///

АМЕРИКАҒА АЛҒАШ БАРҒАНДАРДЫҢ БІРІ

1108 рет қаралды

Әлемге тарыдай шашырап кеткен қа­зақ­­тардың тағдыры туралы айту ауыр әрі заман зобалаңын елестетеді.
Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы, Сарыағаш өңірінде кіндік қаны тамған, Америкада өмір сүрген, руы Қоңырат Күнтуған қариямен мен 1994 жылы Нью-Йоркте кез­десіп, ұзақ әңгімелескенім бар. Өйткені Күне­кең АҚШ-қа алғаш келген қаламгерлерді көр­ген кісі екен.
Сталин өліп, жылымық басталған елуін­ші жылдардың ортасы мен алпысыншы жылдар­дың басында ол кезде «ата жауымыз» атанған АҚШ-қа КСРО-дан ғалымдар, жазушылар және журналистер шығармашылық сапармен келе бастайды. Бұдан қырық жыл бұрын Қазақстаннан АҚШ-қа журналист ретінде келгендердің алғашқысы қазіргі белгілі қалам­гер Нұр­мұхан Оразбеков ағамыз еді. Мұның алдында ұлы жазушы Мұхтар Әуезов және сол кездегі «Социалистік Қазақстанның» («Егемен Қазақстан») редакторы Қасым Шәрі­повтер келіп, АҚШ штаттарын аралайды. Қ.Шәріпов Н.С.Хрущевпен делегация құра­мында келген.
Нью-Йоркта тұратын Күнтуған қария­ның тағдыры жөнінде біраз жаздым. Қазақстандағы туған-туыстарымен де кездестім. Бірде «Қа­зақ­­стан» баспасында басшылық қызметте жүр­­ген Күнекеңнің жерлесі Нұрекеңе келіп, бел­гілі газеттің тілшісі ретінде сұхбат алдым. Сөз арасында Тәуелсіздіктен кейін АҚШ-қа барып, ондағы қазақтармен кездесіп, әң­гіме­лескенім жайында айттым. Нұрекең Нью-Йорктағы Күнтуғанды, тағы да бас­қа қа­зақтарды біледі екен. КСРО кезін­де шетелге кеткен орыстар мен қазақтар жайын­да ма­ған біраз мағлұмат берді. Әсіре­се, шетелге кеткен орыс босқындары емес шовинистерінің бұратана халықтарға деген ежелден келе жатқан империялық көзқарастарының теріс болғаны жөнінде айтты. Эмигрант шовинистер Одақтас Республикаларды танымайды екен. Оның ішінде Қазақстан да бар. Кеңес Үкі­меті кезінде қаналушы ұлттардың теңдік алғанын олар ұнатпаған. Эмигрант шовинистер бұратаналардың сол отарлық езгіде қалғандарын көксейді. Еуропадағы бұрынғы пат­ша генералдары мен зиялыларының ұйым­­­­дары жөнінде Нұрекең мен бұрын есті­ме­­ген талай құпияның бетін ашты. Кеңес Үкі­­­меті кезін­де халыққа айтылатын және айтылмайтын құпия нәрселер болған. Сөйтіп, Нұрекеңнен КСРО-ның ішкі және сыртқы сая­саты жөнінде көп жайларды өз аузынан естідім. КСРО-ның сыртқы жаулары туралы деректер ол кісіде көп екен. Өйткені Нұрекең тек журналист емес сол кездің саясатын терең білетін сұңғыла еді.
90-шы жылдардың ортасында Тәуелсіз ел ретінде Қазақстан мен Қытай арасында шекараны заңдастыруға байланысты құжатқа қол қойылды. Осы тарихи оқиғаға байланысты «шекара мәселесі» түбінде баян­ды бола ма деп сауал қойғаным бар. «Күдіктенбей-ақ қой, бәрі баянды болады» деді Нұрекең. Елбасы ұстанған шекараға байланысты саясаттың дұрыс болғанын қазір уақыт көрсетіп отыр.
Ұлы Димекең Қонаев белгілі мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасынов туралы естелігінде ерекше тоқталып, айтады. Нұрекең сол Нұртас ағамыз туған қасиетті Түркістан өңірінің түлегі. Нұртас жайында жазылған естелік кітапқа пікір жазған. Димекең дәуі­­­рін­дегі кемеңгерлердің бірі – Нұртас Оңда­сыновты құрметтеуші Нұрекең белгілі мем­лекет және қоғам қайраткерлерімен жиі кездескен, біразы­мен дос болған.
Нұрекең журналистер қауымы ара­сын­да тұлғалық қасиеті мен батылдығына байланысты аты аңызға айналған қаламгер. 1991 жылғы тамыз бүлігі кезінде Қара­ған­ды облыстық газетінің редакторы Нұрмұхан Оразбеков осы оқиғаны билікке таласушылардың «төңкерісі» деп жазады. Шынында бұл төң­керіс еді. Бас хатшыны тағынан тайдыруды ойлаған топтың сорақы әрекеті кейін әшке­реленді. Өйткені саясатта қырағы журна­лист ретінде сайып­қыран Нұрекең «тақ таласындағы» сойқанның түпкі мақсатын түйсік қуаты арқылы дәл біліп, өз ұстанымын батыл айтқан көрегендігімен көзі тірісінде есімі тарихта қалып отыр. Нұрекеңнің бұл ерлігі жайында онымен 4-5 жыл бірге қызмет еткен, белгілі қаламгер «Алаш» сыйлығының иегері Қуандық Түменбай «КСРО журналист-редакторлары арасында дәл осы қаламгерге теңесетін тұлға бол­ған емес» – дейді. Қуандық Нұрекең ерлігіне байланысты теледидарда арнайы сұхбат жүргізіп, оның есімін жалпақ жұртқа жария еткен еді.
Алматыда Қазақ Телеграф Агенттігі деген мекеме болды. Яғни, ҚазТАГ Рес­публикаға белгілі ақпарат орталығы еді. ҚазТАГ-та Нұрекең басшылық қызмет­тердің бірінде ұзақ жыл еңбек етті. Жедел аударма, Үкіметтік қау­лы-қарарлар мен пленум, съезд материалдары алдымен ҚазТАГ арқылы тарайтын. Сондай-ақ ТАСС хабарлары да орыс тілінен қазақ­шаға сәтінде аударылып, күнделікті газеттерге жа­рия­ланатын. Бұл өте жауапты және саяси қырағылықты талап ететін жұмыс еді.
Мен қазір жасы 75-ке келген Нұрекең­мен алғаш осы ҚазТАГ-та өзінің кабине­тінде таныстым. Бұл жаңылмасам 80-ші жылдардың орта тұсы болатын. Бір Пле­нумға байланысты ресми ақпаратты алуға келген тілші едім.
– Күте тұр, інім. Қазір дайын болады, – деп бір қызметкеріне менің шаруам­ды айтты. Өте салмақты, сабырлы әрі артық сөзі жоқ Нұрекең менің есімде ерекше қалды. Содан бері отыз жылдың қалай өте шыққанын білмей қалдым. Былтыр «Ақиқат» журналының 90 жылдық мерейтойында осы басылым редакторларының бірі ретінде сұхбат берді. Өзі қызмет еткен кезең жөнінде айта келіп, соңында белгілі журналист мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбаев туралы әңгімеледі. «Қазақстан» баспасының қазіргі тіршілігін тілге тиек етті. Осы баспадан шығатын «Қазақ күнтізбесі» Нұрекеңнің құрастыруымен жыл сайын үзіліссіз шығып келеді.
Бір мақалада бәрін айту мүмкін емес және Нұрекеңмен асықпай отырып әңгі­мелесудің сәті түспеді. Тапсырма шұғыл болғандықтан Нұрекең жайында өзім білетіндерді ғана қағазға түсірдім. Ол кісі туралы әлі көп жазылар. Мен үшін қазақ журналистері арасында ал­ғаш АҚШ-қа барып, «капитал әлемі» жайында кітап жазғаны қызықтырады. Нью-Йорктегі Күнтуғанмен кездесіп әңгі­­мелесуі ерек­ше есте қалады. Айтпақ­шы, Нью-Йорк­тегі Күнтуғанның үйін­де М.Әуезов, Ш.Айманов, министр Ш.Ша­ях­метов бол­ған. Ал, Нұрекең кейін Күнтуғанның үйін­де тағы қонақта болып, үстіне шапан жабады.
Жетпісінші жылдардың басында шық­қан «Капитал ордасындағы 18 күн» атты сапарнама кітабында Күнтуғанның тағдыры жайында айтады. Бірақ «ке­ңестік цензура» Күнекең жайындағы тарауды кітаптан алып тастайды. АҚШ-та Нұрекең Күнтуғанның досы қыр­ғыз Алтай атты жігітпен кездесіп, онымен де әңгімелеседі. Атақты Кеннедилердің бірімен жүздесіп, жолығады. Орта Азия­дағы АҚШ-қа тұңғыш барған Нұре­кеңнің кейін толықтырылып жарық­қа шық­қан «Мұхиттың арғы жағы, бергі жағы» атты кітабында сол кездегі әлемдік саясаттың қыр-сырлары қы­зықты баяндалады.
Оннан аса кітаптың авторы, «Қазақ­станның Еңбек сіңірген қайрат­кері», «Парасат» орде­нінің иегері Нұрекеңнің еңбегі қаламгер қауым­­ға, кейінгі журналист жас толқынға өне­ге әрі үлгі. Міне, сондықтан қарымды қалам­гер жайында айту, еңбегін дәріптеу біз үшін парыз.

Ораз ҚАУҒАБАЙ,
«Ақиқат»

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар