Оған Еуропаның 10 елі мен АҚШ, Түркиядан да өкілдер қатыспақшы
Кеше Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев бастаған делегация Франция астанасы Парижге келді. Мақсат – Еуропа қазақтарының кіші құрылтайын өткізіп, осының аясында Қазақстаннан барған өнер ұжымдары мен кино саласы мамандарының еңбектерін шетелдегі қандастарымызға көрсетіп, насихаттау және түрлі спорттық шаралар өткізуге ұйытқы болу. Бұл форумға қатысуға Еуропаның 10 елі мен АҚШ, Түркиядан да өкілдер келіп отыр. Қазақстандық делегацияға келер болсақ, құрамында сенатор, академик Ғарифолла Есім, Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Мақсат Ысқақов, Білім және ғылым министрлігі Философия, саясаттану және дінтану институты директорының орынбасары, профессор Серік Нұрмұратов, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамының бас редакторы Дидар Амантай, Астана мемлекеттік филармониясының әншісі Алтынай Жорабаева, күйші Ерген Еркін секілді белгілі адамдар бар бұл топ үш күн бойы Еуропа қазақтары мәдени орталықтары жетекшілерінің басқосуына қатысып, дөңгелек үстел жұмысындағы жанды пікірлердің тууына мұрындық болады. Сондай-ақ, «Ағайын» бағдарламасы бойынша арнайы телехабар дайындауға атсалысып, республика өнер шеберлері өкілдерінің гала-концертін ұйымдастырады.
Жанболат ӘЛИХАНҰЛЫ (Аупбаев),
«Егемен Қазақстан» –
Парижден.
Парақшамызға жазылыңыз