//

«Қытай арманы» дегеніміз не?

1828 рет қаралды
1

kitay«Қытай арманын» жүзеге асыруға бүгінгі ҚХР-ның «күш-қуаты жеткілікті» екеніне шүбә жоқ. Алайда «жалған деген құлазу, налу ма әкем, арман деген армандап қалу ма екен?!» деп ақын жырлағандай, арман бар да, оған ұмтылу, оны жүзеге асыру бар. Бүтін бір халықтың арманын, тұтас бір елдің мұратын былай қойып, жеке адамның өзі алдыға қойған арман-мұратына жету үшін, қанша соқтықпалы-соқпақсыз жол басып, қанша тер төгетіні белгілі, Ал жер бетіндегі адам баласының төрттен бірі тірлік етіп жатқан ҚХР секілді  алып елдің ұлы мұраты, асыл арманы қайткенде жүзеге асады?! Си Цзиньпиң аталған «Баяндамасында» «қытай арманын» жүзеге асырудағы  басты-басты алғышарттарды да атап көрсетті. Яғни  жаңа төрағаның  пайымдауынша, «қытай арманын» жүзеге асыруда мынадай бес алғышарт орындалу керек:

Бірінші алғышарт, миллиярттар елі, міндетті түрде «Қытай жолымен» жүруі керек. Ал «қытай жолы» дегеніміз – «қытайлық ерекшелікке ие социализм» жолы. «Бұл жолдың қалыптасуы біздің еліміз үшін оңайға соққан жоқ, – дейді төраға Си, –  яғни қытай жолы – соңғы 30 жылдан бермен қарайғы реформалаудың ұлы тәжірибесі барысында,  ҚХР құрылғаннан бергі 60 жылдан астам уақыт ішіндегі тынымсыз ізденіс барысында, соңғы 170 жылдан бергі қытай халқының даму тарихын қорытындылау арқылы, сондай-ақ қытай халқының 5000 жылдық өркениетінің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуы нәтижесінде қалыптасты. Демек бұл жолдың тарихы ұзын, іргетасы мығым. Қытай ұлты ерекше жасампаз халық. Соның арқасында біз ұлы қытай өркениетін жарата алдық. Сондай-ақ біз алдағы уақытта да Қытайдың өз жағдайына үйлесетін даму жолын бойлап жасампаздықпен алға ілгерілей береміз. Ол үшін бүкіл елдегі әр ұлт халқы «қытайлық ерекшелікке ие социализмнің» теориясына деген, жолына деген, жүйесіне деген сенімін бекемдеп, қытай жолына табанды болулары керек».

Екінші алғышарт,  Қытай рухын  барынша сәулелендіру керек. Ал «қытай рухы» дегеніміз – отаншылдықты өзек еткен ұлттық рухты, сонымен бірге реформа мен жасампаздықты өзек еткен дәуір рухын меңзейді. Отаншылдық – ежелден бермен қарай қытай халқына қажыр мен береке сыйлап келген рухани күш. Ал реформа мен жасампаздық болса, бетбұрыстар мен ашықтық саясат кезінде қытай елін замана көшінен қалмауға шабыттандырып отырған рухани қуат. «Сондықтан, – дейді төраға Си, – ҚХР-дағы  барлық  халықтар міндетті түрде ұлттық рух пен замана рухын сәулелендіріп, береке-бірлікпен, айнымас сеніммен, қайтпас күш-жігермен болшаққа ұмтылуымыз керек».

Үшінші алғышарт, мықты негіз  болу керек.  «Негіз» деп отырғаны – «қытай арманын» жүзеге асыруда  «қытайлық ерекшелікке социализм» жүйесін негіз ету әрі оған бекем кепілдік ретінде қарау дегенді білдіреді. Төрағаның пайымдауынша «қытайша ерекшелікке социализм» жүйесінің ұлы істерді тындыруда дем беретін мынадай үш үлкен құдіреті бар екен, олар: күш-қуатты  шоғырландыру,  күш-қуатты пысыру,  күш-қуатты дамыту.

Төртінші  алғышарт, дайындық  болу керек. «Дайындық» дегені – «қытай арманын» жүзеге асыру барысы әрқашан сәтті бола бермейді, керек кезінде бәсекелестіктер мен қиындықтарға дайын болу дегенді білдіреді. «Қытайлық ерекшелікке ие социализмді» дамыту барысында жүзеге асырылатын «қытай арманы» міндетті түрде жаңа тарихи ерекшелікке ие зор бәсекелестікке дайын болуы керек. «Ол үшін, -дейді Си Цзинпиң, біз міндетті түрде жүйелі жоспар жасап, танымды орнықтырып, жан-жақты дайындалып, кез-келген бәсекелестік пен қиындыққа сақадай-сай болуымыз керек».

Бесінші алғышарт, Қытайдағы барлық күштер жаппай жұмылу керек. Бұл арада ҚХР бас хатшысы Қытайдағы әр ұлт халқының береке-бірлігін, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара тірлік етуін меңзеп отыр. Өйткені «қытай арманы» – ұлттың арманы әрі барлық қытай азаматының арманы. Олай болса бұл арманды жүзеге асыру үшін тізе қоса, білек түйістіре еңбек етіп, бір ниет, бір тілекпен алға ұмтылған жерде ғана ұлы арманды жүзеге асырудың мүмкіндігі арта түспек. Егер елдегі әр бір адам тек жеке өз басының ғана арманын жүзеге асыру үшін ұмтылғанның өзінде, ұлттың ұлы арманына қаншалықты кеңістік ашып берген болар еді?! «Олай болса, біздің ұлы еліміз бен бүгінгідей ұлы дәуірде өмір сүріп отырған әр ұлт халқы бақытты болашақты, арманның ақиқатқа айналғанын бірге көру үшін, отанымызбен, дәуірімізбен бірге есейіп, бірге гүлдену үшін бірге еңбек етуіміз керек. Бізде арман да бар, оны жүзеге асыратын дәрмен де бар, шарт-жағдай да пысып-жетіліп тұр.  Сондықтан еліміздегі әр ұлт халқы осынау тарихи борышты әсте естен шығармай, жүректі жүрекке, білекті білекке жалғап алға ұмтылатын болсақ, 1 миллиярт 400 миллион адамның парасаты мен күш-қуаты алмайтын қамал жоқ деп ойлаймын», – дейді ҚХР басшысы.

Айтып-айтпай, ҚХР-ның жаңа төрағасы өте дұрыс ойлап отыр. Өйткені, «1 миллиярт 400 миллион адам» бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарса, әрине, «алмайтын қамал қалмайды». Ал «1 миллиярт 400 миллион адам» алды-алдына тартса ше? Мәселе осында. Себебі, бұл елде 1,5 миллион емес, 15 миллион емес, тіпті 150 миллион емес, 1,5 миллиарт(!) адам тұрады. Осы 1,5 миллиарт  халықты «бір ниет, бір тілекке жұмылдыра» салу  – қалпақпен ұрып алатын оңай шаруа емес. Бірақ бәрібір ынтымақ, береке-бірлік болмаса,  еш бір ел, еш қашан, еш қандай арман-мұратына жете алмақ емес.

Бұл үзінді Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қытай тілі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Дүкен Мәсімханұлының «АЛЫП ЕЛДІҢ АРМАНЫ» атты мақаласынан алынды

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. «Қазақ ұлты – қазақ тілінде сөйлейтін мемілекетің негізінде қалыптасқан халық . Ал жұң – года қазақ аз санды ұлттардың бірі болып саналады. Жұң – годағы (қытайдағы ) Қазақтарды саны 1 милион 600 мыңнан асады (2000 ж мәлмет) . Жұң – годағы қазақтар негізінен Ш У А Р-дың, Іле қазақ автономялы обылысы (Алтай, Тарғабатай , Құлжа) –нда ,Кан –су правинциясы жақтағы Ақсай автономиялы ауданда (125000 адам), ШУАР-дың Морый ауданында қоныстанған. қытайдағы Қазақтардың жазыу мәдениеті Араб графикасын негіз еткен өз ұлтының байырғы ұлттық ( мұсылман ) әлппесі негізінде қалыптасқан .
    1959 –жылы ҚХР ағартыушылары қазақтарың жазыу мәдениетін Латын әліппесіне көшірілген болатын . Алайда 1982 – жылы Қытай қазақтары латын әліппесін қалтырып , өздерінің тарихый әліб –бйін негіз еткен оқыу мәдениетін қайтадан мұсылман графикасына көшіртіп алды. Алайда Қазақстанда Қазақтар – орыс әлппесін негізінде жазыуды ел әліппесі етіп қолдануда .
    Қазақ халқының тарихында жүзге жуық әлемге әйгілі ғалымдар болған. Солардың ішіндегі аса көрнектісі АБАЙ мен әбу – нәсир әл – Фарабыи қатарлы дарынды ғұламалар әлемге танымал адамдар . »

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар