері жемдерін ұстауға ғана арналған. Жыландар өз тамағын ешқашан шайнай алмайтындықтан, бірден бітеудей жұтады. Жыланның жауларына қарсы қаруы әлгі қайқы тісі мен уы екені белгілі. Ал усыз жыландардың қатер төнгендей жағдайда жауына қарсы қайраны — асқазанындағы бітеу жұтылған жемін қорытуға арналған ақ сұйықтың біразын шашады. Мүңкіген сасық сұйықтан есі кеткен жауы жыланды тастай салып өз басымен әуре болады. Жыландар мұндай қорғаныс қарекетін бір-біріне де қарсы қолданатын болса керек.
Қазақта үйге кірген жыланды басына ақ құйып шығаратын әдет бар.
Сонда жыландар басына құйылған ақты жауының әлгіндей қарекеті деп түйсініп, бас сауғалайтыны тіршілік үшін күрестің ұлы заңының бір бабы болып шығатыны анық. Ал жыланды ақ құйып қуатын амалды табиғатпен етене халқымыздың аңғарғыштығының бір көрінісі деп білген дұрыс.

У-ДЫҢ ӘСЕРІ

Жылан уы — жылан тістерінен сілекейлі темірдің бөлініп шығуы. Ол сабан түсті немесе жасылдау сұйықтық болады және қою емес. Алайда барлық жыландардың уы бірдей болмайды: сұр жылан уының құрамында қан құйылуына әкелетін геморрагин болса, әбжыланның уы жүйке жүйесін зақымдайтын нейротаксинге бай. Сондықтан әртүрлі жыланның шағуы адамға әртүрлі әсер етеді. Мәселен, сұр жылан шаққан жер ісіп, терінің өлуіне алып келеді, ал әбжыланның уы денеге жайылғанда адам демігіп, жүрегі айнып, басы айнала бастайды, кейде лоқсиды.
Соңғы жылдары жылан уының геморрагиялық әсерін әлсірететін белокты факторлар кеміргіштерден табылды. Жылан уы — бауыр мен бүйрекке қауіпті. Жыланның уы денеге тез жайылады. Сондықтан жылан шаққан адамға дереу алғашқы дәрігерлік көмек көрсету керек.

«ЖЫЛАН ПАТШАСЫ» АСХАНАСЫ

Қытайда жылан етін пайдаланудың екі мың жылдық тарихы бар көрінеді. Жылан еті аспан асты елінде тым ертеден-ақ сыйлы қонақтарға берілетін тіл үйіретін тағам ретінде бағаланыпты. Бұл салт Филиппин, Жапония сынды көптеген шетелдерде қалыптасқан. АҚШ-та жыланды базарларда сатып қана қоймастан, етінен тағам жасап, экспортқа шығарады. Кейбір әлеуметтік басқосу, қонақасыларында жылан еті аса тамаша, аз кездесетін тағам болып есептеледі.
Аспан асты елінің Гуаңжоу аймағындағы халық жылан жеуді жақсы көреді әрі оны әзірлеудің шеберлері де мол. Дәмдендіру амалы да әртүрлі. Гуаңжоуда жылан етінен тамақ жасайтын асханаларды кезіктіру өте оңай, ең үлкен жылан еті асханасы — «Жылан патшасы» асханасы. Жүз жылдық тарихы бар асханада жыл сайын 30 тонна тірі жылан пайдаланылады. Гуаңжоу қаласындағы асханаларда жылан етінен жасалған қуырма тағамдардың түрлерлі 30-дан асады. Тіпті ондағылар жылан етінсіз тамақтанбайды.
Жыландар биік тауларда, жайылымдарда, теңіздерде, адырларда, өзен-көлдерде, жалпы әртүрлі ортада өмір сүреді. Олардың дәрілік рөлі мен құрамы бір-бірінен өзгеше болады. Жылан етінің негізінен желқұзды кетіретін, бөрткен-қотырды жазатын, шошынғанды басып, қақсағанды тыятын рөлі бар.

Әзірлеген Арайлым НҰРБАЕВА.

ЖЫЛАН МАЙЫНЫҢ КЕРЕМЕТІ

Жылан жербауырлап жатып-ақ талайдың зәресін алып, талай мықтысымақты сабасына түсіретін жәндік. Бір қарағанда зияны бірден байқалатын бұл жербауырлаушының адам денсаулығына тигізер пайдасын аңғару қиын. Бірақ жыланның майы, еті, сорпасы көптеген ауруларға шипа көрінеді. Бізде әдетте ем ретінде май жыланды пайдаланады екен. Оны ел арасында «көлбар жылан», «сары жылан» деп те атайды. Негізі түрлі ауруларға шұбар жылан мен қарашұбар жыланды да пайдалана беруге болатын көрінеді.
Жылан етін шілдеден ерте қолдануға болмайды. Себебі көп жыландар қашан күн ысығанша жердің астында жатады. Бұл кезде оның денесіндегі былтырғы жинаған майы таусылады. Яғни ол сыртқа әбден арып-ашып шығады. Ал кейбіреулері майын толық тауыспай жатып, қайтадан тіршілік қамына кіріседі. Ішінде ескі майы қалып қойған осындай жыланның етін жегендер дертіне дерт қосып алуы әбден мүмкін. Жалпы халық емшілері жылан етін екі түрлі әдіспен қолдануға кеңес береді. Бірі — сорпа етіп ішу, екіншісі — кептіріп, талқан етіп жеу.
Жылан сорпасы бөртпе, безеулерге ем әрі ет пен тері арасындағы құрттарды жояды. Жараның жазылуына, жарадан қалған тесіктің жабылуына көп көмектеседі. Аттың сауыры зақымданған кезде де жыланды пайдалануға болады. Ол үшін жыланның терісін кесіп, жараның орнына таңып тастаса, аттың жарақатынан сызат та қалмайды. Егер жылқының аяғындағы сіңірі үзіліп кеткенде, жылан майын жақса, тартылып қалған сіңірлер созылып, бір-бірімен бітісіп кетеді. Май жылан аты жаман обыр ауруына бірден-бір ем. Ол үшін шыжыған шілденің күнінде ұсталған жыланды сорпа қылып қайнатып, сорпасын үзбей ішу керек. Мұндай сорпадан соң үш күн су ішпеген дұрыс. Ескеретіні, бүйрегі ауыратындардың жылан сорпасын ішпегені абзал. Себебі жыланның күшті майына әлсіз бүйрек шыдамайтын көрінеді.

“Ақтөбе” газетінен.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар