///

Ауылға қайтыңызшы, ата…

1987 рет қаралды
3

Кішкентайымда үйдегілер кітап оқы деп тақауырласа-ақ болғаны сөреде қаз-қатар тізілген көп кітаптың ішінен мұқабасы қызыл кітапты үйренген қолым жып еткізіп суырып алуға бейім тұратын. Оқыла-оқыла жемтірленіп кеткен, сөйтсе де бипаздалып ұсталатын кітаптардың қатарынан болған «Доңыз жылғы балалық» атты сол кітаптағы кейіпкерлер маған кішкентайымнан етене жақын болды. «Климмен күрес», «Құлаққа талас», «Шаңқа», «Ақжалға кеткен Сейіттің баласы» сынды тілі жатық әрі оқиғаға толы суреттерді жеңіл сипаттаған, әйтседе көркем сөздер ретімен, тиянақты  қолданылған  әңгімелер қай жастағы оқырманға болсын қызықты оқылуымен қатар айтары мол шығармалар болатын.  Мұхтар атаның шығармаларынан ептеп-септеп сөздер мен сөйлемдерді мектепте әрқилы тақырыптағы шығармалар жазғанда жырмыштап қосып жүретінмін, кейін келе «Менің меншікті ұрыларым» атты жазбасын оқып, қатты ұялғаным бар еді.

Бүгінде ҚазҰУ-дегі Кәкен Қамзин, Мұрат Шаймаран сынды ұстаздарымызбен бірлесіп сабақ барысында сіздің шығармашылығыңызды талдап, саралап студенттер өзара шамамызша пікір алмасатынымыз бар. Басқаларын қайдам, өз группаластарымның көбінің кітап сөресінде сіздің кітабыңыз тұрады. Бір-бірінің туған күндерінде, атаулы мерекелерде сіздің кітабыңызды тарту-таралғы ретінде ұсынып жатқаны сіздің тараптағы бағалануы тиіс еңбектердің қалыпты  көрінісі деп есептеймін. Менің дипломдық жұмысымның тақырыбы сіздің шығармашылығыңызға байланысты. Осы орайда баспасөз беттерінен әрқилы тараптағы мақалаларды жиыстырып, дипломдық жұмысыма керек материалдар іздестіріп жатамын. Дипломдық жұмысқа ізденіс барысында әр түрлі мазмұндағы мақалаларға кездесіп, танысу барысында әр қандай эмоцияда болатыным жасырын емес.  Мәселе менің таңырқап, таңқалуымда да емес, әлбетте. Сіздің шығармашылығыңызды былай қойғанда, жеке басыңызға нұқсан келтірерлік бейәдеп сөздермен мақала емес қойыртпақ жазған Қалдыбек Құрманәлі, Рахмыжан Отарбаев сынды жазғышбек ағалардың жазғандарын басында оқып отырып, әдебиеттегі мәдениеттен жұрдай пенделердің ортасынан жиреніп кеттім. Әлдеқашан қақпағы жабылған қазанның бетін қайта ашқым келген, алайда Мұхаңдай ақсақалымыздың аппақ арына мұндай қисынсыз балапыттаманың дағы да жұқпайтын есіме алып үнсіз қалдым.

«Ұлтсыздану ұраны» атты кітабыңызда «Біздің ұғымда, бүгінгі қазақ жазушысының ең басты міндеті – халқымыздың ең басты өзіне деген сенімін қалпына келтіру» деп жазасыз. Яғни, қазақ ұлтының бір ғана жауы, қатерлі жауы –  ұлтсыздықпен табанды күрес жолында, осы жолдағы ұлы сенімді қалыптастыру үшін аянбай тер төгіп,  бар ғұмырыңызды арнап, міндетіңізді мүлтіксіз орындап келесіз. «Тарихи таным – жалпы дүниетанымның ең басты, өзекті арқауы» деп өзіңіз айтқаныңыздай тарихи сауатты болмай, сізді, сіздің ерек болмысыңызды түсіну мен шығармашылығыңыздың нәрінен тоят алу мүмкін емес дер едім. Әлбетте, сіз жайлы мақтау мен мадақтаулар аз емес, десе де менің бұл – сіз жайлы, шығармашылығыңыз жайлы аз ғана ой толғауым – жеңілтек лепес емес, жүрек жарды шын сөзім, жақсы көруімнің көрінісінен деп білемін.

Әр заманның айрықша жүгін арқалаған ұлы тұлғалардың шығармасын бір тұтас жүйе ретінде алар болсақ, сол жүйенің белгілі бір үлкен мақсатқа, ұлы мұратқа жұмыла қызмет етіп жатқанын көреміз. Бірақ ұлттық мүдде жолындағы тынымсыз еңбек пен мұндай кенеусіз бақытқа қалам тартқан кез-келген жазушының ие бола бермейтіні тағы да рас. Осы ретте көктен түскен дарын мен қонған бақтың иесі – ұлтымыздың өзіне деген сенімін қалыптастыру, арттыру жолында ұлттық әдебиетімізге рухани сілкініс әкелген «ұлт ұраншысы» – Мұхтар Мағауин абыз атамыз екені хақ. «Бір уыс бидай», «Тіленші» сынды әңгімелеріңіз алғаш қалам тартқан жылдарыңыздан бастап тек ұлттық мүдде жолында еңбек етіп келе жатқаныңыздың куәсі іспетті.

«Шытырман» және «Қия жолдар» атты екі кітаптан құралған «Мен» атты ғұмырбаяндық хамсаңызда сіздің жеке өмір көрністеріңізбен ғана емес, шығармаларыңызды жазу барысындағы күйкі тірліктің қол байлау болып, кедергі келтіргенін, кедергі ғана емес, жазу-сызудың машақатын, оларды жарыққа шығару жолындағы небір келеңсіз қиыншылықтарды бастан өткергеніңізді және сол сәттердегі жан күйзелістеріңіздің серпінін сезініп, әр бір қымбат шығармаларыңыздың қалай жазылғандығы жөнінде құнды мәліметтерді оқып отырып жете танысамыз. Танысамын деп отырып, әуезді қоңыр дауысыңызбен өзіңіз әңгімелеп, сыр шертіп отырғандай елес беріп, үн-түнсіз «Мен» деген Мағауин әлемін құштарланып, қанатым талмастан талай шарлағанмын.

Елдігіміздің көрінісі, ғасырымыздың бедері болған  мақтаныштарымыз – Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Бұқар сынды алыптарымызды қайта тірілту барысындағы жанкешті еңбек пен төзімнің арқасында қазақ халқына жол тартқан шоқтығы биік еңбектеріңіздің көшін бастап тұрған «Қобыз сарыны», «Алдаспан» антологиясының қалың оқырманға қалай жол тартқаны жайлы  біздер осы «Мен»  атты дилогияңыз арқылы білеміз.

Қазақ хандығының жылнамалық тарихы «Қазақ тарихы әліппесі», «Ұлтсыздану ұраны» сынды дүниелеріңіз жастардың көкейіне ой түрткі болар, санасына саңлау ашар дүниелер екені рас.

Алыс шет елде, туған халқыңыздың бауырынан алшақ, құшағынан жырақта жүріп жазылған «Жармақ» романы да дәл өз уақытында, қоғамымыздың және жеке сипаттағы мәселелерге қатысты өз мерзімінде жарыққа басылып шыққан сәтті шығармалар ретіне жатқызамын. Жеке тұлғаның екіге бөлінуі салдарынан туындаған оқиғалар төңірегінде біздің қатерлі жауымыз – ұлтсыздық мәселесін,  тәуелсіз мемлекет болашағы мен қайран қазақ халқының тағдыры жайын қамтиды. Алғаш тәуелсіздік алған жылдары кетеуі кеткен қоғамда ұлттық мемлекет құру идеясы ескерусіз қалып, ақша мен мансапқа жаны тұрмақ арын саудалаған қоғамнан бет бұрғызар, тәуелсіз  ұлттық мемлекет құру жолына соны бағыт алуды көздеген «Жармақ» романы жайында «асығыс жазылған», «көркемдік бояуы аз, жалаң публицистика» деген сияқты сыни пікірілер де айтылып жатады. Бұл пікірлер орайына өз кезегінде  жазушы Герольд Бельгер былай деп жауап қатады:

«… «Жармақ» публицистикалық серпінді, ділгір мәселелерді қозғайды, тартысты. Мен мұндай сапаны артықшылық деп есептеймін. Мұндай сипат мені еліктіріп, қызықтыра түседі, ойлануға, кешегі өткенге мұқият үңілуге итермелейді, қайшылығы мол бүгінгі тірлік көңілге күмән ұялатып, болашақ туралы ойға жетелейді. Болмысқа ұлттық һәм жалпыадамзаттық тұрғыдан қарайсың. Бұл – роман-толғаныс, роман-эссе, роман-айтыс-тартыс. Мен осылай қабылдадым…Роман басқа тілдерге де аударылса да жүрек қылын дөп басар еді деп ойлаймын. Өйткені ол тар ұлттық құбылыс аясына сыймайды».

Өзгеше тұрпатты ғалым – Мұрат өз халқының тарихын қызығушылықпен зерттеп, көшпенділердің өркениеттен тыс қалмағанын  ғылымға жүгініп зерттеп, дәлелдейді. Өзінің екінші жармағы Марат сынды мансапқор және Мұраттың күллі еңбегін зая кетіруші топ өкілдері – дарақы белсенді Нұрқан Жангелдин, айлалы Нұрмаш Саттаров, орыс есімді қара қазақ Иван Мокеевич Есенғалиев, можантопай көсем Мүштар Мақановтардың абыройсыз даңғаза әрекеттерін ұрпақ алдында аяусыз әшкерелейді. Бұл «Жармақ» романы жазушының жан айқайы, қаншама дүрбелеңнен кейінгі кеудедегі шерін тарқатуы сияқты.

Болашақ мемлекетіміздің бағыты мен қазақ халқының салқар көшіне бағдар сілтейтін сайыпқыран «Шыңғысхан» атты ғылыми-танымдық романыңыздың бүгінде бірінші кітабы баспадан жарық көрді ғой. Бұл сүбелі еңбек тайпалық деңгейдің шырмауынан құтыла алмай жүрген, кемшін, құлдық саналары басым біздің ағайындарымыздың арасындағы бітпес даудың нүктесін қояр соңғы шешім болса деген сенімдемін. Естуімше екінші кітабын да баспаға ұсынып, жүгі ауыр 3-4 томдығына кірісіп жатыр екенсіз. Ендеше Тәңірі алқап, аруақ қолдап абыроймен аяқтауыңызға тілектеспін, мен ғана емес тәуелсіз қазақ жастары сіздей абыз атамыздың жолында жанпидамыз…

P.S: Екінші ақпан туған күніңіз ғой. Туған күніңізбен, ата. Мүшел жастан аман шыққаныңызға қуаныштымын. Сіздей ауызы дуалы, сөзі киелі атамыздың  батасына зәруміз. Ауылыңызға қайтыңызшы, ата…

Ая ӨМІРТАЙ, ҚазҰУ студенті

Сурет: Мағауиннің жеке мұрағатынан, Массагет.кз

Парақшамызға жазылыңыз

3 Comments

  1. “Қозыдай маңрап, сүймеген сірә болармын” Мұхтар аға, аман болыңыз!

  2. Мағауин көкем аман болсын, “Шыңғысхан” романы әлемдік деңгейдегі ең ұлы шығармалардың бірі… ақ жол тілеймін сізге, тәңірі қолдасын!!!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар