//

Оноре Бальзак: Суреткерлер туралы

908 рет қаралды

 бальзакФранцияда сезімді ой тұншықтырады. Біздің өнерімізді ілгері бастырмайтын қырсықтың барлығы осы ұлттық кемшіліктің кесірінен пайда болады. Біз мода талап еткен театрға немесе салонға барып, тамашалап, қол соғып, қызыға талқылап және сол жерден шыға салып, өзіміздің тесік астауымызға қайтып ораламыз. Жүз адамның төртеуі ғана трио мен каватиннен таңғажайып әсер алып, музыкадан өз өмірінің парақтарын оқып, махаббат жайлы ойлап, жастық шағын есіне алып, тәтті қиялдарға беріліп, поэзияны жан-жүрегімен сезінеді. Талантты адам халықтың арасынан шығады.

Олардың қоғамға жат екі түрлі қылықтарын көп адамдар түсінбейді: біріншіден, Ришельенің айтуынша, олар жағымпазданып күн көре алмайды және дүниеге қызықпайды, байлықтың артына түспейді, ақшасы болса, жұмсап, тауысқанша асығады. Олардың  соншалықты  қайырымды жан дүниесінде  кез-келген саудагердің ойын жаулап алатын дүниеқорлық, сараңдық сияқты жаман әдеттерге орын жоқ.  Оларға көп жағдайда жыртық лашық, жейтін нан болса болды. Олардың данышпандығы – мәңгілікке берілген сыйлық. Талантты адамдарды күніне он рет көрсеңіз де  қарапайым болып көрінеді. Дүниесі түгел адамдар олар туралы дүкенде артельші болып жұмыс істеу ғана қолдарынан келеді деп ойлайды. Шын мәнінде, ойды меңгерген адам –  әлемнің әміршісі. Патшалар халықты белгілі бір мерзімде ғана басқарады, ал суреткер халықты ғасырлар бойы басқарады, олар заттардың бет-бейнесін өзгертіп, жер шарына тәртіп орнатады.  Екіншіден, олар тобырдың көзімен қарағанда – жалқау, еріншек. Ал шындығында, олардың милары үздіксіз жұмыс істейді. Олардың жандарын қинап жұмыс істеген сағаттары еріккеннің ермегі, істейтін басқа ісі  қалмаған жатып ішер жалқаудың іс-әрекеті сияқты болып көрінеді. Расында, идеяның соңына түскен кездеріндегі олардың бақытты  сәттерін айтып жеткізу қиын. Ньютон таңертең терең ойға беріліп отырады. Келесі күні таңертең адамдар оны еш өзгеріссіз сол қалпында көреді. Ал ол өзінің бір тәулік өткенше ойға батып отырғанын байқамаған. Лафонтен мен Кардано жайлы да осындай әңгімелер айтады. Олардың төбесі  аспанға  тиеді, аяғы жерді басып тұрады.

Өнер – ойдың байлығы. Олардың мінездерінде тұрақтылық болмайды, шығармашылық ойларымен бірге мінездері өзгеріп тұрады. Суреткер өзінің жанын күллі әлемді көре алатын айнаға айналдырып, сол айнадан өзінің қалауы бойынша әртүрлі елдерді салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымен, адамдардың образдарын құмарлық-құштарлықтарымен қоса көре алатын болғандықтан мінез деп аталатын қалыпқа сыймайды. Олар соғыста қорқақ, эшафотта (күнәкардың басын кесіп алуға арналған сәкі, орын) батыл, біреуді жан-тәнімен беріліп сүйеді және ешбір себепсіз сүйген адамын тастап кетеді, олар ақымақтардың сыйынған бастықтарының ақылға сыймайтын қылықтарын байқап қалса, ақжарқын, жайдары көңіл күйлерін бұзбай, өз пікірлерін олардың бетіне айта салады, олар еш ойланбастан кез-келген үкіметті жақтап шыға келеді немесе қайсар реслубликашыл бола салады. Олар бәрін түсінеді, балаға ұқсап, барлық нәрсеге қызығады, бәрін көзімен көріп, қолымен ұстағысы келеді. Олар әрі бала, әрі алып, ірі тұлға. Өмірде медальдың екі жағын да көре алатын олардың осындай мүмкіндіктерін  тобыр өтірікке шығарады.

Суреткердің тәні тіршіліктің кездойсақ оқиғаларының еркіне оңай көне салады, ал жаны үнемі буланып тұрады.  Жұрттың қызыл дегені оларға көгілдір болып көрінеді. Құпия себептерге терең ене алатындықтан талантты адам бақытсыздыққа қуанады, сұлулықты жоққа шығарады, олқылық-кемістікті мақтайды, қылмысты жақтайды, ол ақымақтықтың барлық белгілерін көрсетеді, қолданған іс-шаралары мақсаттан алыстағандай болады, ал шын мәнінде мақсатқа жақындайды. Олар қол созым жерде тұрған бақытты алыста деп ойлайды. Олардың ақылы алыстан көреді, болашақпен сөйлесіп тұрып, айналасындағыларға аса маңызды болып көрінетін ұсақ-түйектерді байқамайды. Сол үшін оның өз әйелі (немесе өз күйеуі) оны ақымақ деп қабылдайды.

Суреткер жұбайының айтқанына көніп, айдауына жүрмегені абзал. Өздерінің әлемнің билеушісі екендіктерін біле алмай, бір үзім нанға зар болып өмірден өтетін, атақ-даңққа өлгеннен кейін ие болатын осындай даңқтың ұлдарына, «соқырларға» шын ниетімен беріліп, өз өмірлерін соларға қызмет етуге арнаған ақын, жазушы, суретші, мүсінші, композитордың, жалпы өнер адамдарының жұбайларының адамгершілігі – адам деген атқа лайықты ерлік. Суреткер өнерге сол өнердің өзі үшін қызмет етуі қажет екенін, өнердің өзі сыйлаған қуаныштан артық қуаныш болмайтынын, тыныштық пен оңашалықтан асқан қазына жоқ екенін есінен шығармауы керек. Өлместің күнін көріп, нан тауып жеу үшін тіршілік ететіндерге, болмаса, өмірдегі бар жақсыны ақшаға сатып алып, ләззәт алу үшін бес күнгі жалғанның қызығына тоймайтындарға, коммерциямен айналысатындарға, басшылық қызметте, жұмсақ креслода отырғандарға мәңгі өлмейтін өнер туындыларының әрқайсысының жеке-жеке, соншалықты қиын жағдайда, зор қиналыс үстінде туатынын қалай дәлелдейсіз?

Ұлы суреткер «бұ дүниеге» оралғанда өзінің артықшылығын есіктің арғы жағында қалдырып, өзін-өзі қорғамағаны жөн, уақыттан да, тіпті біздің өзімізден де күшті көмекшіміз, жаратқан иеміз бар екенін естен шығармағанымыз дұрыс. Өнер туындыларын тудыру және өмір сүру үшін күресу – бұл екеуін қатар алып жүру үшін екі адамның өмірі қажет, ал біз бір мезгілде екі адамның өмірін қатар сүре алмаймыз, өйткені, ешқашан соншалықты күшті бола алмаймыз. Жабайылар мен қарапайым халық өркениетті, мәдениетті ұлттармен салыстырғанда табиғатқа жақын тұрғандықтан  көрнекті адамдардың ұлылығын дәріптейді, өнерін түсініп, бағалайды, өздерін құрметтеп, төбелеріне көтеріп, ардақтайды. Мәдениетті ұлттардың арасында ұлыларды осылай қадірлеу сирек кездеседі, көп жағдайда, жарқ етіп жанған жарықты  тезірек өшіруге асығады, өйткені  өрт шығып кетеді деп қорқады.

Түзу – шексіздіктің ерекше белгісі, шексіздікті алдын-ала сезетін адам оны өзінің шығармашылығында ұдайы қолданады. Адам баласының жаратылысында қисық аз, түзу көп. Адам ғана түзу сызықты сезе алады. Сіздің төсегіңізден әлемнің шекарасына дейін бар болғаны екі-ақ адым: еркіндік – сенім (воля – вера.) Еркіндік дегеніміз –  қозғалысқа қабілетті барлық тіршілік етушілерге тән флюид (течение – ағыс). Әлем үш сфераға (өріске) бөлінеді: инстинкт, абстракция және көріпкелдік.

Адамзаттың ең әлсіз бөлігі –  инстинкт сферасында өмір сүреді. Инстинктің адамдары туады, тіршілік етеді және өледі, олар адамзат ақылының екінші сатысы – абстракция сферасына көтерілмейді. Абстракция сферасында қоғам басталады. Инстинктпен салыстырғанда абстракция қол жетпестей күшті болып көрінгенімен, көріпкелдікпен салыстырғанда ол шексіз әлсіз болып қалады; көріпкелдіктің көмегімен ғана құдайдың құдіретін түсінуге болады. Абстракциядан заңдар, өнер, істерге қызығушылық, социалдық идеялар туындайды. Әлемнің даңқын шығаратын да, қайыршылық күйге түсіретін де – абстракция. Даңқын шығаратын себебі: ол қоғамды жасады, кедейлікке ұшырататын себебі: ол адамды шексіздікке алып баратын жолдардың бірі – көріпкелдік сферасына өту қажеттілігінен босатады. Адам барлығын – жақсылықты, залымдықты,  қайырымдылықты, қылмысты өзінің абстракциясымен ұғынып, сараптайды. Ол барлығын өзінің құқығының (правосының) формулаларының таразысына салып өлшейді, оның өлшеуі бәрібір де дұрыс болмайды. Құдайдың әділеттілігі ғана көреген.      Көріпкелдіктің негізі материалдық әлемдегі заттарды да, рухани әлемдегі нәрселерді де әртүрлілігімен қоса соңында қалай болатынын да көре алатындығында жатыр. Адамзаттың ең керемет данышпандары – олар абстракцияның қараңғы сферасынан құтылып шығып, көріпкелдіктің жарығына ұмтылғандар. Абстракция мен инстинкттің аралығында сияқты, көріпкелдік пен абстракцияның аралығында да ерекше жаратылыстар болады, екі патшалықтың әртүрлі қасиеттерінің бір-біріне құйылуынан аралас тіршілік иелері дүниеге келеді: олар – данышпан адамдар. Көріпкелдік интуицияны тудырады. Көріпкел көрінетін әлемді сыртқы әлемдермен байланыстыру орталығы болып табылады: ол көреді және өзінің ішкі органдарымен сезеді. Абстрактивті  адам ойлайды, инстинктивті адам әрекет етеді. Осыдан адамзат үшін қажетті үш баспалдақ айқындалады: инстинктивті орта деңгейден төмен, абстрактивті орта деңгейде, көріпкел жоғарғы деңгейде. Көріпкелдік адамның тура жолын ашады, одан шексіздік ояна бастайды, және сол жерде ол өзінің тағдырын айқындайды.

Үш әлем бар: табиғи, рухани, құдайшыл. Адамзат өзінің күн көрісінде де, көрініп-білінуінде де тұрақты болып қалмайтын табиғи әлемнен өтеді. Рухани әлемнің тіршілік етуі тұрақты болғанымен, көрініп-білінуі қозғалысқа негізделген. Құдайлық әлем өмір сүруде де, өзін көрсеуде де мызғымайтын берік қасиетке ие.

Ғибадат етудің үш түрі бар: материалдық, рухани, құдайшыл. Оған іс-әрекетпен, сөзбен, дұғамен білдірілетін, басқаша айтқанда, факт, түсіну және махаббат деп аталатын үш форма сәйкес келеді. Фактілер ештеңеге жарамайды, бізден кейін идеялар ғана қалады. Инстинктивті адам факт іздейді, абстрактивті адам идеямен айналысады, көріпкел мақсаттың соңын көреді: ол бар ынта-ықыласымен құдайға ұмтылады, ол оны алдын-ала сезінеді немесе пайымдайды.

Жер бетіндегінің барлығы қозғалыс пен сандарға негізделген. Қозғалыс – белгілі бір мөлшерде әрекет ететін – сан. Қозғалыс –  әдіс-амал, сан – нәтиже. Қозғалыс барлық жағдайда жемісті болады, ол әрқашан сандарды тудырады. Сандар бүтін мен бөлшектерді байланыстыратын гармония түзеді. Қозғалыс болмаса, барлығы бір бүтін болып қалар еді. Сөзді танып-білуді үйрететін жалғыз саналы куәгер – ол сан. Жүрегін жумаған, жаны мен тәнін тазаламаған адам аттап өте алмайтын сан бар. Ол сан өнер туындыларын тудырумен аяқталады.  Рухани әлем үшін ең маңызды сандар – үш және жеті сандары. Екі саны көбеюдің негізі. Үш саны шеңбердің материалдық белгісі сияқты, тудырудың рухани белгісі. Құдай осының барлығынан жоғары, ол – бір.

Әрбір адамның қолында жастық шағында өзінің болашағын өлшейтін циркулі болады, егер оның ерік-жігерінің мықтылығы мен қолындағы циркулінің барынша батыл, шамадан тыс кең ашылуы сәйкес келсе, ол адам әлемнің қожасына айналады.

Жақсы кітап жазу үшін қаламның әрбір серпілісімен, қаламұштың әрбір сілкінісімен жүректің қуатын, күшін, нәзіктігін тереңнен тартып шығарып, оларды құштарлыққа, сезімге, сөзге айналдыруға тура келеді.

Прозада біз қатты жерде қаламыз, ал поэзияда  өлшеуге келмейтін биіктерге көтерілуге тиіспіз.

Менің қашып құтыла алмайтын қиялдарым мені аспанға жиі көтеріп алып кетеді және кенеттен орасан зор биіктен жерге тастап жібереді.

Сорыма қарай, мен періштелер айтқан хорды естідім және барлық адамдар осы хорды естіп, түсіне алады деп ойладым. Мұндай жағдайлар көбінесе әйелдердің басында болады: олардың махаббаты аспанға деген махаббатқа ауысқанда еркектер ондай әйелдерді түсіне алмайды.

Бұлттар аспанда қаптап тұрғанымен, аспанның кіршіксіз тазалығына ешбір дақ түсіре алмайды.

Өзіңе-өзің көмектес, сонда аспан саған көмектеседі.

Көздің жауын алып, жалтылдаған асыл тастарды таққаннан гөрі  мөлдір сезімдерден түратын көзге көрінбейтін моншақ таққан жақсы. Кіршіксіз тазалықтан жасалған сезімдерден әшекей таққанда ғана мен барлық адамдардың көзіне тура қарай аламын.

Маған жалғыз сүйеніш бола алатын нәрсе – менің мінсіз тәртібім ғана.

Алғашқы махаббат – ол екінші балалық шақ, біздің жұмыс пен еңбекке толы тіршілігімізге әрқашан жарық сәуле шашып, нұр себелеп тұратын.

Жастық шағымдағы мұңданған  сәттерім жасым ілгерілеген сайын  мұңданатын  кездерімнің  хабаршысы болды.

Шөл далада ажырасып, операда кездестік.

Әйелдің девизі – «Есіңде ме?» деген сөз.

Теңізші ашық теңізді қалай білсе, шын сүйген әйел сүйіктісінің бетіндегі өзгерісті солай біледі.

Италияның ұлы ақыны Алигерье Данте алғаш көргенде Беатриче Портинари бар болғаны он екі жастағы кішкентай қыз болған. Қалған өмірінде Данте ол қызды ешқашан кездестірмеген. Онда Беатриче Беатриче болар ма еді? Беатриченің образы ақынның жүрегінде мәңгі қалып қойды.

Рафаэлдің үлгісін,  Ариосто жасаған  Анджеликаның,  Данте жасаған Беатриченің бейнесін біз біле аламыз ба? Жоқ! Бізге ол әйелдердің  суреткерлер жасаған бейнесі ғана жеткен.

Махаббат талант сияқты, әркімге беріле бермейді және оған да қабілеттілік, сезім, интуиция қажет.

Махаббат – жанның сыйлығы. Өзара сүйіспеншілікке ешқандай үміт болмаған жағдайда да махаббат – бақыт.

Өнегелі адамдар үшін махаббат – жер үшін күн  сияқты.

Ақын көзімен көргендерін көңілінде тірі бейнеге айналдыру үшін сезімге беріледі, басқалар бір мезгілде көріп, сезіп, талқылап тастағанды ол алдымен сезім елегінен өткізіп, ең соңынан талқылайды.

Ақын дүниені теріс жағынан, қаз-қалпында көре алады.

Суға лақтырылған тас судың бетінде де, судың түбінде де толқын туғызатыны сияқты кез-келген ұсақ-түйек нәрсе ақын жанын жаралайды.

Ақын жүрегінің күші мен әлсіздігі тең болады.

Менің арқамда  басқа әлемнен келген күшті біреу тұрады.

Арқанның бойымен жүретін артист (плясун) пен ақынның еңбегін бірдей қиын деп бағалап, ол екеуіне құны бірдей ақша төлеуге болмайды.

Ақынның қолында сиқырлы таяғы болады, оның ұшы тиген жердің бәрі ақын үшін кереметке, ғажайыпқа айналады.

Армандарының іске асырылғанын алдын-ала көретін адам ақын емей кім?

Жанның қатты жабырқауының салдарынан адамның бауыры ауырады.

Жүрегі өте сезімтал адамдардың асқазаны ауырады.

Көзге көрінбейтін өмір (невидимая жизнь) болады, ол – жүректің өмірі. Жүректің өмірін  сүретін адамдар өте қарапайым, ерекше мейірімді болады.

Жүректің адамының сенімі мықты болады.

Жүрек қана ешқашан қартаймайды.

Әркімнің өз тағдыры бар. Ең биік өскен ағаштарға тыңайтқыш пен су жетіспегендіктен, олар ерте өледі. Жүрегі үлкен адамдар да жарық пен жылу  жетіспегендіктен өмірден ерте қайтады.

Біріне-бірі дәлме-дәл, сәйкес келіп, сондай тамаша бірігіп, тұтасып, бірге соғатын екі жүректі қайдан кездетіруге болады? Тіпті олар бірін-бірі іздеп тапқан күнде табиғат немесе кездейсоқтық оларды ажыратып, ешқашан біріге алмайтын етіп, біреуін батысқа, біреуін шығысқа лақтырып тастайды, олар бірін-бірі тым кеш танып-біледі немесе оларды ажал ерте айырады. Табиғат жандардың одақтасуын есепке алмайды, оның мақсаты –  ұрпақ жалғастыру.

Кейбір адамдар үшін жан азығы тән азығынан көрі маңыздырақ. Басқаша жағдайда, еркек пен әйелдің мінездерінде ұқсастық болғанымен, екеуінің жан қалаулары екі бөлек болуы мүмкін.

Сезімтал, әсерленгіш ақындар болады және ойындағы сөздерді әдемілеп айтып, жеткізе алатын ақындар болады. Алғашқылары әлдеқайда бақыттырақ.

Поэзия – ақынның өзі.

Сөз өнері берілген адамдар тыңдаушысын аңсайды, ұзақ сөйлеуді ұнататын олар  тыңдаушысына кездеспегенде  қажып, шаршаған  адамға ұқсайды.

Суреткердің жаны өзіне ұқсас жанды іздейді. Өз бойындағы жиналып қалған творчестволық күш-қуатты өзі сияқты жанға хабарлау үшін. Адамдардың бір-біріне үйір болуын басқаратын бұл заңның негізінде «Қасқырлармен тұрсаң, қасқырша өмір сүр. Балықшы балықшыны алыстан таниды» деген халық мәтелдері жатыр.

Өнер табалдырығын жаңадан аттаған, ақшасыз, қолдаушысы да, қорғаушысы да болмаған дарынды адам  өмір жолында мықты шебермен, ұлы суреткермен кездескенде жүрегі аттай тулап, дірілдеп, қалтырап, қалшылдамаса, өмір бойы жанында бір шек (струна), бір бояу, творчествосында бір сезім, ұстатпайтын бір поэтикалық рең жетіспей тұрады.

Махаббаттың гүлдері солады, жалған дүниеде барлығы уақытша: қазір бар нәрсе қазір жоқ,  өнердің жемістері ғана ажалсыз, өнер – мәңгілік.

Сыртқы жағдайлардың, махаббаттың, қарсыластарының, жеккөрушіліктің және өзінің атақ-даңқын шығаруға деген ынтызарлығының әсерінен тұтанған оттың жалынына суреткер өзі ғана жанады.

Үлкен ақыл иелерінің бақытсыздығының  бірі – олар айналасындағыларға не бәрі жақсы, керемет, ғажайып деп қарайды; не түкке тұрғысыз, есепке алғысыз, кемшілік-олқылыққа толы, бәрі жаман деп түсінеді, жақсы мен жаманның ортасындағы дүниелер олардың назарына ілінбейді.

Шынайы таланттар: еңбек пен адалдықтың  адамдары, олар өз жолдарында ештеңеден қорықпай, сескенбей, еркін жүреді, жоқшылыққа, жетіспеушілікке көнеді және оны жасандылықпен жұрт көзінен жасырмайды.

Ізіне түсіп, аңдып, көзін құртып, жойып, қорлап, намысына тиіп, талантты адамдарды дер кезінде танымай, мойындамай қоюдың орнына англия аристократтары таланттарды іздестіріп, сұрастырып,  қадірлеп, құрметтеп, наградтап және үнемі оларға лайықты жұмыс тауып береді.

Ұлы адамдар тамақты әрқашан тарта ішетін болған.

Маған аса маңызды мәселелерді шешуге рұқсат етілмеген, өйткені, мен мемлекет басында отырған адам емеспін.

Әдебиетте жиі қолданылып жүрген көп нүкте –тайғанақ жерлерде оқырманның қиялын өте қауіпті терең, тұңғиықтан  сырғытып алып өтетін тақтайдың ролін атқарады. Сұрақ белгісі – ғылымды ашу үшін қолданылатын кілт болып  саналады.

Егер жүзім сабағын тамырымен бірге жұлып тастаса, бірнеше жылдан кейін орнына қайтадан өскіндері өсіп шығады.

Тұрақтылық – махаббаттағы кемеңгерлік, ақынның ішкі күшінің мықтылығының белгісі.

Ана жүрегі ғана шексіз махаббатқа толы және әрқашан кешіруге дайын.

Ұлттың болашағы – аналардың қолында.

Махаббат –жалған ақша жасаушы, үнемі мысты алтынға айналдырып отырып, кейде алтынды мысқа айналдырады.

Тісті жұлып тастаған сияқты махаббатты жүректен жұлып тастауға болмайды.

Сүю бақыт, сүйікті болу – жай ғана нәрсе.

Адамға тиесілі және құдайға лайықты махаббат болады, бұл екеуін қатар алып жүре алатындар болады, бірақ бұл көп адамдардың қолынан келмейді.

Біз бақытты қалай сезініп, қабылдасақ, бақыт деген сол.

Қатал тағдыр – жұбайлық міндет пен махаббаттың ортасында қалған әйел тағдыры.

Әйел кейде өмірдегі маңызды оқиғаларды ұмытып қалады, оның есесіне сезім әлеміне қатысты оқиғалар оның есінде мәңгі сақталады.

Әйел кейде келеңсіз қылықтарға барады, бірақ оның жанында еркек ешқашан түсінбейтін  және бағаламайтын ұлылық сақталған.

Құштарлық  сезімдер әйелдің жүйке жүйесін шексіз шаттық сезімге бөлейді, не болатынын алдын-ала сезіп-білу мен көріпкелдіктің өзара теңелуі сияқты.

Әйелдің өмірі үнемі құрбандықта болғанда ғана еркекпен теңесе алады.

Әйел жүрегінің өз кереметтері болады.

Көп әйелдерде ақылға баратын жол жүрек арқылы өтеді.

Ол литаргиялық ұйқыдан оянғандай болды. Ол бақытқа ұқсайтын бірнәрсені басынан кешкендей болды. Сол уақытта «сүю мәңгілік» деп ойлады ол.

Әйелдің есте сақтау қабілеті екі түрлі: періштелік және әзәзілдік.

Барлық әйелдер махаббаттың мәңгі өмір сүруін қалайды.

Әйелдер ғана ешқашан ешнәрсеге риза емес.

Әйел сұлулығы – дүниедегі ең үлкен байлық.

Әйел сұлулығы – қол жетпес қазына.

Сақал-мұрт ер адамдарда кешігіп шықса, ол адамдар ұзақ жасайды.

Жұмыр мықынды әйелдер  өктем, билеп-төстеуші, өз дегенін істейтін бірбеткей мінездерімен ерекшелінеді, оларда нәзіктіктен гөрі құмарлық сезімдер басым. Керісінше, жалпақ мықынды әйелдер жарына адал берілген, сергек, сезімтал, мелонхолияға бейімді, біріншілерге қарағанда оларда әйелге тән нәзіктік жақсы дамыған.  Жалпақ мықын иілгіш, икемді, көнбіс, көнгіш, жұмыр мықын қайтпас, қажымас, жігерлі және қызғаншақ темпераментке ие.

Қызғаныш- -күман, қорқыныш – жанның жұтаңдығы.

Томпақ бұғақты әйелдер махаббатта талап қойғыш болады.

Суреткерлер ғана әйелдің қойған талабын орындап, көңілінен шыға алады, шынайы рахатқа бөлейді, өйткені,  олардың жан дүниесінде әйелге ұқсас бірнәрсе  бар.

Сөйлеуге де, үндемеуге де үйренген әйел ешнәрсеге ренжімейді және ешкіммен таласпайды. Ол төңірегіндегілердің барлығын құдайдың жаратқан қалпында қабылдайды. Оны ешнәрсе таңғалдырмайды. Өйткені, ол болашақта не болатынын алдын-ала сезіп, біліп тұрады.

Әйелдің поэзиясы – оның аман-сау жүрген кезінде.

Әйел – ол кім ойнай алса, соған ғана өз құпияларын сыйлайтын музыкалық аспап (лира).

Әйел – түсінуі қиын жаратылыс.

Әйелдің саусағындағы алтын сақина – неке тазалығының символы, ол ауыр шынжырды ешқандай күш үзе алмайды.

Әйелдің еркелегені әрдайым музаны үркітеді және тынбай еңбек етуге деген қатал еркіндікті әлсіретеді.

Әдепті әйел екі ойлы сөздерді естімейді.

Әйелге көп сөйлеудің қажеті жоқ, оның шешендігі – дауыс ырғағында, қимыл-қозғалысында, жүріс-тұрысында және көзқарасында.

Әйел және таза қағаз, ол екеуі бәріне шыдайды.

Әйелдер мен қарт адамдардың қайғысындай жантүршіктірерлік көрініс жоқ.

Әр әйелдің столында «Лилия долины» тұрмаса, онда мен жазушы емеспін.

Басына қиыншылық іс түскен париждік әйелге жиырма төрт сағат уақыт берсеңіз, ол кез-келген министрлікті құлатып тастайды.

Адамды жақсы тану үшін онымен бірге бір пұт тұзды жеу керек.

Сіз өзіңізді жақсы көреді деп ойлаған адамыңыз сізді жек көреді. Бұл жеккөрушіліктің қайдан пайда болғанын түсіне алмай, жаныңыз қиналады. Ал ол тек өзін ғана жақсы көреді және ешкімге сенбейді.  Сіздің өзін құдайдай көріп, өліп-өшіп сүйетініңізге көзі жеткен соң сіздің әсерленгеніңізге риза болған кейіпте сізге өзін-өзі ұмытардай дәрежеде қуана қарап тұрады және сол сәтте «Макаронды тойғанша жеп алғаным қандай жақсы болды» деп ойлап тұрады.

Еркектер әртүрлі себептермен мейірімді бола алады: біреуді кемсітіп, елемей, менсінбеудің, біреуге қызығып, елігіп, әсерленудің күштілігінен, ішкі есебі бойынша және мінездеріндегі  әлсіздіктен.

Шынайы құштарлық бар жерде инстинкт қателеспейді.

Осы өмірде бақытсыздық қана толығымен орындалады.

Менің күнәмді жеңілдетудің бір ғана жолы бар, ол – мәңгі күнәлі болып қалу.

Көрнекті адамдар жартасқа ұқсайды,  ал ол жартасқа  жабысып тұру қабілеті ұлуға ғана берілген.

Ақымақты басқарғаннан  көрі талантты адамға бой ұсынып, бағынған артық.

Қайырымдылықтар өз-өзінен жасалмайды, барлығы жағдайға тәуелді.

Кез-келген жерде кек алу жайлы әңгіме қозғауға болады.

Бақытты болу әркімнің қолынан келеді, бірақ мына өмірде басқа адамның көмегінсіз өсіп, өркендеу мүмкін емес.

Шексіз сенім – ұлы адамдардың жан дүниесінің ерекшелігі.

Қаншама отбасының өз Анриеттасы бар.

Қаншама жақсы адамдар өздерінің өмір жолында жүрегінің тереңдегі сырларын түсіне алатын, қадіріне жетіп, сүрінгенде қолтығынан сүйейтін бақылаушысын кездестіре алмай, дүниеден өтіп кетеді. Амал не, адам өмірі солай жаратылған, көп жағдайда ана балаларын түсінбейді, балалар ата-аналарын түсінбейді, мұндай жағдайлар ерлі-зайыптылар мен туыс адамдардың басында да жиі ұшырасады.

Адам баласы соншалықты жақсы көруге лайықты емес, Напалеон оларды шыбын құрлы көрген жоқ.

Сорғыш кәмпиттерді дайындау үшін қолданылатын құлпынай  өңдеуден өткізілгеннен кейін бастапқы табиғи қалпынан айрылып, кәмпит деген атқа ие болады. Адамдардың басында да осындай жағдайлар болуы мүмкін.

Егер сенің бойыңдағы қайсарлық пен табандылық темірдей мықты болғанда, егер сендегі ақындық қуат-күш соншалықты кеш оянбағанда, онда сен адамдарға аяқтың астындағы кілемге қарағандай қарар едің.

Данышпан адамдар әрқашан жұрттың бәрінің қолынан келетін сияқты болып көрінетін қарапайым шешім тауып ала қояды. Алайда, данышпан адамның басқалардан ерекшелігі – ол барлық адамдардың жай-күйін, жан сырын түсінеді, бірақ, оның өзін ешкім түсінбейді.

Бала кезімнен көп дос емес, бір ғана жақсы досым болса деп армандаушы едім.

Бақытсыздар ғана бірін-бірі түсінеді, әрі қолдайды.

Көңіл-күйімнің жиі өзгеріп тұруына қарай мен бірде бақыттымын, бірде бақытсызбын.

Ерте ме, кеш пе, сіздің жүрегіңізге табиғаттың мәңгілік екенін мойындататын таңғажайып және жан күйзелтерлік сезімдер ұялайды, сол уақыттан бастап сіз өзіңіздің ойларыңызды құдайға құлшылық етуге бұрасыз, жаратушыны жан-жүрегіңізбен сезінетін боласыз.

Ұятыңыз бен ішкі дауысыңыз жалған жағымпаздық пен шынайы сыпайылықтың арасындағы шекараны жаңылмай айтып бере алады.

Бейіттер өлімді, қараусыз қалған ауылдар өмірдің қиыншылығын, өлім біз алдын-ала көріп-білетін бақытсыздықты ойға түсіреді, өмір қиыншылықтары таусылмайды.

Біздің сезімдеріміздің барлығынан ең шыдамдысы, ең төзімдісі – қайғы.

Бүкіл ұлтпен салыстырғанда жеке адам ақылды.  Халықтың жүрегі бар, көзі жоқ, олар сезе алады, бірақ, көре алмайды.

Табиғат қозғалысқа негізделген. Ажал да қозғалыс, бірақ, біз оның қандай мақсатпен қозғалатынын ешқашан да біле алмаймыз.

Ажалдың бетіне тайсалмай тура қарап, онымен бетпе-бет келіп, жекпе-жекке шыққанда қайран қалуға тұрарлық ерлік пен өнер көрсете алатын рухы күшті адамдар айтарлықтай көп емес.

Данышпандар ғана жылан қабына ұқсайтын киім кие алады, олардың кескін-кейпі өзгергенімен, жүректері қартаймайды, қарапайымдылығын сақтайды.

Балалардың жылағаны – қалыпты жағдай, ал қарт адамдар жылағанда – бұл сұмдық.

Ақша –  біздің бес сезімімізді қанағаттандыру үшін қажет болатын алтыншы сезіміміз.

Өзінің туған ұлының жүрегінде екінші орын алудың қаншалықты жан төзгісіз азап екенін, кіммен болса да өз баласын бөлісудің қаншалықты ауыр қасірет екенін кез-келген анадан сұрасаңыз, айтып береді.

Шектен шыққан отбасылық трагедиялар басқалар үшін күлкі мен өсектен өзге ештеңе емес.

Уақыт – қытымыр, сараң бай.

Нольге ұқсайтын адамдар болады, олар өздерінің алдында әрдайым цифрлар тұрғанын қалап тұрады.

Жеккөрушілік өмір сүруге көмектеседі.

Кез-келген жер аударылған адам лион тоқымашыларына қарағанда бақытты.

Соқырлар патшалығында қисыққа да құрмет көрсетіледі.

Принцип өзгермейді, жағдай өзгереді.

Өзімшілдік – достық үшін у.

Генералдар солдаттарға қалай мұқтаж болса, баспасөз армиясында әркім досқа мұқтаж.

Люсьен Лустоға қарап тұрып,  «Міне нағыз дос» деп ойлады. Лустоның өзін ең қауіпті қарсылас деп ойлап, қорқа бастағанына ешбір назар аудармастан.

Егер сіз түбі көрінбейтін тұңғиық тереңдікке көп уақыт қарайтын болсаңыз, кезегі келгенде түпсіз тереңдік (бездна) сізге өзі қарайтын болады.

Таңертең ұйқыдан оянғанда сыртынан қарағанда түк еместей көрінетін, бір айтқанын күн сайын қайталап айта беруден жалықпайтын мұғалімнің сабырлылығындай сирек сабырлық қорын өз бойыңыздан табуды әдетке айналдырғаныңыз жөн.

Қоғам жеңімпаздарды ғана есінде сақтайды, жеңілгендерді тез ұмытып қалады.

Көптеген атақты адамдар сүйікті болғанымен қарапайым адамдар сияқты олар да жүреді, түшкіреді, ұйықтайды және тамақ ішеді.

Табиғат мені сүю үшін және сүйікті болу үшін нәзік жан иесі етіп жаратты, алайда, тағдырдың еркіне бағынған мен жүрек қалауымды қанағаттандырудың орнына  оларды суреттеп, әңгімелеп отырмын.

Не істесең де, тіпті ақымақтық жасасаң да, бәрін жақсы істеуің керек.

Адамның ақымақтығына ем қонбайды, ақымақтық – жазылмайтын ауру.

Ақымақты үйрету – өлгенді тірілту сияқты мүмкін емес нәрсе.

О, құдай, одан да менің өмірге келмей-ақ қойғаным жақсы еді. Жалғыз қалған кезімде де, адамдардың ортасында жүрген кезімде де, мен өзімнің соншалықты бақытсыз жан екенімді сезінемін.

Әрбір гүлдің өз құрты болады. Ал менікі Клеопатранын құртына, аспидке ұқсайды.

Адамды өтірік қана қорлайды.

Өтіріктің артында шындық жасырынып тұрады.

Шындық – дәмі жағымсыз, удай ащы сусын, бірақ денсаулықты жақсартып, қалпына келтіреді.

Шындықтың көмегімен табысқа жетудің соншалықты қиын екенін енді түсіндім.

Сот та көп, әділетсіздік те көп.

Француз оқырманы – нәзік жанды, көп білетін оқырман, оны алдау оңай емес.

Шынайы махаббат әрқашан жалғыз. Біз бөтен адамды жақсы көреміз деп өзімізді өзіміз алдап, шын мәнінде тек қана өзімізді жақсы көреміз.

Ақылдылық пен сұлулық бір адамның бойында сирек кездеседі.

Әдебиет айдынына секіргенше суға секірген жақсы.

Дала мен тау барлық жерде бар. Дала жалықтырады, тау шаршатады. Табиғаттың әсері адам жанына ескерту сияқты. Біз мұңайғанда судың жағасына барғымыз келеді. Тез әсерленгіштігіміздің негізінде  тауда сезімдеріміз тазарады. Тауда  албырт, қызба құмарлық сезімдер азайады, оның есесіне терең құштарлық сезімдер көбейеді.

Кез-келген ұсақ-түйек нәрсе таңдаулы жандар үшін аса маңызды.

Біздің талғамдарымыз неткен әртүрлі! Сіз үшін мына кішкене бұрыш –  бар болғаны  бір  бос қуыс, ал мен үшін – жер үстіндегі жұмақ.

Бақытсыздық мені көп нәрсеге үйретті.

Егер мен өмірді қайтадан басынан бастап сүретін болсам, тура осындай өмір сүрер едім.

Біреу үшін өлу: ол –  жай ғана құрбандық. Бір ғана махаббатқа деген сеніммен өмір сүру:  ол – ерлік.

Ең ұлы жеңіс – түсініскен жандардың жақындығы.

Жалғыздық – тамаша нәрсе, бірақ оны сізге басқа біреу айтса, тіпті тамаша.

Жаны  биікке  көтеріле алатын адамдар жалғыздықты қалайды.

Өзімнің жалғыздығымда мен көз жасыма шыланған нанды жеп отырмын, алайда, менің бұл аянышты түрімді де, көзімнің жасын да ешкім көрмейді.

Сенгіш, дөрекі, жылауық болмаңыз, су астындағы осы үш тастан қашық жүріңіз! Өте қатты сенгіштік қадіріңізді төмен түсіреді, дөрекілік бізге басқалардың жеккөрушілігін туғызады, артық жылап-сықтау біреулердің бізді көндіріп, бағындыруына жол ашып береді.  Өмірде сіздің екі-үш қана шынайы достарыңыз болады және сіздің толық сенімділігіңіз соларға тиесілі, сіз жан сырыңызды көпшілікке жайып салғаныңызда сол қимас достарыңызды ыңғайсыз жағдайда қалдыратыныңыз жайлы ойлаңыз. Дөрекілік – әлсіздердің  паналайтын орны. Қоғам туған шешеден гөрі өгей шешеге көбірек ұқсайды, ол өзінің атағын шығаратын жағымпаз  балаларын жақсы көреді. Жылағыңыз келсе, адамдарға емес, құдайға жылаңыз. Тәртіптің аса маңызды ережелерінің бірі – өзіңіз туралы аз сөйлеңіз. Өзіңізге өзіңіз қатал бола біліңіз. Егер сіз өзіңізге өзгелердің назар аударғанын қаласаңыз, сыпайы, өткір тілді, ақылды, сенімді болып көрінгіңіз келсе, адамдармен сөйлескенде олар туралы көбірек айтыңыз, оларды мақтаңыз, тіпті оларға таныс емес сұрақтар төңірегінде сөз қозғап, оларға қолайлы жағын қарастырыңыз, сол сәтте олардың маңдайындағы әжімдері жазылып, езулеріне күлкі үйіріліп, риза болғандарын байқайсыз,  сіз кетіп қалған соң сізді оңды-солды мақтай бастайды.

Егер мені емдеп, жазатын дәрігер бар болса, ол –  Бьяншон.

Барлық дәрігерлер оқып, үйреніп, іс-тәжірибенің нәтижесінде дәрігер бола алады. Ал хирург (оташы) болу үшін талант болу қажет. Хирургтердің атақ-даңқы әртістердің атақ-даңқы сияқты тірі кездерінде шығады, өлгеннен кейін олардың еңбегін бағалау қиын.

Мен – өлгеннен кейін атағым шығатын адаммын.

Жабайы сезім түйсігінің жетегімен жүреді. Өркениетті адамдардың сезімі, ой-санасы болады. Жабайы тағының сезімі өз-өзінен пайда болады. Өркениетті адамдардың сезімі ақыл-ойға бағынады.

Таңырқап, таңқалудан көре алмаушылыққа дейін бар болғаны бір-ақ адым, көре алмаушылықтан жеккөрушілікке дейін тағы да бір адым. 

 Маған тиесілі жалғыз қуаныш – өзімнің туған еліме пайдамды тигізетініме деген сенімділік.

Егер маған Прометей мен Фаустың  біреуінің тағдырын таңдау мүмкіндігі берілсе, мен сөз жоқ, Прометейді таңдар едім.

Менің өмірімнен де осы кітаптың өмірін ұзарта көр деп құдайдан сұраймын.

Цицеронда біздің өміріміздегі оқиғаларды анық баяндайтын парақтар бар.

Ол – ақынжанды адам, бірақ ақын емес, ол армандайды, бірақ ештеңе жазбайды.

Ол қиналды, азаптанды, жапа шекті, «Мен қиналамын, азаптанамын» деп айтуға мүмкіндігі болмады.

Ол қарапайым, қайырымды, нағыз халат киген данышпан болды.

Мақтан, өзімшілдік, атаққұмарлық – қазіргі социалдық «Меннің» үш ұлы құрама бөліктері.

Азапты және қуанышты өз басынан кешкен адам азап пен қуаныштың   қасиетін жақсы біледі.

Париж – таңқаларлық қала.

Бірін-бірі бақылаған екі әйелдің қылығын тамашалағаннан асқан қызықты комедия жоқ.

–       Сіз қалай кітап жазасыз?

–       Сіз қалай кесте тігесіз, тоқисыз, сол сияқты мен жазамын. Егер жазуға ниетіңіз бар болса, жазудан оңай нәрсе жоқ.

Өтірік – әйелдер мен империяны құтқару үшін тез арада табылатын  қару.

Мен тек қана жүректің өмірімен өмір сүре аламын.

Кім көп қиыншылық  көрсе, сол көп өмір сүрген адам.

Бар табиғат менімен бірге қайғырады.

Кез-келген ұшталмаған қарындаш біздің есте сақтау қабілетімізден өткір.

Табиғатта бізді аса маңызды проблемалардан да артық  ойландырып, толқытатын  көрініс бар, ол – шық тамшылары.

Арсыз адамдар өздерінің игі жақсы қарсыластарына өздері батқан балшықты шашыратқылары келеді.

Барлық қулық пен алдау ақыр аяғында адамға зиян келтіреді, тура, ашық шындықты айтқан адамның жағдайы соншалықты қауіпті емес.

Адам материя мен рухтан жаратылған, ондағы аң өледі, періште туады.

                               
Жания   Орыс тілінен аударған  Жәния Ералиева

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар