Кеше телеарна біткен Талғат Мұсааевтың Үкімет жиынынан ашуға булығып шығып, журналистерге дөрекілеу сөйлегенін жабыла көрсетті.
Себеп? «Байқоңыр» Ресейге төр, қазаққа көр болып келе жатқанын «Протон-М» апаты тағы бір дәлелдеп, аспанға улы бұлт үйірілді. Осыған орай премьер-министр Серік Ахметов өткізген жиында Талғат Мұсабаев «Бұл апат болып саналмайды. Себебі зымырантасығыш Қазақстанға тиесілі(!) аумаққа құлаған жоқ»-деп екі ел арасындағы келісімшарттың осы тармағын екі-үш мәрте қайталап оқыды. Және Ахметовке «Байқоңыр» айлағының картасын көрсетіп, «Протонның» қайда құлағанын айтып берді. Одан соң «Бұл Ресейдің өз шаруасы!» деп салды. Серік Ахметов шұғыл түрде үкіметтік комиссия құру туралы бұйырып еді Мұсабаев «Сіздің комиссия ол аумаққа кіре алмайды» деп төтесінен тартты. Енді осы сөздерді ой елегінен өткізіп көрсек Талғат Мұсабаевтың Үкімет басшысының назарын Байқоңыр айлағына қатысты келісімшартқа аударғысы келгені байқалатындай. Өйткені, 2012 жылдың желтоқсанында «Қазғарыш» жетекшісі келісімшартты өзгерту керектігін, қазақ елі ұтылып жатқанын айтып, Ресейдің «Бәйтерек» кешенінің құрылысына қаржы құюға әдейі асықпай отырғанын, бұл біздегі ғарыш саласының мешелдеуіне себепкер екенін маман ретінде дәлелдеп беріп еді. Осыдан кейін Ресей вице-премьері Игорь Шуваловтың аппараты Қазақстан үкіметіне «Мұсабаевтың не шатпақтап жүргенін түсіндіріңдер?»-деп тепсініп, нота жіберген болатын. Ол нотаны Зевс оғынан кем көрмей сасқалақтаған Қазақстан Үкіметі «бұзық» Талғатты жабыла талаған, Парламент мүшелері бұны саясти сауатсыздыққа санаған. СІМ өкілі Ілияс Омаров «Келсімшарт сол күйі қалады. Елбасымыз 19 желтоқсанда Ресей президентімен кездесті. Сол кезде басшылардың «Байқоңырды» екі ел ынтымақтастығының символы есебінде бағалайтындары айтылды»-деген. Сондықтан Мұсабаевтың кешегі апатқа орай ұйымдастырылған жиында қитыға сөйлеуінде «Босқа шулап қайтесіңдер. Ол шаруаға ешқайсың араласа алмайсыңдар ғой!» деген емеуірін бар көрінді. Және осы сөздері үшін өзі ақпарат құралдарында сынға ұшырайтынын сезді де, анталаған тілші қауымға тіксіне сөйледі!?
Ал, комиссия құрамыз деп шулап, елге жақсы көрінген «мықтылар» не деді?
Олар «Өңір халқы үйінен шықпай, есік-терезесін тұмшалап отырсын. Малын өріске шығармасын!» деді. Бұл не «Ажал келсе үйіңнен алсын, сиырың көшеде теңкиіп жатпасын» деген ұсыныс па? Бұдан кейін тұтас Қызылорда облысы халқына противогаз кигізіп қойса да қайран қалмаңыз! Төрдегілердің «келелі» сөзінің сиқы осы.
Енді гептилге келейік. Анықтама: Гептил (симметриалық емес диметилгидразин, СЕДМГ) зыимырандар жанармайында көп қолданылатын қоспа. +63.1 оС қайнайды, —58 оС қатады. Су, мұнай өнімдеріне, тіпті спиртке де оңай сіңісіп кетеді. СЕДМГ ең қатерлі заттар тобына жатады.
Кезінде ғалымдар «Гептилдің 1 граммы мың адамды өлтіруге жетеді» деген еді. «Протон-М» зымырантасығышында осы улы зат қосылған 600 тонна жанармай болған екен. Алматыда 15 тонна бензин тиелген көлік аударылып, 2-3 сағат лаулай жанғанын көзімізбен көрдік. Сонда 17 секунд ішінде 600 тонна жанармай түгел жанып кетті дегенге сенесіз бе? Бірақ ғалымдары бар, Божкосы бар бізді осыған сендіруде.
Экологомыз Мэлс Елеусізов « Жаңбыр жауғаны жақсы болған. Оның үстіне зымырантасығыштың көкте жарылғаны да жақсы болған. Жерге құлап жанбай қалса үлкен экологиялық апатқа ұрынар едік» деді. Ал, ресейлік эколог, Мәскеу Мемлекеттік Университетінің экологиялық қауспсіздікті зерттейтін зертханасының жетекшісі Татьяна Королева: Мен экологиялық катастрофа болады деп шу көтерудің себебін көрмей тұрмын. Жерге жанармай төгілді деп ойламаймын» дейді.
Бәрінен озған Ресей ғалымы, Циолковский атындағы ғарыш академиясының сарапшысы Юрий Караш болды. Ол«Коммерсантъ» басылыман берген сұхбатында, «Қазақстан топырағына жүздеген тонна гептил төгілгені рас болса бұны мемлекетке жасалған химиялық шабуылға теңеуге болады» депті. Бұдан әрі ол Ресей тарапының енді «Протон-М» орнына «Ангара» зымырантасығышын ұшыруға ниеттеніп отырғанын айтып, ақтала бастаған.
Енді осы айтқандарды Мұсабаев сөзімен салыстырып көрелік: «Мұндай жағдайда гептил отыны түгел жанып кетеді де, азот оксиді түзіледі. Ол халық денсаулығына соншалықты ҚАУІПТІ емес. Жрылыстан пайда болған түтін үш бағытқа бөлініп, бірі Қармақшы, екіншісі Қазалы, үшіншісі Байқоңырға бағыт алған еді. Ал бұл уақыттағы жаңбыр түтіннің жойылуына септігін тигізді, бұл да ҚАУІПТІҢ кемуіне сеп болды.» дейді.
Осы қысқа сұхбатта Т. Мұсабаев «қауіп кеміді» дегенді екі мәрте меңзеген. Демек, ол қауіп болған, әлі бар! Осындай жағдайда Үкіметтік деңгейде ел екеніңді білдіру орнына, халқыңа қатер төндірген келсім жайында толғану орнына «Үйден шықпаңдар!» деп облыс жұртына тілек айту аса ақылды тірлік емес. Осыны көріп отырған Талғат Мұсабаевтың қисық сөйлеуінің себебі түсінікті. Күзде «таяққа жығылған» «Қазғарыш» жетекшісі астарлап отырып-ақ «Байқоңыр» келісімшартты қазақты сорлатып отырғанын тағы бір айтып қалған секілді?!
Мүмкін, «Мен айтып едім! Мен былтыр ескертіп едім! Тыңдамадыңыздар! Ресей бізді құл көреді!» деп жер тепкілесе көңілге қонымды болар ма еді. Онда Талғат Мұсабаевты алмастыратын адам тез табылары анық. Сол кезде ақиқатты астарлап болса да айтатын басшыға зар болып қалмаймыз ба?
parasat.info
Парақшамызға жазылыңыз