//

Төреғали Тәшенов:… ШОҚАН НЕГЕ «ТҮРЕГЕП ТҰРУЫ» КЕРЕК?..

934 рет қаралды
1

шоканӘлбетте, ескерткіш түрінде бейнеленген адамның «қақиып тұратыны» не «жалпиып отыратыны» белгілі. Ал сіз «жатқан» ескерткішті көріп пе едіңіз? Көрмесеңіз, Мәскеудегі Жаңа Арбат көшесіне жақын жердегі елшілік үйінің ауласынан орыс поэзиясының ең жарық жұлдызы – Пушкиннің ет үйренген ескерткіштерге тән емес позада – шалқасынан жатқанын көруге болады. Жатқанда да жарықтық ақын кереуетте аяғын айқара асып қойып, алаңсыз «жатыр».
Пушкиннің осы «жатысы» тұп-тура өзіміздің Шоқанның «жатысынан» аумайды-ау, аумайды. Айырмасы – бірінің Ресей астанасының қақ төрінде, халық көп жиналатын орында тас мүсін күйінде алаңсыз «жатуы», екіншісінің – көпшіліктің қолы жете бермейтін, жетпеген соң парағының ашылуы да беймүмкін көптомдық энциклопедиялық кітаптардың, не іздесең де таптырмайтын сирек басылымдардың бетінде көзге көрінер-көрінбес сурет күйінде «жатқаны.
Айтып отырғанымыз – қазақ қана емес, әлемдік ғылымның «құйрықты жұлдызы» – Шоқанның өз қолымен салып кеткен «автопортрет» деп аталатын сурет-сызбасы. «Автопортрет» деп аталған соң Шоқанның өзін-өзі бейнелегені түсінікті. Сурет-сызбада жарықтық Шоқан кителінің түймесі ағытылып, бұрқырата темекі шегіп, кереуетте аяғын айқара асып қойып, алаңсыз күйде жатыр. Карл Маркстің «адамға тән нәрсенің бәрі де маған жат емес» дейтіні бар. Сәбит Мұқанов атамыздың сөзіне салсақ, «мен де адаммын жаралған сүйек-еттен». Уәлиханов та – сол. Шоқанға ескерткіш қойсақ, жағын таянтып, мұңайтып, басын төмен салбыратып, жанарын бір нүктеге тесілдіріп, уайым-жапа шектіріп қоямыз. Қыршын кеткен ойшыл үшін бұл бір жағынан дұрыс та шығар. Бірақ таптаурын болған, бірін-бірі қайталайтын ескерткіштерден жалығатын кезіміз жеткен жоқ па? Өмірде сан қырлы болған Шоқанды сан қырынан, тосын түрде бейнелеуге неге ұмтылмасқа?! Достарының жазуынша, Шоқан – Петербордағы ақсүйектер ортасының гүлі, шектен тыс жомарт, тұла бойы тұнған әзіл-оспақ, қиыннан қиыстыратын тапқыр, найзағайдай пушкинжарқылдаған сал-сері. Ендеше, осыған сай бір ескерткіші де керек-дүр. Және оны ойдан шығарып, қиялдан тудырып, көктен ойып алып отырғанымыз жоқ. Шоқанның өзін-өзі қаламмен бейнелеп, салып кеткен суреті – дап-дайын тұрған жоба. Ендеше, Көктөбеге қазақ тұрмақ орысқа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, сұп-сұрғұлт «Битлзді» орындыққа отырғызып қойғанша, Шоқанды «жатқызып» қойғанымыз жарасымды емес пе? «Битлзді» тыңдап өскен аға ұрпақтың алды алпыстан асып кеткенін ескерсек, әрі-беріден соң бүгінгі жастар «Битлзіңді» білмейді де. Ал Шоқанды кез келген ұлттың баласы мектептен біледі. Тұлға – қай заманда да тұлға, орнын тауып үгіттей білсек, жалынды жастар үшін Шоқаннан асқан қандай «жастықтың жарық жұлдызы» керек?! Осы орайда, демалыс орны – Көктөбеге жұрттың, әсіресе, жастардың демалуға көп баратынын ескерсек, Көктөбенің көрікті жеріне «демалып жатқан Шоқан» дөп келіп тұр емес пе? Сонда өндірдей жастарымыз «өмірдегідей» Шоқанға еліктеп, жанына жақын тұтып өспей ме? Жоғарыда айтқан Пушкин «жатқаннан» аласарып қалған жоқ, қайта халыққа жақындай түсті. Ал әркімнің өз Пушкинін көргісі келетініндей, кім-кімнің де көкірегінде тербетер өз Шоқаны болғанға не жетсін?..

(автордың жеке парағынан)

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Айтқан аузыңа май! Енін сүйреткен ескерткіштер мен мұңлы мұңлықтардан әбден запы болып едік! Тамаша ой айтыпсың, осы идеяңды іліп әкетер бір мүсінші болса шіркін, көктен нұр төгілер еді, Төке. Мінберге көшіріп қоямын! Ұрықсатыңыз.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар