Дос КӨШІМ,
Республикалық «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы,саясаткер
Қазақ Парламенті 1991 жылдан бері бірнеше кезеңнен өтті. Алғашқы жылдары – ол уақытта Жоғарғы Кеңес деп аталатын – қоғамдағы саяси өмірде нақты орын алып, Қазақ елінің болашағын анықтайтын, белгілейтін заңдар дайындап, қоғамға қажеттілігін танытса, кейінірек, жылдар өткен сайын, белсенділігі бәсеңдей бастады. Әлі есімде, Парламенттің жаршысы болып табылатын «Халық Кеңесі» газеті, шын мәнісінде, мемлекеттік саясаттың мектебі де айнасы да болды. Менің ойымша, 1991 және 1994 жылғы сайлаулар да біршама таза да әділ өтті… Әрине, алғашқы Парламент депутаттарының қатарында саясаткерлермен қатар «атақты», «көпке танымал», «көрнекті» тұлғалар да болды. Бұлардың негізін зиялы қауымның өкілдері құрайтын. Дегенмен, сол уақытта Парламенттік фракциялар жасақталып, кішігірім пікірталастары болып жататын. Парламент отырыстарын теледидардан тамашалау мүмкінідігіне де сол жылдары қолдарымыз жеткен болатын. Парламент депутатының өзі дайындаған заңның («Көші-қон заңы») қабалданғаны да осы кезең еді. Бұл уақытты – қазақ Парламентінің аяғынан тұру, қалыптасу кезеңі деуге толық болады.
Екінші кезең 1995 жылдан басталған сияқты. 1994 жылғы «билікке жайсыз» Парламент таратылғаннан соң, өкілдік органдағы зиялы қауымның өкілдерін «саясатқа араластыру саясатын» тағы біраз уақыт жалғасын тапты да, біреулері халыққа күлкі болып (өзі де халықты күлдіре алатын азамат болатын), енді біреулерінің «тілдері шыға бастағанын» байқаған билік, олардың орнына мемлекеттік шенеуніктерді саясат аренасына шығарды. Бұл азаматтардың көпшілігі Парламентте «бірдеме айтып, ертең ыңғайсыз жағдайда қаламыз ба?» дегендей үндемей отыратын болды немесе биліктің айтқанын қостаудан аса алмады. Парламент қоғамдағы пікір алуандығының деңгейін білдірмек түгіл, заң шығарушы органының құзіретінен де осы уақыттарда айрыла бастаған сияқты. Жалпы, Парламенттің қоғамдық өмірдегі қазіргі орны мен рөліне баға беру үшін біздің қандай билік жүйесінде өмір сүріп отырғанымызды нақтылап алуымыз керек.
Біз қандай жүйеде өмір сүріп отырмыз?
Парламенттің қоғамдағы рөлі мен орны – оның қандай басқару жүйесінде өмір сүріп отырғандығына тікелей байланысты. Сондықтан, Қазақ Парламентінің бүгінгі сипатына талдау жасаудан, оған баға беруден бұрын, біздегі саяси басқару жүйесіне тоқталуымыз керек деп ойлаймын. Көзі ашық азаматтардың барлығы биліктің үш түрін (тоталитарлық, авторитарлық және демократиялық) жақсы біледі деп ойлаймын. Сонда да болса, олардың басты белгілерін тағы бір есімізге түсірелік: «Тоталитарлық жүйе – билік орындарының қоғам мен жеке адамның үстінен толық бақылау жүргізуі, қоғамдық жүйенің барлық саласын ұжымдық мақсатқа және ресми идеологияға бағындыру. Саяси жүйенің тоталитарлық түрі төмендегідей белгілермен ерекшеленеді: Бірінші, билік иелерінің, үкіметтің сол елдің азаматтарынан бөлекше өмір сүруі, лауазымы мен әл-ауқатының жоғары болуы. Олар халықтың бақылауынан тыс болады және өздерінің азаматтарының алдында жауап бермейді. Сондықтан да, халық өкілдерін сайлау жасанды түрде жүргізіледі, немесе мүлдем өткізілмейді (Кеңес өкіметі кезінде әр округтен сайлауға бір ғана адам қатысатын және сайлаушылар сол жалғыз адамға дауыс беретін – осыны «таңдау» деп атайтын). Екінші, атқарушы органдар заң шығарушы органдардың алдында жауап бермейді. Сол себепті де қоғамда заңсыздық қанат жаяды. Қолында билігі бар адамның айтқан сөзі оның қарауындағылар үшін заңды болып есептелінеді. Заң тек қағаз жүзінде қалады.Үшінші, саяси өмірде бір ғана партия жұмыс істейді, билік құрады. Ол партия қоғамның саяси өмірімен қатар мемлекеттік басқару жүйесін де қолына алып, үкіметпен біте қайнасып, араласып кетеді. Биліктің барлық саласы жаңағы партияның қол астында болады. Басқа пікір, басқа ой, идея айтылмайды, нақтырақ айтсақ, биліктің көзқарасына қарсы пікірлерді айтқызбайды. Бұл үшін арнайы орган жұмыс істейді. Төртінші,идеологияға да мемлекет иелік етеді, басқа идеологиялар жарыққа шықпайды. Мемлекеттік идеология өмірдің барлық саласына еніп (оқу-ағарту, ғылым, қоғамдық ұйымдар, т.б.) мемлекеттің дініне айналады.Бесінші, мемлекеттік саясат өмірдің барлық жағын қамтиды. Экономика мен өкімет орталықтандырылады. Бұқаралық ақпарат құралдары тек мемлекет саясатын насихаттайтын, тарататын құралға айналады. Басқа көзқарастарды көрсететін ақпарат құралдары жұмыс істей алмайды. Алтыншы, халық өмірінің барлық жағы, оның ішінде азаматтардың жеке өмірі, мемлекеттің, оның тексеру, күштеу органдарының қатаң бақылауында болады. Мемлекет пен билеушы топтың көзқарасымен, жүргізіп отырған саясатымен келіспеген жандар халыққа қарсы деп танылып, жазалауға ұшырайды. Авторитарлық жүйеден тоталитарлық жүйенің де, демократиялық жүйенің де белгілерін кездестіруге болады. Заңмен шектелмейтін толық билік – тоталитаризмге жақындатса, азаматтық қоғамның кейбір белгілері мен жеке адамның өмірі, экономика саласындағы еркіндіктер – демократияның нышанын сездіреді. Авторитарлық жүйеде өмірдің барлық жағын шырмап алатын идеология да жоқ. Авторитарлық жүйенің кемшілігі – барлық саяси биліктің мемлекет басшысының немесе жоғары дәрежелі билік иелері тобының қолында болуы. Авторитарлық жүйенің негізгі белгілері: Бірінші, мемлекет сырт көзге заңды жолмен жұмыс істеген сияқты көрінеді. Барлық жұмыстарын Конституцияға сүйеніп жүргізеді немесе референдум жасап, халықтың қолдауын алады. Бірақ, сол заңдардың өзі заңсыз жолдармен бекітілуі мүмкін. Немесе өзіне қажетті өзгертулер мен толықтыруларды Парламент арқылы кез келген жағдайда өткізіп, заңдандырып алады. Сондықтан да, сырт көзге авторитарлық жүйенің билігі заңды болып көрінеді. Екінші, билік халық арасында танымал бір адамның немесе әскери құрылымның қолдауын алған саяси топқа арқа сүйейді. Жеке адамның (әдетте, мемлекет басшысының) беделін көтеріп, қоғамдағы барлық табыстарды, жетістіктерді соның атымен байланыстырады. Әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдары сол бедел иесіне шаң жуытпай, аспанға көтеріп мадақтайды. Үшінші,көппартиялық құрылым заң жүзінде рұқсат етіледі, бірақ, олардың жұмыс жүргізуі, тіркелу жолы өте күрделі болады. Авторитарлық билік жүйесіне қарсы, саяси оппозицияда тұрған күштердің жұмысы сан түрлі сылтаулармен заңды түрде шектеледі. Үкіметтің айтқанынан шықпайтын, солардың сөзін сөйлейтін саяси партиялар, кәсіподақтар мен қоғамдық ұйымдар еркін жұмыс істей алады. Әлеуметтік, мәдени, спорттық бағыттағы (саясаттан тыс) қоғамдық бірлестіктер де жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік алады. Төртінші, жеке бастың өміріне үкімет тарапынан бақылау болмайды, саяси салада да біршама еркіндіктер беріледі, бірақ сол еркіндіктің өмір сүру шарты – билік иелерінің пікіріне, бағытына қарсы келмеу болып табылады. Бесінші,Үкіметтік ақпарат құралдарынан басқа да баламалы, ерікті бұқаралық ақпарат құралдары жұмыс істей алады, бірақ, билік жүйесіне ашықтан ашық оппозиция бағытындағы құралдарға тыйым салынады.
Тоталитарлық немесе авторитарлық билік жүйесінен демократиялық басқару жүйесіне көшу кезеңінің өте күрделі және ұзақ болатынын тарих талай дәлелдеген. Бұл процесті жасанды жолмен жылдамдату, кей жағдайда, әлеуметтік жарылысқа да алып келеді. Сондықтан да, бірден бір дұрыс жол – тұрақтылық жағдайында жоспарлы түрде реформа жүргізу болып табылады. Ең қызығы, сол реформа жүргізудің заңды құралы, органы – Парламенттің өзі қазіргі билік жүйесінің қызметшісіне айналған сияқты… Сондықтан, Қазақ елінің Парламентінің бүгінгі болмысы – қоғамда демократиялық институттар толық орнап, өздерінің міндеттерін атқарып, саяси аренада нақты орындарын алмайынша өзгермейтін құбылыс. Демократияның барлық құрылымдары бір бірімен тығыз байланысты, біреуі өмірге келмей жатып, енді бірінің жұмыс істеуі мүмкін емес. Мысалы, әділетті сайлау жүйесі орнамайынша, көппартиялық жүйенің жұмыс істеуін көзге елестете алмаймыз. Демек, Парламенттің қоғамдағы бүгінгі орнын, рөлін Қазақ еліндегі демократияның деңгейі анықтайды. Әрине, «Мәскеу де бір күнде салынбаған болар», сондықтан, Парламент рөлінің осы жылдары дамуын не беделінің төмендеуіне талдау жасаған дұрыс болады.
Парламент әлсіздігіне әсер еткен бес мәселе
Мойындауымыз керек, Конституцияда «Биліктің қайнар көзі – халық» деп жазсақ та, сол халық билігінің нақты көрінісі (халықтың заң шығарушы органдағы өкілдері) мемлекеттік саясатқа пәлендей әсер етіп отырған жоқ. Оның да сан түрлі себептері бар. Меніңше, ең басты себаптер мыналар: Бірінші, парламентті әлсіретіп кеткен реформа – мажоритарлық жүйеден толықтай пропорциялық жүйеге өтуіміз деп білемін. Әрине, мүмкін, билік сол арқылы көппартиялық құрылымды дамытқысы келген де болар, бірақ, бұл реформа ешқандай партияға кірмейтін, жергілікті жердегі беделді азаматтардың жолдарын жапты. Соның салдарынан депутаттардың белсенділігі төмендеді. Оған мысал ретінде, мынадай, деректерді келтіруге болады: 2007-2011 жылдарда Мәжіліс депутаттарының 32 пайызы мемлекеттік органдарға бір де бір сауал дайындап бермеген, ал, депутаттардың 33 пайызы 1-9 сауал жіберген. Депутаттардың 16 пайызы 10-19 сауал қойса, 13 пайызы ғана 20-49 сауал берген.Тек 6 пайыз депутаттар 50 ден аса сауал дайындапты, оның өзі айына бір ған сауал деген сөз. Екінші, Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшелері арқылы тоғыз депутаттың сайлануы – тоталитарлық кезеңдегі «мұнша пайыз – жұмысшы, тағы мұншама пайыз – шаруа, осыншама пайыз – зиялы қауым мен әскерилер болуы керек» дейтін келмеске кеткен Кеңестік кезеңді еске түсіреді. Екіншіден, басқа ұлт өкілдерін «квота» арқылы Парламентке өткізу – қазақ халқына күйе жағумен бірдей болды. Менің шетелдік достарым «Досеке, қазақтар басқа ұлт өкілдеріне дауыс бермей, тек қана өздерінің қандастарын қолдайтын болар. Ондай болмаса, басқа ұлт өкілдерін жалпыхалықтық сайлауға салмай, Ассамблея арқылы өткізудің қандай қажеті бар?» деп таң қалды. (Қазақтар басым сайлау округтерінен басқа ұлт өкілдерінің талай мәртебе депутаттыққа өткенін айтып енді кімдерді сендіре аламыз!) Ассамблеядан өткен депутаттар, өкінішке орай, саяси пікірталастан көрі басқа ұлттардың өкілі ретіндегі рөлі басым екендігі де талассыз. Үшінші, Парламенттің беделінің төмендеуінің басты себебі – олардың заң шығарушы билігінен бірте-бірте айрылу деп білемін. Әрине, қарапайым халық үшін «жыл сайын Парламент осыншама заң дайындап, осыншама заң қабылдады» деген сөз қомақты естіледі. Алайда, сол заңдарды дайындаушы, сараптаушы, керек десеңіз, қабылдаушы тек қана Парламент емес: а) 1995 жылы 11 наурызда 13 шақырылған Жоғарғы Кеңес (ол уақытта Парламент солай аталатын) таратылды да, тоғыз ай бойы барлық заңдар Президенттің Жарлығы ретінде қабылданды. Айта кету керек, осы кезеңде қоғамға ең қажетті, маңызды елдің өміріне тікелей әсер ететін заңдар депутаттардың талқылауынсыз өтті де кетті. Оның ішінде жаңа Конституцияның да бар екенін ұмытпалық… ә) 1999 жылдың 19 маусымдағы Президенттің 3044-Жарлығы бойынша қандай заңдарды бірінші кезекте дайындау мәселесі Президентке берілді. Осы арқылы, Парламент депутаттарының жеке заң шығарушылық қызметі де біршама тежелгені анық. Енді, заңдарды «кезекке қою» басталды. Қандай заңдар дайындау мәселесі Парламенттің құзіретінен алынып, олар тапсырманы орындаушы деңгейіне түсті. б) 2007 жылы сайлаудан кейін Қазақ елінде бір партиялы Парламент дүниеге келді. Сайлаудың нәтижесі Қазақстандағы көппартиялық жүйенің де, сайлау кезінде қолданылатын әкімшілік мүмкіншіліктерді де, атқарушы билік пен заң шығарушы биліктің «бір үйдің баласы» екендігін де ашып берді. Шынын айтқанда, бұл шақырылымдағы Парламенттің жұмысында ешқандай пікірталастың, саяси плюрализмнің болмайтыны түсінікті де еді. Меніңше, Қазақ Парламентінің қызметі мен рөлінің көмескіленуі де осы кезде анық көзге түсті. Парламент заңдарды дайындауға қатысы бар бір орталыққа айналды. Сөзіміз дәлелді болу үшін осы уақыттың ішінде заң дайындауға қатысы бар төмендегідей органдардың дүниеге келгенін айта кетейік: Бірінші, Әділет министрлігіндегі Заң шығарушы Департамент (заңдарға сараптама жасайды); Екінші, Президент әкімшілігінің мемлекеттік-құқықтық бөлімі (Президенттің заңдық құқығы бар Жарлықтарын дайындайды; барлық заң жобаларына сараптама жасайды); Үшінші, ҚР Үкіметі жанындағы заңдарды дайындау мәселесі жөніндегі ведомость аралық комиссия (заң жобаларын талқылайды); Төртінші, Премьер-миистрдің кеңсесі (заң жобаларына сараптама дайындау жұмысының жобасын жасайды); Бесінші, Орталық атқарушы органдардың департаменттері (заң жобаларын дайындайды).
“Ақиқат” журналы
Парақшамызға жазылыңыз