***
Ұлттың үш алыбы Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Райымжан Мәрсеков бастаған білімді азаматтары жалпыхалықтық газет ашу ісімен 1905 жылғы орыс революциясынан кейін айналыса бастаған. Оған себеп болған не? Сол жылы патша ағзамның «18 ақпан жарлығы» жарияланысымен олар өздерінің саяси талаптары жазылған әйгілі «Қарқаралы петициясын» Санкт-Петербургке жібереді. Петицияның 3-тарауында: «Қазақ халқының қазіргі мұқтажын айқындау үшін қазақ тілінде газеттер басып шығару қажет. Ол үшін бастапқы цензурасыз баспахана ашуға және газет басуға рұқсат сұрау емес, құлақтандыру тәртібін орнату керек болды», – деп жазылған. Семейден шығып тұратын «Семипалатинскій листокте» Петербордың «Новая жизнь» газетінен көшіріп басқан хабары жарияланған. «17 қазан манифесі мен одан кейінгі тұста Ә.Бөкейханов қазақ тілінде газет басып шығару үшін қырға кетті». Ал қараша айында Бөкейханов Мәскеуде өткен Ресейдің «Жергілікті (земский) және қалалық қайраткерлерінің» құрылтайында қазақтың сөз бостандығына зәру екендігі туралы сөз сөйледі. Ол: «Ана тілін еркін қолдану қазақтардың таяу арадағы мұқтажы, сөз бостандығы әсіресе алдағы сайлау науқанына аса қажет», – деп мәлімдеген. Бөкейхановтың бұл мәлімдемесі текке айтылмаса керек. Сол жылдың 9 желтоқсанында Ахмет Байтұрсынов ұсынған «Қазақ» деген атаумен газет шығаруға ресми рұқсат берілді. Бірақ әлдеқалай себептермен газет 1913 жылдың 2 ақпанынан бастап аптасына бір рет шыға бастады. Ал газет атауы неге «Қазақ»? Кейбір деректерге қарағанда сол кезге дейін патша немесе үкімет құжаттарында қазақтар «киргиз-кайсак» деп жазылып жүрген. Бұл туралы Ахмет Байтұрсынов «Түрік баласы» деген бүркеніш атпен «Қазақ тарихы» айдарымен жарияланған тізбекті мақаласында: «…Біздің қазақ өзінің атынан айрылып, қырғыз атанып жүрмекші емес. Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ. Осы ғасырдағы әлем жарығына қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай және өзіміздің шарқ әдетіне ыңғайлы қылып «Қазақ мәдениеті» (Казахская культура) құрып, бір жағынан «Қазақ әдебиеті» (Казахская литература) тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы». Газет шығарушыларының алғашқы сандағы «Құрметті оқушылар!» деп аталынған мақалада «…Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың әруақты аты деп, газетіміздің есімін «Қазақ» қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету қазақ баласына міндет. Халыққа қызмет етемін десеңдер, азаматтар, тура жолдың бірі осы. Жол ұзақ, ғұмыр қысқа, қолдан келгенін ғұмыр жеткенінше істеп кетелік. Малша оттап, асап ішіп, халық үшін қам қылмай, қарын тойғанына мәз болып, мал өлімінде өлмейік», – деп жазылған. Осы мақалада олар халықтың ұйқыдағы санасын ояту үшін газеттің мәні мен маңызын да көрсетіп берген. «…Әуелі, газет – халықтың көзі, құлағы, һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды. Дүниеде не болып жатқанын көру жоқ, өз пікірін айту жоқ. Бүтін дүние жүзіндегі халықтар телеграмм, телефон, пошталардың арқасында бір-бірімен хабарласып, газет арқылы жұртқа жайып, бір үйдегі адамдардай сөйлесіп отыр. Дүниеде болып жатқан істер, сөйленіп жатқан сөздер – кімге пайдалы? Кімге зарарлы екендігін күні бұрын біліп, пайдалы болса, шаттанып, зарарлысынан сақтанып тұрады». Газеттегі «Ішкі хабарлар» тақырыбымен берілген шағын мақалада елдегі кірмелермен бөліске түскен жер мәселесінен мәліметтер берген. Қаншама шұрайлы жерді кірмелер иемденіп отырғанын оқып, оқыған жұрт бұл хабардың астарында үкімет тарапынан әлеуметтік әділетсіздік жасалып отырғанын іштей сезеді. Газет бүгінгі күнге дейін күрмеуі шешілмей келе жатқан тіл мәселесіне де сол кезде зор көңіл бөлген. «Қазақ деген қашаннан өз алдына ұлт болып, Еділден Ертіске, Оралдан Ауғанға дейін тұтас тұрған халық еді. Арамызға әртүрлі жұрт кіріскенде солармен қатар, атымыз жоғалмай, қазақ ұлты болып тұра аламыз ба? Осы біздің төсекте дөңбекшітіп, ұйқымызды бөлетін нәрсе. Басқа жұртпен араласқанда өз алдына ұлт болып, өз алдына тілі бар, өз тілінде жазылған сөзі (әдебиеті) бар жұрттарға не тұрады. Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады. Егерде біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек. Қазақтың осы күнгі ісінің бетіне қарағанда һәм мұнан былай ісіміздің беті осы болса, қазақ тілі азып жоғалуға ықтимал. Біз келімсек жұрттан кем болмас үшін оқымай тұра алмаймыз. Оқымасақ басқалармен қатар тіршілік ете алмайтынымыз сүттей ақ, күндей жарық. Оқығанда ісіміз осы қалпында болса, тіліміздің азып жоғалуы да анық.
…Русша оқығандарымыз қазақ тілінде пікірімізді толық айта алмаймыз, жетпейді, русша жазғанымыз оңай дейді. Қысқаша, русша, мұсылманша оқығандарымыз қазақ тілімен жазуға қорланып, біреуі русша жазады, біреуі әдеби (араби, фарсы сөздері көп кірген тілді айтып отыр. К.А.) тілмен жазады. Бұлардың өз тілінен қорынып жиренетін себебі не? Менің ойлауымша, бұл әдеттенуден бірі русша оқып, бірі әдеби тілмен оқып, қазақша жазу әдетінде болмағандық. Әдетінде жоқ нәрсе қалыптан тысқары болып, басында ерсі көрінеді. Қазақ тілі мен жазу әдетінде болмаған соң русша һәм мұсылманша оқығандарымыз қорынады. Бір-біріне жазған хаттарында қазақша жазбайды. Бұлай істеулері ұнамды емес. Сегіз, тоғыз жасынан оқуға түссе, оқыған тілі басқа болса, оқитын кітабы басқа тілде болса, жазғанда сол кітаптардан үлгі алып жазса, олар қайдан қазақша жазуға әдеттенер? Мұнан былай да осы бетімізбен жүре берсек, бірте-бірте тұтынудан шығып, әуелі қазақша жазу ұят көрінер, онан әрі не болары белгілі. Оқыған жастарымыз қазақ тілінен жиренсе, қарттарымыз мың жасауға болмаса, қазақ тілі жан сақтайтын орын жоқ. Сондықтан бұлтақтамай осы бастан істің бетін тура жіберу үшін анықтап ашатын нәрсе мынау: қазақ тілін сақтау керек пе, болмаса русша болсын, басқаша болсын сөйлеуге жараған соң бәрі тіл ғой, қазақ тілі жоғалса жоғала берсін дейміз бе? Біздің газетіміздің таңбасы «Қазақ», яғни қазақтығымызды сақтау. Қазақтық әрине аты мен тілі жоғалмаса сақталады. Бұл айтқанымыз русша, я басқаша оқымасын деген емес, русша тілін де білу керек. Бірақ өз тілінен жиренбеске керек деген сөз. Тұтынбаған нәрсе жоғалады». Бұдан асып не айтуға болады? Мәтіннен Ахмет Байтұрсыновтың қолтаңбасы анық көрініп тұр. Қазақ осы бір әлеуметтік кеселінен әлі де арылған жоқ. Арамызда әлі де Ана тілімізден жиреніп, сөйлеуге қорланып жүргендер қаншама. Осылай боларын әу баста ойлаған Ақаң неткен көреген жан еді!
Енді газеттегі «Түрік баласы» деген бүркеншік атпен жарияланған «Қазақтың тарихы» деп аталған мақалаға көңіл қояйық. Автор тарихқа түсіндірме бере келіп: «…Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп, не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатынына көзі жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады. …Тарих не айтады десеңіз оның айтатыны мынау: Біздің бұрынғы бабаларымыздың кім екендігі, олардың дүниеде не істеп, не бітіргендігі, қандай құты барлығы, ол құтты не орынға жұмсағандығы; істеп жүрген ісінің қайсысынан пайда, қайсысынан зарар көргендігі; бұрынғы бабаларымыздың досы-дұшпаны кім екендігі, не себеппен бағы тайғандығы және соған ұқсас істердің барлығын тарих сөйлеп түсіндіріп тұрады», – дейді. Газетте дін тақырыбына да көп орын берілген.
Газет қолдан-қолға, ауылдан-ауылға тез тарап, оқырманын көбейте түсті. Оны сол кезде Дала және Түркістан уалаяттарына немесе 9 облыс пен 1 губернияға бөлінген қазақ мекендеген жердің бәрінде жаздырып алды. Сондай-ақ Киев, Қазан, Санкт-Петербург, Томск және басқа да қалаларындағы университеттерде оқитын қазақ студенттері де жаздырып алып тұрғандары туралы деректер бар. Жалпы XIX ғасырда оқыған қазақ жастарының саны жылдан-жылға өсіп отырған. Жазушы-аудармашы Ғалым Ахмедовтың 1996 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Алаш «Алаш» болғанда» атты кітабында 1917 жылға дейін жоғары білім алған ұлт жастары туралы біраз мәліметтер бар. Олар Санкт-Петербург, Мәскеу, Қазан, Киев, Каир, Стамбул, Варшава, Том, Омбы, Орынбор, Саратов қалаларындағы университеттер мен институттарда оқығандар. Соның ішінде 27 адам XIX ғасырдың соңынан 1901 жылға дейін білім алғандар. Олардың арасында Ахмет Бірімжанов, Әлихан Бөкейханов, Бақытжан Қаратаев, Бақтыгерей Құлманов, Әли Көтібаров, Серәлі Лапин, Дінмұхамед Сұлтанғазин секілді жұртшылыққа кеңінен танымал тұлғалар бар. Ал XX ғасырдың басынан Қазан төңкерісіне дейін бұлардың саны 78 адамға жеткен. Бұлардың қатарында да қазаққа белгілі тұлғалар: Мұхамеджан Тынышбаев, Жақып Ақбаев, Халел Досмұхамедов, Мұстафа Шоқай, Райымжан Мәрсеков, Әлімхан Ермеков, Санжар Асфандияров, Ғалел Ғаббасов, Нәзір Төреқұлов, Мәннан Тұрғанбаев және тағы басқалар бар. Аз уақыттың ішінде «Қазақ» газеті күллі ұлттың асыға күтетін және сүйіп оқитын басылымға айналды. Алғашқы жылы 3 мың дана таралыммен шыққан газеттің аз уақытта жазылушылар есебінен бірнеше есеге көбейгеніне көңіл аударған Оксфорд университеті зерттеушілерінің мәліметіне қарағанда, газет саны көп кешікпей 8 мыңнан асып түскен. «Қазақстан» мен «Қазақ газеті», сондай-ақ «Айқап» журналы негізінен қаржының жетіспеуінен жабылып қалған болса, «Қазақ» газетінің сенімді демеушілері болған. Оған дәлел ретінде мынаны айтуға болады. Газет шыға бастаған 1913 жылдың ақпанынан 1917 жылдың соңына дейін оның бас редакторы Ахмет Байтұрсынов бірнеше рет тұтқынға алу немесе айыппұл төлеу секілді түрлі жазаға тартылса, абақтыға жабылған әр жолы бірнеше мың патша рублі мөлшерінде ақшалай кепілдік төлеп босап шығуына тура келетін. Ол заманда мұндай қаржыға «Қазақ» секілді бірнеше газет ұйымдастыруға болатын еді. Газеттің құрылтайшылары – Әлихан Бөкейхановтың өзі мен оның серіктері Ахмет Байтұрсынов және Міржақып Дулатов сынды «батысшылдар» болатын. Оларды неге «батысшылдар» атады? Әлихан Бөкейханның 1910 жылы Санкт-Петербургте «Қазақтар» атты тарихи очеркі жарық көрген. Сол очеркінде ол қазақ арасында қалыптаса бастаған екі саяси толқынның барын, оның біріншісін «Ұлттық діни қозғалыс» деп, ал екіншісін «Батысшыл» деп атауға болатынын айтқан. Батысшылдардың қазақ даласының келешегін саналы түрде Батыс мәдениетін жүзеге асыру арқылы көретінін жеткізген. Ал Әлихан Бөкейханов кім? «Наш современник» журналының 1989 жылғы 7-ші санында мәскеулік жазушы Ирина Стрелкованың «Заметки о национальном» атты мақаласында: «…Букейханов был крупнейшим деятелем своего времени, видным экономистом. Но до последнего времени даже и представить было невозможно, что в Казахстане кто-то решится написать и издать обьективную биогрофию Букейханова… Но разве не интересно, что в статье «Благое дело» Букейханов агитировал за кооперацию для казахов?» деп жазыпты. Стрелкованың сөзінің жаны бар. Күні бүгінге дейін Әлихан Бөкейхановтың экономикадағы еңбектері тереңнен қозғалған жоқ. Абайтанушы Қайым Мұқамедханов: «Әлихан Бөкейханов мамандығы жөнінен терең білімді экономист болуымен қатар, үлкен ғалым – тарихшы, әдебиетші, жалынды публицист, журналист әрі шебер аудармашы да еді», – дейді. Бөкейханов «Қазақ» газетіне дейін «Сибирские вопросы» мен «Реч» сияқты орталық басылымдарда қазақ даласының басым бөлігінің егін шаруашылығын дамытуға жарамсыздығын, оның экономикалық тиімсіздігін, крестьян шаруашылықтарының күйзеліп, олардың қайтып кетуге немесе кәсібін өзгертіп, мал шаруашылығымен айналысуға мәжбүр болып жүргендігін айтып, үкіметтің қоныстандыру саясатын қатты сынға алған. Ол ұлтын, жерін осылай қорғап бақты.
«Қазақтың» 19-санында Әлихан Бөкейхановтың «Қыр баласы» деген бүркеншік атпен «Төртінші дума һәм қазақ» деген мақаласы жарияланған. Автор бұл еңбегінде «Степное положениенің» 136 статьясына байланысты талдау жасай келіп, «…Жаңа шыққан закон осы қазақ баласының жолын, правосын жоқ қылмақ», – дейді. Ал жер кімдерге сатылады? Законның қитұрқы астарын автор оқырмандарға былай жеткізген: «…Түркістанда көп қызметтен қалған чиновниктер бар екен. Бұлар қазақ жеріне ғашық екен. Закон жобасы осы бишараларды жұмбақтап, «православный баласы» қылып жерге бишара мұжықпен ортақ қылмақ екен. Сөйтіп қазақ жері сияқты май көрінгенде Түркістан төрелері тонды айналдырып киіп, бишара мұжық болған екен. Хохол жұртының жақсы мақалы бар, қай діндесің деп хохол жұртынан сұраса, бұл бишара жауап берген: «Май берген діндемін»,– деп. Закон жер христианға ғана беріледі деп шыққан соң, Түркістаннан басқа жерден де май жейтін хохол табылады ғой. Өткен жылы үшінші дума тарқады. Дума өз үйін түзетуге ақша бермек болып, закон жобасы қаралған еді. Сонда Қазан депутаты Мақсұдов сөйледі: «Сіздер думаның үйінің төбесін түзетеміз деп отырсыздар, әуелі думаның өз төбесін түзетіңіздер. Түркістаннан қазақ жерінен думада бір депутат жоқ. Осы облыстарға депутат беріңдер», – деп. Биыл Мәскеу депутаты Шешкин осы жоғарыда жазылған закон қаралғанда сөйледі: «Бұл қалай, Түркістанның, қазақ жерінің сөзіне Забайкал, Харьков депутаты тұрып сөйледі, бұлардың өз депутаты қайда? «Үшінші июнь» ақсақ законын түзеу керек», – деді».
Газеттегі Міржақып Дулатовтың «Земство не нәрсе?» атты мақаласы да заңға шорқақ қазаққа оның мәнісін түсіндіру болып табылады. «…Біздің қазақты көптен билеп келе жатқан ояз, крестьянский начальник, пристав секілді төрелер. Жұрт ісі түгел бұлардың қолында, тұр десе тұрады, жат десе жатады. Крестьянский начальник қазақтың қандай приговорларын бұзуға ерікті. Қазақ жас бала мысалында. Жас болғанда қараушы, билеуші қандай керек, қазақтың да әрбір ісінде сондай билеуші, көздеушілер даяр тұрады. Бір кісінің тізгіні біреуде болып, еркі болмау қандай кемшілік болса, бір тайпа жұрттың өз еркі өзінде болмауы, онан мың есе жаман. Осы кезде қазақтың өзін-өзі билеп отырған бір ісі жоқ. Жұрттың тіршілік, шаруа істерін өзі билемей, төрелер билейтін жол зиянды екені айдай анық болған соң, ескіні қалдырып, жаңа заң шығару керек еді. Ол заңымыз земство, яғни жұрттың билігі өзінде болу. Ал жұрт өзін-өзі билей білуіне земствоның не нәрсе екенін анық түсініп таныстыруға керек. Земство ісінде жұрт өз хақын (правосын) білу тиіс. Жұрт білерге керек, земство халыққа қалай қызмет етеді һәм білерге керек земство мен үкімет арасы қалай болады. Міне, біздің мақсатымыз – қазаққа земствоның не нәрсе екенін мұнан былай түгел түсіндіру».
Жер – тіршілік көзі. Ал мал баққан қазақтың онсыз шаруасын жүргізуі өте қиын. Газеттегі Әлихан Бөкейхановтың «Айналма» атты мақаласы тағы да жер жөнінде. Қазақтың жер жөніндегі законға көзін ашу. «…Мал бағатын жерден мұжықтан басқа орыс баласына қазақ жері берілсін деген закон жоқ. Орыс мақалы бар: «Заң арба жетегі, қалай қарай бұрсақ, сол жақта болады» деген. Жер министрінің мекемесі Министрлер Советіне мақұлдатып, патшаға қол қойғызып алып отыр. Сібірде, Степной облыстарда һәм Түркістанда мал бағамын десе, отыз алты жылға торгсыз арендаға мал бағатын жер берілсін деп. Оброчний устав деген закон бар. Мұның 93-101 статьяларында айтылған, қазына жері арендаға торгсыз берілетін мұжық обществосы деген. Жер министрі осы жаңа айтылған законды аттап өтіп, судай кешіп отыр. Бұл бір айналма.
Павлодар уезінде қала саламын деп кескен «Ертіс», «Ермак» деген екі жер бар. Бұл жер Ертістің күнбатыс қабағындағы қазақ жері. Осы қалалар жері арендаға беріледі орысқа ғана, орыс дініндегі адамға ғана. Өзге орыс патшасының панасындағы жұрт жер арендаға алатын жолынан правосынан шығып қалған. Закон арқылы орыс патшасының панасындағы адам правосынан сот тергеп, айыпты деп тапса, айрылады. Не жұрт правосын мінесе, Г.Дума, Г.Совет һәм патша үшеуі мінейді. Жерді орысқа ғана беремін деп жұрт правосын Министрлер жоғалтып, законды аттап өтіп отыр. Міне, тағы бір айналма». Автор жергілікті ұлт өкілдерін орыстандырудың жымысқы саясатын, сондай-ақ әділетсіздікті осылай ашқан.
Газет қазаққа қатысты орыс тілінде жазылған мақалаларды да тәржімалапты. Мысалы Міржақып Дулатов Троицкіде шығатын «Степь» газетінде жарық көрген «Қазақ істері» деп аталған мақаланы тәржімалаған. Онда Торғай губернаторының адвокат Жанша Сейдалинді қабылдап, Қостанай шаһарында қазақтарға бас қосуға рұхсат берілмегені туралы әңгіме қозғайды. «…Сейдалин өз пікірін дұрыстауға тырысып, губернаторға әуелгі мәселе хақында айтты: Қазақтың жер мұңы ауылнай һәм волосной сиездерде тексеріледі дегеніңіз «Степное положениенің» 123 һәм 124 статьялары боларға керек. Бірақ ол статьяларда жер туралы мұң-мұқтаждар емес, жалғыз-ақ жер туралы дау-жанжалдар тексеріледі деген, сондықтан жер нормасын тексеру ауылной сьездердің ғана жеке еншісіне тиген нәрсе емес, бұлар 4 март 1906 жылдың законы бойынша ашылатын сьездерде қаралуға болады. Қазақтардың Қостанайда бас қосуға рұхсат сұраған себебі осы деген. Қазақтардың ішкі істер министріне һәм жер істерін билеуші жоғарғы мекеме бастығына 10 облыс – Дала һәм Түркістан уалаятының қазағы бас қосуға рұқсат сұрап берген арызына қалай қарайсыз, – деп сұраған сөзіне губернатор айтты: «Егер сіз жоғарғы хакімдерге арыз берсеңіз, мен ойлаймын, олар сізге нендей болса да жауап беруден бұрын менен сұрар. Білмеймін, бұған басқа облыстардың губернаторлары не айтар, менің жауабым баяғы сіздің телеграммаңызға берілген болар» яғни рұхсат бермеу жағында. Губернаторлардың заңды өз еріктеріне қарай бұрып алатыны, оған үкіметтің ешқандай да тыйым салмайтыны, арыз-шағымдарына бұратана ретінде жүрдім-бардым қарайтындары осыдан да байқалып тұрған жоқ па?
«Газетімізге штраф» деп аталынған шағын хабардың жұрт назарын өзіне бірден аударғаны кәміл. «80 нөмір «Қазақта» жаңа закон жобасы туралы жазылған бас мақала үшін (Қара: Закон жобасының баяндамасы – құр.) Оренбург губернниясының бас начальнигі шығарушыға мың жарым сом штраф салды, төлемесе үш ай абақты. Шығарушы Ахмет Байтұрсынов жаңа шыққан жас газетке мың жарым сом төлеу ауыр болатындығын ойлап, 3 ай отыруға риза болғаннан кейін, 20 октябрьде кешкі сағат 10-да полиция абақтыға отырғызған еді. Былтырдан бері денсаулығы нашар болғандықтан абақтының ауасына 3 ай отыруға шыдамайтындығы білініп, 22 октябрьде мың жарым сомды төлеп абақтыдан шықты». Осы хабардан газеттің үнемі үкімет назарында, цензуралық қатаң қадағалауда болғанның өзінде ұлттың мүддесіне қайшы келетін заң жобаларын батыл сынап отырғаны байқалады.
Газет қазақ әдебиетіне де көп көңіл бөлген. Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласы солардың бірі ғана. Енді осы мақаладан да үзінді келтірейік. «Қазақтың бас ақыны Абай (шын аты Ибраһим) Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңды заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ. Ақмола, Семей облыстарында Абайды білмейтін адам жоқ. Ақмоламен сыбайлас Торғай облысында Абайды білетін адам кем, тіпті жоқ деп айтса да боларлық. Олай болуы сөзі басылмағандықтан, Абайдың сөздері кітап болып басылып шыққанша Абайдың аты да, сөзі де Торғай облысында естілмеуші еді. Ақмола, Семей облыстарында Абайдың аты, сөзін естімедім дегенге недәуір таңырқап қалады. Мен ең әуелі Ақмола облысына барғанымда Абайды білмегеніме, сөзін естігенім жоқ дегеніме таңырқап қалушы еді. Қай жерде ақындар жайынан я ақындардың сөздері жайынан әңгіме болса, Абайдың сөзін атамайтын адам болмады. Абайдың сөзін көрмей тұрғанда, мақтанғандарына сенбей, қазақ үкілеген өз құнанын өзгелердің тұлпарынан артық көретін мінезі болушы еді, мақтап отырған Абайы біздің Әбубәкір, Сейдахмет, Ақмоллаларымыз сықылды біреу ғой деп жүрдім. 1903 жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөздеріндей емес. Олардың сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, азына түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қаласың. Кей сөздерін ойлап дағдыланған адамдар болмаса, біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі. Сондықтан Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік. Олай болғанда айып жазушыда емес, оқушыда. Не нәрсе жайында жазса да Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады». Ол исі қазаққа кемел ойдың иесі Абайдың ақындығын осылай таныстырды. Оның «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» атты өлең мәтінін келтіре отырып, хақиқатты тануға, бойына біткен ерекше зеректікті жан-жақты ашып, талдап берген. Жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің «Егемен Қазақстан» газетінің 2003 жылы 30 қазандағы санында «Ұлт ұстазы» атты көлемді мақаласы жарық көрді. Ол сол мақаласында Ахмет Байтұрсыновтың Абайды талдауына тоқтала келіп: «…Өзі де ірі, жазып отырған адамы да ірі. Ірі болмағанда қайтеді, Ахмет қазағының қаймағы, данышпан Абайын жұртына таныстырып отыр емес пе! Ұлы Абай! «Қазақ» газетінде басылған бұл мақала кезінде айрықша оқиға болғаны сөзсіз. Абайын таныған ұлт бақытты, соны Ахаң түсінді. Ахаң Абайды тану арқылы өзі өсті және оны жасырмайды да. Былайғы жердегі Ахмет Байтұрсыновтың рухани көсемі Абай болған, ол Абайға табынған, пір тұтқан. Егер Абайтану ілімі бар десек, соның басында Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов тұрары хақ. Екі алыптың бас Алыпты танығаны мәртебе!»,– дейді.
«Қазақта» жарияланған «Аңдаспаған мәселе» турасында», «Дума маңайында неге кісіміз жоқ?», «Потанин докладынан», «Қазақтан солдат алына ма?», «Бастауыш мектеп», «Тағы соғыс», «Шоқан Шыңғысұлы Уалихан», «Социал-демократтар ұсталу», «Мұсылман сиезі», «Әдебиет кеші», «Шаруа кеңесі», «Кімге өкпелеуіміз тиіс?» және тағы басқа да мақалалар ел іші мен шетелдердегі жағдайлар туралы оқырмандарға мол мәліметтер ұсынады.
Оксфорд университетіндегі Орталық Азияны зерттеу қоғамының пікірінше: «Қазақтың барлық маңдайалды жетекшілері оның («Қазақ» газетінің) қызметкерлерінің арасында жүрді, оның ішінде М.Жұмабайұлы, М.Дулатұлы, Х.Досмұхамедұлы, Е.Омарұлы, А.Х.Жүндібайұлы, М.Тынышбайұлы және тағы басқалар…». «А.Байтұрсынұлы және басқалар өздерінің қазақ тарихы, қазақ фольклоры және лингвистикасы туралы зерттеулерін жариялады. Жалпы «Қазақ» газеті өте жоғары ғылыми деңгейге жетті». Сөз жоқ бұл газет шығарушыларына берілген жоғары баға.
Газет құрылтайшылары тек ағартушылықпен ғана шектеліп қалмаған. 1905 жылғы «Қарқаралы петициясындағы» саяси мақсаттары мен мүдделерді жүзеге асыру жолында болды. «Қазақ» газетін шығарушы ұжымның бергі және ұзақ мерзімге арналған мақсаттары мыналар:
– Қазақтардың 1907 жылғы 3 маусым заңымен жойылған сайлау және сайлану құқығын қалпына келтіру;
– Келімсектерді қоныстандыру арқылы отарлау саясатына қарсы тұру және тәркіленген жерлерді қазақтарға қайтарып алып, меншікті жері ретінде заңдастыру;
– «Ауыл мектептеріне қазақ әліппесін енгізу, осы мектептерде балаларды ана тілінде оқыту» және «Болыс кеңселері мен халық соттарында ісқағаздарын қазақ тілінде жүргізу» арқылы астыртын және ашық орыстандыру саясатына төтеп беру;
– Дала өлкесіне заң жүзінде земство (жергілікті басқару) тетігін енгізу мен дамыту арқылы жаңа қазақ мемлекетінің негізін салуды бастау;
– Қазақтарды әскери қызмет етуге заң арқылы міндеттеу, сол арқылы қазақтар үшін қазіргі заманның әскери ілімі мен қару-жарағына жол ашу.
Газет осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін, ең бастысы, қазақтың ұлттық мемлекеттігін қайта көтеруде көп еңбектенді. Қандай ұлттық мемлекет? Бұл жөнінде Әлихан Бөкейханов өзінің «Қазақтар» очеркінде «…қазақтың ұлттық салт-дәстүріне негізінде батыс мәдениеті жүзеге асырылуын» атап көрсеткен. Алдына осындай биік мақсат қойған «Қазақ» газеті мен оның құрылтайшылары монархиялық билік дәуірінде қантөгіссіз күрес жолымен жетуді көздеген еді.
Ахмет Байтұрсынов жетекшілік еткен «Қазақ» газеті қазақ халқының үні бола білді. Қалың елдің санасын оятып, қоғамдық өмірге көздерін ашты. Жақсы мен жаманын айырып, түзу жолды көрсетіп берді. Ұлттың көкейтесті мәселелерін қозғап, тілін сол кезде-ақ қорғап, жастарды өнер-білімге шақырды. Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов: «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын. Ол газетаның жаны кім еді? Ішіндегі қажымайтын қайрат, кемімейтін екпін, кімнің екпіні еді? Ол екпін ұйқыдағы қазақты айқайлап оятуға заман ерік бермеген соң «маса» болып ызыңдап, «оятамын» деп ұзақ бейнетті міндет қылып алған Ахаңның екпіні болатын», – дегенін қазіргі оқырман жақсы біледі.
Ресей патшасы өкілдерінің сан қыспағынан аман өткен «Қазақ» газеті Кеңес өкіметі орнаған 1917 жылдың соңында Торғай облыстық Советтері сьезінің шешімімен жабылды. Қазақ баспасөзі тарихында «Қазақ» газетінің орны ерекше. Газетте жарияланған ұлт тұлғаларының мақалаларындағы ой-пікірлерінің өміршеңдігі бүгін де өз мәнін жойған жоқ.