Тіл қолданысы туралы жеке хат жазып, кеңес сұрап, әйтпесе пост соңында коммент қалдырып, не өз жазбаларында атап өтіп жататын достарыма лебіздері үшін рақмет айтам. Болашақта кәсіби журналистика туралы вебсайт (блог) ашу ойымда бар. Ал әзірше жас әріптестеріме айтарым – телеарнада қызмет еткен кезімде тіл қолданысына қатысты екі принципті орнықтыруға тырыстым: 1. Кез-келген мәтін 9-кластың оқушысына түсінікті болатындай ықшам, анық, әрі қарапайым түрде жазылуы тиіс; 2. Ақпарат тілінің (әсіресе телеарнадағы) табиғи таза ауызекі сөйлеу стиліне жақын болуы шарт.
Бірінші принципті орындау үшін артық сын есім мен үстеусіз, анық ақпарат беретін жай сөйлемдерді жиі қолданып, құрмалас сөйлемдерден қашу керек. Екінші принципті орындау үшін калька мен ресми стильді талақ етіп, табиғи тіркестер мен көмекші етістіктерді қолдануға тырысу қажет.
Бірінші принциптің мысалы:
“Елбасы мінген заманауи самұрық Сарыарқаның төріне қалықтай кеп қонған сәт оны күтіп тұрған қалың жұрт ентелей алға ұмтылып, есікке көз тіккен. Бір мезгілде маңдайы жарқырап баспалдаққа шыға келген Елбасының шашын Сарыарқаның самалы дудырата сипап, бірінші болып қарсы алды. Мемлекет басшысын күтіп алмақ болып сымдай тізілген қатардан облыс әкімінен бастап барша игі-жақсыларды көруге болар еді. Оларға күлімсірей беттеген президент әдеттегі қарапайымдылығынан танбай журналистерге де қол бұлғағанда, төңірек шат-шадыман үнге тұнып кетті – ол бақытты топтың ішінде аймақтық тілшілеріңіз де бар еді. Елбасы ат басын бірінші болып өңірдегі өнеркәсіп үшін өмірлік мәні зор N зауытына бұрмақшы. Бұл зауытта күніне қырық тонна аса жоғары сапалы тыңайтқыш өндіріледі деп жоспарлануда” деген қалыпты советтік очеркизмді шынайы ақпараттық хабарламаға қайтіп айналдырамыз?
“Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев шілденің 7-сі күні кешкі 17.15 шамасында жұмыс бабымен Қарағандыға жетті. Өзін әуежайдан қарсы алған облыс әкімімен бірге ол бірден N зауытының ашылу салтанатына қатысуға барды. Облыс әкімдігі N зауытын “болашақта химиялық тыңайтқыш шығаратын ірі кәсіпорын” деп сипаттайды. Бұл зауыттың ашылуы соңғы үш жыл бойы кешіктіріліп келген еді”.
Екінші принциптің мысалы:
“Бүгінгі хабарымыз дәрумендердің адам ағзасын жақсартуға мүмкіндік беретін рөліне арналуда. Адамзаттың орташа өмір сүру ұзақтығын создыруға себеп болатын факторларды қаперде сақтау баршамыздың парызымыз болып табылады, ағайын. Өйткені бұл дүниеде адам өмірінен қымбат зат жоқ екені шығар күндей шындық, туар айдай ақиқат. Ендеше дәрумендердің салауатты өмір салтын қалыптастыруға қосатын үлесін тілге тиек ету келесі жарты сағаттың еншісіне тиетін тікелей міндетіміз екенін тағы бір естеріңізге сала кетуге рұқсат етіңіздер” деген классикалық кіріспені қалай адам тіліне аударамыз?
“Таң атпай сіркеңіз су көтермей, дел-сал болып шаршап тұрасыз ба? Тырнағыңыздың түбі ашып, көбесі сөгіліп, буындарыңыз ісіп кете ме? Денеңізге шиқанға ұқсайтын, бірақ одан шағындау бөртпелер шыға бере ме? Бойыңызда мұндай белгілер бар болса, сізге C витамині жетпей жүруі мүмкін. Онда біздің бүгінгі хабарымызды көріңіз. Жарты сағат ішінде С витаминін қолда бар азық-түлікпен қалай толтыруға болатыны туралы пайдалы мәлімет беруге тырысайық”.
Тележурналистикада ақпаратты қарапайым сөздермен қайта-қайта “шайнап беру” өте маңызды. Өйткені газет, не вебсайт сияқты аудиторияңыз қалаған уақытта, қалаған сөзін қайталап оқып көре алмайды. Сөз бір естілгесін, кадр бір көрінгесін жоқ болады. Сол себепті кейбірде маңызды сөз бен кадрді қайталап көрсету қажет.
Дерек көзі: facebook
Парақшамызға жазылыңыз
Осы Ғалым Боқаштан қандай жаңалық көріп отырсыздар? Түсінбеймін. Шетелде қашып жүрген азамат. Өткенде қазақ әдебиеті газетінде жазғандарына таңғалам. Түкке тұрмайтын дүниелер. Бір жаңалық тапқандай етіп сөйлейді. Анау сопы қари қамалғанда бұл баланың шетелге қашып кеткені көп нәрсені аңғартса керек. Әсілі сол ағымды бастаған осы емес пе?! Принциптер деп бергендеріңізге таңғалып отырмын. Тілді өзі дұрыс қолданбайды. Шорқақ. Тағы да кеп ақыл айтады. Сіздерге айтарым өздерін сияқты журналистер байқамаса осындайлар елге ақыл айтып кетеді.
Ғалым Боқаштың жаңалығын көру үшін көз, түсіну үшін түйсік керек, Ескендір інім.