///

Киногерлер «мың бала» ұрпақтарының назасына қалды

2298 рет қаралды

«Жаужүрек мың бала» фильмі- халыққа ұнаған әрі сәтті шыққан фильм. Алайда, 15жасында теңдесі жоқ ерлік жасап, мың баланы жинап ата жауымыз жоңғарлармен соғысуға бастап барған Сартай батырдың тарихи тұлға екендігінің айтылмағандығы болды. Сартай батыр 1711-1785 жылдары өмір сүрген. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны» бастан өткеріп, тоз-тоз боп босып кеткен қазақ елінің басына қара бқлт үйірілген шақ еді. «Балапан басына, тұрымтай тұсына » тартқан қиын қыстау заманда жау жағадан алып, бөрі етектен тартқан тұста мың баланың басын қосу елінің азаттығы үшін атұа ұону ерліктің ерлігі болатын. Біз сондай ақылды да данышпан әрі батыр бабамыздың болғанын жар салып, жаһанға паш етудің орнына аңыз деп қарап отырмыз. Кеңес Үкіметі тұсында 70 жыл бойы қазақтың тарихы бұрмаланып келді. Шындықты айтқандар түрмеде шіріді. Ал, Тәуелсіздік алған кезімізде өзімбілдімге салып, қазақ режиссерінің тарихты бұрмалауын түсіне алмай дал болдық. Оның үстіне «Дала» журналының бас редакторы, журналист Атабай Қылышбайұлының айтуынша, фильм түсірілмес бұрын «Қазақфильм» АҚ басшысы Ермек Аманшаевқа Сартай батыр туралы тарихи деректерді апарып берген екен. Тарихи деректі алып тұрып, оны оқымаған, кәдеге жаратпаған, қаперіне де алмаған «Қазақ филімдегілердің» бұл әрекеті бізге тағы да түсініксіз.

Сартай батырдың өмірін зерттеп, «Сартай батыр бастаған «Мың бала жорығы» монографиясын жазған тарихшы Жалмұрат Кеңесұлын Қарағанды облысының Приозерск қаласынан тауып алдық. Сартай батырдың жанашыры, зерттеушісі Жалмұрат Кеңесұлына және Атабай Қылышбайдан алған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

Жалмұрат Кеңесұлы «Жаужүрек мың бала» кинофилмінің басты кейіпкері өмірде болған Сартай батырдың прототипі, солай бола тұра тарих бұрмаланып фильм түсірілді. Осы дұрыс па?   

Мен тарихшы ғалым емеспін. Мәдениет қызметкерімін. Е.А. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттің университетінің тарих факультетінің ізденушісімін. Сартай батыр шыққан Қызылорда облысы, Арал ауданында туып өстім. Сартайды ұрпақтары сол өңірде әлі де тұрып жатыр. Батырға тікелей туыстық қатынасым жоқ. Мың бала және оның қолбасшысы Сартай батыр туралы алғаш 9 жасымда Орынбет ақсақалдан естідім. Оның үстіне Сартайдың қылышы, мөрі күні кешегіге дейін келген. Сартай бабамыз туралы ізденістер әлі жалғасын табады. Сол ауызша айтылған әңгімелерді жазба деректермен салыстыра отырып зерттеп 2011 жылы желтоқсан айында «Сартай батыр» атты монографиямды жарыққа шығардым. Бұл тақырыппен 2006 жылдан бастап айналыстым, барлық ізденістерімді алдымен газеттерге, ғылыми журналдарға жариялаттым. Ондағы мақсатым – тарихшы ағаларымыз атсалысса деген ой еді. Жезқазғанда, Ұлытауда және Хантау өңірлерінде болып, Бұланты, Білеуті өзенінің бойындағы Қалмақ қырылған деген жерде мың баланың жоңғарларға қарсы соғысқанын естіген, білген азаматтармен жолықтым. Дегенмен, «Жаужүрек мың бала» киносы түсірілді, қалай болғанда да жастарға патриоттық тәрбие беруге өз үлесін қосады, бірақ тарих бұрмаланбауы керек еді. Жастарды шындықпен ғана тәрбиелей аламыз.

Сартай батыр туралы тарихи деректерді қайдан алдыңыз?

Сартай батыр туралы жазба деректер 1732-1817 жылдарды қамтиды. Мың бала туралы жазба деректердің Ресей мұрағатында ұшыраспауының өзіндік себебі бар. Кіші жүз қазақтары орыс бодандығын 1731 жылы қабылдады. Яғни, ресей елшісі А.И.Тевкелев Әбілхайыр ханға келгеннен бастап қызметтік күнделік жазған. А.И.Тевкелевтің күнделігі осы күнге жетті. Міне, осы күнделікте Сартай батыр есімі бірнеше жерде көрініс алады. Сондай-ақ, А.И. Левшинде, М.П.Вяткин еңбектерінде де Сартай батыр туралы деректер бар. Мың бала 1726-1730 жылдардағы жоңғарлармен болған соғысқа қатысқан. Сондықтан қазақ жеріне кейін келген орыс елшілерінің жазбаларында Сартай батыр болғанмен, мың бала туралы деректің болмауы заңды деп білемін. Сартай батыр бастаған «Мың баланың» сапындағы Жылқайдар, Жылқыман, Төркінбай, Тайқожа, Арғынбай, Ашабай, Елемес, Аяған, Жарас соғыстан қайтқан соң елге батыр болып оралған. Қазір олардың ұрпақтарының алтыншы, жетінші, сегізінші буындары өмір сүріп жатыр. Жеті атасын білмейтін қазақ жоқ. Олар аталарының мың бала сапында болғанын біледі.киногерлер «мың бала» ұрпақтарының назасына қалды. Сол заманда осы мың баланың ерлігін жырлаған керейт Қожаберген жыраудан мынадай өлең де қалған:

…Қатысты кіші жүзден Тайлақ мерген,

Сұлатты көздегенін атқан жерден

Бір мерген Саурық атты жараланды

Ер екен екеуіде кіші жүзден.

Ағасы Тайлақ мерген – Байрақ, Қайрақ

Олар да жүрек жұтқан бетті екен.

107 жас өмір сүрген, өле-өлгенше Сартайды жырлап өткен Орынбет ақсақал:

Сартай батыр бастаған,

Кіші жүзден мың бала,

Аттанды ұлы жорыққа.

Камшысы бар білеулі,

Найзасы бар егеулі,

Саржасы баркезеулі,

Ұрандап шыққан ұрыста,

Әрбіреуі жүз кісіге балаулы…

Өкінішке орай, бұл жыр жолдары менің есімде толық сақталмады.

Киноны түсірерде режиссер Ақан Сатаев сізге хабарласты ма?

Киноны түсірерде Ақан Сатаев маған хабарласқан жоқ. 2010 жылы «Егемен Қазақстан» газетіне мың бала туралы кинофильм түсіргелі деп жатыр деген кезде мен «дерексіз фильм – керексіз» деп мақала жіберген болатынмын. Өкінішке орай, менің бұл мақаламды жарыққа шығармады. Реті келген соң айта кеткенді жөн санап отырмын, елдің, қазақтың тарихына, жазушы ағаларымыз шығарған мақалаларына қатысты өз ойыммен бөліспек ниетпен «Егемен Қазақстан» газетіне бірнеше мақала жібердім, бірақ жарияланбады.

Елі үшін қан майданда жаумен шайқасқан батыр бабамыз Сартай батырдың өмірін бұрмалау тарихқа қиянат емес пе? Осы жерже тарихымыз қаншалықты зардап шекті?

Сарта            батырдан ұрпақ қалмаса сөз басқаша, бала-шағасының көзі тірі ғой. Оның ізі өшкен жоқ, қазақтың даласында сайрап жатыр. Сартай батырдың үш әйелінен алты ұл қалған. Міне, осы ұлдардан тараған ұрпақтары қазір Қазақстанның барлық аймақтарында тұрып жатыр. Сондықтан оны аңыз етіп түсірудің керегі жоқ. 15 жасында кол бастаған Сартай батырдай бабамыз – үш жүздің баласына үлгі етіп, ұлықтауға тұратын тұлға. Бабамыздың жерленген жері – Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қызылқұм елдімекені. Әкесі белгілі Байжан би, ататегі бар адамды осыншама бұрмалау – әрине, тарихқа қиянат. Тіпіт баба әруағы алдында да кешірілмейтін үлкен күнә деп есептеймін.

Сіз Сартай батырдың өмірін зерттеген тарихшысыз. Кино қаншалықты шындыққа жақын, қаншалықты шындыққа жақын, қаншалықты тарихтан алшақ жатыр?    

Мен қазір қаншалықты тарихқа жақын – алшақтығын айтпай – ақ қояйын, себебі сөзімнің басында айтып кеттім ғой жастарға патриоттық тәрбие беруге өз үлесін қосары анық.

«Жаужүрек мың бала»  фильмі туралы пікіріңіз қалай?

«Жаужүрек мың бала» фильмі менің көңілімнен шыққан жоқ. Өмірден өткен Сартайдан батырымызды аңыз дейтіндей кімнен қорқып жүрміз. Біздің қазағымыз жалтақтықты қою керек. Сонда ғана нағыз қазақты қазақ қылатындай ұрпақ тәрбиелейміз. Мен өз ойларымды әрбір жариялаған мақалаларымда ашық жаздым. Шындықты жасырмай айтуымыз керек. Түбі шындық қана жеңіпшығары анық. Әсіресе, тарихты бұрмалау – үлкен қате. Кино түсірушілер «аңыз деп, сценарийін өзіміз жаздық» дейді. Ал негізгі тақырыбы, жалпы мазмұны мың баладан қол жинап қолбасшы болған кіші жүз, жақайымнан шыққан Сартай батырдың ерлігін әспеттейді. Кеңес Одағы кезінде қазақта мың бала болды ма, болмады мадеп зерттеген ешкім болған жоқ. Бұл тақырып осы уақытқа дейін айталмай, жазылмай келіп, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қолға алынды. Егер ел болып қолға алсақ, тарихымыздағы ақтандақтарды орнына келтірер болсақ, мың бала оның қолбасшысы Сартай батыр келешек жас ұрпақты патриоттыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеуге, сөз жоқ қызмет етеді.

Сартай батыр ұрпақтары «Жаужүрек мың бала» фильміне наразылықтарын білдіріп,сізге шыққан екен. Сол жайында айтып берсеңіз?  

Сартайдың ұрпақтары, әрине, наразылықтарын білдіріп, телефон да шалып, хат та жазды. Кімге жақсы, Сартайдың өз әкесін айтпай Назар бидің ауылының баласы деген?! Ол бір жетім бала емес қой. Баба ұрпағы назасын білдіріп жатқанда «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартыптының » керін келтірмейін деп, өз ойымды ішке бүгіп отырдым. «Өнеге» журналының редакциясына алғысым шексіз, осындай сауалдарыңызды жолдап, шындық іздеп жатырсыздар. Сіздерді баба ұрпағы әрдайым қолдап жүрсін! Еңбектеріңізден  береке табыңыздар!   

Атабай Қылышбайұлы, сіз Сартай батырдың ұрпағысыз ба?

Ұрпағы дегенде, ол тікелей немерелік немесе шөберелік  туысқандық емес. Бір атадан тарағанбыз. Кіші  жүз жиырма бес  атадан тұрады.  Соның ішінде Әлім – алты атадан, Жетіру – жеті атадан  және де Байұлы он екі атадан тұрады. Өзім Әлім ішінде Шыңғыс, Шыңғыстан Жақайым, Жақайымның Ақбурасынан тарайтын Асаннан болам. Сартай батыр осы Асанның Байжанынан, мен Шатырынан болып келем.

«Жау жүрек мың бала» көркем фильмінде Сартай батырдың өмірінің бұрмалануы сізге қалай әсер етті?

Менің ойымша, Сартай батырдың кино соңында мерт болуы дұрыс емес. Мұны тарихты бұрмалау немесе тарихи шындықтан ауытқу деп айтуға болады. Өйткені, Сартай бабамыз он бес жасында қол бастап, қазақтың Жылқайдар, Жылқаман, Толыбай деген ержүрек батырларын ертіп,  жоңғар шапқыншылығына қатысып, үлкен жеңіспен оралған. Сосың діннің жолына түсіп, тіпте  Мөңке бидің жаназасын шығарған. Бабамыз туралы Кеңесов Жалмұраттың «Сартай батыр» деген тарихи деректерге сүйініп жазылған кітабы да бар.  Қазіргі таңда Қазалыдан алпыс үш шақырым жерге орналасқан Қызылқұмның арасында Қосым қожа, Дәулет бақсы, Сартай батырдың басына ескерткіші қойылған бейіті тұр. Бұл Сартай батырдың аңыз емес, өмірде болған адам екенін айқындайды. Бұл киноны түсірмес бұрын « Қазақфильмінде» өткен талқылауға қатысқанмын. Бабамыз туралы көптеген  материалдарды, кітаптарды өз қолыммен апарып бергенмін. Бірақ бірінші сценарий жазылғаннан кейін іс кейінге қалдырылды. Артынан фильмнің режиссері болып Ақан Сатаевтің тағайындалғанын білдім.

  Ал, тарихтың бұрмалануына қалай қарайсыз?

Әрине дұрыс емес. Тарихтың бұрмалануы ұрпақтың тәрбиесіне кері әсерін тигізеді. Көркем филімді шыңдаққа жаңастыру керек. Мысал үшін,  Сартай батырды бірден өлтірмей-ақ, ауыр жарақаттандырып қалдырса,  одан еш ұтылмайтын сияқты еді ғой.

 Ақан Сатаевқа айтатын назыңыз немесе өтінішіңіз бар ма?

Менің оған ешқандай өтінішім де назым да жоқ. Ақан Сатаевты жақсы, талантты режиссер дейді. Тек  Моңғолиядан келген кеңесшінің «аңыз» деп айтқанына тікелей қарсымын. Өйткені,  ол – аңыз емес, тарихта аты қалған адам. Мысалға,  Қыз Жібек пен Төлегеннің киносын аңыз деп айтуға болама? Жоқ, болмайды. Сартай батыр да сол секілді, өмірде болған.  Екіншіден, кино соңында Сартай батырды өлтіріп тастағанына қарсымын. Жалпы Сырдың елін, Сартай бабамыздың туып-өскен жерін түсіріп, Сартайдың бейнесін ашу керек еді. Оброзы ашылмай қалған. Киноның соңында оның қабірін көрсетсе де болар еді. Сонда фильм тарихи шындыққа жанасар еді.

Гауһар Баймұханқызы «Өнеге» журналынан

 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар