///

Көркем шығармадағы кейіпкер

3724 рет қаралды

Орыс зерттеушісі В.М.Жирмунскийдің пікі­ріне ден қойсақ: «Әдеби туынды біз­ге кар­ти­на немесе музыкалық шы­ғар­ма сияқты көр­кем­дік-эстетикалық ләз­зат сыйлайды. Біз әдеби шығарманы оқы­ғанда оны қосымша құрал­дар­сыз-ақ түсіне­міз. Оған біздің сезім-күйіміз, қа­был­дауы­мыз, интуициямыз қатысады» [1,17-б].
Көркем туындыларды өмірге әкелетін автор. Автор жасаушы, шығарушы деген ұғымды береді. Автор жасаушы, баяндаушы объективті әңгімелеуші ретінде көрінеді. Автор жасаушы өзінің шығармасын тудырады. Оның көзқарасы, идеясы, дүниетанымы – сол туындының негізін құрайды.
Автор кейде шығармашылық үдерісте өзінің жасайтын мәтініне билігі жүрмей де қалады. Ол сюжет жетегінде көркем шығармасын өзі күтпеген жағдайда дамытады, аяқтайды. Ал, автордың көркем шығармада көрінуі күрделі. Оқырман әрбір шығарманы оқу үстінде, одан авторды іздеп отырады. Әрине, автор көркем мәтінге өзінің ұстанымымен, көзқарасымен тікелей қатысады. Онда ол шығарманың кіріспе­сінде, эпиграфында, басталуы мен аяқ­талуында, арнауында, авторлық ескертулерде қатысады.
Құрылымы жинақы аяқталған туынды жасау – қаламгердің шығармашылық мақсаты. Автор әңгімелеуші өз кейіпкерінің бейнесіне еніп, олармен бірігіп те кетеді. Сондықтан автор олардың ой сезімдік, білімдік, тілдік дәреже деңгей­лері­нен асып, өзінше бөлектенбейді, со­лар­дың әлеуметтік ортасында бірге жүреді. Мұндай баяндаудың артықшылығы: бірнеше тараптан көрінеді. Біріншіден, кейіпкерді си­пат­­тауға кең мүмкіндік туады, екіншіден, автор өзінің түсінік, көзқарасын оқырманға күштеп таңбайды.
Автордың баяндаған жайттарын оқырман өз көзімен көріп отырғандай сезінеді. Бұл баяндауда оқиғалар көрнекі түрде ізбе-із көрсетіліп, оларға аратұра авторлық түсініктемелер беріліп отырады. Мұндай баяндауда уақыттың бірлігі бұзылмайды. Шығарманың кейіпкерлері оқиға­ға тікелей араласады.
Автор бейнесінің, әсіресе, прозалық шығар­ма­лар­дағы орны ерекше. Егер лирикалық шығар­мада лирикалық субъек­тінің көңіл күйі сол субъектінің өзі арқылы, жеке берілсе, дра­малық шығармаларда да іс әрекет қатысушы кейіп­керлердің өздері арқылы көрсетіледі. Ал, прозалық шығармаларда осылардың бәрін бі­реу баяндайды. Кейіпкерлерді сөйлетіп, оларды әр түрлі оқиғаларға қатыстырып отыратын автор сөзінен оқырман санасында автордың өз бейнесі туралы түсінік қалыптасады [2,90-б].
Өмірдегі жазушының орнына әңгімелеу­ші автордың бейнесі қалыптасады. Көркем туындыда автор бейнесінің көріну дәрежесі әр түрлі болады. Кейде ол шығармада барынша анық көрінеді, яғни, шығармадағы болып жатқан оқиға құбылыстарға автордың көзқарасы анық байқалады. Ол бірде «жасырынып”, кейіпкер бейнесінің «тасасында қалады”.
Кей көркем туындыда автор шығарма­ның басқа кейіпкерлерімен бір қатарда тұрады, оқи­ғаға басқа кейіпкерлер ретінде қатысады. Мұнда ол шығармадағы басқа компоненттердің бірі ретінде қарас­тырылады.
Шығармаға өзек болатын өмір құбылыс­тарын сұрыптап алып, оған идеялық бағыт, бейнелілік беретін, бір сөзбен айтқанда, шы­ғар­маның идеялық көркемдік мазмұнын қа­лып­тастыратын жазушының өз бейнесі – автор бейнесі болады. Автор бейнесі автордың сөзінен байқалады. Автор сөзінің ар жағында жазушы немесе айтушы субъект тұрады. «Осы тұрғыда көркем шығармадағы «баяндаушы адам” мәселесі туады. Прозалық шығармадағы баяндаушының композициялық негізгі үш түрі бар. Олар: үшінші жақ (ол) түріндегі әңгімелеуші автор; арнайы әңгімелеуші (бұл не шығарманың кейіпкері, не белгілі бір әң­гі­мелеуші адам); бірінші жақтағы (мен) әңгімелеуші» [3,90-б].
Үшінші жақтан әңгімелеуші шығармада баяндалатын жайттардан тыс тұрады. Алай­да, бұл оның өзіндік дүниетанымы, көзқарасы болмайды дегендік емес. «Ол» түріндегі әңгі­мелеуші әңгімені объективті жүргізеді, арасында тек түсініктер ғана беруі мүмкін. Сол сияқты ол қандай да бір жолмен әңгімеге еніп, оған араласып та отырады. Бұл әсіресе, авторлық шегіністерде байқалып, оның рухани әлемі, қоғамдық саяси мәселелерге көзқарасы ашылады. Бұған байланысты зерттеуші Б.Май­тановтың қазіргі қазақ прозасы авторларына қатыс­ты (мәселен, Р.Мұқанова) айтқан ой-тұжырымдары бар. «Ол» баршаға ортақ жайт­тарды, бәріне қатыстылықты білдіреді.
Зерттеуші Б.Майтанов: «Автор мәртебесі классикалық әдебиетте аса биік деңгейге жетті. В.Виноградов, М.Бахтин тәрізді ғұламалар оны көркем шығарманың алтын өзегі, мазмұн мен пішіннің мәйегіне санады. Өзге жұрт био­графиялық автор, жазушы өмірі сияқты ба­қырайып тұрған шындықтың құрсауында жүр­генде, олар текст құрсағындағы автор жаратындысына тән атом, иондар, қозғалысын зерттеумен айналысты. М.Бахтин кейіпкер еркін­дігін автор зорлығынан құтқаруға тырысты. Бұл дені дұрыс эстетиканың негізгі заңдылығы еді. Баяндау құрылымына байланысты ол қос енді сөз теориясын өзгеше тереңдікпен дамытты, ал алмастырылған төл сөз (замещенная прямая речь) теориясын жаңадан ашты. Ю.Лотман мәтін ішіндегі мәтіндердің араласымы, яғни Ю.Кристева жиі айтатын интертекст туралы, сонымен қатар мәтін құбылысына автормен қатар оқырманның да ортақтас болу мүмкіндігі, көру нүктесі хақында ой толғады», деп автордың тұтас мәтінге қатыстылығын ашып көрсетеді [4, 151-152-б].
Бірінші жақтан әңгімелеудің ерекшелігі – баяндаудың субъективтілігімен, шындыққа ерекше жақын болып көрінуімен байланысты. Мұнда жеке адам ерекше сезіледі. Әңгіме­леу­шінің өзі бейнеленуші болмыстың бір бөлігі ретінде алынады.
Көркем туындыдағы баяндаулар шығарма­ның көлеміне қарай ұзақ та, ықшам да болады. Мұндағы баяндаушы суреттеліп отырған оқиға мен оқырманның арасын байланыстырады. Әдеби шығармаға баяндаудың әр түрлі тәсілдері тән.
Баяндау – оқырман мен баяндаушы ара­сындағы байланысты белгілейтін тілдік не­гіз. Мұнымен қоса, баяндау мәтіндегі бел­гілі бір үзінділерді немесе шығарманың тіл­­дік құрылымын анықтайтын мағынада да қолда­нылады. Кейде баяндау суреттеу, бейнелеу тәсілдерімен де аралас қолданылады. Өткен ға­сыр­дың орта шенінде орыс әдебиеттануында (негізінен, М.М.Бахтин еңбектерінің әсері­нен) тілдің ара жігін, яғни баяндаушы немесе әңгімеші мен кейіпкердің тікелей тіл қатысымын алшақтататын көзқарас туындады. Осының нәтижесінде бейнелеу сипатындағы әңгіменің жиынтығы баяндау деп аталып, бұ­рын онымен тең қолданылатын суреттеу мен талдау (мінездеме) оның құрамдас бөлігіне айналды. «Қысқаша әдеби энциклопедияда» зерт­теуші А.П.Чудаков баяндауды: «эпикалық әде­би шығарманың төл сөзден басқа бүтін құрамы” деген [5,309-б]. Баяндауда оқиға жөніндегі суреттеу даралай көрінеді.
Мәтін автордың ойын объективтендіріп, шығармашылық және адам мен қоршаған дүние туралы толғанысын сыртқа шығарып, автор санасынан да тысқары адам баласының жетістігіне айналды. Осы тұрғыдан келген­де, мәтін оқшау дүние емес, ол мәтіндік компо­ненттердің бірегейі болмаса да, негізгісі. Оның құрылымын мәтіннен басқа, мәтіннің авторы (мәтіннің адресанты), оқырман (адресат), бейнеленетін шындық, тілдік жүйе құрайды. Мәтіндік қызмет – күрделі де көп компонентті, психологиялық интеллектуалдық қарым қатынасты көрсетеді.
Зерттеуші Л.Г.Бабенконың көрсетуінше, мә­тін­ді қабылдаудың өзіндік ерекшелігі бар. Ол мәтіннің болмысынан туындайды. Мә­тін­ді қабылдау екі сатыдан тұрады. Олар: ма­териалдық белгілерді тікелей қабылдау; тіл­дің образдық белгілері арқылы мазмұнды қа­былдау [7,129-б].
Мәтінде баяндаудың композициялық тілдік формасының екі базалық негізі – автор сөзі мен кейіпкер сөзі дараланып көрінеді. Негізінен алғанда, автор туындысына өзі баяндаушы болады. Ол шығармадағы оқиғаның ретін, кейіп­керлердің көріну тәсілдерін, шығарма тілінің көркемдігін қамтамасыз етеді.
Автор кейде шығармасында өзі жасаған шындық әлемімен бірігіп, біртұтас дүние болып кетеді. Баяндау құрамына шығарма авторы, кейіпкер, олардың арасындағы қарым қатынас, шығарманың белгілі бір мезгілдік, кеңістік және экспрессивтік тұрғыдағы бағдары енеді. Бұлардың бәрі бірлікте бола отырып, автордың идеялық эстетикалық көзқарас қатынасын білдіреді.
Көркем шығарманың құрылымы түрлі компоненттерден тұрады. Олар көркем туынды тілі­нің эстетикалық заңдылықтарына бағынып, көркемдік тілдік жүйе құрап, шығарманы жинақыландырады. Шығармадағы баяндаушы автор бола отырып, ол суреттеліп отырған мәсе­леге өзіндік көзқарасын білдіреді. Яғни, автор туындыдағы оқиғадан оқиғаны тудырып, соған жетелеп, кейіпкерлерін сөйлетіп отырады. Шығармаға өзек болатын өмір құбылыс­тарын сұрыптап алып, оған идеялық бағыт беріп, бейнелі күш дарытатын, бір сөзбен айт­қанда, шығарманың идеялық мазмұнын қалып­тастыратын жазушының өз бейнесі – автор бейнесі деп аталады.

Арайлым Есимсейтова,
«Тұран-Астана» университетінің
магистранты

“Ақиқат” журанлы

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. В.М.Жирмунский. Введение в литературоведение. Курс лекций. М., 2004.
2. Хализев М. Теория литературы. М., 2000.
3. Бахтин М. Вопросы литературы и эстетики. М., 1975.
4. Майтанов Б. «Абай жолы»: тәуелсіздік идеясы және «еркіндік» архетипі\\. Кітапта: Тәуелсіздік идеясы және көркем мәдениет.А., 2011.
5. Чудаков А.П. Повествование \\. Краткая литературная энциклопедия. М., 1968.
6. Бахтин М. Введение в историческую поэтику эпоса и романа. Л., 1986.
7. Бабенко Л.Г. Филологический анализ текста. Основы теории, принципы и аспекты анализа. М., 2004.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар