Ел тәуелсіздігіне қызмет етіп отыр ма?

Бейімбет Майлиннің «Көшпелі махаббат» деген әңгімесі бар. «…Ауылдың ортасынан қақ жарып жүретін жолдың үстінде төрт-бес кішкене бала құм үйіп ойнап жатыр екен. Менен қорықты, бір-біріне жалтаңдап қарап: «Орыс келе жатыр…» деп тұра қашты. Біреуінің ат қып мінген талы қалды. Біреуінің шуда жіптен бау таққан құрығы қалды. Мен күлдім…». Ондыққа дәл тигізіп ататын Би-ағаңның осы жазбасында суреттелгендей, қазақ баласы көре сап қашатын орыс келгелі, орыстың ізін ала өзі түгілі, атын да естіп көрмеген өзге де ұлт өкілдерінің шоғыр-шоғырымен шұбатылып келіп, күнгейлі-теріскейлі қазақ тағдырына араласып кеткеніне де ғасырдың өлшем болатын уақыты жетті. Қазақ секілді құм кешіп, қу мекиен шөл басып, Қытай қашып, Ауған аспаса да, басым бөлігі өз ықтиярымен де емес, бір түнде берілген саяси бұйрықтың тегеурінімен вагонға тиеліп телім-телім болып тентіреп келіп, жат жерде жүріп өмір жалғастырып, «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» деп аталса да, ұлтты тұтастыру мен сақтап қалудың ең үлкен құралы ретінде олар руханиятын дамытуды ұмытқан жоқ. Әсіресе, әдебиеті мен өнерін.

letras

Себебі, бір ұлттың әдебиеті дегеніміз – сол ұлттың асқақ рухы. Тіл, сөз өнері, көр­кем әдебиет сақталса ғана ұлттың сақ­талып қалатынына көзі ашық зиялысының бәрі сенді. Сол сенім жолында тақыр жерден тамырын тіміскілеп жүріп әдебиетін жасады. Барлық елдің әдебиетіне тән дәс­түрлі жанр – поэзиядағы ұлттық үн мен про­задағы азаматтық әуен қазақ жерінде жүріп те жоғары деңгейге көтерілді. Уақыт­тың барлық қабаттарына барлау жасау, тақырып ауқымдылығы, өршілдік, тарихи күрделі дүниелерге бойлау, модерн мен авангардтың жалына қол апарып, бағындыруға талпыну, бір сөзбен айтқан­да, қазақ әдебиетінің қазаны қалай қайнап жатса, Қазақстандағы ұлттар әдебиетіне де классикадан бастап жаңашылдыққа де­йінгі барлық сорап тән. «Бүгінгі әдебиеттің басты кемшілігі не?» деген сауалға бері­летін «жастар кітап оқымайды», «кітап тиражы аз», «шөпті де, шөңгені де өлең етіп жатыр», «кроссворд секілді әр сөзі әр жақ­қа қарап тұратын байланысы жоқ, тілдің құнын түсіретін тұрпайы да жат, мазмұнсыз, көркемдік идеясыз повестер мен әңгімелер қаптап кетті» дейтін жауап ірілі-ұсақты ұлттардың баршасының әде­биетіне айтылатын ортақ сын. Жыл сайын әдебиетке жаңа толқын келіп қосылып жатады. Олар да бір бағанның бойын қуалап, бір жолға бір сөзден ғана жазып, арасына тыныс белгісін қоймастан, бір тыныспен оқыла­тын шумақтарды «өлең» деп атап, постмодернизм кеңістігіне «құлаш ұрып», интернет әдебиетті дамытып, алдыңғы буын ағалардың екі көзін алақандай етіп алаңдаушылығын туғызып, «ах» ұрғызып қояды. Қысқасы, ортақ ауа жұтып, ортақ тағдыр кешіп, ортақ сана шеңберіндегі дүниетаным бірдей қалыптасып, бірдей тәрбие тезіне түсіп, бір идеологияға ба­ғынған қоғамда өмір сүрген соң мұның бәрі заңдылыққа саяды. Президент әде­биет пен мәдениет қайраткерлеріне Мемлекеттік стипендияларды табыс еткен салтанатты жиында: «Бүгінде шығармала­рын қазақ тілінде жазатын қазіргі жазушыларды Қазақстанда орыс тілді оқырман аз біледі. Бәлкім, аударма саласын дамыту туралы ойластыру қажет болар. Отандық авторлардың туындылары қазақстандық­тардың мақтанышына айналуға тиіс. Мен бұдан бұрын да өңіраралық мәдениет алмасу туралы айтқанмын. Биылдан бастап еліміздің өңірлері арасында мәдениет күндері тұрақты өткізілуі тиіс. Қазақстан­дық мәдениет пен өнердегі патриоттық, ең алдымен, біздің қоғамда болып жатқан ұлы тарихи оқиғалардың өзгерістерінен көрініс табуы керек. Кез келген жанрдағы кез келген туынды, мейлі кино немесе мультипликация, музыкалық немесе дра­ма­лық шығарма болсын, бірлік, патриот­тық, жасампаздық идеяларын насихаттауы қажет. Бұл – сіздердің басты мис­сия­­­лары­ңыз. Еліміз Тәуелсіздік жылда­рында көп­теген жетістікке жетті, оның бәрі барша қазақстандықтардың бірлігі мен келісіміне негізделген. Бізге мұны ұмытуға болмайды» деген-ді. Елбасының осы тапсырмасынан кейін кешегі Ғабиден Мұстафиндердің ізімен ұйғыр жазушысы А.Ашири өндіріс­тік өмірден сыр шертетін «Жылы жүрек» атты повесть жазып аяқтапты.
Бірақ әдебиеттің даму соқпағында, шағын ұлттар үшін кедергі мен кемшілік­тер де болмай қалмайды. Сол кем­шілік­тердің ішіндегі ең қасіреттісі, қазақ топы­рағында жүріп өз ұлтының рухы мен ұятын көтеріп жүрген жасы үлкендері ке­йінгі жастарының тілінің қасаң тартып, тіпті алдының ұмыта баста­ғандығын айтып, қамығады. Бір қуанар­лығы, ойы озық, сөзі сергек өз әдеби орталары бар. Бұл орта өзіндегі «бар» мен «жоғын» түгендеп, пікір алмасып, ұлты ал­дындағы парызы мен қарызын сезінуге мүмкіндік береді. Парызды сезіну ормандай көп орыс ұлты­ның ақыны мен жазушысын айтпағанда, Жазушылар одағында тіркелген отызға тарта мүшесі бар ұйғыр әдебиетінің өкіл­дерінен бастап, кәріс әде­биетінен тіркелген қос қаламгер Лаврентий Сон мен Виктор Ким, қарашай ұлты­нан қаламгер атанып жүрген (Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі) жалғыз ақын қызы Зулпа Чума­коваға дейін бірдей өріс алып, күншуақта ғана жүруді қолай көрмей, қоғам мен өз ұлтының көмекейіне көлденең кептелген сүйекті алып тастау үшін жанталаса қалам тербеуді қарыз санайды.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ.

Айтар ойға айқындама

Ахметжан
Ашири,
жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы Ұйғыр әдебиеті кеңесінің төрағасы:
– «Ұйғыр қаламгерлері бүгінде не жазып жатыр, қалай жазып жатыр?» деген сұрақ төңірегінен келсек, еліміз тәуелсіздік алғалы бергі жиырма жыл айналасында жасалған игі істер, бүгінгі заман адамдары, олардың жаңа кезеңдегі ойы, мінезі, дү­ниетанымындағы өзгерісі ақын-жазушылар қаламынан тысқары қала алмайды. Мысалы, ақын Патыгүл Мақсотова­ның өлеңдері, жазушы Тельман Нурахуновтың бүгінгі күні ұмытылуға айналған ауыл тақырыбына қай­та жол тартып, ауыл жастарының өмірі­нен сыр шерткен «Тағдыр» атты үлкен по­весі қазақ, орыс тіліне аударылып, көмескі тарта бастаған басқа да тақырыптар қайта жаңғы­рып, көркем дүниелер қатарын то­лық­тырып жатыр. Ауыт Масимов деген жазушымыздың «Комерт құпиясы» деген повесі қазақ тілінде Байтұрсыновтың аударуымен жақында «Жұлдыз» журналында басылды. Ресейдің «Литературная газетасында» жарияланды. Жуықта ғана «Илхам» сыйлығын алды. Ұйғыр әдебиетінің көркем­дік кеңесін басқарып отырғаннан кейін әрі қаламгерлік парызым ретінде әдебиетіміз­дің кешегі ірі өкілдерінің ізімен тарихи сүбелі тақырыптарға баруды жөн санап, қазір көне ұйғыр, түркі тарихына байланысты өзіме қажетті материалдарды жинақтап жатырмын. Тарихи ескі жазбалар мен мұрағат деректері негізінде ХІІІ ғасырдың басындағы ұлы Шыңғысхан мен ұйғыр елі Едіқұт әміршісі Баурчық – артекенің досты­ғы туралы «Едіқұт» атты үлкен роман жазып бітірдім. Тарихтан Едіқұт деген алып ұйғыр мемлекеті болғанын көзі қарақты жұрттың бәрі біледі. Бұл – ақиқи дерек. Роман орыс тілінде жарық көрді, қазір ағыл­шын, түрік тіліне аударылып жатыр. Жақын арада Шың­жаң Ұйғыр автономиялық елінде жарияланып қалар деп отырмыз, роман-эпо­пеяның ІІ кітабы «Баурчық – артеки» деген атпен жақында шықты. Оқырман жылы қабылдады, қаламгер әріптестердің пікірі оң. Әдебиетке келіп жатқан талантты жастар­дың шоғыры да мол. Біз оларды ауылдан іздейміз, мектептен іздейміз, өлеңдерін, әңгімелерін жинақтап, топтама етіп бастырамыз. Тек жастар шығармашылығынан тұратын «Арзо бұлақтары» деген жинақ баспада әзірленіп жатыр.

Валерий
Михайлов,
ақын,
«Простор» журналының
бас редакторы:

– Орыстілді әдебиет асфальт­та да туа береді, ал нағыз орыс әдебиеті тек топырақ­тан ғана бастау алады. Менің бұл сөзім қазақ жерінің қуаты мен қасиеті орыс әдебиетіне Павел Васильев пен Иван Шухов, Иван Щеголихин мен Николай Корсунов, Валерий Антонов пен Морис Симашко, Евгений Курдаков пен Надежда Чернова сияқты дара дарындарды сыйлады деп тәптіштей түссем, түсініктірек бола ма деймін. Жалпы, Қазақстан­дағы орыс әдебиетінің қалай дамып, өрістеп жатқа­нын білгісі келген адам біздің журналымызды бір парақтап шық­сын. Біз журналымыз арқылы тек орыс әдебиеті мен этникалық орыстардың шы­ғар­машы­лығын насихаттаумен ғана шекте­ліп отырған жоқпыз, дәстүрлі мектебіміздің үлкен бағыттарының бірі – аударма арқылы қазақ әдебиетінің бар бұтағы кең көлемде танылып отыр. Қазақ әдебиетінің барлық классиктері мен талантты қазақ ақын-жа­зушылары ғана емес, Қазақстанда тұрып жатқан ұйғыр, кәріс, неміс, дүнген, күрд, тағы басқа ұлттар қаламгерлерінің де шы­ғармаларын орыс тілі аудармасы арқылы үлкен алаңға алып шығатын біздің «Простор» журналы екені шындық. Авторларымыз да көп. Бізге бүкіл ТМД аумағынан: Ресей, Украина, Белорусь, Молдова, Армения, Өзбекстаннан жазады. Кеңес кезінде «Дружба народов» деген журнал болған, сол басы­лымның қызметін бүгінде біз атқарып отырған сияқ­тымыз. Атына заты сай, «Простор» деген – әдеби аңсар-ша­быттың ауқымдылығы һәм тақырып көк­­жие­гінің кеңдігі. Бүгінгі әдебиеттің әр тыныс алғаны сезіледі. Өз шығармашы­лығыма келсем, осыдан он жыл бұрын шық­қан «Ұлы жұт» деген кітабым ілгері­ректе Ре­сей­де, жақында Германияда басылып шықты, ағылшын тіліне де аударылып, жа­рық көрген болатын. Ал қазақ тіліне ақын Ғұсман Жандыбаев аударып, оқыр­манға жол тартты. Тағы бір айтпағым, Ресей елі секілді Қазақ­станда да әдеби сый­лық­тардың санын арттыру қажет. Әйтпесе, Жазушылар одағы тағайындайтын кіші­гірім сыйлықтан бастап Мемлекеттік сыйлыққа дейінгі аралық­тағы қаламгерлерге берілетін сыйақы, марапат мөлшері бізде аз, тым аз.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар