//

Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин БАҚ туралы

635 рет қаралды
1

Мемлекеттік хатшы қызметіне жақында кіріскен Марат Тәжин өзіне жүктелген салалар бойынша, жұмысын қарқында бастады. Астанада кеңес өткізіп, мемлекет пен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы қарым-қатынас мәселесін көтеріп, терең талдау жасады. 

Тың тезистер мен креативті ойлар айтылды. Қоғамда ақпараттық қауіпсіздік проблемасы жиі көтеріліп жүр. Ақпараттық-технологиялық революция кезеңінде ұлттық қауіпсіздікті алдымен осы саладан қорғау керектігін түсінген Тәжин мырза елдегі БАҚ-тың сапасын арттырып, бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін бірнеше ұсыныстарды ортаға салды.

БАҚ-тың мемлекеттен қаржыландырылуы, мемлекеттік тапсырыстың орындалуы, газеттер мен журналдардың жағдайы, теле арналар тынысы, бағдарламалардың бағыты, сапасы, денгейі оқырман мен көрермен аудиториясы әңгіме арқауы болған тақырыптар. Интернеттің игерілуі де назардан тыс қалмады. Қысқасы, тез арада шешімін табуы тиіс, төртінші билік төңірегіндегі түйткілді мәселелерді тайға таңба басқандай түсіндіріп берді Марат Тәжин.
Алқалы жиыннан түйгеніміз, биліктің журналистер жұмысына көңілі толмайды екен. Мемлекеттік аппараттың БАҚ өкілдеріне өкпесі қара қазандай. Мұны, мемлекеттік хатшы Марат Тажиннің баяндамасынан байқадық. Байыпты сөйледі, салмақты сын айтты. Ақорданың идеологтарының бірі саналатын стратег терең талдау жасапты. Шындығында, таяқтың бір ұшы бізге тигенімен, Мемхатшының бүкпесіз әнгімесіне риза болдық. «Міне, менде талдау бар; жүздеген мыңдаған материалдар шығарылған, бірақ олардың біреуі де халық есінде қалмаған. Біз кім үшін жұмыс жасаймыз?! Біздің басты сыншымыз әрі тұтынушымыз-халық пен ақпараттық әсер денгейі. Ал, біз немен айналысамыз?»-дейді Тәжин мырза. Артық сөз жоқ. Обективті бағалаған. Заңды сұрақ. Санды қуып, сапаны жоғалтып алдық. Мемлекттік газеттер таралымды көздейді бірінші кезекте. Қаласаң да қаламасаң да жаздырып аласың. Оқысаңыз өз еркіңіз. Оқымасаңыз, ешкім өкпелемейді. Талап солай. Ел газетінен бастап, жазылуың керек. Мемлекттік қызметші болсаң, міндетің. Мұғалім мен дәрігерге де жүктелген жауапкершілік. Сосын тендер бар. Таласатын. Ұтып алсаңыз, ұпайыңыз түгел. Бірақ, мұнда мемлекеттік газеттерге басымдық беріледі. Бүгінгі ақпараттық саясаттың сиқы осындай.
«Өкінішке қарай, бүгінгі күні радио ойын-сауық форматта ғана дамып келеді. Салмақты сараптамалық жанр, пікір таластыру алаңына айналған радиолар жоқтың қасы. Бұл ретте бізге ұлттық радио таратудың арнайы бағдарламаға тәуелді құжатын әзірлеу қажет. Урбанизация жағдайында радионың нақты қоғамдық пікірге әсер ететін факторға айналып отырғаны да шындық. Мәселен, Мәскеуде бірқатар радиостансалардың бірден бой көтеруі де кездейсоқ жағдай емес. Бұлар Ресейде барлық рейтингті бағындырып келеді, телеарналардан кейінгі екінші орынға шыққаны да соның айғағы», – дейді М. Тәжин.Радио көне ақпарат құралы. Теледидар мен интернет пайда болғалы қолданыстан шығып қалғандай болған. Қолмен ұстамаған соң, көзбен көрмеген соң, аса мән бермейміз. Салыстырмалы түрде келтірді, стратег Марат Тәжин. Ресеймен. Мәскеуде шындығында ықпалды, қуатты радиолар жұмыс жасайды. Бір ғана «Эхо Москва» радиосының бірнеше сараптамалық, танымдық, саяси алаңдары бар. Бізде неге жоқ.
«Интернетті қазіргі заманғы ұлттық контентпен толықтыру, осының есебінен «digital» жүйесінде мығым ұстанымдарды қамтамасыз ету – бұл мақсатты тек Қазақстан ғана жүзеге асыра алады. Атап айтқанда, осымен әлемде өзге ешкім де айналыспайды. Өкінішке қарай, біз де бұл бағытта жайбасарлыққа жол беріп отырмыз»,-деп сынады М. Тәжин. Бұл тұрғыда ол медиалық Интернет-сегментті жүйелік дамыту бойынша ұзақмерзімді жобалар керек екенін қадап айтты.
Мемлекеттік хатшының пікірінше, аталған шаралардың шешімін жасау үшін тиісті жұмыстарды үш бағытта іске асыру керек.
Біріншіден, қазақша «KZ» домендік аймақта сапа мен контентті жақсарту маңызды.
Екіншіден, әлеуметтік желілер мен блогтарға айрықша назар аудару қажет. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарының алдында Интернетте өздерінің контентін ұлғайту мақсаты қойылып отыр.
«Интернеттің қазақ тілді сегментін қолдау бойынша мақсатты жұмыстарды жолға қойып, барша қоғамдық ұйымдармен тығыз ынтымақтасу керек»,-дейді М. Тәжин.
Қоғамда блог ұғымы кең таралып келеді. Батыста басталған бұл дәстүр қазіргі таңда инфрақұрылымдық жүйесі жедел дамып келе жатқан мемлекеттердің көпшілігіне қолжетімді дүниеге айналды . Оның ішінде қазақстандықтар да бар. Мүйізі қарағайдай сарапшылардың арасында «көлеңкесінен қорқып» «қоғамдық пікір қалыптастыруда журналистерден гөрі блоггерлер қауіпті» дегенді айтып жүргендер де бар. Осыдан кейін шығар бізде «Тәжин тізімі» деген термин де пайда болды…
Біздіңше,белгілі бір ақпараттан қоғамдағы азаматтардың көпшілігі құлақтанып, сол оқиғаны талқыға салып, көпшілік арасына тараған кезде ғана қоғамдық пікір қалыптасады. Ал біздің қоғамда пікір қалыптастыратындай блогосфера әлі дамыған жоқ. Шыны керек, ортамызда қоғамдық пікір қалыптастыруда үрей туғызбақ түгілі блог жайында қарапайым түсінік бере алмайтындар көп. Бұл жерде қазақтілді блоггердің саусақпен санарлық екенін айта кеткен жөн. Себебі қазақтардың көпшілігі интернеттің иісі мұрны тұрмақ, төңірегіне де бара бермейтін ауыл-аймақтарда күнелтіп жатыр. Ал елімізде мемлекетқұраушы ұлттың басым екенін және күн санап көбейіп келе жатқанын ескерсек, орыстілді блоггерлер қоғамды жарып жіберетіндей пікір қалыптастырып, ой туғызады дегенге сену қиын.
Медиа нарық қалыптаспаған, БАҚ атаулы мемлекетке масыл болған қоғамда ақпараттық сала дамымақ түгілі құрдымға кетеді. Идеологияны отандық ақпарат құралдары жасамаса вакуумды мысықтілеулі миссионерлер мен шетелдік өнімдер толтырады. Қысқасы, идеолог Марат Тәжин осының бәрін саралай келе ақпараттық саясатта өзгерісті талап етіп отыр. Біз де құп көрдік мұны. Дегенмен, ең басты мәселе  қоғам мен биліктің арасы алшақтап кеткендігін ескеруге тиіспіз. Шамасы, Тәжин мырза осы шыңырауды жойғысы келетін тәрізді. Ол да  жөн. Алайда, БАҚ-на қойылатын талаптармен қатар, мемлекеттің де өз қызметін жүйелі атқарғаны керек бізге. Әлгі  блоггерлер мәселесін алайық. Кезінде қазақ тілінде блог жүргізетін жастар wordpress.com  платформасында  топтасып күн кешіп жатқан-ды. Осыдан бірнеше жыл бұрын Астана қаласы Сарыарқа ауданы сотының шешімімен сол платформадағы бір-екі блог жабылуы керек болды. Экстремистік идеяны насихаттағаны үшін. Ал біздегілер не істеді? Алды да платформаның өзін бұғаттап тастады. Блогшылар шашырап,  бас-басына кетті. Әрине, қазір түрлі отандық  блогплатформаларда жазып жүрген блоггерлер аз емес. Бірақ, біздің айтып отырғанымыз мемлекеттік машинаның орашолақтау  қимылы. Бәлкім, содан да  болар Тәжиннің баяндамасынан кейін оған қарсы уәж айтып жатқандар да бар арамызда. Екі жақтың да уәждері орынды.

Еркебұлан Алдабергенов, “Жебе”

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. БАҚ-ты байлап қойсаң қайдан ол дамиды, тұсаулы қыран құспен бірдей күй кешіп отырған жоқ па? Анау-мынау дегенше соны неге айтпайсыңдар!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар