///

Хикаяшының тәсіліне оралу

855 рет қаралды

(Қытай жазушысы Мо Янның Нобель мінберіндегі сөйлеген сөзі)

Швед Ғылым академиясындағы мәртебелі академиктер, ханымдар, мырзалар!
Меніңше, сіздер теледидар, яки ғаламтор арқылы шалғайда жатқан Гауми үстіртіндегі Дунби ауылы туралы азды-көпті хабардар болған шығарсыздар. Бәлкім, менің 90 жастағы кәрі әкемді, аға-әпекелерімді, әйелімді, қызымды және бір жастан төрт ай асқан жиен қызымды көрген болуларыңыз мүмкін. Бірақ мен ерекше сағына еске алатын бір адам бар, ол –менің анам. Сіздер мәңгілікке көре алмайсыздар, мен сыйлық алған соң, атақ-даңқыма көптеген адам ортақ болды. Әттең, анама осы күн нәсіп болмады. 

Менің анам 1922 жылы туып, 1994 жы­лы дүниеден озды. Оны қыстақтың шығыс жағындағы шабдалы бағына жер­ледік. Былтыр сол жерге жаңа теміржол төселетін болды да, оның зиратын қыс­тақтан шалғай, басқа жерге көшіруге мәж­бүр болдық. Қабірді ашқанда, табыт ағаш­тың шіріп, анамның сүйеккүлі топы­раққа әлдеқашан араласып кеткенін көр­­дік. Амалсыз ырымын жасап, топы­рағынан біраз алып, жаңа қабірге көші­ріп жерледік. Былайша айтқанда, анам­ның дәл осы кезден бастап қара жердің бір бөлегіне айналғанын сездім. Қара жер­дің үстінде тұрып сөйлеген сөздерім­нің бәрін шешеме айтып жатырмын деп білем.
Мен шешемнің сүт кенжесімін. Кіш­кен­тай кезімде үйдегі жалғыз термосты көтеріп, коллективтің асханасынан су та­си­тынмын. Бір күні аштықтан әлім құ­рып, термосты қолымнан түсіріп, шағып ал­дым. Қатты қорыққанымнан шөптің ара­сына тығылып, бір күн бойы шықпай жа­тып алдым. Іңірде шешем еркелеткен атым­ды атап, төңіректен іздей бастады. Шөп­тің арасынан шыға келгенімде шешем ұрсып, ұратын шығар деп ойлап едім. Шешем ұрған да, ұрысқан да жоқ. Бар бол­ғаны басымнан сипап, ауыр күрсінді. Менің есімнен кетпейтін қасіретті оқи­ғаның бірі шешеме ілесіп, коллек­тивтің атызынан бидай масағын теруге барғанда болды. Қорушы жетіп келді. Масақ тергендер жан-жаққа бытырай қаштық. Ше­шем шиаяқ болғандықтан, жүгіре алмай, ұсталып қалды. Әлгі еңгезердей егін қорушы шешемді құлақ түптен шапа­лақпен бір салды. Шешем теңселіп барып, жерге жығылды. Қорушы терген ма­са­ғымызды алған да жоқ. Ысқырығын шалып, кердеңдей басып, жөніне кетті. Шешемнің езуінен қан шығып, жерде отыр. Сондағы торыққан бейнесі өмір бойы есімнен шықпайды. Көп жылдар өт­кен соң әлгі егін қорушымен базарда жолығып қалдық. Сақал-шашы қудай, кәрі шал болыпты. Баяғыдағы қорлығы есіме түсіп, көзімді қан жауып, кегімді қайтарайын деп ұмтылып едім, шешем мені ұстап алды да жайбарақат қана: «Ұлым, мені ұрған әлгі адам мен мына шал екеуі бір адам емес», – деді.
Маған тағы бір терең әсер қалдырған бір іс әлі есімде. «Ай күлше» мерекесі күні түс­те, үйдегілер әрең бір сәті түсіп түш­па­ра түйіп еді. Біреуімізге бір кішкене шы­­­­н­ыдан ғана жетті. Түшпара жеп жат­қанда бір тілемші қарт есігіміздің көзіне келді. Мен жарты шыны тәтті картоп қағын бе­ріп, оны жолына салмақшы болып едім, ол маған ызбарланып: «Мен бір кәрі адам­мын. Өздерің түшпара жеп, маған кар­топтың қағын беретін не деген қара жүрек едіңдер», – деді. Мен ашуланып, теріме симай: «Түшпара бір жылда бір­неше рет қана аузымызға тиеді. Біреуі­мізге бір кішкене шыныдан әрең же­теді. Жұмырымызға жұқ та болмайды! Саған тәтті картоп қағын бергеніме разы бол. Жесең же, жемесең жолыңа түс!», – де­дім. Шешем маған ұрысты да, жарты шы­ны түшпарасын әлгі қарттың қолын­дағы шынысына салып берді.
Ең өкінетін бір ісім – шешеммен бірге көкөніс сатқанда біліп яки білмей көкөніс сатып алған бір қарттың 10 тиынын артық есептеп қойыппын. Ақшасын есептеп бер­ген соң мен мектепке кеткемін. Оқу­дан тарап, үйге келсем, әдетте, көзіне көп жас алмайтын шешемнің жылып отырға­нын көрдім. Шешем мені жазғырмады, бар болғаны ақырын ғана: «Ұлым, шешең­ді ұятқа қалдырдың», – деді.
Мен он неше жасқа келгенде шешем қатерлі өкпе ауруына шалдықты. Ашар­шылық, ауру, еңбектен зорығу қосылып отбасымызды тығырыққа тіреп, мейірім мен үмітке зәру болдық. Шешем өзін-өзі жазым ете ме деген кәдік ой маған аяқас­тынан пайда болды. Әр жолы еңбектен қайтқанда, қақпаға кірісіммен «шеше!» деп айғайлап шақырамын. Оның дауысы шыққанда барып, көңілім орнына түсіп, жүрегімді басып тұрған бір кесек тас жер­ге түскендей болатын. Егер мен да­уыс­тағанда шешем жауап қайтармаса жүрегім тітіркеніп, асүй мен диірменүйді аралап, тінтіп шығатынмын. Бір жолы бар үйді тінтіп, іздеп оның көлеңкесін де көре ал­мадым. Сонан ауланың ішінде зар еңі­реп отыр едім, шешем көтерген бір арқа оты­ны бар, сырттан кіріп келді. Менің жы­лағаныма қатты наразы болды. Бірақ бұған бола одан алаңдап жүргенімді айтуым мүмкін емес қой. Шешем менің көңіл-күйімді айтқызбай-ақ түсінді де маған: «Балам, алаңсыз бол. Тірлігіміздің еш қуанар жері жоқ, оған бола Ямаража (тозақ пірі) шақырмайды дейді. Мен де кете қоймаймын», – деді. Менің туғаннан өң-әлпетім өте сиықсыз еді. Қыстақтағы талай адам бетпе-бет мені келекелейтін. Тіпті, мектептегі мінезі тұрпайы, сотқар са­бақтастарым сиықсыздығым үшін мені сабап, үйге зар еңіреп келген кезімде шешем маған: «Балам, сен ондай сиықсыз емессің. Мұрның пұшықтықтан, көзің соқырдан аман. Аяқ-қолың сап-сау. Қане, қай жерің сиықсыз. Оның үстіне, көңіл сарайың түзу. Ізгі істерді көп істесең, қан­ша сиықсыз болсаң да, сұлу көрінесің», – деді. Кейін қалаға кеттім. Кейбір өте мә­дениетті деген адамдардың өзі де сыр­тымнан, кейде тіпті, бетпе-бет сиықсыз өң-әлпетімді сайқымазақ етті. Мен ше­шемнің сөздерін есіме берік сақтап, аса байсалды бейнеде олардан кешірім өтін­дім. Шешем сауатсыз адам. Бірақ сауатты адамдарды өте құрмет тұтады. Отбасы­мыздың жағдайы жапалы, бір уақыт та­мақ жесек, бір уақыт аш қаламыз. Алай­да, анам менің кітап, қалам-қағаз алам деген талабымды еш қайтарып көргені жоқ. Ол бір еңбекқор әйел. Жалқау балаларды қыры сүймейді. Кітап оқимын деп жұмысты ақсатқаныма бола ежелден жаз­ғырып көргені жоқ. Бір күндері ба­зар­ға кітап әңгімелеуші (хикаяшы) келді. Мен ұрланып барып, соның әңгімесін тыңдаймын деп, шешемнің тапсырған жұмысын ұмытып қалдым. Осы үшін шешем мені жазғырды. Кешке ол кішкене майшамның жарығында үйдегілерге мақталы шапан тігіп отырған кезде, мен шыдай алмай, күндіз кітап әңгімелеушінің аузынан естігенімді оған қайталап айтып бердім. Оның түсінігінде кітап әңгіме­леу­шілердің бәрі қу сөзден қуырдақ қуыр­­ған жел ауыз, дұрыс кәсіппен шұғыл­дан­байды, аузынан жарыған дұрыс сөз шықпайды деп білетін. Әңгімемді алғаш тыңдаған кезде сабыры кетіп отырған, бірақ менің жаңғыртып айтқаным оны бара-бара қызықтырды. Осыдан былай әр реткі базар күні маған жұмыс тапсырмайтын болды. Базарға барып, кітап әңгімелеушінің әңгімесін тыңдауыма үн­сіз қосылды. Көп өтпей кітап әңгімелеу­шінің әңгімесін қайталап айтуға қана­ғат­та­н­байтын болдым. Қайталап айту ба­­­­­ры­сында қосып, өңдеп отыратынды шы­ғардым. Шешем ұнатып тыңдаса екен деп, бірсыпыра оқиға желісін ойдан қиыс­тырдым. Кей кезде, тіпті, оқиғаның ше­шімін де өзгертіп жіберетінмін. Менің тыңдарманым шешем ғана емес, әпекем, әжеме дейін тыңдарманыма айналды. Шешем менің әңгімемді тыңдап болған соң, кей кезде іштей алаңдап бір жағы ма­ған, бір жағы өз-өзіне сөйлеген боп: «Ұлым, сен есейген соң қандай адам бо­ла­сың? Қу сөзге таянып тамағын асырайтын заржақ біреу болып жүрме?», – дей­тін. Шешемнің неге алаңдайтынын тү­­сі­­нетінмін. Қыстақта бір сөзуар бала бар еді. Ылғи өзгелерді әуреге салатын. Кей кездері оның өзі үйіндегілерді де әуре-сарсаңға салатын. Мен «Сиыр» деген хикаятымда суайттығымен қыстақта­ғыларға әбден жеккөрінішті болған осы ба­ланы жаздым. Балалық шағымның еле­сі бар. Мен ерекше сөзқұмар тілді-жақты болдым. Бұл қалайда үлкен хауіп-қатердің нышаны. Бірақ менің хикаят айту өнерім үйдегілерге үлкен көңілділік бағыштайтын. Бұл жағдай шешемді әрі-сәрі күйге түсірді.
«Тауды көшіру оңай, жаралмышыңды өз­герту қиын» деген мақал бар. Әке-ше­шем қанша ақыл-нәсихат бергенімен, ме­н­ің сөзшеңдік табиғатымды өзгерте ал­мады. Менің атымның Мо Ян (үнсіз қалу деген мағына береді) деп аталуының өзі нақ өзімді масқаралау сияқты. Мен бастауыш мектепті бітірмей жатып оқу­дан қол үздім. Жасым кіші, денем әлсіз болғандықтан ауыр еңбекке жарамадым. Амалсыз қырға шығып сиыр, қой бағатын­мын. Сиыр, қойларымды жетектеп мек­теп­­тің есігінің алдынан өткен кезде, де­ма­лысқа шыққан сабақтастарым мектеп ау­ласында асыр салып ойнап жүргенін кө­ріп, жаным жабырқап, бір адамның, яғни бір баланың көпшіліктен айырылған­дағы азабын терең сезіндім. Қытайдың данышпаны Лаузы: «Бақ пен сор егіз, бір-бірін толықтап отырады», – деп айтқанын­дай, бала кезімде оқудан шықтым, ашар­шы­лық, жалғыздық, оқитын кітап таба ал­мауд­ың азабын бір кісідей тарттым. Бірақ аға буын жазушымыз Шын Соң­уынға ұқ­сап, қоғам сынды үлкен кітапты оқуды өте ер­те бастадым. Сөздің басында айтқан ба­зардағы кітап әңгімелеушінің айтқан хи­каяты осы үлкен кітаптың бір беті ға­на.
Оқудан шыққан соң, ересек адам­дар­дың арасына қосылып «құлақ молласы» бо­латынды таптым. Бұл ұзақ жалғасты. 200 неше жылдың алдында, менің туған ауы­лымда хикаят айтудың асқан шебері Пу Сунлн өмір сүрген. Біздің қыстақтағы көптеген адамдар және мен соның рухын жалғаушымыз. Мен коллектив еңбек іс­тейтін атыздың басында, өндіріс отря­ды­ның қорасында, атам мен апамның ыс­тық сыпысының үстінде, әуел десең қи­­ралаңдап кетіп бара жатқан арбаның үс­тінде көптеген сырлы әңгімелерді, тарихи аңыздарды, қызықты хабар-ошар­ларды естідім. Бұл хикаяттар жерлік орын­ның табиғатымен, әулет тарихыммен тығыз байланысып жатқандықтан шы­найы сезілетін.
Бір күндері осы көрген-естігендерімнің бәрі шығармашылық материал болады де­ген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Ол кезде басқалардың әңгімесін беріле тыңдайтын әңгімеқұмар бала едім. Сол кез­­де жә деген тәңіршілдің өзі едім.Тір­шілік атаулының жаны бар деп сенетінмін. Үлкен ағашты көрсем, құрмет көрсететін­мін. Ұшқан құсты көрсем, ол қалаған ке­­­зін­де адамға өзгеруі мүмкін деп қиял­дай­т­ынмын. Бейтаныс адамға жолықсам, ол қайсы қайуаннан өзгерді екен деп кү­мән­данатынмын. Әр күні кеште өндіріс отря­ды­ның еңбек нөмірін есептеу үйінен шық­қан кезімде өне-бойымды үрей, қор­қыныш билейтін. Жүрек тоқтатып алайын деп біресе жүгіріп, біресе бала дауысыммен әндететінмін. Сол кезде балиғатқа толу қарсаңы болғандықтан тамағым қы­рылдап, дауысым нашар шығатын. Сон­дағы әндерім ауылдастардың тыныш­тығын бұз­ған шығар.
Туған ауылымда 21 жыл тұрдым. 21 жыл­дан соң ауылдан ұзап, пойызбен Чин­дауға бір рет барған едім. Ағаш материал заводының тау төбе боп үйілген ағаш­та­рының арасында адасып кете жаздадым. Шешем: «Чиндаудан қандай көріністер көр­дің», – деп сұрағанда мен аса ыңғай­сыз­данып: «Түк те көрмедім. Бар көргенім тау­ төбе болып үйілген ағаш», – дедім. Алай­­да, осы реткі Чиндау сапарынан соң, ауыл­дан ұзап шығып сыртқы дүниені көр­сем деген құштарлығым арта түсті. 1976 жы­лы қаңтар айында армияға қабылдан­дым. Шешем той жасағандағы әсемдік бұйым­дарын сатып, маған алып берген төрт томдық «Қытай жалпы тарихын» ар­­қа­лап Гауми үстіртіндегі Дунби ауылы де­­ген мен жақсы көретін әрі өте жек кө­ре­тін ауылдан ұзап шығып, өмірімнің ма­ңыз­ды кезеңін бастадым. Егер ұзақ жылдардан бері Қытай қоғамында зор даму­шылық пен ілгерлеушілік болмаса, ре­форма, есік ашу болмаса мен сияқты жазу­шының да болмайтынын мойындауым тиіс. Әскери лагердегі бірсыдырғы тұр­мыс барысында, 1980 жылдардағы идея­ны азат ету мен әдебиет өрлеу дәуі­рін қарсы алдым. Күні кеше өзгелердің әң­гімесін құлақ түре тыңдап, оны өзгелер­ге әңгіме ғып шертетін бала едім, осы кез­­­ден бастап қолыма қалам алып, хикаямды қағазға сынақ ретінде түсіре бастадым. Бастабында жүрген жолым ондай даң­ғыл бола қойғаны жоқ. Ол кезде жиыр­­ма неше жылдық ауыл-қыстақ өмір тә­жірибесі әдебиеттің кенен кеніш екенін жете аңғартпаған-ды. Сол кезде әдебиетті жақсы адам, ізгі істерді, қаһармандар мен озаттарды ғана жазу деп ұғынғаным үшін, жазған шығармаларымның әдеби құны төмен болды.
1984 жылы емтихан тапсырып «Азат­тық армия көркемөнер» институтының әде­биет факультетіне өттім. Жанашыр ұс­тазым, әйгілі жазушы Шуй Хуайжунның ша­быт беріп, баулуында «Күзгі су», «Құ­ры­ған өзен»,«Мөлдір сәбіз», «Қызыл жүгері» сияқты әңгіме-повесть жаздым. «Күзгі су» атты хикаятымда «Гауми үстір­тіндегі Дунби ауылы» деген сөзді тұңғыш рет қолдан­дым. Осыдан бастап төңіректің төрт бұ­ры­шын тентіреп жүрген диханның өзіне тәуелді жері болғаны сияқты менің де – «әдебиет қаңғыбасының» ақыры еркін жүріп, тұратын орны болды. Әде­биет­тегі ие­лік жерім болған «Гауми үстіртіндегі Дун­би ауылын» барлыққа келтіру барысында Американың Уильям Фолкнері мен Колумбияның Гарсиа Мар­кесі маған жол көр­сетіп, шабыт сыйла­ға­нын мойындаймын. Мен олардың кі­табын ден қоя оқы­мағаныммен, бұрыннан жал­ғасқан асқақ рух маған шабыт берді. Бір жазушының өзі­не тәуелді мекені болуы керектігін ұғын­дырды. Бір адам күнделікті тұрмыста кіш­іпейілдікпен өзгелерге жол беруіне бо­лады. Ал, әдеби жасампаздықта ырық­ты түрде ойға алғанын дербес істеуі керек екен. Осы екі алыптың жолын қуып, ар­тынан екі жыл жүрген соң дереу өзімді аулақ салуым керектігін аңғардым. Бір мақаламда: «Олар оты лаулап жанған екі үлкен ошақ. Ал, мен бір кесек мұзбын. Оларға жақындасам еріп, буға айналып ке­тер­мін. Менің алған әсеріме негіздел­генде бір жазушы мәлім бір жазушының ықпалына ұшырауының түпкі себебі – ықпал жасаушы мен ықпалға ұшыраушы­ның рухында іштей үндестік, ұқсастық бар, ой-ниеті ұқсастар тіл табысады деген сөз бар. Сондықтан мен олардың кітабын ойдағыдай оқымасам да, бірнеше бетін оқып-ақ не жазғанын, қалай жазғанын ұғып қойдым. Сонымен бірге, нені, қалай іс­теуім керектігін түсіндім» деп жазған едім. Менің тәсілім – өзім қанық білетін базардағы кітап әңгімелеушінің тәсілі. Атам мен әжемнің, қыстақтағы қарттар­дың әңгіме шерту тәсілі. Ашығын айтсам, хи­кая айтқан кезде кім менің тыңдар­маным боларын есіме алып көрмеппін. Бәлкім, менің тыңдармандарым шешеме ұқсас адамдар, бәлкім, менің тыңдарма­ным тек өзім ғана шығармын. Алғашқы шы­ғармаларымның бәрі өзімнің төл кө­шір­мем. Мәселен, «Құрыған өзендегі» таяқ жеген бала, «Мөлдір сәбіздегі» бас­тан-аяқ бір ауыз тіл қатпайтын бала.
Рас, мен бір жолы қателік өткізіп, әкем келістіріп сабаған болатын. Көпір са­лып жатқанда теміршінің көрігін сүй­рескемін. Әлбетте, жекенің өмірі қанша ке­ремет болғанымен, қалпын құрғатпай әң­гі­меге кірістіруге келмейді. Хикая де­ген­ді ойдан қиыстырасың әрі қиялдан туын­датасың. Көптеген достарым «Мөл­дір сәбізді» менің ең жақсы шығармам деп жүр. Бұған қарсы емеспін, ал өзім бұ­лай деп санамаймын. Алайда, менің жазуым­ша, «Мөлдір сәбіз» шығармала­рым­ның арасындағы ең сим­волдық мән ал­ған, мәні терең біреуі. Ондағы ерекше адам­дардың азапқа тө­зімділік қабілеті мен сезімталдық қа­білетіне ие жылтыр қа­ра бала – менің барлық хикаятымның ру­хы. Кейінгі шы­ғармаларымда көптеген кейіп­керлер сомдағаныммен, бірде-бі­реуі сол бала сияқты рухыма жақын кел­мей­ді. Немесе былай деп те айтуға болады. Бір жазушы сомдаған кейіпкерлерінің арасында, қа­лайда біреуі көшбасшы. Осы үнсіз бала да бір көшбасшы, ол ләм деп тіл қатпайды. Бірақ әр алуан кейіпкер­лер­­ге пәрменді түрде басшылық етіп, Гау­ми үстіртіндегі Дунби ауылы сынды сах­нада күйі­нің ке­лісінше өнер көрсетеді. Менің хи­кая­тымның да шегі бар, өз айтарымды айтып болған соң, өзгелердің әңгімесін айтуым керек. Сонымен бірге, туыста­рым­ның, қыстақтағылардың әңгі­месін жә­не қарт­тардың аузынан естіген арғы ата-баба­ла­рымның әңгімелері «жинал» деген бұй­рық­ты естіген әскер сияқ­ты, көңіл түп­кі­рімнен атылып шыққан бұлақ­тай ағытылады. Олар маған үміт­тене қа­райды. Өздерін жазуымды тосады. Ата-әжем, әке-шешем, ағам, әпекем, ағайым, әйелім, қызым, бәрі де менің шы­­ғармамда жазылды және Гауми үс­тіртінің Дунби ауылындағы көптеген ауылдастарым шы­ғармамда көрініс берді. Әлбетте, мен олар­дың бәрін әдеби тұлғаға айналдырдым. Өзінің жаралмышынан құбылып, әдеби кейіпкерге айналды.
Ең жаңа шығармам «Тісті бақада» апайым­ның образы көрініс берді. Оның Нобель әдебиет сыйлығын алатынын ес­тіген соң, тілшілер үйіне іздеп бар­ған. Ол әу баста қойған сұрақтарына са­быр­лықпен жауап берген. Бірақ көп өт­пей әбден мезі болып, аудандағы ұлының үйіне барып бас сауғалапты. Апайым шы­нын­да «Тісті бақаны» жазғандағы мо­де­лім. Бірақ шығармадағы апайым мен өмірдегі апайым арасындағы айырма­шы­лық жер мен көктей. Романдағы апайым қазымыр, көкбет, кейде тіпті әйел қарақ­шыдан аумайды. Өмірдегі апайым ашық-жарқын, асыл жар, аяулы ана. Өмірдегі апайымның ғұмыры бай-бақытты өтіп келеді. Романдағы апайым соңғы өмірін­де рухани ауыр соққыдан ұйқысыздық ау­руына шалдығып, қара күпісін үстінен тастамай, жын-шайтан сияқты түнде тоқ­тамай кезіп жүреді. Мен апайымның кең­пейілдігіне алғыс айтамын. Романда оны басқаша адам етіп жариялағаным үшін ренжімеді және апайымның ақыл­дылығына тәнтімін. Ол романдағы кейіп­кер мен өмірдегі адамның күрделі қарым-қатынасын тура түсінді. Шешем қайтыс болған соң, қатты қайғырып, шешеме ар­нап бір кітап жазу бекіміне келдім. Бұл жазған кітабым – «Адуын әйел» көкейімде пісіп-жетіліп, шабытым келіп, небары 83 күнде 500 мың әріптік романның алғаш­қы нұсқасын жазып бітірдім. Осы «Адуын әйел» атты кітапта, шешемнің төл кешір­ме­­­сімен қатысты материалдарды еш имен­бей кәдеге жараттым. Ал кітаптағы ана­ның сезімдік жақтағы кешірмелерін ой­дан қиыстырдым. Немесе Гауми үстірт­­інің Дунби ауылындағы аналардың ке­шірмелерін шикізат еттім. Осы кітаптың кі­ріспесін «Анамның рухына арнаймын» деп жаздым. Ал, бұл кітап түбін қусақ Жер бетіндегі барлық аналарға арнал­ған. Бұл менің титімдей Гауми үстіртіндегі Дунби ауылын Қытайдың, тіпті дүниенің жинақ көрінісі ретінде жазып бейнелесем деген өлермендігімнің нәтижесі.
Әр жазушының шығармашылық бары­сының өз ерекшелігі болады. Менің әр кі­табымның мазмұны, неден шабыт алып бас­тауым бір-біріне ұқсамайды. Кей ш­ы­ғарма көрген түсімнен туындаған. Мұның мысалы «Мөлдір сәбіз». Кей шығарма­ла­рым, мәселен, «Жәннаттағы сарымсақ өні­мі туралы жыр» өмірдегі болған оқи­ға­дан бастау алған. Мейлі көрген түстен бас­­­тау алсын, әлде шынайы өмірден туын­­дасын, ең соңында жекенің төл тәжі­рибесімен ұштастырылғанда ғана дара­лы­ғы айқын, жанды, нәзік факторлардан тип­тік кейіпкер сомдалған, тілі шұрайлы, құрылымы бөлекше әдеби туындыға айналады. Мұнда арнайы атап өтуге тиісті іс «Жәннаттағы сарымсақ өнімі туралы жыр­да» мен нағыз кітап әңгімелеушіні са­­хнаға шығардым. Кітапта ол өте маңыз­ды роль атқарды. Менің жазушылы­ғым­да осындай жағдайлар көп жүз берді. Бас­тап жазған кезде олардың шын атын атап жазамын, осы арқылы оған жақын­дық танытсам деймін. Бірақ шығарманы жа­зып болған соң, оның атын өзгерту мүм­­кін еместей сезіледі. Осыған бола шығар­мамдағы кейіпкермен аттас біреу әкемді іздеп келіп, түсінбестік жағдай орын ал­ған. Әкем менің атымнан кешірім сұрап: «Олардың жазғанын тура мағына­сын­да қабылдама», – деп нәсихат та бер­­ген. Әкем оған: «Ол жазған «Қызыл жү­­гері» шы­ғармасында «менің әкем деген жер­лік қарақшының тұқымы» деп бастапты. Мұны көңіліме алғаным жоқ. Сен кө­ңі­ліңе алып не қыласың», – депті. «Жән­нат­­тағы сарымсақ өнімі туралы жыр» сияқ­­­­­ты қо­ғамдық өмірге етене жақын шы­­­ғар­мам­ды жазған кезімде, дөп келген ең үлкен мәселе – қоғамның қараңғы жақ­тарын қазбалап сынауға батыл болу-бол­мау мәселесі емес, қайта осындағы жалын­даған жігер мен ашуға ерік беріп, саясат арқылы әдебиеттің үнін өшіріп, осы шы­ғарманы қоғамдық оқиғалардың деректі баяндамасына айналдырып алмау ісі болды. Жазушы қоғамдық адам. Оның өз майданы, көзқарасы бар. Бірақ жазу­шы­лыққа отырған кезде адамдық тұрғыда тұрып, барлық адамды адам са­на­тында жазу керек. Осылай істегенде ға­на, әде­биет оқиғадан бастау алады, бі­рақ оқи­ғамен ғана шектелмейді. Сая­сатқа көңіл бөледі, бірақ саясаттан биік тұрады. Бәл­кім, менің ұзақ уақыт жапалы өмір кешір­генім адамдық қасиет туралы біршама терең түсінікке ие етті. Мен на­ғыз батыр­лық­тың қандай болатынын, нағыз жана­шырлықтың қандай болатынын білдім. Әр адамның көңілінде ақ-қа­расы мен ізгілік-жауыздығын бейнелеп, анықтап түсіндіру қиын болған күңгірт өңір барын білемін. Ал, осы өңір дәл әде­биетшілердің талант-дарынын әйгілейтін кең-байтақ өріс. Осы қайшылыққа толы күң­гірт өңірді дәл, жанды бейнелеп жаз­ған шығарма табиғи түрде саясаттан асып түседі әрі үздік әдебиеттің ерек­ше­лігін әйгілейді.
Өз шығармаң туралы ауыз жаппай сөй­лесең, тыңдаушыны жалықтырасың. Ме­нің өмірім шығармаларыммен тығыз бай­ланысып жатады. Шығармам туралы айт­пасам, неден бастарымды білмеймін. Сон­дықтан кешірім етулеріңізді өтінемін. Ал­ғашқы шығармаларымда қазіргі за­ман­ғы кітап әңгімелеуші санатында шы­ғар­­маның астарына жасырынғамын. «Сан­­дал жазасынан» бастап мен артқы сах­надан алдыңы сахнаға шықтым. Ал­ғаш­қы шығармаларымда өз-өзіме сөй­лесіп, оқырманды ойластырмаған болсам, осы кітаптан бастап, ашыққа шығып, оқыр­мандарға бетпе-бет нашына келтіре отырып хикаят айтып тұрған сияқты сезі­немін. Бұл әлемдік прозаның да, тіпті, Қы­тай прозасының да дәстүрі. Ілгеріректе Батыстың модернизм шығармаларын ден қоя оқығанмын. Әр алуан баяндау тәсіліне салып жазып та көргемін. Соңында дәс­түрге қайта оралдым. Әлбетте, мұндай қай­тып оралу түк те жаңалық қабыл­да­май сол беті оралу ғана емес. «Сандал жазасы» және кейінгі шығармалар Қы­тайдың дәстүрлі әдебиетіне мұрагерлік еткен әрі Батыс прозасының өнер өне­гесін үлгі еткен араласпа әдебиет. Проза саласын­дағы барлық жаңалықтар, не­гізінен осы араластырудың нәтижесі, Қы­тайдың әдеби дәстүрі мен шетелдің проза өне­рінің тоғыстырылуы болып табылады. Проза мен басқа көркемөнер жанр­ла­рының тоғыстырылуы. Бейне «Сан­дал жаза­сының» халықтық музыка театрлары­ның қоспасы болғаны сияқты іс. Алғашқы прозаларым сурет өнері, музыка, тіпті Цирк өнерінен нәр қа­был­даған секілді.
Соңында, «Арпалыс» атты шығармам туралы айтуыма рұхсат етіңіздер. Бұл кі­тап­тың аты «Будданың тәмсіл әңгімелері­нен» келген. Менің білуімше, осы кітаптың атын аудару үшін әр ел аудармашылары көп бас қатырған. Мен «Будданың тәмсіл әңгімелерін» ішкерілей зерттеп көргенім жоқ. Будда шариғаты туралы түсінігім де төмен. Сондықтан бұл мен үшін маңызды іс. Өйткені, Будда дінінің көптеген негізгі идеясы нағыз ғарыштық сана, фәни дү­ниедегі талас-тартыстар Будданың на­зарында ешқандай мәні жоқ. Көз алды­мыздағы фәни дүниеге осындай биік тұр­ғыдан қарайтын болсақ қасірет толы. Әлбетте, мен бұл кітапта уағыз-нәсихат жа­зып отырғаным жоқ. Жазғаным – адам­­ның тағдыры мен сезімі. Адамның шек­темелігі мен кеңпейілдігі және адам­ның бақыт іздеп өз сеніміне табанды бо­­лып, көрсеткен жігері мен бодауын жаз­дым. Шығармамдағы өз бетімен дәуір ағымына қайшы келген көкбет – кө­ңі­лімдегі нағыз қаһарман. Осы кейіпкердің прототипі көрші қыстақтағы диқан. Бала кезімде, оның шиқылдаған ағаш арбасын айдап, есігіміздің алдындағы жолдан өткенін көретінмін. Оның арбасына жек­кені ақ­сақ есек, оған арбасын жегіп бер­ген шиаяқ әйелі, бұл бір ғажайып еңбек бір­лестігі. Сол кездегі коллективтік қо­ғам­­да ол көзге қораш, дәуір ағымына үй­лес­пей­тін сияқты көрінетін. Біз бала­лардың на­за­рында оларды тарих ағы­мына қайшы келген ақымақтар деп қа­райтынбыз. Олар жолдан өткен кезде, оған кектене қа­рап, тас лақтыратынбыз. Талай жыл өт­кен соң, қолыма қалам алып, жазуға отыр­ғанда осы кейіпкер, осы көрініс санамда қайтадан елес берді. Мен күн­дер­дің күнінде ол үшін бір кітап жазарымды білетінмін. Оның хикаятын ертеме-кеш бар адамға тыңдатқым келді. 2005 жылға жеткенде бір бұдхананың қабырғасына сызылған «Алты жолдың тоғысуы» атты қа­бырға суретті көргенде барып, осы әң­­гі­мені айтудың дұрыс әдісі ойыма түс­ті.

Қытай тілінен аударған
Мәдениет Мұқатайұлы.
ҚХР.

Дереккөз: “Қазақ әдебиеті”

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар