//

«Мақпал – Сегіз» ғашықтық дастаны

5636 рет қаралды

(Сейітқали Қараменденің туғанына 100 жыл толуына орай)

Дастан баспадан шықпағаны

Қазақ халқының мәдениетінің бір са­ласы – ауыз әдебиеті. Оның тамыры ға­сыр­лар өткен тарихында. Ұзақ ғасырлар бойы қазақ халқы тәуелсіз елді хан бас­қар­ған мемлекет болғандықтан, кең та­ралған жанрдың бірі – лиро-эпостық дас­тандар. Екі жарым ғасырға созылған орыс патшасының отаршыл саясаты бұл мәдениетімізді өшіруге бағыт алған. Осы пат­шалықтың мұрагері болған Кеңес им­периасы 70 жыл кезеңінде, одақтас рес­публикалар дербес болды деген желеумен, мәдениеттерін жаңғыртуға жол бергендей болды. Бірақ негізгі ұстаным – республикалардың түбегейлі ұлтын орыстандыру жалғасын тауып жатты.
Осы себептерден қазақ халқының ру­­хани қазынасынан шыққан шығар­ма­ла­ры (кино, театр, әдебиет, т.б.) бір ор­та­лық – Мәскеудің цензурасынан өтетін. Ауыз әдебиеті шығармалары, махаббат жырлары мен дастандары трагедиямен аяқталатын.Осы шығармалардың бас кейіп­кері, не кейіпкерлері өздері дүние­мен қоштасады немесе екеуін де (ға­шық­тарды) ел алдында өлтіреді. Мұндай өлім­мен бітетін махаббат жырларында екі ғашықтың қосылуы өз халқының салт-дәстүріне қарсы шығуымен байланысты болып көрсетіледі. Осыдан келіп қазіргі жас ұрпаққа қазақ халқының ескі салт-дәстүрлері жиіркенішті болып түсін­дірілді.Отаршыларға керегі осы емес пе?!
«Еңлік-Кебек» дастаны екі ғашықты өл­тіріп, төрт айлық баласын жетім қал­дыру­мен бітеді. Бұл дастан оқулықтарға кі­ріп, театр сахнасынан төр алды.
«Қалқаман-Мамыр» ғашықтық поэмасы Мамырды өлтірумен, Қалқаман өлім­нен тірі қалғандықтан өз елінен безіп ке­туі­мен аяқталады.
Қазіргі қазақ әдебиетінде кең орын ал­ған «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» трагедия­сына келер болсақ, ғашықтық сезіммен Баян­ның өзі дүниемен қоштасады, ұл мен қыз­ды атастыру салтына қарсы шыққан әке­сі, қызының махаббатын мал мен бай­лыққа сатып, ғашықтардың обалына қа­лады. Бұл кино, театр, әдебиетімізден өз орнын алып, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отыр.
«Айман-Шолпан» лиро-эпостық жыры екі апалы-сіңілі қызды Көтібар батыр ба­рым­та жолымен олжа қылғанын баяндайды. Қазақ салт-дәстүрінен мақрұм казак пен басқа ұлт өкілдері барымтаны мал, адам ұрлауменен теңестіреді. Ежелден қа­зақ елінде жесір қатын, жетім бала болдырмау үшін, қалыптасқан әмеңгерлік салт-дәстүрді жою үшін, тарихи шындық ауыз әдебиетінде бұрмаланған. Бұл «Қыз Жібек» ғашықтық дастанында көрініс тап­қан. Ол дастан бұрмаланып, ел бойын­ша пьеса, опера жазылды. «Қыз Жі­бек» кинофильмде сүйген жары Төлегенді өлтіргеннен кейін Жібек қыз жардан секіріп, суға батып өледі.
Тарихи шындықты жырлаған, рухани мә­дениетіміздің әр саласын биікке кө­терген тұлға, ХIХ ғасырда өмір сүрген Се­гіз сері шығарған «Қыз Жібек» жыры­ның нұсқасы Қазақ Ғылым академия­сының қорында жабулы қазан күйінде жат­қа­ны­на міне, 32 жыл өтті. «Қыз Жібек» дастаны­на орай қазіргі қоғамның алдына қойыл­ған мәселелер профессор Төлеубек Қа­ра­мендетегінің «Ауыз әдебиетінен тарихи шындыққа» атты мақаласында айқын көрсетілген («Қазақ әдебиеті» газ. №31,13.08.2010ж.).
Енді мақаламыздың тақырыбы «Мақ­пал-Сегіз» дастанына тоқталатын кезең келді. Бұл дастан ХIХ ғасырдың бірінші жар­тысында айтып кеткен тұлға – Сегіз сері мен Мақпал қыздың арасында бол­ған махаббат жыры. Жыр әлі күнге дейін ресми түрде баспадан шыққан жоқ.
Баспадан шығып, егемен ел, тәуелсіз мем­лекетіміздің, қазақ халқының мә­дениетін көтеруге «Мақпал-Сегіз» дастаны қандай рухани күш береді деуге жауап із­деп, оған ауыз әдебиетінің деректе­рі­мен жауап беріп көрейік.

Дастанның негізгі сюжеті

Сегіз сері (1818-1854 ж.ж.) атақты Толыбай сыншы, Қожаберген жы­рау,Шақшақ би сияқты тұлғалардың тіке­лей тұяғы.Қазіргі қазақ қоғамына Сегіз серінің есімі классикаға айналған «Гау­һар­тас», «Назқоңыр», «Алқоңыр» іспетті та­маша ән­дерімен танымал. Осы «Гауһар­тас» әнінің тарихы төңірегіндегі өткен шындық оқиғалар «Мақпал-Сегіз» жыры­ның негізгі мазмұны болады.
Қысқаша ғана «Гауһартас» әнінің қа­лай дүниеге келгенін аңғару үшін Қуаныш Ах­метовтың «Сегіз сері сүйген сұлулар» атты мақаласынан деректер келтірейік («Қазақ әдебиеті». №6, 5.02.1999 ж.). Сегіз сері Бағаналы Найман елінде Бахтияр байдың ауылына келгенде, сол Бахтияр мырзаның ақылына көркі сай, туған айдай толықсыған сымбатты қызы Мақ­пал­мен танысады.
Сегіз сері Мақпалға деген жүрек се­зі­мін әнмен білдіреді. Бұл айтқан «Гау­һар­тас» әнінде ару Мақпалды асыл тас гау­һар­ға теңей, өзінің жүрекжарды сырын сұлу­ға жеткізген. Бұл әннің зерттеу­шілер та­рапынан толық дәлел­денген нағыз нұс­қасы мынадай:
Ажарың ашық екен атқан таңдай,
Бейне бір қараңғы үйге жаққан шамдай.
Анаңнан сені туған айналайын,
Бота көз, қыр мұрынды, ақша маңдай.

Беу-беу, Гауһартас,
Құсыни, құрдас,
Раушан, үшеуіңді көргенде,
Сәулем-ау, сабырым қалмас.

Басасың аяғыңды ырғаң-ырғаң,
Сылдырап шолпың менен алтын сырғаң.
Құлпырып әр уақытта шаттанасың,
Әсемсің аққу құстай мойнын бұрған.
Жалпы, бұл ән төрт шумақтан тұрады. Ән сөзіндегі Құсыни, Раушан–Мақпалдың ауылдас, сырлас құрбылары.
Төлеш Сүлейменовтың «Сегіз сері» кі­табында (Алматы, «Өнер», 1991ж. 257-271-б.б.) Сегіздің Мақпалмен кездесіп, оған «Гауһартас» әнін арнағанын кел­ті­рейік.
Сегіз серіге Көтібардың баласы Есет ба­тырдан естігенін айтады:
Сегіз бұл туралы өзінің «Мақпал» атты өлеңінде ескертіп:
Баласы Көтібардың Есет батыр,
Сұлу деп сізді маған мақтап еді,
– дейді.
Мақпалды іздеп әкесі Бахтияр ауылына келгенде, Сегіздер ән мен күй бұ­ла­ғын тасытып, жұрттың жүрек шерін тар­қа­тып, бір серпілтіп тастайды. Өлең-жыр де­се ішкен асын жерге қоятын Сыр бойы­ның халқы Сегізді жігіттерімен үйлеріне қо­наққа шақырып алып, таң атқанша қис­са-дастандар тыңдайды. Сегіз сері со­н­да Мақпалмен танысады.
Бірақ ол алғашқы сүйген жары Мұқә­ра­маны көзіне елестетіп, Мақпалға деген ыс­тық сезімін тежеуге тырысқан. Бір сәт­те Мақпалдың қасындағы Раушан, Құсыни есімді серіктерімен салтанатты түрде серуенге кетіп бара жатқанын көрген сері «Гауһартас» әнін шығарады.
Төрт шумақ әннің, біреуін келтірейін:
Ажарың ақ бөкендей қашқан құмнан,
Шолпандай таң алдында жалғыз тұрған.
Басында кәмшат бөрік, қолда жүзік,
Жібек пен қызыл кәріс белін буған (63-б.).
Осы әннің қайырмасында Сегіз сері Мақ­палды, Құсыни, Раушанды гауһар тас­қа теңеген болса керек.
Беу-беу, Гауһар тас,
Құсыни, құрдас,
Раушан,– үшеуіңді көргенде,
Сәулем-ау, сабырым қалмас, –
дейді. Қайырмада, құрдас деген сөз Мақ­палға арналған. Себебі, Сегіз бен екеуі ба­рыс жылы туған. Бұлардың жолдас еке­ніне ақын Өске Тасеменұлы өзінің «Мақ­пал-Сегіз» дастанында:
Сегіздің Мақпал менен жылы Барыс.
Арасы елдерінің өте алыс, –
дейді. Сегіздің тағы бір шәкірті Шаманқұл Дәндібайұлы 1854 жылы Сегіз қаза бол­ған­да жоқтау өлең шығар­ған:
Салдық құрған ұстазым,
Ниязды ертіп қасына.
«Гауһартасты» шығарған,
Он сегіз жасында,–
дейді (65-б.).
Сегіз сері Мақпалға арнап ұзақ өлең шығарып, өзінің ғашықтығын білдіреді.
«Мақпал» жырының алғашқы шума­ғын­да сұлудың көркін суреттейді:
Аршын төс, аққу мойын, асыл Мақпал,
Бейіште секілдісің қор қызындай.
Маңдайда жарқыраған қос бота көз,
Ақшамның ғұмырзия жұлдызындай.

Өлеңнің соңында Сегіз айтқаны:
Гауһартас, тілегімді айтсам ашық,
Қиналған сіз бен біздей нелер ғашық.
Сен үшін аямасын шыбын жанды,
Шығайын бөгеуге майдан асып.
Ол сүйген қызына халқының қамын ой­­лайтынын, әрқашанда елінің қорғаны бол­ған ер қатарында даңқы шыққанын баян­дап, шығармасын былай түйін­де­ген:
Ұлықтан қуғын көріп, болып шерлі,
Біз едік жұрттың қамын ойлаған ер.
Байлайын боз шұбар мен қан күреңді,
Мақпалжан ермек болып, қолыңды бер.
Сегіздің әнмен айтқан осы бір өлеңінің жүз қырық алты шумағы ұмытылып қалды да, бастапқы төрт ауызы ел арасында сақ­талып, жеке ән ретінде бізге жетті (67-б.).

Дастанды шығарушы ақындар мен таратушылар

Алғашқы «Мақпал-Сегіз» дастанын шы­ғарған ақындар Сегіз серінің тобында сал-серілікпен ел аралаған Сейітжан сал, Құшан сері, Нияз сері, Шәрке сал, Дай­рабай күйші, Қобылан әнші, Шынияз ақын-әнші, Аббас батыр, Сәду батыр, Өс­ке ақын, Орынбай ақын, Көрке ақын, Бір­жан сал сынды дүлдүлдер болған (Се­рік Негимов. «Қазақтың сал-серілері». Ал­маты, «Ана тілі» ЖШС. 2005).Бұл ақын­дар – Өске Тасеменұлы мен Шынияз Жұбашұлы.
Өске Тасеменұлы (1813-1902) ақын өзі­нің «Мақпал-Сегіз» дастанында ға­шық­тар туралы бұлтартпас мағлұмат береді.
Найманда Құсыни Раушан қасына еріп,
Бұрымын білектей қып жүрер өріп.
Сал Сегіз Мәжнүндей ғашық болды,
Сұлуды Мақпал деген Ләйлі көріп.
Өнері ер Сегіздің елден ерек,
Баурады өлеңмен өңкей жасты.
Мақпалға ғашықтығын білдіріпті,
Шығарып ән патшасы – «Гауһартасты».
Баласы ем Төсемнің, атым – Өске,
Сегіздей кемеңгерді алдым еске.
Ер Сегіз бен Мақпалдың уақиғасын,
Қисса етіп баяндаймын осы кеште.

Базар жырау Оңдасынұлы (1841-1911) «Мақпал-Сегіз» дастанында:
Сүлеймен су аяғы көкше теңіз ,
Өсімтал байдың малы тауар егіз.
Әлеумет құлақ салып тыңдасаңыз,
Өтіпті ғашықтықпен Мақпал-Сегіз.
(Нәбиден Әбуталиев. «Сегіз сері», Алматы, «Жалын», 1991,124-б.).
Ақын Шынияз Жұбатұлы «Мақпал-Сегізді» жырлаған нұсқасында:
Гауһартас – Мақпал қыздың жұмбақ аты,
Қосылмай әнге бірден нағыз аты.
Кей істі ашық айтпай тұсталған,
Байқаңдар Сегіз қандай парасатты,–
деп жырлаған екен. Қазақ еліне ХIХ, ХХ ғасырдың басында «Мақпал-Сегіз» жыры ел аузынан кең таралғанының бір дәлелі – ол қолжазбалар санының көптігі.
Өске Тасеменұлының «Мақпал-Сегіз» дас­танынан – Балғожа Кенжеғозин, Ра­хым­­бек Бейтішев, Іргебай Қоржын­құлов­тан алынған қолжазбалары.
Шынияз Жұбатұлының «Мақпал-Се­гіз» дастанынан – Қазжан Сұрағанов, Омар Иманбаев, Сейдіғали Секеманов, Мә­лік Рамазанов, Қабыкеш Сердалин, Тө­лепберген Пшенбаев, Оспан Асайыновтан алынған қолжазбалары.
Тағы бір ақын Жарақ Сағындықұлы «Мақ­пал-Сегіз» дастанынан – Темірғали Әл­кеншеков, Муфти Ахметовтан алынған қол­жазба.
«Сегіз сері мен Мақпал сұлу» хикаясын жырлаушылардың бірі – Балқаш маңын жайлаған Найман елінен шыққан ақпа ақын Жанкісі (1772–1849ж.ж.) артына шындыққа сай келетін дастанын қал­дырған. Онда Бахтияр қызы Мақпал сұлу қазақтың салты бойынша Қарақал­пақ елінің жігіті Жабы дегенге ұзатылатын бо­­лады. Сегізбен ғана қосылуды арман­да­ған Мақпал зар шегеді. Еріксіз елден, сүйгенінен айырылады. Сегіз сері көш соңына түсіп, ақыры Мақпал сұлуға ке­зі­геді. Бірақ Сегіз сері сүйгенін алып қаш­пай­ды, Мақпал да ел салтына қарсы шық­­пай, ғашықтық қайғысынан өледі. Се­гіз сері де қасірет шегіп кетеді. Мақпал­ды жоқ­тап зарлаумен болады. Кіші жүз елін ара­лап, Исатай батырға да ере­ді. Астрахань маңындағы қалмақ­тар өктем­дігіне қарсы күресті бастап, ерлік көр­сетеді. Осындай көптеген оқиға­ларды басынан кешіп, өз еліне оралады (Х.Сүйін­шәлиев, «VIII-XVIII ғасырдағы қазақ әде­биеті». Алматы, «Мектеп», 1989. (276-б.)). Осы жырды Жанкісіден кейін Ба­зар жырлаған, одан Сәрсенбай үйренген, Әлқуат, Кенебай нұсқалары да пайда болған.
Сыр бойының Сәрсенбай ақыны Жан­кісі дастанын жалғастырып, Сегіз бен Мақ­палдың ғашықтық кездесуін шебер­лік­пен суреттеген.
«Мақпал қыз» сюжетінде Жабы–қара­қал­пақтың батыры Мақпал қызды алуға кел­генде, оның сүйген жігіті Сегіз Арқада жыл­қы бағып жатады.
Ел-жұрты Мақпалды Жабы батырға бер­мек болған соң, қыз Сегізге суыт хабар жіберіп:
Тез келіп алмасаң да, жолығып қал,
Кеудеңде болса егер шыбын жаның.
Сал Сегіз батырсынып жүруші едің,
Ерлігің осы жерде болар мәлім.
Қағаздың хатын оқып қолға аларсың,
Сөзіме өзім түгіл зар боларсың.
Жатқаның бос үйдегі еске түсіп,
Арқада жылап-сықтап сен қаларсың, –
деп сәлем жолдайды (Ә.Қоңыратбаев. «Қа­зақ фольклорының тарихы». Алматы, «Ана тілі», 1991,238-бет).
Бірақ Мақпалдың жіберген хабаршысы Арқаға жеті күнде зорға жетеді. Бұл кезде Мақпал ұзатылып, жанына шешесін қосып, Жабы еліне жөнелтеді.
Қыз хабарын алған Сегіз үш күн, үш түн жүріп, Мақпалдың жеңгесіне келеді. Жеңгесі Күләйім мен Сегіздің айтысы мы­надай:
Күләйім:
Жабының найзасы бар қолында алмас,
Көзінше оның бикеш жолыға алмас.
Жабыдан қазаң жетіп өліп кетсең,
Артыңда сенің бикеш тірі қалмас.
Сегіз:
Жеңеше, кетер едім жауап берсең,
Ризамын қыз Мақпалдың жүзін көрсем.
Құдайға арманым жоқ, жеңеше-жан,
Жабыдан қыз Мақпалды көріп өлсем.
(240-б).
Сегіз Жабы батырдың артынан түсіп, Мақпалға жетеді. Мақпал шешесіне: “Сегіз екеумізді үш күнге ғана еру қос” – деген тілегін білдіреді. Анасы қызының тілегін қабыл алады.
Айтылған қыз күнінде серті бар-ды,
Сертінен Мақпал таймай тұрды дейді.
Бетпаңдап мамыр қаздай сал Сегіздің,
Ішіне ақ отаудың кірді дейді.
Бұл кезде Жабы қырық жігітімен бірге көштен озып кеткен еді. Бірақ кешіккен Мақпал шатырына Жабы күйеу жолдас Бұлдырықпен оралады. Сонда Мақпалдың анасы қызының үш күндік тілегін бұзбас үшін, Жабының алдынан шығып:
Мақпалдың дерті бар еді.
Мүддесі бітсе дертінің
Әруақтары жар еді.
Қай мезгілде қысылса,
Сырдың суы ем еді – дейді (241-б.). Сон­­да Жабы екі күн, бір түн ішінде Сырда­рия­дан су алып қайтады. Сегіз Мақпал­мен қоштасып өз еліне кетеді.
Жырдың трагедиясы екі ғашық­тың қосыла алмауында. Сүйгенінен тірі­дей айырылған Мақпал ақырында за­ры­­ғып өледі.
Дерт орнап көкірекке ғашықтықтан,
Кетпестей қайғы-қасірет мұңға айналды.
Қыз Мақпал тіршіліктен күдер үзіп,
Өлімге мойынсұнып ыңғайланды.
(242-б.).
Бұл жырда Сегіз сері халқының сал­тына қарсы шықпай, Мақпалды алып қашпады.
ХХ-шы ғасыр басында Кеңес империя­сы кезеңінде академик-жазушы Сәбит Мұқанов Қазақтың баспада жариялан­баған махаббатқа арналған бірнеше жырларының ішінде «Мақпал» жыры туралы айтқан «Мақпал» оқиғасы Сырдария бойында болған.
Сәбит Мұқанов өз кітабында («Өмір мек­тебі». Алматы, 1955 ж.) «Мақпал» дас­танының Ғабдол ақын нұсқасынан мысал келтіреді:
Айырып досты-достан, жарды ашықтан,
Сұм дүние кімдерге боқ жегізбеген.
Арқаның бойын жайлап, Сырды қыстап,
Өтіпті бір сал жігіт Сегіз деген.
Басталар қысқы аяз ақпанменен,
Сонарда түлкі аулайды қақпанменен.
Сол Сегіз Мәжнүндей ғашық бопты,
Бір қызды Ләйлі көріп Мақпал деген.
Міне, осы жерде Ғабдол ақын да Мақ­пал-Сегіздің ғашықтық жырын ай­тып кеткен Өске ақындай Х, XIII ға­сырдағы Әзірбайжан ақындары Низами, Физули «Ләйлі-Мәжнүн» ғашық­тық дастанымен теңестіреді.
Академик Әлкей Марғұлан “Күйді ерт­теп, әнді мінген кемеңгерлер …” атты ма­қаласында Сегіз серіге тоқталғанда, “Мақпал-Сегіз” дастаны қазақ еліне та­ралғанын, Сегіз серінің жан-күйіне толғау берген атақты Мақпал қызға ға­шық­тығы мен бай­ла­ныс­ты­рады. Ә.Марғұлан асқақ­тата жырлаған Арыстан мен Жанкісі ақын­дардың “Мақпал сұлу” жырында олар Сегіз серіні былай суреттейді:
Сөйлесе сөз шығады лебізінен,
Телегей тең болмайды теңізбенен.
Қыста Сыр, жазда Арқаның бойын жайлап,
Өтіпті әсем жігіт Сегіз деген.
Сал Сегіз Мәжнүндей ғашық болып,
Бір қызды Ләйлі көріп Мақпал деген.
Ақындардың бейнелеуінше Сегіз сері сұңғақ бойлы, өрімдей сымбатты, топ ішінде ерекше көрінетін әсем кісі болған. Ол әрі құбылмалы ақын, әрі әнші, әрі қо­бызшы, әрі мерген, әрі өрнек жасағыш ше­бер кісі болған. Оның үстіне ол әлеу­меттік қайраткер.
Үш жүзге атым шыққан Сегіз сері,
Атандым он жетімде қазақ ері.
Ер Сегіз ел қорғаған батыры – деп,
Үш жүздің ардақтады барлық елі.
Ә.Марғұлан мақаласы екі ғашықтың махаббаты, айтып кеткен Өске ақын мен Базар жыраудың қиссалары бойынша бітеді.(“Жұлдыз”журналы. №9, қыркүйек 1983 ж., 183-б.).
Сегіз сері өз басынан өткен ғашық­тық сезімін «Мақпал» жырына айнал­дырған. Бұл жыр Сегіз сері дүниеден өткеннен кейін, онымен бірге сал-серілік құрған ақындардың «Мақпал-Се­гіз» жырларының дүниеге келуіне себеп те, үлгі де болды.

Дастанды баспадан шығару – мәдениетімізді жаңғырту

ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың ең басында Сегіз сері мен Мақпалдың ғашықтық жыры ел аузына кең таралды. «Мақпал-Сегіз» дас­таны көп ақын-жыраулардың түрлі нұс­қалары түрінде қазақ халқының кең бай­тақ жеріне ауыз әдебиеті арқылы жет­ті.
Қазақ әдебиетінің классигі Сұлтан­махмұт Торайғыров бір өлеңінде былай деген:
Керейде Қожаберген, Сегіз өткен,
Қазақтың шежіресін жыр ғып шерткен.
Үш жүзге өлеңменен үндеу тастап,
Олар да бірлік үшін еңбек еткен.
Бірақ бір жарым ғасырдан асқан мер­зімінде, баспадан шықпағандықтан «Мақ­пал-Сегіз» қазіргі қалың қазақ оқыр­маны мен басқа ұлт өкілдеріне бей­мә­лім болып отыр.
Кезінде баспадан шыққан және бас­қа тілдерге аударылып таралған, Х ға­сыр­да өмір сүрген Әзірбайжан ақыны Ни­замидің «Ләй­лі-Мәжнүн» ғашықтық дас­танын ұзақ уақыттан бері Жер ша­ры­ның бүкіл өр­кениет қоғамы біледі. Осыған дәлел – жоғарыда аталған Өске және Ғаб­дол ақындарың «Мақпал-Сегіз» жыр­ларындағы Ләйлі-Мәжнүндей бол­ған Мақпал мен Сегіздің ғашық­тығы.
Қазақ халқына кең таралған «Мақпал-Се­гіз» жыры әр кезеңде, түрлі нұсқалар-да екі ғашықтың тағдыры салт-дәстүрге қай­шы болғанымен, жаза өліммен біт­пейді. Ал орыс отаршыларына керегі – жазалау негізінде екі ғашықтың сезімін жою, бұл – қазақтың үйлену салт-дәс­түріне сай екенін көрсету. Әрі отаршы­ларға қарсылық көрсеткен Сегіз сері ата-бабаларымыз тарихтан өшірілуі керек. (Т.Қарамендетегі. «Сегіз сері – хал­қымыздың ұлы тұлғасы. Жалақорларға жауап». «Қазақ әдебиеті» газеті, № 42,43,44. 20.10, 3,11.2006 жыл).
«Мақпал-Сегіз» дастанын баспадан шығарып, жариялау мен насихаттауға жасаған кедергілері.
– Егемендік алғанымызға 20 жыл өтсе де «Мақпал-Сегіз» дастанының бас­падан шықпағаны – мәдениетіміздің жаңғырмағаны;
– Ескі буын әдебиетшілердің отаршылар қанына сіңірген құлдық психологиядан әлі де арылмағаны;
– Сегіз серінің ұрпақтары, аталас туыстары, рулас жерлестері мекендеген Оңтүстік Қазақстан жері бірінші болып отаршылыққа ұшырағаны, орыстанғаны, сөйтіп олардың ұлы бабаларының қа­сиет­терін жоғалтқаны;
– орта буын әдебиетшілердің егемен­ді­гімізді нығайту жолындағы отарсыздандыру саясатының жоқтығы, ұлт намы­сы­ның оянбағаны;
– жас буын әдебиетшілеріміздің Сегіз серінің есімі және оның шығармалары оқулықтарға кірмегендіктен, оны білмеуі – әдебиетімізде, тарихымызда тиісті орнын алмағаны, әндері атаусыз қалғаны, сахна, кино өнерінде қамтылмауы. (Т.Қара­мен­детегі «Ауыз әдебиетінен тарихи шын­дыққа». «Қазақ әдебиеті» газ, №31, 13.08.2010 жыл).
Осы айтқанымыздан шығатын талап- ұсынысымыз: «Мақпал-Сегіз» дастанын баспадан, әрі басқа тілдерде де шығару. Сонда ол, мәдениетіміздің ғашықтық дас­таны, дүниежүзіне мәлім махаббат дас­тан­дарының қатарында тұратындығы күмән туғызбайды.

Төлеубек Қарамендетегі,  
профессор,Сәулетшілер, 
Журналистер одағының мүшесі.
Гүлсім Дәркенбаева, 
магистрант.

 “Қазақ әдебиеті”

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар