Түркi дүниесiне теңдессiз асыл мұра қалдырған ұлы ғұлама Махмұд Қашқаридың ХI ғасырда жазылған “Диуани лұғат әт түрк” кiтабының қазақ тiлiндегi “Түбiрi бiр түркi тiлi” (ТТТ) атты қысқаша нұсқасында «үзүк» деген сөзге «әйелдерге берiлетiн құрметтi жанама есiм» деген анықтама берілген. Ал, Ұлы Шыңғыс ханның анасының аты – Өэлүн үжин. Осындағы «үжин» мен М.Қашқари сөздігіндегі «үзүк» сөзінің өз ара байланысы бар ма? Өйткені Шыңғыс ханның анасының асқан сұлу, ақылға кен, жігерлі де қайратты, қабілетті адам болғаны көне шежiрелерде айқын баяндалған. Бұрынғы замандарда елге танымал, белгілі адамдардың әманда лақап атпен әйгiлi болып келгенiн ескерсек, Өэлүн үжин де дәл сондай лақап есiм деп жоруға болатын сияқты.
Үзүк және үжин сөздерiнiң түбiрiнде сингармониялық қана өзгерiс бар. Моңғол тiлiнде көрiктi, әдемi, сымбатты, сұлу мағынасындағы сөздер үнемi “үз” түбiрiнен туындап жатады. Мысалы: үзэмж, үзэсгэлэн, үзэмжтэй. Егер үжин сөзiнiң түбiрiн “үз” десек, онда үжин – көрiктi деген мағынаға сай келедi.
Моңғол тiлiнде “з” мен “ж” дыбыстары бiр-бiрiне сусымалы және бастапқы буындағы дауысты дыбыс келесi буында сақталады, не жiңiшкередi. Мысалы: хүлүг, төмөр, үзэг. Бұлар айтылуында хүліг, төмір, үзіг болып айтылады. Олай болса “үжиндi” “үзүн” түрiне келтiруге болады. Ал, М.Қашқари сөздігінде “саф алтындай ақ көңiл қатын Алтын үзүк” деп аталады. Ендеше «үжин» сөзінің соңындағы “н”-ны “г” не “к” болған деп көруге болатындай. Ал сөйлемдегi “саф алтындай ақ көңiл” дегеннiң орнына “саф алтындай көрiктi” деу анағұрлым сәйкесiмдi. Сонда Алтын үзүк – алтындай көрiктi сұлу болып шығады. Бұдан шығатын қорытынды: Өэлүн ананың жан-тәнiнiң сұлулығына сай берiлген құрметтi лауазым – Өэлүн үжин – Өэлүн үзүк – Өэлүн сұлу. Сонымен қатар «үзүк», «үжин» сөздерiн сары ұйғыр тiлiндегi шамандық ұғымда “тәңiр елшiсi”, “әулие рух” мәнiне келетiн “үзен” сөзiнiң сингармонизм заңы бойынша өзгерiске түскен түрi деп қарауға да болатындай.
Шыңғысхан ата-бабаларының арғы-тегi аңызбен астасып, тәңiр құдiретiмен жаралып жататынын ескерсек, оның анасы Өэлүн де қасиеттi рухты адам болуы ғажап емес. Демек, Өэлүн үжин – Өэлүн үзүк – Өэлүн үзен – қазiргi қазақ ұғымына көшiрсек, Өэлүн әулие дегенге саяды.
Тарихтағы ең соңғы еңбектердің бірі Ілияс Есенберлин құрастырған “Шыңғыс хан әлем сілкіндірушісі” атты кітапта Өэлүн үжин ананы «Оэлун-Үжен», «Үже ана» деп жазған. «Үже ана» қазақтың «әже», моңғолдың «эжээ», түріктің «анне» деген сөздеріне жақын келеді. Ал «Моңғолдың құпия шежіресін» екі мәрте қазақ тіліне аударған Мағауия Сұлтанияұлы болса «Өгэлүн үжин» деп қолданған. Зардыхан Қинаятұлы «Шыңғыс хан және Қазақ мемлекеті» атты монографиясында «Өгөлең Ужин» дейді. Мұхтар Мағауин «Шыңғыс хан және оның заманы» атты еңбегінде «Өгелін», «Өгелін-әйкен», «Өгелін-Ана» деп атайды. Демек ғылымда бұл есім әлі тұрақтанып, бір ізге түспеген.
Махмұд Қашқари сөздiгiнде өлең шөп «өлйан» деп аталады. Өлең – тау баурайлары мен бөктерлерiнде өсетiн, малға аса жұғымды, тұяқ тимеген жерлерде басы күлтеленiп қоңыр самалға үкiдей ырғалып, бүкiл бiр беттi толқын жауып кеткендей көрiктi көрiнетiн, жайдары жайсаң жанның есіміне эпитет, теңеу бола аларлықтай өте биязы шөп. Ел құрметiне бөленген ананы жұрттың осылай суреттеуi әбден мүмкiн. Адамның берiктiгiн еменге, биiктiгiн бәйтерекке, нәзiктiгiн талға, сұлулығын қайыңға, даралығын шынарға, иiсiн – даланың жусанына теңеу иiсi түркi-моңғол жұртына жат құбылыс емес.
Қазақ жанға жайлылық пен жайсаңдықты “қоңыр” сөзiмен байланыстырып жатады: қоңыр күз, қоңыр үн, қойдай қоңыр, қоңыр самал, қоңыр өлең… Оның үстiне “өэлүн” және “өлйан” сөздерiнің мағыналық және дыбысталу жағы да бiр-бiрiнен алшақ емес. Ендеше, Шыңғыс ханның анасының аты Өэлүн үжин тума есім емес, лақап атау Өэлүн әулие деп тұжырымдауға болады. Бұл қазақ тiлінің бейнелі “Қоңыр әулие” деген атауымен жарасымды сәйкеседі деген қорытындыға келеміз. (Сурет автор архивінен алынды. 1960 жылдары түсірілген Әже Б.Күланда).
Бақытбек Бәмішұлы
Парақшамызға жазылыңыз
Біздің ата-бабаларымыздың әйел затын әлімсақтан құрметтп келгенінін айқын бір мысалы екен. Нанымды дәйектер.
Жақсы талдау болыпты. Бірақ, Мақаң да, Зақаң да, біле тұра “Өэлүн” деп қолдануы Ц. Дамдинсүрэннің қазіргі моңғол тіліне аударған аудармасы бойынша қолданылған қолданыстар. Лу. Алтын тобчының көне нұсқасында “Өгеглен”,”Өгүлүн” деп жазылған. Бұл түпнұсқалардағы атауы, жазылуы. Мұқаң(Мағауйн) солардың барлығын салыстыра отырып, “Өгелін” деп, меніңше өте дұрыс қолданған. Ал, “үжин” ді де, Дамдинсүреннің аудармасымен “үжин” (Мағаумя .С) деп қолданған. Түпнұсқада “үчүн” немесе “үчин” “ч” әріпімен таңбаланған. Мұқаң оны да дұрыстаған. “Үжин” деу қате, қытайдың “фужин” атауына негізделген қате оқылым. Түп нұсқалардағы “Үчүн” атауы ауыспалы түрінде сенің талдап отырған”үзүк”, “үзік”ке өте жақын келеді. Сәттілік тілеймін!..