Еркін күрестен екі дүркін Олимпиада және бір дүркін әлем чемпионы дағыстандық балуан авар ұлтының ұланы Мәулет Батыров «Кавказдық балуандардың басты ерекшелегі қандай?» деп қойған тілшінің сұрағына: «Біздің жігіттерде рух басым» деп бір ауыз сөзбен жауап берген екен. Соңғы кездері Мәулет балуанның жоғарыдағы бір ауыз сөзі көкейімнен кетпей қойғаны. Қызық екен?! Күреске рухтың қандай қатысы бар?! Дәл осы сұрақ төңірегінде ой тарқатып көрсек дейміз?!
Біздің қолымызға түскен нақты деректерге назар аударсақ: қазіргі таңда жекпе-жек спорт түрлері бойынша Ресейдің құрамасының 80 пайызы кавказдықтар, яғни, тау халықтары. Еркін және грек рим күресі бойынша әлемдегі ең мықты балуандар да осы өңірден, тіпті дені дағыстандықтар. Сонда дейміз-ау Ресейде дәл қазір өмір сүріп жатқан 114 миллион орыс ай қарап жүр ме?! Барлығы 2. 946 035 (екі миллион тоғыз жүз қырық алты мың отыз бес) тұрғыны бар, орыс жұртынан отыз есе аз, бір уыс дағыстандықтар қандай құдіретке ие?!
Жекпе-жек спорт түрлері бойынша Ресейдің бірінші нөміріне ілінбей қалған дағыстандықтарды бұрынғы КСРО құрамынан шыққан Қазақстан, Өзбекстан, Грузия, Армения, Әзербайжан елдері таласып-тармасып сатып алады. Тіпті соңғы жылдары таулықтар Түркия, Макодания, Грекия, Австралия қатарлы елдердің құрамасы сапынан да табылып жүр. Олар ғаламдық жарыстардан алтын болмаса да, күміс, қола жүлде әкеліп беріп, біз сияқты бейбақтарды қуантуда…
Рух азаттығы…
Қош сонымен… Үлкен спорттың ақшамен бағаланбайтын тұстары да бар сияқты. Егер көп ақша спортшыларды жетістікке жеткізетін болса, Қазақстан сияқты спортқа ақша бөліп отырған мемлекет аз. Жоғарыдағы дағыстандықтардың спортқа бөлетін қаржысы біздің бір облыстың спортқа бөлетін қаржысымен шамалас. Жалпы біздің еліміз бойынша спортқа бөлінген қаржыны ұлттық құрама сапындағы спортшылар мен бапкерлерге шағып есептесек, тіпті Ресейден де озып кететін жағдайдамыз. Бірақ нәтиже шамалы. Соның ішінде қазақ баласының үлкен спортта жеткен биігін таулықтармен салыстырып бағамдап көрсеңіз, ұяттан жер сүзіп құлайсыз.
Әлде, біз, дарынсыз, қуатсыз, әлсіз халықпыз ба?! Егер әлсіз болсақ, ғаламда көлемі жағынан тоғызыншы орын алатын мына дархан далаға қалай ие болып келдік?! Сөз жоқ бабаларымыз батыр болған. Доспамбет жыраудың мына бір сөзіне назар салыңыздаршы:
Айнала бұлақ басы – Тең,
Азаулының Стамбұлдан несі кем?!
Азаулының Аймадет Ер Доспанбет ағаның
Хан ұлынан несі жоқ,
Би ұлынан несі кем?!
Тәңірінің өзі берген күнінде
Хан ұлынан артық еді менің несібем!
Азаулыда аға болған ерлер көп еді,
Әйтсе де аламанға ат байлағаны жоқ еді!
Сере, сере, сере қар,
Асты кілең, үсті мұз,
Күн-түн қатса жібімес.
Мен көлікке қосымды артқанмын,
Көмбідей ару жаларға
Күректей мұзды тондырып,
Кірмембес ауыр қолға бас болып,
Күңіреніп күн түбіне жортқанмын
Бүй деп айтқан батыры бар халықтың осал болмағы мүмкін емес?! Рухсыз халықтан мұндай жыр тумайды. Дейтұрғанмен дәл қазіргі күйіміз неге көңіл көншітпейді?! Абай атамыз айтқандай, замана желі арада алты ғасыр айналып соққанда, кешегі, «Күңіреніп күн түбіне жортқан» жұртың ұрпағы алапат рухынан айырылып қалды. Өткен ғасырдың басында қазақ шайырлары:
Қара қазақ баласы,
Қайткенде адам болады?
Бәрі қатын жүректі,
Іздесең емге таппайсың,
Еңіреген жалғыз ері жоқ.
Аузы түкті бір хохол,
Шетінен ұстап сабайды,
Оған қарсы дері жоқ.
Мал іздей шықса бес орыс,
Қатын, бала, қарт ана,
Бәрін тастап босады,
Жүрегі қорқып ұшады.
Ойлап тұрсам бұларды,
Бұ күндегі жігіттің,
Кеудесінде жаны бар,
Тірі дейтін жері жоқ.
Бәрі кетті қазақтан,
Не дерге мұны болады… – (Құмар Қараш) деп жырлайтын күйге жетті.
Қысқасы, отарлаушылар қазақтың жан дүниесіндегі рухын тонап алды. Рухсыз халықты алтынға бөлеп қойсаңда бәрі бір, рухы мықты қауымының алдында еңкіш тартып тұрады. Рух дегеніміз ол көзге көрінбейді, халықтың гендік биосперасында болатын үрейді жеңу қуаты. Бойында үрей ұшқыны бар спортшыны мың жерден баптағанмен үлкен нәтиже бермейді. Үрей қан арқылы ұрпақтан ұрпақ жалғасып кете беретін аса қатерлі құбылыс. Қандай бір қауымының рухани еркіндігі (тәуелсіздігі) халықтың бойындағы үрейдің аз-көптігімен өлшенді. Болашағының баянды болуын ойлайтын жұрт ұрпағының рухын шыңдайды.
Таулықтардың отты рухы
Осыдан екі ғасыр бұрын таулықтардың тәуелсіздігі үшін ақ патшаның солдаттарымен қол бастап аянбай айқасқан имам Шәмілден: «Жартылай аш Дағыстан өзінен мыңдаған есе күшті, әрі үлкен империямен жеңілмей жиырма бес жыл қалай соғысты?» деп сұрайды. Шәмілдің жауабы: «Егер біздің бойымызда оттай лаулаған рух болмағанда, бұлай ұзақ шыдас бермеген болар едік. Бір күні таңнан тұрып, бау-бақшама қара топырақ тасып жүр едім, бір топ қару асынған атты адамдар келіп: «Шәміл, жаулар біздің бұлақтан атын суарғалы келе жатыр, олар біздің шаңырағымызда маздап тұрған оты рухымызды өшірмек, сен өзің атқа қонасың ба, әлде біз мінгізейік пе?» деді. Осы сөзді естіген сәтте менің кеудемде тығылып жатқан отты рух лап етіп жанды. Сол сәтте, мияуалы бақшамды да, азғана байлығымды да ұмыттым. Осы отты намыс мені 25 жыл аттан түсірмеді. Осылай күллі Қап тауы лапылдап жанды. Оны көктен жауған жаңбыр да, қарлы боран, дауылда өшіре алмады» депті.
Шәмілді 1859 жылы қолға түсірген генерал Александр Барятинский оған: «Сенің күресің осымен аяқталды, бәрі бір патшаны жеңе алмадың, осыны білетұра неге 25 жыл соғыстың?» дейді. Тұтқын Шәмілдің айтқаны: «Сіз қателесіп тұрсыз мырза, сендердің арқаларыңда бұрын басы бірікпей жүрген таулықтардың басы қосылды, мен бұларға жауға бас имеудің үлігісін көрсеттім және жүректеріне намыстың отын жақтым, ол от ешқашан сөнбейді, азғана дағыстандықтарға сендерден (орыстардан) ешқашан қорықпайтын рух сыйладым, бұл жеңіс емес пе?!» депті күліп.
Бірде бір топ ғалымдар кісікиік (адам сияқты мақұлық) іздеп Қап тауын кезеді. Әбден титықтап Кикуни аулының маңына келгенде машиналары батпаққа батады. Итеріп шығару мүмкін болмайды. Ізкесушілердің амалы таусылып, қайраңдап тұрғанда таудан балпаң-балпаң басқан алып тұлғалы адам түсіп келіп, құйға батып жатқан машинаны баланың ойыншығындай көтеріп, құрғақ жерге қояды. Ғалымдар «мынау әлгі біз іздеп жүрген кісікиік шығар…» деп таң-тамаша болады. Бұл адам авар жұртының атақты балуаны, салмағы 150 келі, бойы 2.20 см Оспан Әбдірахманов екен. Ғалымдар Оспаннан «мұншалық күш-қуатқа қалай ие болдыңыз?» деп сұрайды. Оспан Әбдірахманов айтады: «Таулықтардың бойынша отты рух пен қайсар намыс бар, әйтпегенде, қара күшпен машинаны сүйреп шығара алмайсыз» депті.
Расул Гамзатов айтады: «Қанжардың ұясы қыны, оттың ұясы ошағы, ер жігіттің ұясы отбасы. Ошақтан шашыраған от, ол биік тауды шарпып лауласа: нағыз қанжар қынында жаттайды, нағыз ер үйінде жатпайды».
Құмық халқының үлкен ақыны Жыршы Қазақ: «Дағыстандықтар тек батыр болуға лайық!» дейді.
Даргинц ақыны Омарла Батырай өзінің өлер алдында жазған өсиетінде: «Ержүрек халықтан ынжық ұл тумаса екен!» деп тілеген.
Таулық әке баласына, «бұл қаруды ұстаған да әкеңнің жүрегі дір етпеген, сенің де жүрегің дір етпесін!» дейтін сабында жазуы бар қанжар сыйлаған.
Сегіз жылдың алдында, эстон журналисі Марко Михкельсон жауынгер генерал Джохар Дудаевқа: «Тау халқы бостандығы үшін соғысқанына 300 жыл болды. Бұнша ұзақ соғысуының құпиясы неде?» деп сұрақ қойған екен.
Дудаевтың жауабы: «Таулықтар пайда болғанынан бері құл болуға жаралмаған халық. Кавказдықтардың рухы ешқашан олардың рухани құл болуына сейкес келмейді» деген екен.
Біз жоғарыдағы өсиетнамалардан нендей ой түйеміз?! Таулықтардың ғасырлар бойы шыңдалған рухын аңғарамыз. Рух жолындағы тәрбиені байқаймыз.
Шәміл һәм Кенесары
Қазақтың Кенесары сұлтаны мен кавказдың имам Шәмілі дәл бір мезгілде отарлаушыларға қарсы көтерілді. Қап тауында Шәміл атқа қонғанда, ақ патшадан шен алған бек-сұлтандар атақты Қажы Мұрат, авар жұртының абыройы Гамзат бек, Елісу сұлтаны Данилдер иықтарындағы алтын зерлі пагонды жұлып тастап көтерілісшілерге қосылды. Барлығы дерлік Шәміл айтқан «опасыздар жердің астында жатсын!» деген жалғыз ауыз сөздің ығына жығылды. Нәтжесінде көтерілісшілер саны 40 мыңға жетіп, 20 мың тұрақты жасақ ұстады.
Ал, қазақтың би-сұлтандары ше?! Кенесарыны қолдап азаттық үшін күреске шығудың орнына патшаның солдаттарымен бірігіп оған қарсы тұрды. Ақмола окургінің аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендин 1840 жылы 5 ақпанда Кенесарыға көрсеткен қарсылығы үшін патшадан «полковник» шенін алды. Арқа өңіріне атақты билердің бірі Кішкентайдың Аққошқары Кене ханды қолдаған қазақ ауылдарын шапқаны үшін Батыс Сібір генерал-губернаторынан «Алтын шапан» сыйлығын алды. 1843 жылдың тамызында сұлтандар А.Жантөреұлы мен Б.Айшуақұлы көтерілісшілерге қарсы жасақ жабдықтады…
Бірақ имам Шәміл де, Кенесары да жеңіске жеткен жоқ. Тек ғана азаттық үшін күрескен ұлы тұлғалар ретінде екеуі де тарихта қалды. Хан Кене 1847 жылы 45 жасында қырғыздардың қолынан мерт болды. Имам Шәміл болса 1859 жылы орыстардың қолына түсті. Оны өлтіруге отаршылар қорықты. Шәміл өлсе қаһарлы таулықтардың тағы бір сойқанды бастарын білді. Калугада ол ауласында бау-бақшасы мен мешіті бар, ең жақсы үйлердің біріне қоныстанды. Кейін имамның Дағыстанда қалған отбасы да түгел осында жеткізіледі. Ақ патша Шәміл үшін жыл сайын қазынадан 20 мың рубль бөлгізіп, имамның өзіне 15 мың рубльдей пенсия тағайындады. 1868 жылы Меккеге барып аман-есен қажылық парызын өтеді, 72 жасында тағы да қажылыққа барып, Медина жерінде дүниеден өтті. Сүйегі атақты «Бақи» зиратына жерленді. Ал, біздің Кенесарының сүйегі қайда қалды? Басы қайда жатыр? Іздесең де табылмайды?!
Қазақтың рухы осы кезден бастап әлсіреді. Оған негізгі себеп, отарлаудың зардабы болса, екінші тараптан Абай атамыздың, «алыс жақын қазақтың бәрі қаңғып, аямай бірін-бірі жүр ғой аңдып…» дегеніндей сатқындық, атаққа алданбақтық немесе «мәз болады болысың, арқаға ұлық қаққанға» демекші мақтаншақтық сияқты кеселдің ұлт өміріне жалпыласып кетуінен таза рухы лайланды.
Қазақ һәм кавказ
Мына бір дерекке назар аударыңыз: жоғарыдағы 2.9 млн таулықтар арасынан соңғы 50 жылда самбо, дзюдо, еркін және грек-рим күрес түрлерінен Олимпиада, әлем, Еуропа чемпионы атанған 308 балуан туып шығыпты. Ал, біздің 13 млн 910 мың (әлем бойынша нақты қазақтың саны) қазақтан шыққан соңғы 50 жылда Олимпиада, әлем, Еуропа чемпионы атанған азаматтарды санап көріңіз. Бұл бір.
Арықарай етпеп тереңдеп көрсек: ғаламда жан саны 946 мың (оның 850 мыңы Дағыстанда тұрады) авар дейтін халық бар. Жоғарыдағы имам Шәміл мен Расул Гамзатов осы халықтың ұлдары. Осылардан 42 Олимпиада және әлем чемпиондары шыққан екен. Бергі жағын ғана суыртпақтап айтсақ: Хаджымурад Могомедов (еркін күрес, Атланта-1996), Сагид Муртазалиев (еркін күрес, Сидней-2000), Мәулет Батыровтар (еркін күрес, Афины-2004, Бейжің – 2008) Олимпиада жеңімпазы атаныпты. Бұған әлемнің көп мәрте чемпионы Али Алиевті қосып қойыңыз.
Ал, бар-жоғы 431 мың құмықтан: тек ғана бір еркін күрес түрінен Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері – Сайпулла Абсайтов, Магомед-Гасан Абушев, Расул Батталов, Ильяс Бекбулатов, Бахтияр Ахметов, әлем және Еуропа чемпионадары мен жүлдегерлері – Насрулла Насруллаев, Нариман Исрапилов, Мурад Рамазановтар шықса, барлық күрес түрлері бойынша 17 балуан Олимпиада және әлем чемпионы атаныпты.
Легзиндер болса 385 мың адамды құрап отыр. Бізге қарағанда жан саны 26 есе аз. Ал, балуандарының нәтижесі бізден кем емес. Дзюдодан әлем чемпионы Садир Айвазов, Тельман Курбанов және тәуелсіз Азербайжан (осы елдің атынан күрескен) тарихында тұңғыш Олимпиада жеңімпазы болған Назим Курбанов бар. Самбодан әлем чемионы атанған: Эльдар Алиев, Назир Мамедалиев, Ислам Мамедов. Еркін күрестен әлемнің екі дүркін жеңімпазы Руслан Ашуралиев т.б. кете береді.
Таулықтардың құрамындағы даргинцтердің саны 490,4 мың адамды құраса, 14 жігіті әр қилы күрес түрлерінен Олипиада және әлем, Еуропа чемпионы атанып үлгеріпті. Атап айтқанда, 1995 жылы әлемнің ең үздік балуаны атағына ие болған, еркін күрестен әлемнің екі дүркін жеңімпазы, Еуропаның 4 дүркін чемпионы Магомед Азизов, Еуропа чемпионы Али Исаев, әлем кубогының екі мәрте иегері Руслан Караев, Еуропаның екі мәрте жеңімпазы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Бузай Ибрагимов т.б.
Дағыстан республикасының құрамына кіретін жоғарыдағы төрт халықтан басқа: ноғай (40,4 мың), лак (161 мың), табасаран (118 мың), агул (28 мың), цахур (9,8 мың), тат (0.2 мың)… т.б. жұрттардың ұландары да қашаннан бері ту ұстап, тұлпар мініп үйренген. Атап айтқанда, еркін күрестен Олимпиада чемпионы Ширвани Мурадов (лак), Олимпиаданың күміс жүлдегері Наси Булгаев (агул), дзюдодан әлем кубогының иегері Камал Хан-Магомедов (табасаран) және 2002 жылы футболдан өткен әлем біріншілігінде «Алтын гол» соғып Түрік құрамасын қола медалға жеткізген Ильхан Мансыз (ногай) т.б.
Жоғарыдағы ұлт-ұлыстар сияқты Дағыстан республикасының құрамында болмаса да, жалпы таулықтар дейтін атқа ие, кабардин-балқар (545 мың), адыгейлер (128,5 мың), осетиндердің (516 мың) спортта жеткен жетістіктері бізді он орайды. Жүз жиырма сегіз мың адыгейлердің 48 ұланы, самбо, еркін күрес, грек рим, дзюдодан Олимпиада, әлем, Еуропа чемионы немесе жүлдегері (әлем, Еуропа кубогының иегерлері) атанып үлгерген екен. Жетістіктің басы 1948 жылы Олимпиаданың жеңіс тұғырына көтерілген Гуше Яшардан басталса, арықарай Аталай Махмұд, Арамбай Емиж, Асланбек Хуштов т.б. кете береді.
Ал, әлемде жарты-ақ миллион осетиндердің жетістігі адыгейлерден кем түспейді. Еркін күрестен әлемнің төрт дүркін чемпионы Бесик Кудухов,екі дүркін чемпионы Таймураз Дзгоев, Олимпиаданың екі дүркін жеңімпазы Сослан Андиев, үш дүркін чемпионы Артур Таймазов (Өзбекстан атынан күресіп жүр), әлем және Еуропа чемпиондары: Ибрагим Алдатов, Ю. Гусов, Алан Дудаев, Арават Сабеев, Ирбек Фарниев… т.б.
Кабардин-балқар бауырларымыздың да оншақты жігіті күресте әлемдік деңгейге көтерілген екен. Атап айтқанда: Билял Махов, Мулид Лампежев, Анзор Уришев, Алексей Казиев, Арсен Маиров, Расул Машезов… т.б.
****
Осы жерден тізгінді тарттық. Ерте де имам Шәмілді жаудың солдаттары Гуниб тауында қоршауға алады. Шәкең биік таудың үстіне шығып намазын оқиды. Сол сәтте бір қолына оқ тиеді. Имам намазын бұзбай құлшылығын жасап орынан тұрады. Қасындағы нөкерлері: «Имам сіз жараландыңыз» десе, Шәміл оны елең қылмай: «Қойыңдаршы, менің жарамда тұрған не бар, ертең жазылады, ал, күллі Дағыстан жараланса ол қалай жазылмақ?» деп қайғырған екен. Сол сияқты жеке адамының бойында отты рухтың болмауы мүмкін, ал күллі ұлттың бойынан отты рух өшсе не болмақ?!
Бекен Қайратұлы, «Қазақ спорты» газетінен
Парақшамызға жазылыңыз
“біздің Кенесарының сүйегі қайда қалды? Басы қайда жатыр? Іздесең де табылмайды?!”
Мен келіспеймін. Қазақта қазір де мықты жігіттер де батырлар да көп, бұрын да болған, болады да. Соларды дер кезінде демеп жіберетін атқамінерлер аз болды, қолында барлары орыстың тарбиесін көрген, солар не айтса да бас шұлғумен келген атейст, имансыз, барі тек қана маған деп дүниенің құлы болған шөпкетышарлардың уақыты еді.(олар алі де бар, отыр сол жерде) Уақытын да ақша бөлмей, мықтыны шығармай танысын шығару, жеңілсе де сол тумаласын, танысын көрсету, шығару. Баріне имансыз, атейст билік кіналі. Бұйыртса, енді-енді жүрегін де иманы, намысы бар жігіттер оянып, көбеюде, қазақтың жігіттерін көтеруде, алемге шығаруда.