Түркия Тайып Режеп Ердоған мен оның «жұмсақ исламдық бағыттағы» деп сипатталатын Әділет және даму партиясы билік құрған соңғы оншақты жылда көршілерінің түсіне де кірмейтін экономикалық өсуге қол жеткізді. Бірақ дәл осы үкімет кейбір көршілері армандай да алмайтын дәрежеде секуляризм (кемализм) негізінде құрылған республикада зайырлы тұрғындардың наразылығын ескерместен саяси ислам принциптерін орнықтыра бастады. Қазіргі Анкара экономикалық либерализм мен еуропалық интеграция жолынан бас тартпайтынын байқатты. Бірақ баспасөз бен интернет еркіндігі бойынша тізім соңындағылардың бірі болып тұр.
«Араб көктемі» тым асқынып кеткен әлеуметтік-экономикалық проблемалардың саяси дағдарысқа ұласуы еді. Ал «Таксимдегі» ағаштарға араша түсу әу бастан тоқ қоғамның саяси қарсылығы ретінде көрінді.
Түркиядағы наразылықтың «Араб көктемінен» несі бөлек? Әуелі соңғы он шақты күн ішінде әлемдік БАҚ-та тұрақты тіркеске айнала бастаған төмендегі түсініктерге зер салып байқалық.
«ЕРДОҒАННЫҢ АВТОРИТАРИЗМІ»
«Секулярист және еркін ойлы түрік жастары мен азшылықтардың қарсылығын туғызған Ердоғанның авторитаризмі» туралы жазбаған әлемдік БАҚ қалмады. Бірақ осы «авторитаризмнің» нақ белгілерін сипаттап бергендер жоқтың қасы. Түрлі комментарийлер мен сараптамаларда мынадай үш мысал жиі ұшырасады.
Соңғы бес-алты жыл ішінде «Ердоған үкіметін астыртын түрде секулярист интеллигенцияның қолдауымен төңкеріп тастамақ болды» деп айыпталған 200-ден астам жоғары лауазымды әскери басшы мен қызметкер қамауға алынды. «Ергенекон ісі» аталып кеткен осы қылмыстық істің аясында 100-ге тарта журналист «терроризмді насихаттағаны үшін» және түрмеге жабылды. Осы себепті, Түркия үкіметі халықаралық ұйымдардың бағалауы бойынша интернет пен баспасөз еркіндігін шектеуші сөз бостандығы дұшпандарының бірі атанған. Бұл – «Ердоған авторитаризмінің» бірінші мысалы.
Соңғы жылдары елдегі этникалық һәм саяси азшылық – күрд белсенділеріне қысым жасау күрт күшейді. Осы топтың бірқатар өкілдері «Ергенекон ісіне қатысы бар» деген желеумен «терроршы» ретінде қамауға алынып жатыр. Бұл – «Ердоған авторитаризмінің» екінші мысалы.
«Таксимнен» басталған наразылық акциялары кезінде Ердоған үкіметі бірден полицияның күшіне сүйенді. Демонстранттарға жас ағызатын газ бен су шашылды. Бүгінге дейін төрт адам (біреуі – полицей) жүрегі ұстап, көлік астына түсіп және төбелес кезінде жарақат алып қаза тапты. Бұл – «Ердоған авторитаризмінің» үшінші мысалы.
«Ергенекон» үшін жапа шегіп қудаланып жатқан БАҚ өкілдері туралы бірінші мысалға қайта оралайық. Түркиялық тәуелсіз журналист Мұстафа Ақжолдың (Mustafa Akyol) биыл EuropeanVoice басылымына айтқан мына бір бейтарап пікіріне еріксіз назарым ауды. Түрік журналисінің сөзінше, Ердоған үкіметі терроризммен күресте авторитарлық әдіс қолданады, қатып-семіп қалған құқықтық менталитетті өзгертуге талпынбайды. Түркия «либералдық емес демократияға» (illiberal democracy) қарай бет бұрған, «әділ сайлау өтсе де, азаматтық құқықтар қорғала бермейді». Бірақ журналист 2002 жылдан бері билік құрған Ердоған үкіметі тұсында «адамды азаптау мен сот шешімінсіз кісі өлтірудің біржола жойылғанын» да ескерткен. Расында да Түркияның қазіргі саяси тарихы туралы Батыста жарияланып жатқан барлық дерлік зерттеулерге сенсек, үш рет үкімет құрған Ердоғанның алдыңғы екі мерзімі кезінде демократия нығая түскен. Ал 2011 жылы үшінші мәрте қайта сайланған соң Ердоған жоғарыда айтылған тұтқындауларға жол берген.
Қысым көріп жатқан күрд азшылығы туралы екінші мысалға ойысайық. Бұл мәселеге үңілу кезінде биыл наурызда түрік үкіметі мен қамаудағы жергілікті сепаратист күрдтердің жетекшісі Абдулла Оджаланның арасында жасалған бітімді еске алмауға және болмайды. «Күрд жанжалы» басталған 1984 жылдан бері бірінші рет күрдтердің саяси жетекшісі жақтастарын Түркия территориясында қарулы ұрыс қимылдарын тоқтатуға шақырды.
Демонстранттарды күшпен таратуға қатысты үшінші мысалға келейік. Меніңше, авторитаризмнен ада Батыс елдерінің өзінде наразылық танытушыларды тарату үшін полиция жас ағызатын газ бен су шашу әдісін қолданады. Мысалы, антиглобалист және антикапиталист демонстранттарды улы газ бен резеңке оқ атып қуа-қуа өлшеусіз тәжірибе жинаған бір ғана Женева полициясының өзі біршама елге дәріс бере алар еді. Сол себепті, әлі резеңке оқ ата қоймаған түрік полициясының қазіргі реакциясы жұртты жаппай тітіркендіріп тастады деп айту қиын.
Өз басымды одан гөрі қаттырақ тітіркендірген жайт басқа еді. Ол – Ердоғанның соңғы екі аптадағы риторикасы. Саясатына сәл наразылық таныта қалған жұрттың талап-тілегін жан-жақты зерттеп алмай тұрып, ең бірінші асығыс-үсігіс мәлімдемесінде-ақ «тонаушы», «терроршы», «бүлікші», «нашақор», «алқаш» деп үкім шығарып тастау авторитарлық режимде тұратын адамдар үшін соншалықты таныс саяси мінез-құлық. Басында «Таксимдегі» қарсылық акциясын «Тахрир» толқуынан гөрі «Оккупай Уолл-Стрит» (Нью-Йоркте болған демонстрация) қозғалысымен салыстыруға бейім тұрған едім. Түрік Премьер-министрінің үзілді-кесілді қатаң риторикасы керісінше әсер тудырды. Сол себепті, Ердоған Түркиядағы шашыраңқы шерулерді «Араб көктемімен» салыстырмауға шақырған сайын сондай пікірдің қалыптасуына өзі себеп болғанға ұқсайды. Халықтың басым көпшілігінің қолдауына ие саяси жетекші дәл осылайша қуыстана қорғануға көшеді деп ойламаған едім.
Бірақ араб әлеміндегі автократтар мен диктаторлардан бір айырмашылығы – түрік премьері он бірінші күні болсын демонстранттардың өкілдерімен жүзбе-жүз кездесуге мақұл екенін білдірді. «Шеруге шыққандардың барлығы тонаушы» деген әуелгі сөздің орнын «демократиялық жолмен наразылық танытушыларды бұзақылыққа бұрып әкеткен бүлікші элементтер» туралы жаңа пікір басты. Қарсылық акциялары кезінде интернет пен әлеуметтік желілер жаппай шектеліп, я жабылған жоқ. Стамбул мэрі Twitter арқылы демонстранттардың халін біліп, кешірім сұрап жатты.
Әлбетте, 100-ге тарта журналист пен 200-ден астам офицерді және бірқатар этникалық азшылық өкілдерін «үкіметті заңсыз төңкермек болды» деген конспирацияға ұқсас ащы ішектей созылған қылмыстық іс аясында ұзақ мерзімге түрмеге жабу қандай да бір өркениетті елге жараса қоймас. Полицияның шектен тыс күш қолдануына ерік беру де адам құқықтарына қатер төндіретін жайт. Бірақ билеуші партиясы әділ сайлау арқылы үкімет құратын, адам азаптау мен сотсыз жазалауды болдырмай тастайтын, «күрд жанжалы» сияқты күрделі мәселені реттеудің жолын табатын және демонстранттарға қарсы ары кетсе жас ағызатын газ бен су шашатын «авторитаризм» кейбір Таяу Шығыс және пост-советтік елдердегі азаматтық қоғамның арманы емес пе?
«ТҮРКИЯДАҒЫ ИСЛАМИЗАЦИЯ»
Тайып Режеп Ердоған басқаратын Әділет пен даму партиясының «жұмсақ саяси Исламды жамылып» Ататүрік негізін қалаған секуляристік республиканы «қайта исламдандыруға тырысып жатқаны» туралы айтылатын пікірлер мен болжамдар да көп. Соңғы екі аптадағы наразылық шаралары кезінде бұл тақырып жиі қозғалатын болды. Тағы да соңғы екі апта ішінде әлемдік БАҚ-та ең көп ұшырасқан төмендегі екі мысалға көз жүгіртейік.
• Түрік үкіметі «Таксим» алаңындағы шоқ ағашты кесіп, Осман империясы кезіндегі тарихи ескерткішті қалпына келтірмек. Былайша айтқанда, мұсылмандық тарихын насихаттайтын тағы бір ескерткіш тұрғызбақ.
• Әділет пен даму партиясы елде ішімдік сатуды одан ары шектей түсетін заңды қабылдатпақшы. Бұл заң жобасын түрік парламенті мақұлдап үлгерген.
Ердоған үкіметінің Стамбулдың еуропалық бөлігінде орналасқан «Таксим» алаңындағы шағын парктің (сквер десе де келер) орнына османлы кезеңіндегі әскери ғимаратты қайта тұрғызу туралы жоспарына таңданатындай ештеңе жоқ. Секулярист түріктердің соңғы саяси қарсылық акциясына шартты себеп болған да осы жоба еді. Бұл – Әділет және даму партиясы жетекшісінің Осман империясы туралы кез келген естелікті ұлттық мақтаныш тұтатын діни консервативтік электоратының алдында өте табиғи және түсінікті түрде саяси ұпай жинау әрекеті. Кезінде өзі мэрі болған Стамбул халқының арасында дәл осы жобаға қатысты сауалнама жасалып Ердоғанның жақтаушылары басым түссе, таңқалуға болмас. Бұл қалада жасыл желектің аз екені рас. Ол тұрғыдан «Таксимдегі» ағаштарға араша түскен демонстранттарды қолдамайтын жан жоқ шығар. Бірақ шеруге шыққандардың көпшілігі ағаштардың тек сылтау болғанын, гәптің бәрі саяси және басқа да азшылықтардың «Ердоғанның авторитаризмі мен исламизациясынан шаршағанында жатқанын» айта бастады. Ондай жағдайда наразы секулярист түріктерге дәл осындай ұйымшылдықпен және белсенділікпен келесі сайлауға қатысып, дауыс беруге кім кедергі? Өткен сайлауда кім кедергі болған?
Әділет және даму партиясы сайлаушыларының алдында танымалдығын арттыра түсу үшін тұрақты түрде жүргізіп келе жатқан тағы бір кампания – түрік жастарын ішімдіктің зиянды ықпалынан құтқару. Ердоғанның өз сөзімен айтқанда: «Тақуа мұсылман буынын қалыптастыру». Бұл саяси науқан да Ататүрік құрған зайырлы республика идеалдарын қолдаушы, Осман империясын өз тарихының ең жарқын кезеңі деп санай қоймайтын секулярист түріктердің шамына қатты тиді. Жеке бостандығына қол сұғу болып көрінді. Ішімдік сатуды шектейтін заң жобасы бойынша 22.00-06.00 арасында алкоголь өнімдері мүлдем сатылмауы тиіс, арақ-шарап дүкендері мешіттер мен мектептерден кем дегенде жүз метр алыс орналасуы керек, ал телеарналар кез-келген кадрдегі ішімдік ыдыстарының жазуларын көмескі етулері қажет. Бұл заңды мақұлдау кезінде түрік парламентінде зор айғай-шу туды. Оппозициялық депутаттар залдан мүлдем шығып кетті. Соған қарамастан дауыс беру нәтижесі қабылданды. Жуық арада бұл заң жобасына Президент Абдулла Гүл қол қоймақшы. Бір ескеретін жайт, бұған дейін алкоголь өнімдеріне арналған салық түрі көбейіп, олардың теледидардағы жарнамасына біржола тыйым салынып, тіпті «Түрік әуе жолдарының» кейбір ұшақтарында ішімдік берілмейтін болған. «Мұсылман бауырлар» сияқты исламдық партия билік басына келген Египеттің өзінде мұндай қатаң шектеу жоқ. БАӘ туралы ештеңе айтпаса да болады. Ал Түркияда түнгі он мен таңғы алты арасында ғана ішімдік сатпау саясатының «тақуа жас буын» қалыптастыруға қалай үлес қосатынын және мұсылман әлеміндегі ірі туризм орталығының бюджетіне қалай әсер ететінін Әділет және даму партиясының идеологтары ғана жақсы білуі тиіс.
Түрік үкіметінің бұл реформаларын талдау кезінде бірқатар халықаралық БАҚ барлық кінәні «секулярист азшылықтың құқығын аяққа таптаушы Ердоғанның әсіре діндарлығына» аударады. Түркия сияқты мұсылман әлеміндегі ең қатты модернизацияға ұшыраған елде бір ғана адамның діни принциптері тұтас мемлекеттік саясатты қалыптастыруға ықпал етеді деп тұжырым жасау қисынсыз болар еді. Егер сайлаушылардың басым көпшілігі діни консерватизмнің жақтаушылары болмаса, Ердоған да бұлай еркін қимылдай алмас еді. Әлемдік БАҚ-тың назарына көп іліне бермейтін бір фактор – жалпы ішкі өнімі соңғы 20 жылда еселей өсіп, әлемдегі экономикасы ең ірі 20 елдің біріне айналған Түркияда экономикалық әлеуетпен бірге мұсылмандық тарихы мен османлы мәдениетін қастер тұтатын қалыпты ислам жақтаушыларының да күрт көбейгені. Ал мұндай электораттың қолдауынан айырылмау үшін Ердоғанның орнындағы кез-келген прагматик саясаткер Ататүріктің секуляристік республика туралы өсиеттері мен Еуропа Одағының саяси-экономикалық талаптарын приоритет көрмес еді. Ердоған үшін Түркиядағы әрбір діни қауым мен діни топ мүшесінің дауысы маңызды. Бұл елге барған сайын бір байқаған нәрсем – ортодоксы болсын, нақышбандысы болсын, махмұдшысы болсын, сүлейменшісі болсын, нұршысы болсын, я гүленшісі болсын, Әділет пен даму партиясының жетекшісіне деген ыстық ықыласын білдіріп жатады. Түркиядағы сиырдың бүйрегіндей қырық бөлек, қырық пышақ исламдық топтардың барлығының дерлік көңілін табу – Ердоғанның көп жазыла бермейтін тағы бір жетістігі. Кең тараған бір конспирация бойынша Түркия Премьері, теолог Фетхуллаһ Гүленнің мүриді ретінде сипатталады. Бәлкім, Гүлен құрған жартылай діни, жартылай зайырлы, сүнниттік-модернистік білім беру жүйесінің («Фатих», «Хизмет» және «түрік лицейлері» деген аттары бар) Әділет пен даму партиясы ұстанатын «жұмсақ Ислам» саясатына сырттай ұқсастығы осындай мифтің тууына түрткі болған шығар. Түркиядағы діни ахуал мен ішкі саясатты білетін адам бұл болжамның қисынсыз екенін айтар еді. Өйткені, Ердоған қандай да бір діни топқа, я тарихатқа ашық жақындап кеткен күні өзі арқа сүйеген тұтас исламдық электораттың елеулі бөлігінен бір-ақ күнде айырылатынын жақсы біледі.
Өзінің алдында өткен Түркия Премьерлері сияқты Тайып Режеп Ердоған есінен шығармайтын ең маңызды фактор – қит еткен авторитаризмді де, ашық исламизацияны да адым аштырмай ауыздықтай қоятын, ту сыртынан көз алмай қадағалап тұрған «секуляристік республика құндылықтарын қорғаушы» түрік армиясы. 1960 жылдан бері төрт мәрте төңкеріс жасаған әскер басшылығы азаматтық үкімет дағдарысқа ұшыраған сәтте саясат сахнасына шыға келуге қашан да болсын дайын тарап. Ердоған исламдық электоратқа қалай иек артса, «Таксим» алаңына шыққандар да зайырлы қоғам принциптерінің сақталуына кепілдік беруші әскерді дәл солайша сүйеу көреді. Сол себепті, соңғы жарты ғасырда үкімет басына сайланған сайын алған дауысы көбейе түскен алғашқы партияға айналған «Әділет пен даму» біржола үстемдік орната ма, әлде әскер мен әлеуметтік желіге сүйенген секуляристер заң аясында өз бостандықтарын қорғап қала ма, ол арасын болжап білу және қиын. (2-суретте Ғалым Боқаш, Мінбердің жеке қорынан)
дереккөз: “Қазақ әдебиетінен”
Парақшамызға жазылыңыз