///

Қазақ интернеті: Шыңы мен шырғалаңы (конференциядан түйген ой)

1179 рет қаралды
3

22 қаңтарда Астанада “Қазмедиа” орталығының конференц залында өткен “Қазақ сайттары редакторларының конференциясы” көңіл түкпірінде жатқан  түрлі проблемалар мен түйткілдерге түрткі болды. Ең әуелі конференциядан түйгеніміз – Қазақ интернетін дамытуға ат салысушылардың қарасының молайғаны. Егер осыдан үш жыл бұрын қазақ сайттарының саны саусақпен санарлық болса, бүгінде конференцияға 100-ден астам сайт редакторлары жиналды. Демек, саннан сапаға көшу эволюциялық дамудың негізгі заңдылықтары болса, енді сапалық өзгерістердің кезеңі келгендігі айқындалды.

ҚАЗАҚ САЙТТАРЫН КОММЕРЦИЯЛАУҒА НЕ КЕДЕРГІ?

Конференция барысындағы төрт панельдің негізгі түйіні – біреу. Қазақ интернетін дамыту және ғаламторда қазақ тілінде сапалы әрі пайдалы контент санын молайтуға не кедергі? Қазақ интернеті бизнес құрылымына неге айнала алмай отыр? Конференцияның алғашқы екі панелі – “Қазақ интернетінің дамуы: Ерекшеліктері, өзекті мәселелері” және “Қазақ сайттарының және техникалық сүйемелдеуді қолдау, коммерцияландыру мәселелері” деп аталды. Бұл бөлімде мәселе негізінен техника және технология тұрғысынан көтерілді. Мәселен қазақ сайттары неге коммерциялық бағытта жұмыс істей алмай отыр? Екінші панельдің модераторы “Викибілім” қоғамдық қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы қазақстандық интернет жылына 9 миллион доллардың табысын табатындығы жайында мәлімдеді. Алайда, сол қаржының қанша пайызы қазақ интернетінің еншісіне тиеді? Бұл жайында күмілжіп қалатынымыз анық. Мәселен, “Сұрақ-жауап” сайтының әкімгері Ербол Серікбай өз сайтына күніне 20 мың адамның кіретіндігін айтады. Алайда жарнама берушілердің ешқайсысы өз тарапынан жарнама беруге құлықтылық танытпаған. Өйткені, қоғамдағы Кеңес заманынан қалған стереотиптердің бірі – қазақ аудиториясын көзге ілмеу, оларды іскерлік әлемінде екінші сортта қарастыру, демек, мемлекеттік тілдің дәрежесінің әлі күнге дейін өз деңгейінде мойындалмауы осының салдары.

Конференция барысында қазақ сайттарын мемлекеттік қолдауға қатысты мәселелер жиі көтерілді. Алайда  CNP Processing GmbH интернет процессорының бас менеджері, «AWARD.KZ Ұлттық интернет сыйлығы» қоғамдық қорының директоры Горожанкин Константиннің пікірі бойынша, мемлекетке алақан жайғаннан түсер пайда шамалы көрінеді. “Орыс тілді сайттар проблемаға тереңдеп ене түсті. Мемлекеттен ешқандай көмек күткен жоқпыз. Нәтижесінде қазір орыстілді сайттар табыс көзіне айналды”, – деген ол, “Қазақ сайттарын коммерциялауға басты бөгет – www.zero.kz сайтында статистиканың дұрыс жүргізілмеуі” дегенді баса айтты. Осы сайттың жүргізген статистикасы бойынша қазақ сайттарының ішінен алғашқы жиырмалыққа енетіні тек – “Сұрақ-жауап” сайты ғана екен. Америкадан скайп арқылы байланысқа шыққан, қазақ тіліндегі тұңғыш порталдардың бірі www.massagan.com сайтының негізін қалаушылардың бірі Жанарбек Матай ең жақсы есептегіш Гугл аналитикс екенін айтады. Сонымен Константин Горожанкиннің ұсынысы қазақ сайттарының статистикасын жеке жүргізу қажет. Ал, Ербол Серікбай қазақ сайттарына жұмыс істейтін арнайы жарнама агенттігін құруды көздейтінін айтты.

ИНТЕРНЕТ ЖУРНАЛИСТИКА ДЕГЕНІМІЗ НЕ? 

Конференцияның соңғы екі панелі – “Термнология мәселесі”, “Латын қарпіне ауысу” және “Жаңа медиа және интернет журналистика” мәселелеріне арналды. Бұл мәселелердің өзара бір-бірімен өзектестігі сол – интернеттегі қазақ журналистикасының сапасы мен мазмұнына келіп тіреледі. Біріншіден, қазақ тіліндегі терминдердің әлі күнге дейін бірізге түсірілмеуі журналистердің әр терминді өз қалауынша пайдалануына жол беруде. Бұл үрдіс тек Қазақстан аумағымен шектеліп қана қалмайды. Сондай-ақ, күніне жүз мыңдаған оқырманы бар әртүрлі елу сайтты жүргізіп отырған Қытайдағы қандастарымыз да өз терминдік сөздігін түзуде екен. Бұл жайында Қытайдан скайп арқылы байланысқа шыққан Ақытбек Шеризат мәлім етті. Сонымен бірге, бүгінгі таңда өзекті мәселенің біріне айналған – латын қарпіне көшу мәселесі де әңгіме өзегі болды.

Көпшілікті көп толғандырған мәселе – интернет журналистика тақырыбы болды. Интернет журналистика дегеніміз не? Әңгіме осы төңіректе басталды. Спикерлердің пікірінше, интернет журналистика мен дәстүрлі журналистиканың айырмашылығы берілу формасында болмаса, жалпы журналистикаға қойылатын талаптар интернет журналистикасына да қойылуы тиіс. Дәл осы пікір жиынға қатысушы ІТ мамандардың көкейіне қона қоймады. Кейіннен твиттер мен фейсбуктегі осы панельге қатысты пікірлерді оқи отырып, көптеген интернетті дамытуға ат салысып жүргендердің дәстүрлі журналистика мен интернет журналистиканың мәтінін екі түрлі тілдік категорияда алып қарайтындығы байқалды. Сол себептен болар фейсбук әлеуметтік желісінде “Интернет журналистика дегеніміз не?” деген сауал тасталды. Бұған әркім өз көзқарасын танытуда. Дегенмен ІТ мамандарының арасында “интернет – журналистика емес” деген пікір жиі айтылыпты. Осы панельде спикерлердің бірі болған Есенгүл Кәпқызы интернет журналистика мен дәстүрлі журналистиканың айырмашылығы берілу формасында дегенді айтты. Ал қалғанында айтарлықтай өзгеріс жоқ деді ол.

 – 2009 жылдан бері интернет ресурстардың барлығы БАҚ-қа теңестірілгені белгілі. Сол себепті де интернет ресурстарының иесі ондағы кез келген жазбаға, комментарийге, форумға жауапты. Сол себепті де пікір қалдырудағы сауатсыздық, жекелеген адамдардың ар-намысына тиісу, жалған ақпарат тарату, жала жабу барлығы да БАҚ туралы заң негізінде, Азаматтық және Қылмыстық кодекстерді басшылыққа ала отырып, жауап беретін болады, – деді “Мінбер” журналистерді қолдау орталығының жетекшісі Есенгүл Кәпқызы.

Залдағылардың бірі “Пікір қалдыру мәдениетін қалыптастыру үшін интернет қолданушылардың ар-намыс этикасын қабылдасақ қайтеді?” деген сауал қойды.

– Интернет ресустары БАҚ-қа теңестірілгендіктен, 2012 жылдың соңында қабылданған “Қазақстан журналистерінің кәсіби этикасы” интернет журналистика үшін де қолданылуы қажет. Мен “Қазақ сайттары редакторларының клубын” құру туралы идеяны қолдаймын. Осы клуб аясында көптеген қордаланға мәселелердің басын ашуға болатын секілді, – деді ол.

“Интернет журналистка дегеніміз не? ” деген сауалға Америкадан скайп арқылы қосылған, “Мінбер” журналистерді қолдау орталығы жанындағы “Жаңа медианы зерттеу орталығының” жетекшісі Асхат Еркімбай фейсбук бетінде мынандай пікір қалдырған екен: “Технология қанша дамыса да журналисттің ақпаратты бұқараға түсінікті етіп жеткізу функциясы өзгермейді. Интернет журналист, мобильді журналист дегендер қызмет ету құралына қатысты айтылған шартты атау. Интернетке келер болсақ, өлең – сөздің патшасы болса, контент – Интернеттің патшасы! IT мамандар қаңқасын жасап береді, ал журналистер соның ішін толтыру керек. Журналистер қаңқаны түсінбеген соң (басқа да толып жатқан себептері бар), IT-шілер қазір журналистердің де рөлін орындап жүр. Интернет журналистиканы – 40 % технология, 60 % контент деп ұғамын. Кеше бір кісі “журналистер – жалқау” дегенді айтып еді. Шындығы сол. Журналистердің дені нанды бюджеттен табатындықтан жаңа нәрсені үйренгісі келмейді. Үйренсе де онысын жүзеге асыра алмайды. Абайша айтсақ, әрбір жалқау кісі қорқақ келеді”…

ҚАЗАҚ САЙТТАРЫ РЕДАКТОРЛАРЫНЫҢ КЛУБЫ НЕ БЕРЕДІ?

Конференция басталысымен, қазақ интернетін дамытудың түрлі амал айлаларының қарастырылп жатқаны сөз болды. Сол игі бастамалардың бірі ретінде “Қазақ сайттары редакторларының клубы” құрылды. Конференцияның ұйымдастырылуына мұрындық болған, “Нұр Отан” партиясының хатшысы, саясаттанушы Ерлан Қарин мырза фейсбуктағы “Қазақ сайттары редакторларының конференциясы” деген топты “Қазақ сайттары редакторларының клубы” деп өзгертіпті. Бұл бастаманың қазақ интернеті үшін берері не? Біріншіден, интернетті дамыту барысында кездесетін, қордаланған проблемалар ортаға салынады. Демек, қазақ интернетін дамытуға ниеттес ағайындардың өзара ынтымақтастығы артады. Екіншіден, “жұмыла көтерген жүк жеңіл” дегендей, кез келген проблеманы бірлесе, жұмыла шешуге кірісе отырып, әртүрлі түйткілді мәселелердің шешілуіне жол ашылады. Жылына бір рет осындай конференцияларды өткізіп тұруға жол ашылады. Үшіншіден, интернетті контентті сауатты дамыту үшін әртүрлі семинарлар мен тренингтердің ұйымдастырылуына мұрындық болады. Демек, бұған дейін жеке жеке отау тіккен сайттар бүгінде жұмылып жұдырық болудың алғашқы қадамын жасады.

“Мінбер-ақпарат”. 

Парақшамызға жазылыңыз

3 Comments

  1. Болашақта ескеретін бір мәселе бұндай жиынға қоғамның барлық деңгейінен өкілдер қатыстырылып отырса жөн болады

  2. Мәселе жалғыз нәрседе! Қазақстандық қазақтардың басым көпшілігі орыс тілін неңізгі тілі ретінде қолданады. Білім беру, қызмет көрсету, сауда, өндіріс, үкіметтік ұжымдары, өзі қай саланы алсаң да орыс тілінде ғана жүріп жатыр ғой. Сонда қазақ интернеті қалайша басқадан бөлек боп дамып өркендей қояды?

    Айтпақшы осы сайтдағы қай бетті ашсаң да, қай мақаланы көрсең де еш жоғалмай еріп жүрген “Нравится1 Нравится+1” деген не мағына білдіреді?

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар