///

Алашорданы танудың тағы бір жолы

1484 рет қаралды
1
Жақында «Алашорда» атты фотоальбом-кітап жарық көрді. Бұл кітаптың жарық көруінің өзі тарихшылар мен зиялы қауым ортасында ғана емес, жалпы қазақ қоғамында оқиға ретінде қабылданды. Белгілі тарихшы Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ мен алаштанушы, кинодокументалист Қалила ОМАРОВ осы кітап жөнінде бізбен ой бөлісті. 
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Бұрындары газеттерде «Сурет сыры», «Суреттер сөйлейді», «Фотоайғақ» деген айдарлар болушы еді. Бірақ фотосуреттерден кітап құрастырып шығару, оған энциклопедиялық сипат беру басқаларда бар болса да, бізде сирек кездесетін жайт. Сондай бір іс алашордашылардың фотосуреттерін жинақтап шығарумен жүзеге асқан екен. Алдымен басын ашып алғымыз келгені, мұндай кітапты шығарудағы мақсат не? 
Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ: Алаш қозғалысы дегеніміз – ұлт-азаттық қозғалыс. «Алаш қозғалысы» деп тар ауқымдағы атты берген – кеңестік идеология. Сол идеологияның құрсауынан әлі шыға алмай келе жатырмыз. Отар болған кез келген халықтың, ұлттың тарихында болатын құбылыс. Кітапты қолға алған Болат Мүрсәлім, оған аздап көмегіміз тиді. Мұндағы мақсатымыз, Алаш орда тарихын сурет тілімен беру болды. Суреттің адамға ықпалы, әсері бөлек. Көп адам кітапты оқи бермейді, оған уақыты да жоқ шығар. Кітап қолына түсе бермейді. Ал мына суреттер арқылы адамның жүрегінде, санасында Алаш тұлғалары туралы пікір қалыптасады. Қазақ халқы суретке салақ халықпыз. Алаштың зиялылары өте ұқыпты, интеллектуалды, деңгейі биік адамдар. Олардың түскен суреттері бар екен, Құдайға шүкір. Алаш қайраткерлерінің түскен суреттері арқылы да олардың жүріп өткен жолын, кезеңдерін көрсетсек дедік. Олар-дың өмірі қалай басталды, немен аяқталды? Сурет осы тұрғыдан не көрсетеді? Міне, ойда тұрған нәрсе. Суреттерді жинаған Болат Мүрсәлімнің де, оған кеңес берген менің де мақсатым сол болды. Фотоальбом болса да мұның көтерген жүгі болуы керек дедік. Қандай тұрғыдан? Мәселен, Алаш қозғалысы – кең қанатты қозғалыс. Бұл қозғалысқа қырғыз ағайындар да тартылды, мәселен. Алаш партиясының қырғыз қанаты бар. Әбдікәрім Сыдықов деген азамат сол кезде Бішкекте Алаш партиясының филиалын құрған. Қырғыз зиялылары оған мүше болып кірген. Дерек ретінде қамтылатын нәрселер осылар. Алаш қайраткерлерімен үзеңгілес жүрген, өздерінің ойларын іске асыруға ұмтылған қырғыз зиялыларының суреттерін бердік, міне. Алаш өкіметі құрылған кезде кандидат есебінде Жәнек Солтанаев деген азамат кірген. Қырғыз зиялысы, Варшава мал дәрігерлік институтын бітірген. Өкінішке қарай, Жәнек Солтанаевтың суретін таба алмадық. Ал Алаш қозғалысына тікелей атсалысқан Ишеналы Арабаев деген қырғыз ағартушысы, қырғыз алфавитін жасаған кісінің суреті осында бар. Біздің Бейімбет Майлин ғой деймін, Ғалия медресесінде Ишаралымен бірге оқыған екен. Ғалия медресесінің шәкірттері Орынборда «Қазақ» газетін шығарып жүрген Ахмет Байтұрсыновты кездесуге шақырыпты. Сол кездесуде қазақ, қырғыз жастары Ахаңды қоршап суретке түскен. Сол сурет те осы кітап-тың ішінде бар. Содан кейін Қасым Тыныстанов деген қырғыздың жазушысы болған. Ол алашордашы ретінде, Мағжан Жұмабаевпен байланысы болғаны үшін сотталып, атылған. Ол кісінің де суреті бар. 1916 жылғы көтерілістен кейін Ыстықкөлдің бойындағы қырғыздар жер ауған, қайтып келгеннен кейін ашаршылыққа ұшыраған.  Сонда қазақ зиялыларының арасына келіп, өтініш айтып, қазақ зиялыларымен бірге Ыстықкөл трагедиясын жария қылған осы Қасым Телтаев деген кісі, кезінде алашшылдармен байланысы үшін сотталған. Ол кісінің суреті де осында беріліп отыр. Менің бір айтайын деген нәрсем, Қасым Телтаевтың суреті Қырғызстанда әлі шыққан жоқ. Оның құжатын Қырғыз мемлекеттік орталық мұрағаты жоғалтып жіберіпті. Соған кезінде мен барып, қозғау салып, құжаттарын тапқызғанмын. Қырғыздарды мысал ретінде ғана айтып отырмын. Әйтпесе мұндағы суреттерге қарап отырып айтатын әңгіме көп. Алаш өкіметі құрылған уақытта Алаш автономиясын жариялайық деді, мәселен. Егер оның әскері болмаса, ол қандай өкімет? Қазынасы болмаса, басқа атрибуттары болмаса, ол мемлекет емес қой. Алаш офицерлері болған. Орыс әскери оқу орындарында білім алғандар. Кейіннен Алаш қозғалысын қуаттап, Алаш әскерін құруға қызмет жасаған. Сабыр Сарғожин деген азаматтың суреті берілді, міне. Ол Батыс Алаш орда жақтан Англияға эмиграцияға кеткен адам. Штабс-капитан Бековтың суреті берілді тағы. Әлмұхамбет Оспанов деген офицер болған, мысалы. Алаштың 90 жылдығына байланысты конференцияда мен сол кісі туралы мәселе қозғадым, сол кісіге қазір Жымпитыда көшенің атын берді. Ол 1949 жылы Көкшетауда түрмеде өлді. Алаш офицері болғаны үшін. Кітапта Алаш офицерлерінің де суреттері берілгені әділдік  болды. Енді тағы бір айтатын нәрсе, Алаш қозғалысын қолдаған бай-бағландар бар. Бұл кітаптың концептуалдық тұрғыдан жаңалығы  сол, Алаш қозғалысын қолдаған қазақ байларын да қамтыды.   Мал берген,  ақша берген олар.  Кеңес дәуірінде біз олар туралы айтқан жоқпыз. Сәбит Мұқанов өзінің романдарында: «Алашты қазақ қолдаған жоқ, Алаш қаңғырып далада қалды», – деп айтқан. Ол – өтірік, негізсіз. Жабылған жаланың біразын Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі», «Есею жылдары» кітабынан табуға болады. Кейіннен алашшылдарды қолдаған байлардың бәрін соттаған. Солтүстік Қазақстандағы, Көкшетаудағы, Ақмоладағы мемлекеттік қауіпсіздік комитеті мұрағаттарынан осы байлардың бірлі-жарым суреттерін таптық. Сол суреттерді де бердік. Бұл кітап концептуалдық тұрғыдан өзінің ұстанымы бар, саяси салмағы бар кітап болды ғой деп ойлаймын.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Қалила Омаров Алаш тарихын құжат жүзінде, сурет жүзінде, бейне жүзінде зерттеп жүр-ген кинодокументалист. Табыл-ған суреттердің барлығы кар-тотекада көрсетілген болуы ке-рек. Қанша пайызы осы кітапта қамтылды деп ойлайсыз? Содан туындайтын екінші сұрақ, сурет-энциклопедия деп қарауға бола ма бұл еңбекке? 
Қалила ОМАРОВ: «Алашорда» деген кітаптың дүниеге келуінің өзі айсбергтің ұшында тұрған мәселе. Мұның астарында тарихымызға деген үлкен мемлекеттік көзқарас жатыр. Мысалы, Мағ-жан Жұмабаев туралы фильм түсірген кезде Уфадағы Ғалия медресесіне бардым. Көзі тірі кезінде Сайфи Құдашпен тілдестім. Сонда көптеген әңгіме айтты. Алашшылдардың үлкен қайраткер болып қалыптасуына олардың білім алған ордалары көп ықпал етті. Мен Мағжанды түсірген кезде, татарлардың үлкен зиялы қауымы болғанын сол Сайфи Құдаш айтқан болатын. «Солармен араласа отырып, қазақтың зиялы қауымы шықты», – деп, Мағжаннан бастап, біраз кісілердің аттарын атаған. Алаш қайраткерлері оқыған медреселер, мәселен Мағжан мен Сәкен бірге оқыған Омбыдағы медресенің суреті келесі кітапқа енгізілуі керек деп есептеймін. Мен лагерьлердің де суретін іздедім. Сол заманда Максим Горькийдің әлгіндей лагерьге барғанын қауіпсіздік комитеті суретке басып алған екен. Сонда мына қызықты қараңыз, лагерьде азып-тозып жүрген адамдардың бәрін басқа жаққа тығып тастайды. Сөйтіп НКВД-ның қызметкерлеріне тұтқындардың киімін кигізіп, аппақ төсектерге отырғызып қойып, Максим Горькийді әкеліп көрсетеді.
Өйткені Максим Горький көрген дүниені шет елдің ақпарат құралдары көрсетеді ғой. Сол таспаны көрсетті маған. «Бұл ертегі ғой» дедім. Сосын бір қызметкер маған: «сізге қазақтардың суретін тауып берейін», – деді. Сөйтсе немістің бір суретшісі сол лагерьде тұрыпты, сонда қазақтардың портреттерін салған екен. Оны фильмнің ішінде бердім. Осындай нәрселер фотоальбомның ішіне енгізілсе жөн болар еді. Жалпы біздің қазақтың революцияға дейінгі суреттері көршілес Астраханьда, Орынборда, Омбыда көп. Мәскеу мен Ленинградта да бар, бірақ аз. Ал Астраханьда картотека бойынша тұр. Жәңгірханнан бастап, Фатима ханым да бар. Олардың кейбіреуін қазаққа қимай, қырғыз-ға, қалмаққа қосып жіберген.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Сапасы қандай екен?
Қалила ОМАРОВ: Сапасы бүгінгі күннің суреттерінен кем емес кейбірінің. Мәке, жаңағы суреттер открытка есебінде типографиялық нұсқамен шығарылған. Көрдіңіз бе, қандай ықтияттылық танытқан солар. Мына кітаптың электронды нұсқасы шығуы керек, меніңше. Өйткені мұны 5 мың данамен шығарған күннің өзінде санаулы адамның ғана қолына тиеді. Ал электронды нұсқасын шығаратын болса, дүние жүзіне тарайды. Себебі, ағылшын тіліндегі нұсқасы болса, оны дүние жүзі оқиды. Мысалы, суреттерге: «Әлімхан Ермеков Ленинмен кездескенде қазақ шекарасының мәселесін қозғаған» деген сияқты бір-ақ ауыз сөзбен анықтама берілетін болса, бұл кітаптың деңгейі көтеріле түсер еді.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Мәмбет ағамыз жаңа елге аса танымал емес суреттердің тарихын да айтып кетті. Бұл жерде Әлихан Бөкейхановтың бейнесінен бастап, өзіміздің қайраткерлеріміздің көптеген қызықты суреттері бар. Тіпті бала Жаһанша, бала Мағжан деген сурет жүр. Мұстафа Шоқайдың қылшылдап тұрған кезіндегі суреті жүр. Бізге белгілі суреттерінен гөрі тосындау көрінеді екен. Жас кезі, қияқтай мұрты, қырандай қабағы, қылшылдап тұрған кезі.  Осы су-рет қай кезде, қандай жағдайда түсірілгені туралы да көрерменге айта кетсек. 
Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ: Осы кітап шыққаннан кейін Болат Мүрсәліммен сөйлесіп қалдым. «Мына кітап шыққаннан кейін қоғамда бір қозғалыс пайда болды. Сайфи Құдаш деген Башқұртстанның үлкен ғұлама жазушысы. Сол кісі 60-жылдары Дінмұхамед Қонаевқа ресми хат жазып, Мағжан Жұмабаевты ақтау туралы мәселе қойыпты. Мен сол хатты 70-жылдары оқыдым. Сол Сайфи Құдаштың суреті жоқ мынаның ішінде. Сайфидың хатынан кейін Ұлттық университетіміздің бес профессоры, филолог ғалымдар қолдарын қойып, Орталық комитетке олар да хат жазған. «Башқұртстанның жазушысы Сайфи Құдаш дұрыс мәселе көтеріп отыр», – деп. Ғажабы сол, сол бес профессор қуғынға түсті. Орталық Комитеттің лекторы болған, қазір көзі тірі бір азамат баяндама жасап, жаңағы профессорларды оңдырмай сынап тастағаны есімде: «Алашордалықтарды ақтағысы келеді бұлардың», – деп. Алаш қайраткерлерінің айналасындағы Сайфи Құдаш сияқты, жаңа аталған бес профессор сияқты тұлғалардың суретін болашақта неге бермеске? Ол болашақта толықтыра түсетін жұмыс деп білемін. Әйтпесе бұл кітап шамасынша әбден ойластырылып шығарылған. Мәселен, фотоальбомның бірінші бетінде Әлихан Бөкейхановтың суреті тұр. Жас, 1906 жылы Ресей мемлекеттік думасына депутат болып сайланған кезі. Бірінші бетіне бұл кісінің суреті неге қойылды? Өйткені Алаш қозғалысының бастау көзінде тұрған тұлға. Ұлт-азаттық қозғалыстың алғашқы ұйытқысы деп айтуға болады. Осы қозғалыстың бағдарламасын жасайтын, мақсат-мұратын жүргізетін «Қазақ» газетін шығару, кітап жазу, қозғалысты насихаттау секілді істің басында тұрған Әлекең еді. Ұлт-азаттық қозғалыстың көсемі. Қазақ мемлекеттілігін жаңғырту теориясының негізін қалаған кісі. Ұлт-азаттың қозғалысын жаңғыртуға атсалысқан Байтұрсынов та, Дулатов та ол орынға таласпайды. Мұны олар-дың еңбектерінен байқау қиынға түспейді. Әлекеңнің суреті бірінші тұрғаны сондықтан. Кітап тағы да Әлекеңнің суретімен аяқталады.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Бұл кітапты құрастыру жүйесі  маған ұнады. Себебі, бас жағында қайраткерлердің жас күндері, бала күндері, бозбала шақтары, одан кейін күрестегі кезеңдері, сосын аяқ жағына қарай отбасылық жағдайлары берілген. Бір ғана Мұхаметжан Тынышбаевтың 5-6 суреті жүр. Әр суреттен сыр суыртпақтайтын болсақ, өмірінің түрлі кезеңдері байқалады. Есейген шақтары, қуғынға түсіп жүдеп-жадаған кездері де бар. Міржақып Дулатовтың отбасымен түскен суретіне қарап отырсақ та солай, шежіре сипатты суреттер бәрі. 
Қалила ОМАРОВ: Әр суреттің артында үлкен тағдыр жатыр. Біз мына нәрсені айтуымыз керек, Алаш көсемдерінің сондай биікке шығуына жанында жүрген өмірлік серіктері де үлес қосты деу керек. Мағжанның артынан лагерьге Зылиха неше рет іздеп барған? Міржақыптың артынан Ғайнижамал апамыз қанша рет іздеп барған? Гүлнәр апа: «Омбыда Мағжан мен Сәкен Сейфуллин екеуі мұғалімдер семинариясында бірге оқыған. Екеуінің бағасы класс журналында бірге тұр. Бір күні Міржақып пен Ғайнижамал үйленді. Бір топ қазақ жастары би билеп, ән шырқап тойды қыздырды. Таң атқанша Сәкен мен Мағжан бірге асаба болды. Қазақ поэзиясының екі алыбының сұлулығы, кербездігі бір-бірімен жарысып тұрды», – дейді. 2017 жылы Алашорда қайраткерлерінің 100 жылдығы келе жатыр. Біз соған қандай дайындықпен баруымыз керек? Міне, соның алғашқы қадамы деп осы кітапты атап көрсетуге болады.
Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ: Суреттердің сырын білген кісі үшін мына кітапты ашу өте ауыр. Жоғарыда айтқанымыздай, бірінші бетіндегі Әлекеңнің суреті мемлекеттік думаға депутат болып сайланған кездегі суреті. Қарасаңыз, жүзінде қандай үміт, сенім, жігер, күш бар. Өзінің таңдап алған жолына деген құрмет бар. Ал кітаптың соңғы бетіндегі Әлекеңнің түрмедегі суреті. Әлекеңнің көзінде бәрібір сенім бар, от бар. Бірақ сонымен бірге қалжыраған, шаршағанын көреміз. Мықты адам болған. Бір ерекшелігі сонда ғой, ол артына ерткен кісісін орта жолда тастап кетпейді. Ол адам үшін жауап береді. Әлекеңнің тұлғасынан сол жауапкершілікті байқауға болады. Әлекеңнің Міржақып Дулатовқа жазған хаты бар. Сол есіме түскен сайын толқимын. Ол қалың открыткада латын, кирилица, араб графикасымен жазылған. Әлекең: «Шырағым, Мирякуб, аяғыңа киген етігің тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда?», – дейді. Сол сөздің арғы жағында қанша нәрсе жатыр? Қолымыз қысқа деп отыр ғой, түсінсеңіз. «Осындай бір жолға түсіп едік, бір мақсатқа ұмтылып едік, өкінішке қарай осылай болды? Не істейміз? Сені қайтсем шығарып аламын», – дейді ғой.
Қалила ОМАРОВ: Мына жерде Орынборда Алашорданың алғашқы съезі өткен жердің және Алашорда өкіметін жариялаған үйдің суреті бар. Қазақ үшін бұдан өткен саяси, мәдени ғимарат жоқ. Қазақты оятқан «Қазақ» газеті ғой. Соған ескерткіш тақта қойылды. Сол суретін түсіріп әкелдім, ол да беріліпті. Сол үй Ахаң тұрған үй. Екі қабатты үй, сегіз пәтерден тұрады. Бір пәтерінде өзі тұрған, қалғаны газеттің баспаханасы болған. Орынборға барған қазақтың бәрі кіретін үй болған. Жаңағы үй қазір тозған. Менің айтайын дегенім: осы сегіз пәтеріңіз көп болса 2 миллион долларға жетпейді. Сол үйді біздің Қазақстанның қалталылары сатып алса ғанибет қой. Ішінде тұрып жатқандар бізге басқа пәтер алып берсе, бұл үйді босатып берер едік деп айтып отыр. Сөйтіп, ол үйді жаңартып, «Алаштың үйі» деп пе, «қазақтың үйі» деп пе, «қазақ пен орыстың достығы» деп қойсын тіпті, иелік етуге болады. Кітаптың шықанына 2 айдай болды, әнеукүні Англиядан келген қонақтар көріп: «Мынандай тұлғалары бар, мынандай зиялысы бар қазақ, сіздер Боратқа неге күлкі болып, жем болып жүрсіздер?», – деп, түсінбепті.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Мына сурет 1914 жылы түсірілген сурет екен. «Қазақ» газетінің үш тілші, журналист қызы. Сол газетті шығарып отырған үш қыз. Қандай керемет сурет! Ал мұнда Мұхаметжан Тынышбаевтың ұлы Ескендірмен түскен суреті де бар екен.
Қалила ОМАРОВ: Алаш ашылғалы бері Мұхаметжан Тынышбаевты жұрт жақсы біледі. Ал қасында тұрған ұлы Ескендір кейін кинооператор болды. Мен «Қазақтелефильм-де» істеп жүргенде ол «Қазақфильмде» істеп, бізге келіп жүретін. Кино түсірген режиссерлер көп сөйлеп, халықтың алдында көп танылады да, ал оператор кадрдың сыртында қалып кетеді ғой. Бұл кісі, шынын айтқанда, қазақ операторларының алғашқыларының бірі де-ген атқа лайық кісі.
Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ: Осында төрт Алаш офицерінің суреті берілген. Осы суреттің арғы жағында үлкен ғажап тылсым дүние жатыр. Мәселен, мынау – Ниязбеков деген Алаш офицері. Штабс-капитан. Осы кісі 1917 жылы патша өкіметі құлап, уақытша өкімет     орнағаннан кейін саяси қайраткер ретінде сахнаға шықты. Осы кісі қырғыздардың таулы ауданында уезд бастығы болды. Қырғыздардың арасында жүрді. Сол кездегі өмірі әлі зерттелмеген. Алаш офицерлерінің қатарында Әлмұхам-бет Оспанов деген офицер бар. 1918 жылдың басында Жымпитыда юнкерлер мектебі ашылған. Әлмұхан Оспанов юнкерлер мектебін бітірген Алаш офицерлерінің біреуі. Бұл кісінің тағдыры да өте қайғылы. Кейін совет заманында түрлі мекемелерде бухгалтер болып, экономист болып істеген. Бірақ бәрібір тыныштық бермеген. Үш-төрт рет абақтыға түскен. Мәкә деген апамыз болған, қай лагерьде жатса, сол лагерьге іздеп барады екен. Мәкә апамыздың өзі де қуғынға ұшыраған. Ең соңғы рет Көкшетауда лагерьде жатқанда қыстыңгүні артынан іздеп барса, «жолдасыңыз өліп қалды», – дейді. Бұл кісі: «көрсетіңдер», – дейді. Сөйтсе қыста өлген адамды жерлемейді екен. Мәйітханаға апарып тастайды екен, қашан күн жылынғанша сол жерде жатады екен. Мәкә апамызға «тауып ал» деген ғой. Апамыз барық мәйітті аралап жүріп, жолдасы Әлмұхамбеттің сүйегін тауып алады. Лагерьдің басшылары «бермейміз, өзіміз жерлейміз», – дейді. Содан бұл кісі жылап-еңіреп еліне қайтады ғой. Сонда бұл кісінің көрген машақатынан жаныңыз түршігеді.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Мұстафа Шоқайдың 1910 жылы Ташкентте  түскен суретіне қараңызшы.  Ал 17 жылдан кейін түскен суретінде қаншалықты өзгеріс бар? Қаншалықты есейген? Әр суреттің астарында осындай сыр бар, шежіре бар, тарих бар.
Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ: Жақында ғана Мәскеуде орыс эмигранттарының фотоальбомы шығыпты. Қарап отырсақ, Париждегі бір топ орыс зиялылары екен. Солардың ортасында Мұстафа ағамыз отыр. Сол сурет бұрын белгісіз сурет еді, жақында шыға келді. Бұл кітап өстіп толыға түседі ғой деген ойдамын. Себебі, «Алашорда» деген аттың өзі өшпейтін ат.
Жүсіпбек   ҚОРҒАСБЕК:  Алашорда деген атының өзі адамның жүрегін, сезімін дір еткізеді. Рухын оятады. Ішінде қаншама тұлғалардың бейнелері, тағдырлары бар. Осы кітапты елге таныстырып, татымды әңгіме айтып бергендеріңіз үшін сіздерге рахмет. Кітаптың жалғасы бола жатар, болуға тиіс деп ойлаймын. 
Газеттік нұсқасын жасаған – 
Балжан МҰРАТҚЫЗЫ
Дереккөз: “Халық сөзі”
Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Тарихтың жаңа беттерінің ашылуы жаңаша көзқарас тудырары анық. Ол жаңа ойлар мен қайта зертеуді талап етеді.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар