///

Латын әрпі: көшеміз бе, жоқ па?

1496 рет қаралды
1

Нұрдәулет АҚЫШ

ПІКІР АЙТУШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?

051f343679199ff15d0fd4cf70434ae2Бүгінгі таңда қазақ оқырмандарының назарын аударып отырған шоқтықты пікірталастың бірі – қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру идеясына қатысты. Ұлтымыздың рухани әлемі үшін маңызды болып табылатын осынау өзекті мәселеге байланысты бұқаралық ақпарат құралдарында түрлі ұсыныстар, ой-пікірлер тасқыны үздіксіз орын алуда.

Күн тәртібінде тұрған осынау өзекті тақырыпты одан әрі дамытып, латын әліпбиіне көшудің тиімді жақтары мен зиянды тұстарын талдап көрсетіп жазылған мақалалар қатары күн сайын толыға түсуде. Олардың арасында назар аударуға татитындары да аз емес. Мысалы, көңілге қонымды пікір ұсынған дүниелердің бірі – Амангелді Айталының «Қазақ тіліне сұраныс жоқ елде латын әліпбиіне сұраныс бола ма?» («Жас Алаш», №16, 28 ақпан) деп аталатын сараптамасы. Бірден басын ашып айтатын жағдай – автор мәселені қабырғасынан қоя отырып, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу мәселесіне күмәнмен қарайды. Оның алдымен үңілетіні – өзіне дейін латынға көшуді қолдап жарық көрген мақалаларда айтылған ойлардың кемшін тұстары.

Мысал үшін алғанда, латын әліпбиіне 1928 жылы көшкен түріктердің өздері дыбыстық қорындағы кейбір әріптерді әліпби жүйесінде таңбалай алмапты. Мұндай кемшін тұстар әліпбилерін ауыстырған басқа халықтарда да бар көрінеді.

282192_1870684831_LatynАвтордың айтуынша, осы түріктер араб графикаларына негізделген рухани мұраларын осы күнге дейін пайдалана алмай отыр екен. Біз латын қарпіне көше қалған жағдайда туындайтын проблемалар қатары мынандай болуы мүмкін:

1) Қазақ тіліндегі ғылыми әдебиеттің осы уақытқа шейін тұтастай дерлік тек кирилл графикасында жазылуы; 2) жаңа әліпби бойынша мұғалімдер дайындау; 3) жекеменшік мекемелердің бұрынғыша кирилл әріптерімен жұмыс істей беруі; 4) латын әліпбиімен шығатын ұлттық баспасөзге деген сұраныстың азайып кетуі; 5) қазақтардың бұрыннан да кириллицамен оқитын тобы әліпби екіге бөлінгеннен кейін, латын шрифтісімен жазылғандарды мүлде қолға алмай кету ықтималдылығы және т.б.

Қазақстанда латын әліпбиі ресми түрде қолданысқа еніп, қазақ мектептері осы әліпбимен оқытыла бастаған уақытта қазақтардың арасынан балаларын орыс сыныптарына берушілер қатары одан ары көбейе түсуі ғажап емес. А.Айталының болжауынша, «…қазақ тілінің болашағына сенбейтін қазақтар оқулықтары, ғылыми әдебиеттері, дайындығы мол мұғалімдері бар орыс мектептеріне балаларын беріп жатса, оған ешкімнің қарсылық жасауы мүмкін емес»

Автордың тағы бір қауіптенетіні – орыс және қазақ тілді болып екіге бөлініп кеткен қазақ ұлты енді екі түрлі әліпбиді қолдана бастағанда, ара жіктері тіпті ашылып, бұдан әрі тереңдей түсуі мүмкін екендігі. Сөйтіп айналып келгенде, Амангелді Айталы латын әліпбиіне көшу реформасын асықтырмай, сақтыққа шақыру жағын қолдайды. Түйіндеп айтқанда, бұл кісінің сөзінде де қоғамның ересектер тобына тән болып отырған типтік сақтық себептері бой көрсеткен.

Латынға қарсы топтағылардың тағы бір уәжі мынандай болып келеді: «…қазақ тілі Құдайдың әрпіне көшсе де, өркендей алмайды… Жалғыз қазақ тілін мемлекеттік тіл қылып, онда да бірнеше жылдан кейін қолдану аясын 100 пайызға жеткізіп барып латынға көшсе болады ғой деп ойлаймын. Ал осы қалпымызбен латынға өтсек, орыстілділерді айтпағанда, қазір қазақша жазып, сөйлеп жүргендердің өзі орысша сөйлеп, қызмет қағаздарын орысша толтырып жаза бастайды…» (“Жас алаш”, №20, 14-наурыз, 2013 ж.)

Латын әліпбиіне көшуді табанды түрде қолдайтын мақаланың бірі – Қазыбек Исаның «Шынайы тәуелсіздік латынға өтумен келмек» деп аталатын сипаттағы мақаласы. Мазмұнына қарағанда, оның жазылуына түрткі болған себеп – Мұхтар Шаханов бастаған 66 қазақ зиялысының латын жазуының қолданылуы туралы ойларға қарсылық білдіріп жазған хаты.

Автор осы ой-тұжырымдарды негізге ала отырып, өзінің жеке көзқарасын білдіруді жөн көрген. Мақаланың хат түрінде жазылуы – сол көзқарасты білдірудің өзіндік формасы. Бұл арада мынандай бір жағдайды ескеру керек екендігі байқалады.

Біріншіден, 66-ның хатына бастамашы болып жүрген Мұхтар Шаханов та, сол хаттағы жекелеген ой-пікірлерге қарсы шығып отырған Қазыбек Иса да – қазақ халқының патриоттары, туған ұлтын сақтап қалу жолында күрес жүргізіп жүрген қаламгерлер. Оның үстіне екеуі бір замандарда ортақ жұмыстарға бірге жегіліп, белгілі бір жобаны жүзеге асыру үшін қатар жүріпті. Осындай идеялас, пікірлес зиялылар енді Қазақстанда латын әліпбиіне көшуге бола ма, жоқ па деген мәселе төңірегінде ортақ тиянаққа келе алмайды, ойлары әр тарапқа тартады. Соңғы автордың өз ойын Мұхтар Шахановқа хат түрінде жеткізбек болуы да сондықтан.

Қазақ жазуындағы арғы-бергі кезеңдерге шолу жасай келіп, Қазыбек Иса латын жазуына көшудің қиындықтары мен артықшылықтарын өз эмоциясын қоса отырып, талдап өтеді. Оның «Шынайы тәуелсіздік латынмен келмек» ғылыми эссесі түрлі тақырыпшаларға бөлінген. Атап айтқанда, «Ашық хатта қаперге алатын қауіп те бар», «66-ның біз келіспейтін жайттары», «Ұлтымызды орыс кириллицасынан құтқарады», «Мұны Алаш көсемдері де қолдаған», «Елді екіге бөліп, қазақ тілін тұқыртып отырған – орыс кириллицасы», «Бұл әліпбиге көшкенін өзбек те, әзірбайжан да мақтан етеді», «Ел мен Елбасы шешімі – латынға өтуді ассамблея неге насихаттамайды?», «Қазақ елін уысынан шығарғысы келмейтін Ресейді қолдайтындар кімдер?» деген тәрізді айқайлап тұрған тақырыпшалар мақалада айтылмақ ойларды жүйелеп көрсетуге ықпалын тигізгені анық.

Автордың өзі тақырып етіп алған мәселеге қатысты пікірлері, тұтастай алғанда, айқын, ұстанымдары тиянақты. Сонымен бірге ішінара обьективті тұрғыда алғанда, келісе қоймайтын пайымдаулардың да ұшырасып қалатынын жоққа шығаруға болмас.

«Бірақ осы ашық хат жарияланғалы ғаламтор әлемінде қызу айтыс-тартыс жүріп жатыр. Кейбіреулер: «Шаханов айтты – бітті! Ойланатын не бар?» деп айқайға сүрең қосуда. Енді бірі: «Бұл Ресей отаршылдығын қолдау, ұлтымыздың рухани тәуелсіздігін тәрік ету!» – деп қарсы шығуда» (“Қазақстан-Zaman”, 21. 02. 2013) дей отырып, көтеріліп отырған мәселенің күрделілігін бір сәт те естен шығармайды.

Осы қарбаласқа қатысты өз ойларын Әбдірашит Бәкірұлы тәрізді «Латынға көшу қазақ тілінің мәселесін шешпейді»

(“Дат”, №04, 7.02. 2013) деп, айқайлап тұрып ашық айтып жатқандардың да уәждерін ғылыми тұрғыдан тиянақты деп айту қиын. «Әйтеуір қарсы бола беру керек» деген пиғылмен айтылып жатқан сияқты.

Басым топтың пікірлерін тиянақтай түсетін тағы бір шағын штрихты қаперге алсақ деймін. Ол осы әліпбиді таңдап алған түрік ұлты қазақ сияқты біреуге бодан болып көрген емес, керісінше, отарлаушы ұлттардың санатындағы бөлек психологиядан. Тәуелсіздік алғанымызға жиырма екінші жылға кетсе де, ТМД-ның басқа азаттық алған халықтарына қарағанда қазақтарда құлдық психология, орысқа мойынұсыну психологиясы басым екенін мойындай алар ма екенбіз.

Бір біріне қарама-қарсы айтылған біраз ой-пікірлерді сараптап келгенде, латын қарпіне көшуді қолдаған топтың уәждері басымырақ түсіп жататынын атап айту керек. Оған жоғарыда келтірілген дәлелдер куә. Олардың қандай екендігін тағы да ежіктеп, қайталап жату шарт емес шығар.

ҚАРСЫЛАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК БЕЙНЕСІ

Зерттеушілердің дәлелдеуіне қарағанда, бүкіл дүниежүзіндегі ғаламтор материалдарының 80 пайызы латын жазуымен жарияланып келе жатыр екен. Ендеше бұл шрифт – дүниежүзілік деңгейде байланыс құралына айналып отырған ғаламтордың арқа сүйейтін негізгі әліпбиі. Демек, бұл әріпті пайдалану – дүниежүзілік қауымдастыққа жақындаса түсудің кезекті бір жолы болуы әбден ықтимал екен. Пайдаланылатын әріптері бірдей болғандықтан, латын әрпімен сауат ашқан қазақ баласының кейін де сол әріппен жазылған ағылшын тіліндегі мәтіндерді көп қиналмастан оқып кете алатын түсінікті.

Екіншіден, Қазақстан саяси тәуелсіздік алып, дербес ел атанса да, орыс империясының рухани басқыншылығынан әлі күнге құтыла алмай келе жатқанын жасырудың керегі не? Бұл ықпал әсіресе руханиятқа қызмет жасайтын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы нақты іске асып келеді. Сол құралдардың бір үлкен арнасы – мерзімдік баспасөз тасқыны. Латынға көшу арқылы осы тасқынға аз да болса бөгесін жасау мүмкіндігі бар.

Ағылшын тілді басылымдардың да ұлттық менталитетімізге келмейтін теріс ықпалы болуын терістеу қиын шығар. Бірақ ол орыс тілі арқылы санамызға сіңіріліп жатқан рухани экстремизмнен қауіпті емес.

Келесі бір мәселе – «Латын әрпіне бүкіл Қазақстан халқы көше ме, жоқ әлде тек қазақ мектептерінде оқитындар ғана ма?» деген сауал. Бұл арада басы ашық жағдай – алдымен тек қазақ тілінде ғана оқитындарды көшіру керек екендігі. Орыс тіліндегі шәкірттер кириллицамен оқи берсін. Егер оларды латыншыландырамыз десек, көптеген жағымсыз мәселелер көлденеңдеп шығып кетуі мүмкін және оған Ресейдегі отаршылдық пиғыл иелерінің жан-тәнімен қарсы болатыны да түсінікті. Бірақ уақыты келгенде бұл мәселенің де шешімін іздестіру мүмкіндігі туындауы ғажап емес.

Сонымен бірге бір ескеретін жайт – орыс тілінде білім беретін мектептерден басқа оқу орындарының барлығын латын әріптеріне көшіру керектігі. Мысал үшін айтқанда, республикамыздағы өзбек, ұйғыр және басқа тілдерде білім беретін мектептерді де. Қазақстандағы өзбектер де этникалық өзбектердің оқитын әріптерін пайдаланса, іргелес екі елдің өзара байланыстары да жеңілдей түпей ме.

Базбір ойшылдарымыздың қарсы айтатындары – «Егер латынға көшсек, Кеңес дәуірінде жасалған бүкіл әдебиетіміз, қазақ тілінде жазылған тамаша ғылыми еңбектеріміз ұмытылып қалып қояды. Кейінгі ұрпақ оқи алмайды» деген уәж. Қазіргі ғылым мен техника мейлінше дамыған жаңа технологиялар заманында одан күдіктену қаншалықты орынды? Бұл жөнінде жоғарыда аталған мақаласында Қазыбек Иса дәлелді уәж келтірген.

Тәуір деп танылған дүниелердің барлығы латын қарпіне көшірілетіні даусыз. Сонымен бірге макулатураның жемі болуға дайын тұрған көптеген артық қағаздан тазарып қалатынымызды да ұмытпауымыз керек. Айталық, көркемдігі төмен немесе таза кеңестік рухта өмірге келген жазындыларды оқырмандардың кейінгі буындарына тықпалаудың түк те қажеті болмас.

Тағы бір көлденең тартылатын ой – «Екі түрлі қаріппен жазып, оқитын жағдайда бір ұлттың өкілдері екіге бөлініп қалады. Қазақ тілді және орыс тілді қазақтар әрқайсысы өздері таңдаған әріптердің тұтқынына айналады» деген қауіп. Осы арада «Кириллицаны пайдаланып келе жатқан орыс тілді қазақтар кириллицамен жазылған қазақ мәтіндерін оқушы ма еді?» деген қарсы сұрақ туындайды. Әрине, бұған дейін олардың қазақшаға мойын бұрып келе жатқандары некен-саяқ. Өйткені орыс тілді қазақтардың патриоттық сезімдері кемшін, қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тілінде жазатындар олар үшін – бар болғаны артта қалған «мәмбеттер» ғана. Биыл қыста қазақ тілін қорлай сөйлеп, «Мен суахили тілін білмеймін» деп жауап жазған «Қазпошта» АҚ-ның қызметкері сондайлардың біреуі ғана. Әйтпесе іштен тынып, қаптап жүргендері қаншама.

Бірен-сарандары болмаса, орыстілді қазақтарда ұлттық проблема деген жоқ, олардың көпшілігі өз ұлтын сақтап қалу керек деген мәселеге бас ауырта қоймайды. Өз ұғымдарына салсақ, олар – ұлттың емес, жалпы адамзаттың перзенттері. Әсіреорыстанып, нигилизм жолына біржола түсіп кеткен қандастарымыз өздерін қазақпыз деп атауға да ауыздары бармайды. Арланады. Өйткені олар – «ұлттық сезімнен жоғары тұрған бүгінгі өркениеттің төл өкілдері». Әрине, өздерінің түсініктері бойынша.

Келесі бір мәселе – латын қарпіне көшуге қарсы адамдардың проблемаға тек өздерінің жеке тұрғысынан ғана қарап, объективті баға бере алмай жүргендігі. Жасы үлкендер үшін латынға көшу шынында да ауырлау соғуы мүмкін ғой, бірақ мектепте, оқу орындарында онсыз да ағылшын тілін немесе басқа бір шет тілін оқитын шәкірттер үшін бұл шаруаның түк те қиындығы жоқ.

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ АРЫ ҚАРАЙ ТӘУЕЛСІЗДЕНДІРУ

Билік орнында отырған кейбір қазақтар «Қазақ тілі республикадағы өзге тілдерді басып кетпеуі керек» деген сыңайдағы пікірлер айтатын көрінеді. Бұл – ұлтын сүймейтін, өз қазағының тағдырына немқұрайлы қарайтын қазақтың ғана пікірі. Әйтпесе

басқа

ұлт өкілдері тарапынан (тіпті орыстілідердің басым бөлігі түсіністікпен қарап отырған кезде) байбалам салушылар шамалы ғана емес пе? Онда да қазақты қаны қарайып жек көретін, өтіп кеткен көк соққан шовинистер болмаса.

Енді осы арада ескермеуге болмайтын бір жағдай бар. Ол – латынға көшкеннен кейінгі мемлекеттік тілдің ахуалы. Бұл мәселелге орай жалпы «Мемлекеттік тіл» дегеннің өзі не және оның мәртебесі қандай болатындығын қайтадан айқындап алуға тура келмек. Мемлекеттік тіл бар, бірақ оның шеті мен шегі, қоғамда алатын орнының деңгейі заңнамада толық нақтыланбаған, жалпы нысан ретіндегі болмысы әлі де бұлдырлау.

Мысал үшін алатын болсақ, Конституция бойынша қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде белгіленсе, онда оның қоғамдағы орны да нақтыланып көрсетілуі тиіс емес пе? Қай мемлекеттің болсын іс қағаздары, бухгалтерлік, қаржылық (финанстық) есеп-қисаптары, мемлекет жұмыстарына қатысты толып жатқан қағаз толтырулар мемлекеттік тілде жүргізілуі керек қой. Тәуелсіздік алғанымызға биыл 22 жыл толмақ, бірақ көптеген салалардың мемлекеттік тілге көшпей, кер бағып, табандап отырғаны қалай? Салық комитеттеріне және басқа мемлекеттік органдарға жөнелтіліп жатқан есеп-қисаптар тек қана орысша, банк тілі қазақшаға мүлде жолағысы келмейді, тіпті осы ұйымдардан бір нәрсеге жауап алғың келсе, қазақша сөйлегенің үшін өзіңе ұрсады. Тіпті Павлодар қаласында қазақша сөйлегені үшін бір қазақ әйелін супермаркеттен қуып шығыпты.

Сонда бұл не? Айтып жүргеніміз қайдағы тәуелсіздік, қайдағы рухани және тілдік бостандық? Осы қалпымызда жүре берсек, 2020 жылға қарай мемлекет халқының 95 пайызы қазақша сөйлеп кете ала ма? Басқа диаспора өкілдерін былай қойғанда, қазақтардың осынша пайызы қазақша сөйлеп кететін болса, керемет жетістік болып табылар еді-ау. Бірақ көкіректе күмән көп…

Осы арада айтайын дегенім – тек латын қарпін енгізіп қана қоймай, мемлекеттік мекемелердегі іс жүргізу жұмыстарын да латын қарпіне көшіру керек екендігі. Латын қарпін қолданатын тіл – қазақ тілі болса, мемлекеттік мәртебеге ие болып отырған ол тілдің де проблемасы шешіле бастар еді.

Біз шет тіліндегі сөздерді алдымен орыс тілі арқылы қабылдаймыз. Ал осындай жолмен енген жекелеген термин сөздердің, ономастикалық және топонимикалық атаулардың орыс тілі арқылы бұрмалауға түсіп келіп жатқандығы жайында жаппай ойланбаймыз.

Кириллицамен жазылатын орыс тілі мұндай сөз ауысу жағдайында өзінше бір сүзгі сынды немесе сәулені шағылыстырып барып өткізетін шыны призма іспеттес. Орыс тіліне құлшылық ұрған Патшалық Ресей мен Кеңес дәуіріндегі замандарды былай қойып, тәуелсіздігіміздің 22-жылында да осындай бұрмалауды атаулардың түпнұсқада дыбысталуы деп түсініп келе жатқанымыз. Мысалы, көршілес Қытай Халық Республикасының астанасын осы күнге дейін Пекин деп жазып жүрміз. Оның қытай тілінде Бейжің деп дыбысталатынын білсек те, сол әуелгі жаңсақтық жалғасын табуда. Сондай-ақ, Шанхай деген қала аты да сондай халде. Қытайша білетіндердің айтуына қарағанда ол «Шаңқай» деп жазылуы керек екен. Кәдімгі қазақтың «Шаңқай түс» деген тіркесіндегі «шаңқай». Орыс тілінде «Қ» мен «Ң-ның» жоқ екендігі белгілі.

Тілі келмегендіктен, көптеген сөздерді орыстардың дәл сол қалпында қайталап айта алмайтынын да ескере бермейміз. Басқасын айтпағанда, АҚШ-тың астанасын орысшалап Вашингтон деп жазамыз. Кириллица транскрипциясына салып айтқанда, ол шамамен Уошынтон деп жазылуы тиіс еді. Ағылшын, француз неміс және т.б. тілдерден енген термин сөздердің бұрмаланбағаны некен-саяқ көрінеді. Қазақ тіліне тән «Ұ», «Ғ», «Қ». «І», «Ә» дыбыстарының орыс тілінде жоқ екендігі белгілі. Криллицада олардың әріптік таңбалары да жоқ. Мұндай жағдайда орыс байғұс бұрмаламай қайтеді. Тілімізде ондай дыбыстар бола тұрып, біз сол теріс ықпалмен кетіп барамыз.

Тіпті оны қойып, өзіміз «Кәріс» деп атап жүрген ұлттың шын аты «Ханкуксарам» екенін, осы халық өз мемлекетін «Деханминкук» деп атайтынын білеміз бе? Тіліміздің ұшына үйіріле кететін – орыс тіліндегі «Кореец» деген сөзден бұрмаланған «Кәріс». Мұндай мысалдарды ары қарай тізе беруге болар еді.

Бұрын бодан болған ұлттар тіл басқыншылығынан шешімталдықпен құтылып жатқан кезде біздің бүйтіп ана тілімізді де орысшаға тәуелді етуден бас тарта алмай отырғанымыз қалай?

Орысшада жоқ қазақ дыбыстарының біразы жоғарыда айтылған ұлттардың тілдерінде бар. Егер латыншаға көшсек, сол тілдердегі сөздерді түпнұсқаға жақындатып жазатынымыз, жазып қана қоймай, сөйтіп айтатынымыз анық. Сонымен бірге қазақ тілін үйренгісі келетін шетелдіктер оны орыс тілі арқылы емес, тікелей үйренсе, ұлтаралық интеграция күшейе түспей ме.

Бұл арадағы жалғыз-ақ қиындық – осы уақытқа шейін шет тілдері мен қазақ тілі арасында делдал болып келе жатқан орыс тілінің рөлінің төмендеп қалатындығы. Ендеше латынға көшу тілдік тәуелсіздікті нығайтуға бет алу емей, немене?

Осы арада Ресей империясының өз мүддесі үшін қазақ сияқты аз халыққа жасайтын жан-жақты ықпалына көз жұма қарауға болмайды. Екі ғасырға жуық уақыт бойы қазақ жерін өз мемлекетінің заңды аумағы, отарлаушылыққа дейін де оны мекен етіп келе жатқан қазақтарды өзінің құлақкесті құлы ретінде санап келген империалистік психологияның инерциясы әлі де бәсеңдей қоймаған сыңайлы. Оған сол тараптан да, өз ішімізден де естіліп жататын әртүрлі тегеуірінді, айбарлы үндер дәлел. Ресейдің осындай саясатын рақаттана қолдайтындар республика шегінде де баршылық және олардың қол қусырып қарап отырмағанын байқау қиын емес. Қазақтың отаршылдық пиғылдағы сыртқы және ішкі жауларының мақсаты жалғыз-ақ – қалай болған күнде де бұрын табандарының астында келе жатқан халықты одан әрі тұқырта беру, реті келсе, адам ретінде бас көтертпей, мүлде тұншықтырып тастау.

Қазақстан тәуелсіздікке ұмтылған алғашқы жылдарда «Бұлар да адам болғысы келеді. Өздерінше дербестік алмақшы. Саналары төмен, мәдениеті жоқ бұндай қарақұрым тобыр (чернота) ел бола алмайды. Ұзамай дәргейлеріңе ала қойыңдар деп бізге өздері-ақ қайта келеді» деген сарындағы сәуегейліктер айтылып, әр түрлі қоқан-лоққылар да жасалғанын қаперден шығарып алмаған абзал.

 Егер шынымен тәуелсіздікке ұмтылатын болсақ, қазақ деген ұлтты қалайда сақтап қалу керек болса, онда дербестікке сеп бола алатын ең кішкентай тетіктің өзін пайдалана беру керек. Әрине, ондай экстремизм мен сепаратизмнен аулақ, тек қана өркениет жолымен жүзеге асырылып отыратын тетік болса. Ал латын шрифтерін қолданысқа енгізу сондай тиімді тетіктердің бірі бола алар еді.

 ТІЛ КОМПЬЮТЕРГЕ МЕ, КОМПЬЮТЕР ТІЛГЕ МЕ?

 Мәселені шешудің техникалық қиындығы – компьютердің 26 таңбасына қазақ тіліндегі 42 әріпті сыйғызуда. Ұсыныстар көп. Даудың біраз бөлігі – компьютерді тілге бағындырамыз ба, тілді компьютерге бағындырамыз ба дегенге саяды? Орынды дау.

 Меніңше, компьютерге бағыну керек. Орыс тіліне ғана тән «Э», «Ю», «Я», «Ц», «Ч», «Щ», «Ф» сияқты әріптерді жазу халықаралық деңгейде қалыптасқан. Ал қазақтың жоғарыдағы төл дыбыстарына сәйкес әріптерді қосарлап жазу арқылы таңбалауға болады. Бастапқыда бұл үрдіс ептеп қиындық туғызуы мүмкін, бірақ уақыт өте келе, көз де, қол да үйренеді. Европалық кей ұлттар бір дыбысты үш таңбамен де беріп жүр ғой. Мәселен, немістің бір дыбысты «scһ» деп үш әріпті қосарлап беруі.

Компьютерге жаңа таңбалар енгізудің бір қолайсыздығы – латын шрифтілеріне көзі үйренген адамның оларды оқи алмауы болса, екіншісі – халықаралық электрондық байланысқа шыққанда, компьютерде жоқ таңбаның ашылмай қалуы.

Латын қарпіне көшуге қарсылардың болатындығын сезіне отырып және ол қарсылардың басында Ресей державасы сияқты бізге бұрын үстемдік жүргізген алып елдің тұрғанын ескере отырып, латын әріптерін пайдалануды қолға алу керек. Мұндай ауқымды іс мәресіне жақындаған сайын, қарсыластардың неше түрлі құйтұрқылыққа баратынын, арандатулар да болатынын алдын ала ескеріп, не нәрсеге де дайын тұрған жөн-ау. Осы науқан барысында орыс тілділер халқымызды, бас көтерер азаматтарымызды әлі талай жамандап, ағаш атқа неше мінгізіп, неше түсіретіні сөзсіз.

Бір мәселенің басы ашық. Қазақ өз жерінде жүріп, өз тілінің сақталып қалуы үшін күрескенде, басқа ұлт диаспораларына зиян тигізуді көздемейді, басқа елге барып өз тілінің өктем болуын қаламайды. Кез келген ұлттың өз жерінде өмір сүріп, халық ретінде сақталып қалуын ойлауы – атам заманнан келе жатқан табиғи құбылыс. Мысалы, өз жері – Ресейде орысша сөйлеп, барлық шаруасын орысша жүргізгені үшін орысты, бүкіл тірлігін өзбек тілінде құрғаны үшін өзбекті, монғолша сөйлеп, бүкіл іс қағаздары монғол тілінде болғаны үшін монғолды және т.б. ешкім де ұлтшыл деп айыптамайды.

Кавказды мекен еткен халықтардың барлығы да тек өз тілдерінде ғана сөйлейді, жазады, қарым-қатынас жұмыстарын жүргізеді. Солай болуы табиғи құбылыс. Ал қазаққа келгенде… ол байғұс та басқа халықтар секілді өзінің ана тілінде жұмыс істегісі келсе… «Жоқ, болмайды» деп өре түрегелеміз. Алдымен Қазақстандағы орыстарға қысым жасалуда деп байбалам салып шыға келетін – орыс шовинистері, оған ілесе орыс тілді қазақтар. Сонда бұл не?

Демек, өзі теңдес басқа ұлттардан қазақтың айырмашылығы – ұлт ретінде өз жерінде жүріп, құқығының шектелуі. Бұның өзі, Қазақстан Конституциясын айтпағанда, бүкіл дүниежүзінің озық ойлы зиялылары ортақ мәмілеге келіп, қабылдаған «Адам құқықтарының жалпыға бердей Декларациясының» ұстанымына да қайшы.

Дереккөз: “Жұлдыз” журналы

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Латын әрпіне көшуге мен қарсы емеспін, өте дұрыс, Елбасын қолдаймын.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар