///

ҰБТ: үрей мен үміт

1666 рет қаралды

Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін құжат тапсырудың уақыты да таяп қалды. «Тест сы­нағы» деп дүрліккен аласа­пы­ран­ның кезі әлі алда, әрине. Де­генмен мемлекеттік сынақты тап­сыру күні жақындаған сайын мектеп түлек­терінің бойын бо­лашаққа зор үміт, арман билесе, жүрек түбінде «осы сынақтан сүрінбей өте аламын ба?» деген күдік, қорқыныш тағы тұ­рады. Оқу­шыны былай қойғанда, мұ­ғалімдер де үрейленеді. Өйткені, бүгінде Ұлттық бірыңғай тестілеу кезіндегі талап күшейтіліп, жыл өткен сайын сынақ тапсыру қиын­дай түскен сияқты. Алайда 9 жыл­дан бері елімізде қолданып келе жат­қан ҰБТ-ға көзқарасты өзгер­тіп, қорқынышты қалай сейілт­пекпіз?!

434_f2729d9c7ad9e5ce2824986c41d0eba7

Білім және ғылым министрлігі биылғы ҰБТ сұрақтарының ба­засы жаңартылғанын, оған ло­гикалық сұрақтардың енгі­зіл­генін айтты. Жалпы ақпарат құрал­да­рында ҰБТ-ға қатысты жаңа­лық­тар жарқ ете қалса, ең алдымен мұғалімдер мен оқушылар елең­дейді. Өйткені оқушылар үшін ҰБТ алдағы тағ­ды­рын анықтайтын сынақ болса, мұ­ғалімдер «шәкірт­тері аз балл жи­наса жоғарыдан сөгіс алып қал­маймын ба?» деп қауіптенеді. Бүгінгі таңда ҰБТ барысында сан түрлі жағдайға тап болған түлектер де бар. Жыл сайын ақпарат құрал­дары тест тапсыру кезіндегі оқыс оқиғалар мен тосын жағдай жа­йын­да жа­рыса жазады. Жалпы жыл сайын ҰБТ уақыты таяған сайын ке­леңсіз жағдайға жол бермеудің артын бағатынымыз рас. Тіпті, «ба­ланың бөтені жоқ» деп, ҰБТ қоры­тындысын бәріміз алаңдауға да көштік. Шынтуайтына кел­генде, ҰБТ қорқатын дүние ме? Бі­ліміне сенген түлек не үшін қор­қады?

– Бізге дейін оқу бітірген ба­ла­лардан ұлттық бірыңғай тес­тілеуде кездескен қиын сұрақ­­тар, қатаң тексерістер туралы естіп, «ертең тест тапсырарда мен де бар білге­німнен айырылып, сасқа­лақтап қалмасам екен» деп қор­қамын. Сол үшін дұрыс, түсінікті сұрақтар бол­са екен дейсің. Қа­зір мен не­гізі­нен математика пәні­не көп уақытым­ды бөлім жүр­мін. Өйткені қалған пәндерді осы уақытқа дейін алған білімің бо­йынша тапсырсаң, мате­матика есеп шығаруды қажет етеді. Не­гізінен жақсы балл алып шы­ға­тыныма сенемін. Алдағы өмірім ҰБТ-дан жинайтын балыма байла­нысты, қажетті балл жи­най алмай қалсам, жоғары оқу ор­нын сығалай да алмаспын. Мен оны анық түсі­немін, – дейді Қоста­най облысы, Амангелді ауданы­ның Алтынса­рин атындағы жалпы білім беретін мектеп оқушысы Луиза Төленова. Оқушының ҰБТ-дан жақсы балл жинап шығуына ата-анадан кем алаңдамайтын жан – мұғалім. Балалардың күйініші мен қор­қынышына алаңдайтын ұстаз­­дар шәкірттерінің ең алдымен ата-ана­ның сенімін ақтай алмайтын­дығынан қорқатынын айтады.

– Көбінесе үздік оқушы­лар қат­­ты алаңдайды. Өйткені ата-ана­ның балаға үміті зор, бала «сол сенімді ақтай алмай қаламын ба» деп қорқады. Сол үшін мектепте пси­хологиялық тұрғыда жұмыс­­тар жүргізу керек. Жалпы, бала тест тапсыру барысында қобалжып, сасқалақтамай, бел­гіленген уа­қытты дұрыс пайда­ла­нуы тиіс. Көбіне оқушылар «уа­қыт тығыз болып, ойлануға мұр­­ша бол­май қалды. Кейбір сұрақ­ты асы­ғыстықпен белгіледім» дейді тест­тен шыққан соң. Сондықтан тест жауаптарын белгілеуде ең оңай пәнінен бастап, жеңілден қиын пәнге қарай өткені дұрыс. Себебі, математика сияқты пән­дерге есеп шығарумен көп уақыт кетіп қалады да, басқаларына уақыттары жетпей жатады, – дейді Қостанай облысы, Науры­зым ауданы, Шилі орта мек­тебінің мұғалімі Гүлнар Жаң­­ға­­былқызы.  Жасыратыны жоқ, ұлттық бі­рыңғай тестті тапсыру оқушы үшін үрейлі де қауіпті сәтке ай­налды. Өйткені мектеп те, ата-ана да ҰБТ-ны сынақ емес, тағдырды шешер басты құрал ретінде қарас­тыра­ды. Осының салдарынан оқушы ғана емес, мектеп м­ұ­ғалімдері де үрей­ле­ніп, әбден қорқып қалған. Әйт­ке­нмен, білім жағынан ғана емес, оқушыны ҰБТ-ға психологиялық тұр­ғыда дайындау керектігі ай­қын.

Жалпы емтиханнан оқушы ғана емес, кез-келген ересек адам да қорқады. Бірақ мені қатты қо­балжытатын дүние, онсызда қор­қып отырған балаға министр­ден бастап ата-ана, мектеп те, мұға­лім­дер де оқушы көңіліне демеу бе­ріп қолдаудың орнына, қорқыныш­ты одан сайын үдете түседі. Қорқыта бергеннен гөрі, оқушыға ең алды­мен қолдау қа­жет. Былтыр біз психологиялық дайындау, қолдау көрсетудің бір бағыты ретінде «Кә­сіби бағдар беру» бағдарлама­сын ұйымдас­тырдық. Биыл бұл бағдар­лама­ны Алматы қаласында жал­ғасты­рып жатырмыз. Бұл бала­ның маман­дығын таңдау арқылы өзі­нің ішкі мотивациясын, білімге қызы­ғу­шылығымен осы ұлттық бірің­ғай тест тапсыруда сенімділігін арт­ты­руға бағытталған. Жалпы ма­ман­дыққа баулу мектептен ғана емес, бала дүниеге келгеннен бас­тап ата-ана оның не нәрсеге икем­ділігін бақылап, бағыт көр­сетуі тиіс. Ал мектеп оны іліп алып кету керек. Елбасы жолда­уында адами ресурс­тарға мән берді. Бұл адами ресурс­тарды да­мытудағы іс-шараның бірі деуге болады. Ал оны қалай дамы­та­мыз, егер соған бағытталған, со­­ның ішінде мамандық таңдауы­­на бағыт берудегі үкіметтік деңгей­де орталық ашылмай?! Бұл үкімет­­тік қаржыландыру арқылы жасала­­тын дүние. Егер де өзінің сүйіп таң­даған мамандығын дәл та­буы­на үкімет көмектесетін бол­са, жастар арасындағы қылмыс пен жұмыс­сыздық күрт тоқ­тайтын еді деп ой­лаймын. Жастар арасын­дағы қылмыстың артып, суицид­тің өр­шіп тұрғандығының негіз­гі себебі жастардың өмірдегі ор­нын таба алмауында. Оның алдын алу үшін салиқалы орталық болуы тиіс және ол міндетті түрде үкі­меттің жа­нындағы құрылым болуы керек. Сонда ғана бұл мә­селенің түйіні шешіле бастамақ. Әрине оған да сатылы жұмыс ке­рек, өйткені бұл үлкен дүние, әлем­дік деңгейдегі мәселе – дейді осы ретте Edtech-kz орталығының директоры Ғани Бектайұлы.

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ

“Айқын”

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар