///

Міржақып ДУЛАТОВ. Қазақ зиялылары

3712 рет қаралды
2

85F01A74-2777-4E23-AF17-E3A57B64BE7F_w974_n_sГазетке қай нәрсе жазғысы келіп, не туралы жазсам екен деп ойланғанда, қалам ұстаушының қиялына түрлі мәселелер тізіледі. Солардың қатарында«қазақ зиялылары» да келіп елестей қалады. Мұнан кейін жазушы ақ қағаздың бетіне қара бояумен ойына келген қошқар мүйізін салады. Орынды-орынсыз сөздер жазылады. Дәлелді-дәлелсіз жалалар жабылады. Біреулерді жатқанынан тұрғысыз қылады. Біреулерді өз дәрежесінен артық жоғары көтереді. Қайсыбір жазушылар қазақ-қырғыз зиялыларын бірлікке шақырады. Бірігудің жолдарын көрсетеді. Бірікпей жүрулерінің себептерін тексереді. Әрине, мұнан шығатын пайда көп: сөзден сөз шығады, ойдан ой туады. Бірақ, қазақ зиялыларының бұрын-соңды қалпы олардың әлеумет ісінде, саясат жүзінде қолданған пікірлерін тексергенде, мәселені тігінен қарап, әділдік таразысына салып өлшемесе, битараптық қылмаса, бірбеткейлік бола бермек. Қайсыбір жолдастар партияға кірмей жүргендер туралы оларды «ұлтшыл, бұрынғы көсемдердің соңына ерушілер… соларды пір тұтқан… коммунист болуға қоянша қорқып, жүрексініп жүргендер…» деп алдын ала «шарбақ» қойып қояды. Ұлтшылдық бір кесел болса, бұрынғы «көсемдер» кесірлі болса, партияға кірмей жүргендер қоян жүрек қорқақ болса, бұлардан коммунист болғанда не шықпақшы? Бұларды коммунист тобына шақырудың не керегі бар? Қайта, мұндай адамдар партияға байқаусызда кіріп кеткен болса, шақырудың орнына қуу керек емес пе? «Партияны тазарту» дегеннің мақсаты – партияда шын коммунистер болсын, игі жүзді алдамшы, жеп кетерлер болмасын деген емес пе? Содыр, сотқарларды, қоян жүрек қорқақтарды бүгін шақырып алып, ертең құтыла алмай жүруде не мағына бар? Мұның түбі – бір теңге беріп жырлатып, мың теңге беріп қойдыра алмаған болмай ма?

Біздің қазақ-қырғыздың оқығандары санаулы. Партияда бары да, жоғы да бәрімізге белгілі. Бізден коммунистер шыға бастағанына әлі екі-үш жылдан асқан жоқ. Өзге жұрттағылар секілді, біздің қазақта да өтірік коммунистер, партияны ластап жүргендер арасында шын жұртшыл, еңбекшіл тапқа шын жаны ашитын, Кеңес үкіметіне ынта, көңілімен қызмет етіп жүргендер де жоқ емес. Олай болса, қазақ-қырғыз зиялыларын сөз қылғанда, бұларды партияда бар, жоқ демей, жамыратып жіберіп тексеру керек. Шынын айтқанда, күні кеше бәріміз де ұлтшыл емес пе едік? Қазақ оқығандарының ең әуелгі тобы ұлтшылдар емес пе еді? Февраль төңкерісіне шейін Еуропаның саяси партиясына кірген қазақ болса, қане, айтсыншы! «Мен әлімсақтан бері коммунист едім… мен 1905 жылдан бері партияда едім…» деушілердің ертегісі біздің құлағымызға кіріп те шықпайды. Ит сыры иесіне мәлім. Біз білмейтін қазақтың сыры жоқ!

Ал, ұлтшылдарымыз қанша еді?

Ұлтшыл еместердің көбі өзімшіл, дәрежеқұмар, парашыл, шағымшыл, зорлықшыл еді. Ол заманда қазақ оқығандары неге ұлтшыл болды, неге өзге, онды-солды, Еуропаның саяси партияларына кірмеді, оның себептері талай сөйленіп, талай жазылған.

Бұл арада тағы да Қаратаудың басын ауыртпалық. Енді, бүгін Кеңес үкіметі дәуірлеп, коммунист партиясы жолбасшылық қылып отыр екен; қазақ-қырғыз секілді езілген елдерге бостандық, теңдік күні туған екен; коммунист партиясынан жағымды партия жоқ екен, бұрын өзгелердің соңында жүргендер адасып жүрген екен, соның үшін бізге коммунист болу керек екен – бұған түсіндік, көзіміз жетті. Партияға кіргендеріміз де бар. Партияға кіргендер кірмегендерді шақырып та отыр. Бірақ, бізге енді шешетін мәселе қайсы? Біздің қазір ортақшыл болып отырғандарымыз кімдер? Мұнан кейін де болса бола алатындар кімдер? Бұл сұрауларға берілетін жауап әркімге-ақ анық-ау деймін: бізден қазір шын коммунист болдым деп отырғандар (өтірік коммунистерді айтпаймын) — кешегі ұлтшылдар. Мұнан кейін де шын коммунист болуға жарайтындар тағы да сол бұрынғы ұлтшылдар. Үшінші – қазіргі жаңа талап жас буын. Әйтпесе, күні кеше ұлтшыл болуға жарамай өз басының қамын ойлап, жылтыр түйме таққанына мәз болып, переводчик болып пара алып, пристав болып халықтың қанын сорып, болыс болып ел бүлдіріп, тыңшы болып шағым жүргізіп жүрген соғылғандар бүгін қолына қызыл ту алып, «коммуниcт» бола қалды екен деп кімнің іші елжірей қалады. Мұндайлар жоқ емес. Құдайыңа шүкір бар. Әсіресе, біздің Қазақстанда толып жатыр.

Партияға кірмей жүргендерді партияға шақырушы, бірлікке үндеуші жолдастарға айтатынымыз: мұныңыз дұрыс-ақ, аталы сөзді арсыз қайырады, бірақ, әуелі партияға кірушілердің көбеюін мақсат көруден бұрын, аз да болса, тазалық жағына көз салсаңыздар екен дейміз. Шын таза, шын еңбекшіл, шын жұртшыл азаматтар партияға кірсе, олардың соңынан жұрт та ереді. Олармен жолдас болудан кешегі ұлтшылдар да, бүгінгі жаңа талап жастар да қашпайды. Ішінде бірлі-жарымды таза жігіттер болғанменен, көбі бұзақылар болып, адал-арамды талғамай: «Келіңдер, жолдастар, бірігелік, қорықпаңдар, біздің тобымызға кіріңдер…» деп қол бұлғағанға сондарыңнан жөңкіле жөнелетін адамдар табылар деп ойлаймын. Табылар, көп те табылар. Бірақ, бұл табылушылар, жоғарыда айтқандай, «қой суретті, қасқыр жүректілер» де болып шығар.

Біздің оқығандардың көбін орыс жолдастар білмейді. Бірақ өзімізге аян емес пе? Түркістанда, жоғарыда айтқанымыздай, қалтасына қызыл билет салып алған қара жүзділер алғашқы кезде көп болған. Соңғы кездерде өкімет басына қазақтан таза адамдар отырып еді. Мәскеуден комиссия келіп еді, бұлар бір-бірімен жақсы түсінісіп, оқығандардың – билеті қызыл, пейілі қара мырзалардың ініне су құйды. Содан кейін, партияға кіруші таза адамдар көбейіп келеді. Партияға кірмесе де, кеше ұлтшыл екендігі белгілі болса да, Кеңес өкіметінің жолында шынымен қызмет етушілер де табылып отыр. Түркістан өкіметі, мұндағы саясатшылар жоғарғылардың бірін де шетке қағып отырған жоқ. Ешкімге партияға кір деп қолқа салмай-ақ, партияның жолы дұрыс екендігін істерімен көрсетіп отыр. Халықты құр тәтті сөзбен асырамай, түзу саясат, жемісті жұмыстарымен соңына ертіп отыр. Жуан жұдырықтылардың төбесін тесіп, отаршы обырлардың тірсегін қиып отыр. Міне, біздің Қазақстандағы өкімет тізгінін қолына алып, ел билеп отырған ортақшыл азаматтарымыз осы Түркістан саясатын қолданса, ел де солардың соңында, партияға кірмей жүрген, кіре алмай жүрген ұлтшылдар ма, ұлтсыздар ма – бәрі де бір тілек, бір тудың астына жиналуына біздің көзіміз жетеді.

Адамның алдымен адам сипаты болуы шарт. Өзінен басқаның тілегін тілей алмаған, арын, иманын қара басының пайдасы үшін қысқа күнде қырық сататын соғылғандардан қаны тамып тұрған ұлтшыл артық.

Бірақ, біздің қазақтың ұлтшылдары өзге жуан елдердің ұлтшылдарындай емес екені бәрімізге белгілі.

Бізді ұлтшыл қылған нәрсе – біздің кемдікте, қорлықта жүргендігіміз, көрінгеннен соққы жегендігіміз еді. Егер теңгеруші табылады екен, ұлтшылдықты ортақшылдыққа айырбастауымыз қиын емес.

Ұзын сөздің қысқасы, партиядағы жолдастар араларыңдағы арамзаларды аластап шығарсын. Түзу саясат жүргізіп, «қазақшылықты» тастап, шын ортақшылдық жолындағы әуелгі өрнегімен жұрттың ықыласын өздеріне аударып алсын, колынан іс келетін, Кеңес өкіметінің кейбір саясатына қарсы, шын таза азаматтарға «ұлтшылдық» таңбасын басудан бұрын, оларды іске кірістіріп, сендіріп, соңынан ертсін. Бірте-бірте шын ортақшыл болуға жарайтындары риясыз, ешкімді алдамай-арбамай, түсініп, сеніп, өздері кіретін болсын, шын ортақшылдар тобы сонда кебейеді, шын бірлік сонда табылады.

Көбейсін ортақшылдар!

Көбейсін Алаш армандарының бірлігі!

Мадияр.

«Ақ жол», 5 мамыр, 1921 ж., №55.

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Ақындарға ермеңдер деген аяттың дүзу екені осындайлардан паш болса керек. ” оян қазақта” дін туралы жырлаған Міржақып мінеки күні ауғанда діні ауған сияқты . Бірақ оның соңы не болғаны жанды түршіктіреді ғой. Ал өлерде Таубаға келген шығар ол байғыс. Дегенмен ашаршылықтан қырылған , тентіреп жер жүзіне тарыдай шашылған шышырандылардың обалы кімдердің мойнында десеңізші.Айтпақшы , тек өзін құтқармақ болған сопы – молдекелер де сотталуға тиіс. Білген білімі жарамсыз білгіштер жеміссіз ағаштан артықтықшылығы шамалы болар.

  2. Қажеке, малданың айтқанын істе, істегенін істеме деген де сөз бар ғой

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар