Сіз не жазып жүрсіз?

1226 рет қаралды

416636_2086607718_632_Kudabaeva_KamylaКәмила ҚҰДАБАЕВА,
жазушы, В.Пикуль атындағы
халықаралық 
сыйлықтың жүлдегері,
Алматы қаласы: 

– Бұл бір қарағанда  қарапайым, тіпті  жеңіл сұрақ  сияқты  көрінгенімен, бұған жауап беру мені  едәуір қинады десем  артық болмас. «Не жазып жүрсіз?» дегеннен гөрі,  кейбір жазушыларға «неге жазбай жүрсіз?» деп сұрақ қойған да  дұрыс па деймін. Осындай жандардың  ішінде  өзім  де бармын. Себебі, біз кеше социалистік заманда өмір  сүрдік, қазір нарық  әкелген капиталистік қарым-қатынастың ортасынан бір-ақ шықтық…. Кешегі танысымыз – бүгін бейтаныс болып отыр. «Адам көп, адамгершілік  аз» дегендей жайт басымырақ қазір. Балаларымызға, немерелерімізге:  «мына кейіпкерден үлгі  алатын бол» деу үшін кімді  көрсетуді білмейтін сәттеріміз  де бар.

Рас, тарихымыз жаңарып, тұрмысымыз жақсарып келе жатыр. Бірақ ең баяу өзгеретін нәрсе ол  адамның  психологиясы  деп ойлаймын. Тіпті өз басым кей-кейде бұрынғыдан қалған «Байтал шауып бәйге алмас» деген мақал бүгін де мән-мағынасын жойған жоқ шығар деп ойлап, көңілді  кірбің басады.Осы біздерге, қыз-келіншектер мен әйелдерге, қолға  қалам  алып, бірдеңе жазып керегі  не  деп те кейде торығамын. Күйеудің  көлеңкесінде  көшке ілесіп жүре беру де жақсы өмір ғой. Себебі  әйелдің басында табиғатына біткен отбасын ұстау, ұрпақ өсіру, ұл тәрбиелеу, қызды бойжеткізу, ағайын-туған  арасында  алтын көпір болу тәрізді сан түрлі міндет-парыз  жатыр  емес пе…

Дей тұрғанмен, әдебиетке, өнерге жақын боп  туған жандар өте әсершіл  келеді. Әрі бұл туа біткен қасиет болған  соң, адам одан арыла  алмайтын болса  керек. Сондықтан шығар, ақын болып жаратылмаған жанды  жүз университетте  оқытсаң да одан  ақын шықпайды  ғой. Сөз өнерін қуған  кісіні таяқтап қусаң да  оны сөз деген құдіреттен, әдебиет деген әлемнен аластата  алмайсың. Өйткені  ол  сенің жаратылысың, жүректің қалауы, сезімнің финиші емес пе. Біздің қолға қалам ұстатқан да  тәңірдің өзі шығар деп ойлаймын, әйтпесе «қыз балаға оқудың, дипломның қажеті жоқ-ау, әйелдің бақыты онда  емес»,  деп әу баста Алматыға  оқуға аттанарда ата-анамның да  құп көрмегені бар  еді…

Мен сирек жазамын. «Алғашқы  махаббаттың  азабы»  атты повесім 2004 жылы  «Жазушы» баспасынан  жарық  көрді. Бұл туынды да өмірдің өзінен  алған дүние  еді. Қан қысымым көтеріліп, ауруханаға түскенім бар болатын. Сонда  екі  кісілік палатада қасымда  бір  жап-жас  келіншек жатты. Операция жасалды оған. Сәл  сауыққан  кезінде аз-аздап  әңгімелесетін болдық. Ақыры ол  өз өмірі жайлы жасырмай менімен сыр бөлісті… Бірталай  уақыт өткен  соң, мен сол қыздың тағдыры жайлы жазып шықтым (таяуда, туысындай жақын  көріп  кеткен сол кейіпкерім ойламаған жерден хабарласып,  қазір Павлодар  қаласында тұрып жатқанын айтты, сол кездегі кішкене қызы өсіп бойжетіп қалыпты). Менің  кітабым шыққан жылы  бір данасын  оған сыйға тартып едім.  Ол ауылына, ата-анасына барып қайтуға поезбен  аттанып бара жатқан-ды… Артынан  маған телефон соқты: « Мен жол бойы поезд  ішінде повесті үйге жеткенше  оқып бардым. Жол бойы жылап бардым. Мен орыс тілді жанмын  ғой. Бірақ сіздің жазғаныңыздың бәрін түсіндім…» деген-ді. Бұл өмірді жазудың, шындықты жазудың әсері болар.

Кейінгі  кезде сахнаға  (киноға да болар ) лайықтап  екі-үш сценарий жаздым. Бірақ  еш жерге ұсынған жоқпын. Ешқандай конкурсқа  алып барып қатысқан жоқпын. Себебі мен бір тақырыпқа арнап, не бір  конкурсқа  арнап жаза  алмаймын. Бірақ сценарийлерім,  таза өмірден  алынған, өзімді қатты  толғандырған, қатты ойландырған  әлеуметтік дүниелер. Кім біледі, бір  күні сәті келер, не  келмес.

Ал  жоғарыдағы  сұраққа  келетін болсам, иә, дәл қазір бір жаңа дүниені  аяқтадым. Дәлірек  айтсам, жанры  күнделік болып табылатын бір жазбаны бітірдім.

Рас,  күнделік жазу  менің ойлап тапқан  жаңалығым  емес. Көп адам мұнымен айналысады ғой. Мен  де студент  кезден  аздап жазып жүретінмін. Бірақ отбасылы болу, сәбилеріміздің  дүниеге келуі, балалардың өсіп-ержетуі, қызмет бабында бір жерден екінші жерге  көшіп жүру тәрізді  алуан  тіршілікке байланысты жазылған талай нәрсе аяқсыз қалды, біраз дүние жоғалды, кейбірін керексіз санап жыртып  тастағаным және бар. Жалпы, бір  уақыттары күнделік жазып оны бастырып шығарам   деген  өзімде  еш ой  болған жоқ. Негізі,  күнделікті  әркім тек өзі үшін ғана  жазады  ғой.

Сондай бір  сәтте осыдан жеті-сегіз жыл бұрын баяғы «әдет» бойынша,  мен күнделік жазуды бастап  кеттім.  Және бір ғажабы, жазба орыс тілінде басталды… Неге екені белгісіз, ешбір жоспар-жобасыз, өзі осылай туды.

Мен мектепте де, кейін  университетте де орыс тіліне жақсы болдым. Бірталай  уақыт көркем аудармамен айналыстым. Орыс тілінен  қазақ тіліне, немесе  керісінше аударумен айналысқаным бар. Ал тоқсаныншы жылдары басталған қайта құру кездерінде Алматыдағы қазақ басылымдарынан орын таппағандықтан, мен орыс  тілді жекеменшік басылымдарда бірнеше жыл  жұмыс істедім. Бәлкім, сондықтан да болар, жазбаларым Пушкин мен Толстойдың тілінде жалғасып жатты…

 Кейінгі  кезде байқап  қарасам, едәуір дүние жазылған тәрізді. Оның өзімді ғана  алдарқатып қоймай, оқушыға да  тигізер пайдасы бар сияқты. Сондықтан   бұл жазбаны бұдан  ары ішектей соза бермей (себебі жас болса талай жерге барды  ғой ), енді  тоқтап-тұйықтап,  келген жерден нүкте қойып, аяқтадым.  Енді оқушыға ұсынсам ба деп отырмын. Бірақ қазір  кітап шығарудың өзі бір қиямет-қайым ғой. Жөні қалай  келеді – көремін. «Бұл кітабым күні ертең шыға қалса екен»  деп асығып та отырған  жоқпын. Тіпті, шынымды айтсам, оны  қолымнан шығарғым да  келмейді,  себебі күнделік  сенің тым  тереңде жатқан  ішкі жан-сырың емес пе…

Сонымен қоса мұның бәрін бүгінгі  күні өзіме тікелей  сұрақ қойылған  соң  ғана айтып жатырмын,  әйтпесе жариялай қояйын деген де  ниетім емес-ті… Не де болса, бәрін  алдағы өмір көрсетер. Қалай болғанда да  әдебиетіміздің жаршысы, жазушылардың жанашыр досы «Жұлдыз» журналына  тағы  бір рет  алғысымды білдіремін.



Төкен ӘЛЖАНТЕГІ,
жазушы,  Махмұт Қашқари атындағы халықаралық  әдеби бәйгенің жүлдегері,
Қарағанды қаласы:

– Құсы кеткен көл жағасынан қиқу қызығы жоғалады. Бірыңғай сылдыраған су дыбысы тыныштықты сәл тітіркендіргенімен, үлкен дүрмек дүбірін оятуға шамасы жетпей қайырылып жататыны – табиғи болмыс заңдылығына бағыныштылығынан.

Қазақ әдебиетінде, тап қазіргі кезеңде, дәл осындай үрдіс өріс жайғанға ұқсайды. «Сен тимесең мен тимен»… сын өз ауанымен ортамыздан жоғалғанда, сонсын, билік тарапынан қалам иелеріне деген немқұрайдылық нышан белең алған шамада жазу машығы екінші қатарға ысырылып, топ басына тірлік тауқыметі атты безбүйректік қалып үйіріледі екен. Бірақ бұл, жоғарыда айтқанымыздай, табиғи заңдылықтан туындаған дүние емес, қолдан жасалған безбендік десек жаңылмаймыз. Оған себеп, қоғамдағы қайшылықтар шоғырының тым қоюланып кетуінде. Әсіресе, кітап шығару тізгінін кездейсоқ адамдар ұстағанда қаламгерлерге жеңіл соқпасы бесенеден белгілі жағдай.

Міне, осындай ырың-жырыңға ден қоймастан, «жазарымызды алмасын» деген пиғылға жүгіне, қалам қарымын кемітпегендерді нағыз жанкештілер деп атасақ сияды. Тап осы қатарға менің де қосылатыныма иланыңыздар. Жұмыс істеп, ақша таппағаныма тура он жылдың жүзі болғанына қарамастан, қағазға телміруді доғармағаныма оқырмандарым куә.

«Қазір не жазып жүрсіз?» деген сауалға айтарым – тақырыптың молдығынан бас айналатын заманда өмір сүріп жатырмыз. Тап бүгінгі таңда сар даланы құлаққа жағымсыз бір ыңырсық әуен жайлап алған. Ол қарапайым адамдардың күрсінісі мен өзінен аспайтын күңкіл шашырандысының сынықтарынан тұратын ырғақ десек жаңылыспаймыз. Олай болатыны, күші бардың көңіл ауаны өзгені тұқыртуға ғана бағытталғаны – қорқынышты құбылыс. Ал, қорқыныш барда қоғамға жайлылық тұрақтамайтыны айтпаса да түсінікті.

Шындықты айтуға тиістіміз: қазір тілден қағылған, сонсын жат тәрбиеге әбден тойынған буын өсіп шықты. Мұның барлығы араға сыналай кіріккен өзге ұлт ықпалдылығынан екенін жасырмауға тиістіміз. Ондайларға қазақи құндылықтың құны қара бақыр екенін есте ұстасақ, ахуалдың тіпті күрделілігін айқындаймыз. Олай болса, «халықтар достығы лабораториясын» «ұлттық мүддені қорғау қамалына» айналдыратын кез туғанын мойындағанымыз абзал.

Мұны кейбіреулер «заман өзгерген» деп әспеттеуге құмар. Жоқ, заман өз әуенімен алға кетіп барады, адам, адамдық пиғылдың өзгеруінен туындаған ахуал, мына бастан кешіп жатқанымыз. Ендеше, аурудың асқынғанын көрмей, емдік шараларды барынша пайдаланған жөн дегенге жүгінемін.

Осы орайда «Арландар апанында өлмейді» атты хикаятты жазу үстіндемін. Бұл – қоғамда бар құлдық жағдайын көрсететін туынды. Қалай жазылады, оқырмандардың ықыласына бөлене ала ма, басқа әңгіме. Дегенмен, бастаған дүниені аяғына жеткізу менің міндетім. Сол үшін жұмыс жасап жатқан жағдай бар.


Шәрбану  БЕЙСЕНОВА,
жазушы, халықаралық
«Алаш» сыйлығының иегері,
Астана қаласы:

– Ақылына ажары сай ару – Сүзге жайлы әдеби кітабым жарық көрген соң, біраз уақыттан бері бір тақырып көңілімді мазалап, көкейімде жүрген. Күллі түркі тілдес әлемге ортақ, аты аңызға айналған тарихи тұлға Сүйімбике  ханым туралы бір сүйекті дүниені қолға алғаныма көп жыл болған жоқ. Бұрыннан Сүйімбике жайлы түрлі деректерді жинап  жүруші ем. Өткен жылы  Татарстан астанасы Қазан қаласына арнайы  барып, Сүйімбикені зерттеп жүрген татар ғалымдарымен, әдебиетшілермен кездесіп, сол елдің  мұрағатында болдым. Кезінде өзім ұзақ жылдар  қызмет еткен  «Қазақстан әйелдері» журналы сияқты, Татарстанда да  қыз-келіншектерге арналған  «Сүйімбике» атты журнал бар екен, журналдың шығармашылық ұжымымен кездесіп, өз жоспарымды  ортаға салдым.  Сол сапарымызда ақын сіңлім, профессор Жанат Әскербекқызы екеуіміз әйгілі айтыскер ақын Сара апамыз жайлы қолға түскен тың деректердің басын қосып, бір үлкен жинақ шығардық.  Ол кітаптың тұсаукесер рәсімі жайлы республкалық мерзімдік баспасөз кезінде жазды ғой, сондықтан тоқталмай-ақ қояйын. Ал мынау енді қолға алған ісім аяқталмай тұрып,  ол жайлы алдын-ала ештеңе айтпай-ақ қояйын. Сүйімбике анамыз жайлы жазған кітабым  аман-сау жарық көрсе, бағасын сыншылар мен оқырман қауым бере жатар.

Сауалнаманы жүргізген
Заря ЖҰМАНОВА

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар