///

Сайтанды да састырған Сарала қамшы

2227 рет қаралды
1

«Алты таспа бұзау тіс, былжырамай аттан түс» деп айтылатын бағзыдан келе жатқан мәтел қамшының қарапайым ғана өрме еместігін айқын аңғартып тұрса керек. Қазақтың қай шебері болмасын терінің тамашалап иін қандырып, бетіндегі шелін сыдырып тастаған соң, бабына келтіріп илеген теріні өткір кездігімен сыдыра тартып, таспалап тіліп, жайылып жатқан теріні түрлі-түрлі өнер өлкесіне бастай жөнеледі. Қоқиған тері қордалы қазына айналады. Іркіт пісер сабаны, сусын құяр жан торсықты да сыртына тамшы су өтпейтін етіп өргенде өнерге еріксіз бас иіп, таңдайыңның тақ ете түскенін сезбей де қаласың.
Жан торсықты өрме қайыспен шашақтап шығарғанның өзі өз алдына бір төбе әңгіме. Ол байлардың мәртебесін арттырып, сал-серінің сәнін келтіреді. Ондағы сары қымыз бен шырынды шұбаттың дәмі таңдайыңды құндақтап, тамсандырады. Міне, теріден жасалған бұйымдар осылай түр-түрімен тізбектеліп кете береді. Ақпандағы шақылдаған сары аязға бермейтін тон мен шалбар да, аяқтағы шарық пен шу асауды құрықтар қыл арқан да осы теріден алынған тамаша өнімдер. Көшпелі мәдениеттің көмулі жатқан қордалы қазыналарының қайсысын айтып тауысуға болар? Тіпті, қатқанын жүн сабайтын тулақ қылып, асқанын керегенің көгіне пайдаланған қазақтың осы өнер ордасының құлпы ашылмай, сартап болып сақталып жатыр.

reМенің айтайын дегенім, осылардың біреуі ғана. Яғни – қамшы. Қамшыны білмейтін исі қазақ жоқ шығар. Атына қанық болғанымен, затын сараптағандар аз. Себебі, аяғын кербез көтеріп, тұяғын тік тастап ойнақтаған тұлпарлардың орнын темір көліктер басып кетті.

«Көктемір көсеу арқалап,

Ерім қайтып күн көрер!?

Қиыр қонып шет жайлап,

Елім қайтып күн көрер!?» – деп толғап, алдағы күнде елін қорғар ердің де, ер қорғаны елдің де тағдырына алаңдаған Асан Қайғының елі бұл күнде көк темірді көлік етіп көкте де ұшты, көлде де жүзді. Қара жерді қайықша есті. Ал, көшпенді дәуірдегі дала мәдениеті көзден бұлбұл ұшып аңызға айналды. Сол себептен де қамшы тек қана төрде ілулі тұратын көрініске айналды. Қамшының қазақтың төрінде тұруы оның қазақ жүрегіндегі орнын білдірсе керек. Бірақ, қамшының ілулі тұрғанының да өзіндік сыры бар екенін айта кету керек.

Негізі, атамыз қазақ қамшыны салбыратып бүлдіргесінен ілуді құп санамаған. Егер, олай істелсе, бұл үйде сол қамшының иесінің қайтыс болғанының белгісі. Сырттан келген қонақ сол белгіге қарап аят оқып, аруаққа құран бағыштайтын болған. Ал, екі бүктеліп ілініп тұрса, ол – мал-басы аман, төрт түлік түгел деген ұғым. Сондақтан да, қамшыны екі бүктеп ілген.

Ежелден қамшының қазақ тұрмысындағы орны ерекше болған. Жер дауы, жесір дауы, құн дауы деп аталатын рулар арасындағы үлкен дауларда сөз бұйдасын ұстаған әр рудың жезтаңдай шешендері қамшысын отырған жамағаттың алдына тастап сөз кезегін алып отырған. Ха лық арасына кең жайылған аңыздардың бірінде ағайынның арасына әреке салып, түнде жүрген жолаушыны шошындырған сайтанның өзі де қазақтың алтынмен апталған сарала қамшысының алдында дәрмені кетіп, тайып тұрады делінеді. «Сайтан қабаққа қарай басады» деп, шетке шығып, бұра тартқан ру арасындағы тентектерге ақсақалды қариялар қамшысын көрсете зекігенде бойындағы аласұрған албастысы жымдай болады. Себебі, ауыл ақсақалының айтқанын тыңдамау әбестік. Ондай оспадарларды жауырынды оса тиген дойыр қамшы қас қағымда тәубесіне түсіретін. Ал, қазір ақсақалдың айтқанын ұғар ұл қайсы? Қамшы түгіл қаттырақ сөз айтса, сіркесі су көтермей шытынай қалатын, әйнек мінезділердің өркендеген тұсы емес пе?! Әттең, бабамыздың байырғы заңымен тілдесетін кез болса, қамшы тілер т алай қақпақ жауырындар жүр-ау.

Қамшының сырына қанық шеберлер өрген кезде тұтамдап өлшейді. Негізгі өлшемді қамшы алты тұтамнан тұрады. Бұны ат қамшы дейді. Ал, кейде жеті тұтам болатын кездері де болады. Бұны жер қамшы деп атайды. Жер қамшы көбінде мал айдауға пайдаланылады. Ал, одан ұзын болса, оның аты өзгеріп бишік болған. Әрі ол салақұлаш ұзын, мал қайырғанға қолайлы болу үшін үйргенде шартылдайтын етіп жасалған.

Қамшы алты таспадан он екі таспаға дейін өріледі. Өріп болғаннан кейін дым кезінде ысқыға салып төрт, алты, сегіз қырлы етіп шығарады. Немесе жұмыр күйінде қалдырады. Ал, саптаған кезде кез келген ағашты қамшы сабына пайдалана бермейді. Көбінде тобылғыны сап етеді. Таңдап отырып әдемі қызыл тобылғыны алғаннан кейін оны майлап кептіріп қояды. Қамшы алақанын ұлпадай жұмсартып алғаннан кейін дайындалған тобылғы сапты саптайды. Қамшы алақанынан тартып әр жерден тобылғы саптың үстін айналдыра отырып белдік жүргізіліп, сап біткен жерден тоқтайды. Қамшыға алып жүруге қолайлы, қолға іле салатын бүлдіргі тағылады. Жасалуына қарай бірқанша түрге бөлінеді.

Тобылғы қамшы – қызыл тобылғыны саптап оған өзгеріс енгізбей сол күйінде қалдырады. Ол маймен сылынып сапталған қызыл сабымен сәнді көрінеді.

Сарала қамшы – тобылғыны маймен ысып отырып саптайды. Әрі, мыстан әдемілеп қамшы сабына өрнектер жүргізіліп өңделеді.

Өрме қамшы – бұл тұтастай сабына дейін өрілген қамшы. Өрме қамшы қос шашақ және бір шашақ болып бөлінеді . Қосшашақта қамшының өрімі тоқтаған жерден бір шашақ, қолға ұстайтын сабында алақанға бір тұтам болған жерден бір шашақ шығады. Ал, бір шашақта қамшы өрімі біткен жерде ғана бір шашақ болады. Сабындағы өрменің ішінде ағаш болады. Бұл жерде сарала қамшы немесе тобылғы қамшыдай сап талдау аса қажет емес, ырғай да, тобылғы да жарай береді.

Қамшыны қазақтар қару ретінде де көп пайдаланған. Талай жаға жыртысқан барымталарда басты қару бос мойын шоқпар мен қамшы болғаны анық. Әрі барлық адам бірдей қамшымен сілтегенін сұлата бермейді, ол үшін қамшыгерлік өнер керек. Әйгілі қамшыгер Қареке қапылыста жылқы қуған қалмақ батырымен жекпе-жегінде қолында қамшыдан басқа қару болмаған. Соған қарамастан, бес қаруы сай қалмақты қамшымен құлатқан ерлігі елге мәлім. Үйге кірген кезде қазақ баласы қамшыны өзімен бірге төрге алып шықпайды. Ерге қыстырып, болмаса босағаға керегеге қыстырып қояды. Қолыма қамшы ұстадым, ержетіп атқа міндім деп аттың сауырына қайта-қайта қамшы сілтеу де қателік. Әкесі баласын ашамайға мінгізген кезден бастап балаға бұлардың барлығы айтылады. Өйткені, қамшы сала берген жылқы сипақ болып қалады. Міне, сахара мәдениеті барлығын да сараптап, санаға сіңіріп қойған.

Жалпы, қамшы – қазақтың ежелден келе жатқан тарихи жәдігерлерінің бірі. Оның қасиетін бағалап, қадіріне жету, келер ұрпақтың көкейіне қондыру, бір күні бағалысынан айырылып сан соқпау үшін бүгін әрекет жасау керек екенін ескеру ел жоғын жоқтар ерлерге сын. Барыңды бағалап, байлығыңды ескер, ағайын.

Мырзабек НӘСІПХАНҰЛЫ

“Ұлт болмысы” журналынан

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Өте жақсы мақала! Және ертеде аталарымыз қолына мал бітпесе де әйтеуір бір мал басы бітсін деп жаяу жүрсе де қолына қамшы ұстап жүрген. Ал патшаға кірер алдында маяға аттарын байлап ордаға дейін жаяу барған. Кірер алдында егер қарауыл қонақтың қамшысын алып қойса онда ол қонақтың ордада сөз айтуға құқығы жоқ дегенді білдірген. Ал егер беліндегі пышағын алса онда қонаққа ордадан ет буйырмайды дегенді білдірген. Ең мықты қонақтар, яғни ханның не сұлтанның жақындары онымен еркін сөйлесетін қонақтар ордаға тазысын ертіп кіруге құқылы болған.Және де -қамшы тұрған үйдің әйелі қамшыға қарап өз-өзін ұстаған)Тағы естуімше мықты қамшыгерлер бір ұрғанда өгіздің бас сүйегін қақ айыратын болған. Олардың қамшыларының басында қорғасын немесе малдың тісін орнатқан. Тобылғы қасиетті ағаш дейді кейде жылқыға жын кіргенде тобылғы қамшымен ұрып шығараты мыс….

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар