Еліміздің Спорт және дене шынықтыру агенттігі мен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйытқы болуымен өтіп жатқан бұл жарыс 30-қарашаға дейін жалғасады. Бүркіштілер бәйгесі Ақмола облысы Целиноград ауданы Малотимофеевка ауылындағы «Бал Қарағай» демалыс орнында өтіп жатыр.
Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының атқарушы директоры Ерлен Әбілханұлының айтуынша, бұл фестивалді өткізудегі басты мақсат – бүркіт баулу өнерін әлемге паш ету. Бұған қол жеткізу үшін Австралия мен Жапониядан арнайы журналистер, яғни түсірілім топтары шақырылып отыр екен. Демек, биыл алғаш рет өткелі отырған бүркітшілер фестивалін «Discovery» сияқты төрт күлге таралатын халықаралық телеарналар түсіріп алады.
«Биыл бірінші рет өткізіп жатқан фестивалге Испания, Чехия, Венгрия, Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Қытай және Қазақстанның құсбегілері бүркіттерін баптап келіп отыр. Біздің мақсатымыз – қазақтың ұлттық спорт түрін әлемге паш ету. Бұл фестиваль арқылы оған қол жеткізуге болады. Себебі, біз өзіміз бар шығынын көтеріп, Австралия мен Жапониядан арнайы журналистер шақырып отырмыз. Олар «Discovery» сияқты арналар үшін дерек жинап кетеді. Басқа елдерден де, мысалы Түркиядан журналистер өздері қызығушылық танытып келіп жатыр» – дейді Ерлен Әбілханұлы.
Сұхбат барысында Ерлен Әбілханұлы Қазақстанның құсбегілері үшін кім мықты қарсылас болуы мүмкін деген сұраққа: «Моңғолия мен Қытайдан келген құсбегілерді мықты қарсылас деп отырмыз. Қазақстанның бүркітшілері ең мықты деп кесіп айтуға болмайды. Бұл екі елдің спортшылары мықты дайындықпен келеді», – деп жауап берді.
Бүркіштілердің халықаралық деңгейдегі алғашқы фестиваліне қатысып отырған құсбегілердің ең жасы 20-ға жаңа толса, Алматы облысынан келген 80 жастағы қария Қадыр Нұрымұлы да құсын ертіп, қансонарға келіпті. «Қатысушылардың арасында Мақпал Әбдіразақова дейтін жалғыз ару бар», – дейді Ерлен Әбілханұлы. «Жалпы, бұл фестиваль болғандықтан, арнайы жүлде қоры болмайды. Дегенмен, жеңімпаздар үшін біздің ынтыландыру сыйлықтарымыз бар. Және осындай деңгейдегі алғашқы фестиваль болғандықтан, келем деушілерге кіру тегін. Келесі фестивальді көру ақылы болады деп жоспарлап отырмыз. Жыл сайын болмаса да, екі жылда бір рет өткізіп тұруға болатын фестиваль бұл»,- дейді Қауымдастықтың атқарушы директоры.
Жалпы, елімізде 2004 жылы «Бүркітші» федерациясы құрылған болатын. Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрамына еніп отырған федерациясының жоспарына сәйкес, «Салбурын», «Саят», «Қансонар», «Бүркітшілердің Республикалық чемпионаты» жарыстары мен әр түрлі турнирлер өтіп келеді. «Құсбегілік» жарысын өткізудің ережелеріне тоқталсақ, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ресми сайты жариялап отырғандай, «Құсбегілік» өнері бойынша жарыстар жұртшылықты қазақтың ұлттық ойындарына жататын осы жарыс түрімен ұдайы айналысуға тарту, сондай-ақ халық арасында осы спорт түрінің салауатты өмір салты принцптерін дәріптеу құралы ретінде кең насихаттау әрі жандыру, спортшылардың шеберлігін арттыру, өмірлік маңызы бар қолданбалы дағдылар мен жасөспірімдердің батылдық, епшілдік секілді жеке қасиеттерін жетілдіру мақсатында өткізіледі. Жарысқа арнайы өтінім тапсырған дәрігердің рұқсаты мен сақтандыру полисі бар құсбегі спортшылар қатыстырылады. «Құсбегілік» өнері бойынша жарыстар жарыс ұйымдастырушылардың байқауына қарай құс ұшыратын қыры және аң жіберетін етегі арнайы таңдап алған жерде өткізіледі. «namys.kz»
Парақшамызға жазылыңыз
Алаштың Ұлы Ұс елі
немесе
Ұс (құс) елін бүгінгілер
қайдан білсін.
(Тарихи – этимологиялық зерттеу)
Тамырынан таратылып текті сөз
Ал арманшыл асыл халқым көкті кез!
… Көк байрақты, қыран текті қазаққа,
Күн астында қанат жаяр келді кез.
Маралтай
Алаш, үш Жүз һәм Қазақ
Қазақ турасында сөз қозғап, ол жайында қалам тартқан адамдардың барлығы дерлік Алаш, Үш жүз атауларына соқпай өте алмайтындығы ақиқат. Алаш турасында “Қазақ совет энциклопедиясында” “Алаш” “Алаш мыңы”- ежелгі қазақ тайпаларының алғашқы қауым болып біріккен одағы “қазақ” деген бұрынғы елдің жалпы аты” – деп жазады,
– Шынында Алаш, үш жүз, Қазақ сөзінің мән-мағынасы не? Бұл турасында біз неге бір тоқтамға келе алмай жүрміз? Неге біз Алаш сөзінің мән-мағынасын, шығу негізін білмей тұрып осындай күйде тұрған «Қазақ» сөзімен бір синонимді сөз дейміз, тек бұл атаулардың әр кезеңдерде бір-бірінің орнына қолданылғаны үшін ғана ма? Ел аузына тараған:
Алаш Алаш болғанда,
Ала тай ат болғанда
Таңбасыз тай
Енсіз қой болғанда
Алаш хан болғанда – деген сөздердің бірінші жолы неге “Алаш Алаш болғанда” – деп тұр? Егер Алаштың Алаш екендігі әу бастан-ақ белгілі болса, онда Алаш Алаш болғанда демей – ақ, Алаш болғанда деп бастап аяғында Алаш хан болғанда десе де түсінікті болар еді ғой. Ұлы Абай атамыздың «Сонымен бұлар өзін-өзі де өзге жұрттарда «Қазақ» атап кетіпті, бұрын өздерін «Ұлұс» дейді екен де жүре береді екен» деуінің астарында не жатыр? Бұрын біз өзімізді Алашпыз, Қазақпыз, Үш жүзбіз деуші едік, енді Ұлы Абайдың дерегінен біз өзімізді «Ұлыс» деп те атаған екенбіз. Бұлай болған жағдайда бұл төрт атаудың қайсысы алғашқы бастапқы атауымыз болмақ?- деген сұрақ туады. Осы арада данышпан Абай атамыз “Ол күнде наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып наурыздама қыламыз деп той тамаша қылады екен. Сол күнін “Ұлыстың Ұлы күні”-дейді екен” деуінен менің түйгенім біздің қазақтардың ол күнді, яғни жер жаһанның жаңарған, қыстың ызғары кетіп табиғаттың бусанып жыл басының басталуына себепкер күн мен түннің теңелуін “наурыз”- яғни “жаңа күн” демей өздерінше бұл күнге ерекше мән беріп “Ұлы күн” деп атап, той тамаша қылғандығына көзім жетті. Сондықтан төркі – қазақ үшін бұл күн шын мәнінде ерекше сағынышпен тосып алатын ұлт мейрамы. Әрі бұл күнді «Ұлғ күн» (Ұлы күн) – деп тойлап қана қоймай «Ұлық күнмен басталған жыл он екі айды ұлұғ ай, кішіг ай, деп бастап бірінші ай, екенші ай, үшінші ай, төртінші ай, бесінші ай, алтыншы ай, жетінші ай, сегізінші ай, тоғызыншы ай, оныншы ай деп жіктеген. Бұл ескі төркі календары Бируни мен Ұлықбектің кітаптарында жазылған. Ал осы «Ұлғ күн» (Ұлы күн) неге «Ұлұстың Ұлы күні» – деп тойланған. Мен бұл жұмбақтың сырын ашу үшін «Ұлұс» сөзін Ұлғ және Ұс яғни Ұлұ және Ұс (құс) деген екі сөзден құралған атау деп қарауды ұсынамын. Құсты көктің, символы санаған көшпелілер өздерін көк тәңірінің ұланымыз деп тәңірі құсына, көктің құсы қыранға балаған ханымызды көтеріп, бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, өзіміз ұлылап тәңірі құсы қыранға балаған ханның ұрпағымыз, соның әулетіміз деп бір ханнан, бір әулеттен, бір тектен ғана тарататын болайық деп ант берісіп өзінің батырлығымен, ақылдылығымен көзге түскен бірін ел басшысы етіп “Ұл(ұ) Ұс”, “Ұл(ұ)Ұс” деп ұлылап хан көтерген деген қортындыға тоқталамын. Сол ұлы жиында жер қайысқан қалың қолдың айқай шуынан Ұл(ұ)Ұш, Ұл(ұ)Ұш деген шу басым естіліп, (бұл жерде төркі халықтарының ішінде қазақтан басқа басым көпшілігі “с”-ның орнына “ш”- деп сөйлейтінін ескеруіміз керек. Мысалы: басты-баш, тасты-таш, қасты-қаш, құсты-құш, Алпамысты-Алпамыш, Манасты-Манаш, дүйсенбіні-дүйшенбі, т.с.с.) қол астындағы қара халықтың құлағына Ұл(ұ)Ұш”, “Ұл(ұ)Ұш” деген айқай Алаш Алаш деп естілгендіктен күллі халық Ұл(ұ)Ұшты яғни “Ұл(ұ)Ұсты” – Алаш деп атап кетіпті. Әрі батыр, әрі ақылды данагөй Ұл(ұ)Ұс хан осыдан бастап өзін халық берген атпен Алаш деп атап, өзіне қараған елін “Ұс” һәм, “Ұл(ұ)Ұс” елі деп атаған деген тұжырымға келдім. Ұл(ұ)Ұс хан өзін халық берген атпен Алаш атағандықтан халық арасында осы бір үрдіс дәстүрге айналған. Әрі бұл дәстүр осы күнге дейін өзінің төл ұрпақтарының арасында жалғасын тауып келеді. Әбілмансұрдың-Абылай, Ибраһимнің-Абай, Мұхамедқанапияның-Шоқан, Ерасылдың – Қабанбай, менің өз атам Сүгірдің – Сақал т.т. аталуы соның айғағы, бұл оларға халықтың берген аты. Құрбанғали Халидтің “Тауарих хамса” кітабында:”Алынша хан кезінде” мен пәленнің нәсілімін” деп айтуға тиым салынып кім хан болса оның қауымы “мен пәленше ханың әулетімін” деуге бұйрық шығарған. Себебі бір ханға ерген халық мен пәлен нәсілдемін деп бөлектеніп араларынан түрліше келіспеушілік туады деген екен” – деуі көңілге қонымды құптарлық дерек. Бұдан байқайтынымыз, қазақтың Абылай әулетіміз, Жәнібектің ұрпағымыз, Әбілхайырдың тұқымымыз деп сан-саққа бөлінбей, тек Алаш еліміз деп өздерін Алаштан ғана таратуында қанға сіңген тарихи шындықтың бары айқын байқалады. Олай болса жоғарыда келтірілген ел аузына тараған шумақтарды орын-орынына қойып оқып көрейікші.
“Ұл(ұ)Ұш Алаш болғанда
Ала тай ат болғанда
Таңбасыз тай
Енсіз қой болғанда
Алаш хан болғанда – деп оқитын болсақ, бұл бес шумақ өлеңнің мазмұны ашылып шыға келеді, яғни Ұл(ұ) Ұштың – Ұл(ұ)Ұстың – Алаш атанып одан Алаштың хан болғандығы белгілі болады. Ұсты ұлылап ҰлыҰс атап пір тұту қазаққа жаңалық емес. Бұл үрдістің де сонау көне заманнан бастау алып үзіліссіз ұрпағымен жалғасын тауып келе жатқанын аңғару үшін біз Абайды – Ұлы Абай, Жамбылды – Ұлы Жамбыл, Мұхтарды – Ұлы Мұхтар, Шоқанды – Ұлы Шоқан, Мағжанды – Ұлы Мағжан деуімізді көлденең тартсақ та болады. Демек мұның да Алаштан бастау алғанына куә болғандаймыз. Алаш бабам өз елін Ұс, Ұлы Ұс еліміз деп атап қана қоймай, оны “оң қанат”, “орта”, “сол қанат” деп үшке бөліп билік жүргізген және үшеуін бірге “үш Ұс” (үч Ус-үч Уз) деп атаған. Қазақтың қазіргі “үш жүз” “үш жүздің баласымыз” деп жүргені осы. Асылы бұл сөз “үш Ұс” атауының сәл өзгеріске түскен түрі. Ал енді Алаштың “Ұс” елі неге үшке бөлініп үштік жүйемен басқарылды және неге бірін оң қанат, бірін орта, бірін сол қанат деп атаған. Мұның сырын ашу үшін біз алдымен Ұс, Ұлы Ұс дегеніміздің өзі не мағынаны білдіреді, соны айқындап алуымыз керек. Бұл турасында Әбілхан Әбіласан “Ұс, Ас, Аз – тәңірі құсы, бүркіт (гриф орел). “Ұс” (гриф) – тәңірі құсы деген мағынада. Махмұт Қашқари “Ұс” деген сөзді ертегілерде айтылатын басы бүркіт денесі арыстан бейнесіндегі құс (гриф) бүркіт мағынасында қолданған екен. Ұш үшкірсә өлүр -үш үшкірсе өлер (Қашқари). Ұс ес көріп йуксак қалық қолы чақар -гриф завидев падаль бросается с высока неба (Қашқари). А.Аманжолов осы мағынадағы сөзді (“Ас”) ертедегі қиял ғажайып құс (гриф) немесе бүркіт, ол көне династиялық әулеттің аты және түркілер табынған Көк тәңірінің бейнесі (кейіптану) деген қорытындыға келеді дейді. Демек “Ұс” дегеніміз тәңірі құсы, бүркіт екеніне көз жеткіздік. Олай болса Алаштың өз “Ұс” елін үшке бөліп билеп, бірін оң қанатым, бірін сол қанатым деуінің сыры осында жатыр. Адамдардың дене мүшесіне қарай оң қол, сол қол, болмаса оң көз, сол көз демей құсқа байланысты “қанат” сөзінің ел билеу мен әскер билеу тәсіліне енуінің астары енді ашыла түсті-ау деймін. Н.Мыңжан: “Шежіре дерегі бойынша қоңыраттар екі үлкен бірлестікке бөлінеді. Бұл екі бірлестікті әйгілі ғалым В.Радлов “Алты ата көктің ұлы, алты ата көктің құсы” – деп атаған деген дерек бар”-деп жазады. Иә, қазақтың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп ер балаларын қыранға, қыз балаларын аққуға теңеуі мен «Ұлым ұяда, қызым қияда», «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай», «қанатының астына алды», «атқа қонды», «үйге қон», «қонып кет», «қанаты қатайды», «топшысы бекіді», «бақ құсым», «балапаным», «қанатым», – деп қана қоймай, мектеп бітіріп үлкен өмірге аяқ басқалы тұрған ұл-қыздарын, еліміздің «жас түлектері» деп сөз саптауы да кездейсоқ айтыла салған сөз емес екен, “Қыран түлегіне қайтпас қайсар сыйлайды” – дейді дана халқымыз. Олай болса “түлек” деп бүркіттің, яғни тәңірі құсы, қыранның балапанын ғана айтатынын еске алсақ та жеткілікті-ау деймін, тіпті келін түсіргеңде “аққуыңды аяла”, “құсың құтты болсын”, деп қыздарына “құс етек” көйлек кидіретін де осы біздің қазақ. Ол ол ма домбыра мен найзасына, тақия, бөрік, һәм тымақ пен сәукелеге үкі тағып дұлығасына қыран құстың қауырсынын тағып құстың кеуде жүні мен балақ жүніне ұқсатып ұрыс-соғысқа ыңғайлы етіп сауыт киетін де біздің батыр бабаларымыз. Тіпті хан көтергенде де ханды ақ кигізге (ақ кигіз биік шың басындағы қардың бейнесі С.С.) отырғызып ұлылап Ұлы Ұс (Ұлұғ Ұс/Ұлұ Құс), (Шыңғ Ұс/ Шың Құс) деп көктің құсы, биіктің құсы, тәңірі құсына балап “қыран аласаға қонбайды” – деген ниетпен биікке шығарып хан көтерген.
“Күлтегін” сағанатасының маңдайшасында бүркіт бейнесінің бедерленгенін білеміз. Ал, Шыңғыс ханның (Шыңғ Ұс хан /Шың Құс С.С.) туында да қыран бейнесі, бейнеленген. Бұл ту наным – сенім бойынша, Шыңғысхан әулетінің желеп-жебеушісі, киелі белгісі болып есептелген. Рашид-ад-диннің куәлік етуіне қарағанда Шыңғыс ханның өсиеттерінің бірі былайша берілген екен: “Момын халықтың арасында жүргенде қошақандай момын бол, ал шайқасқа шыққанда аш бүркіттей шүйлік” деген екен.Жалпы біздің қырандар елі аталатынымызды көрші қытай елі жақсы білгенге ұқсайды. Оған “VIII ғасырдағы Қытай императорында түркі сарбаздарынан жасақталған армияның қолбасшысы, түркі тұқымынан шыққан Ань-лаушанды қытайдың ұлы ақыны Ду-ФУ “Ұлы қорғанның сыртындағы жорық” атты өлеңінде:
“Қыран құсындай текті қырағы жанар жау қабақ
Қанатын қомдап іздейді түзден тоятын.
Томаға тартып жіберсең болды аспанды бүркеп шәу қанат
Сорғалап төмен жауының көзін жоятын.
Қанына сіңген өжеттік рухы оянып,
Қолдайды оны алыста қалған аруақ
Қаптаған құзғын қыпқызыл қанға боянып
Тырнағын қайрар қауырсынға жанып-ап”1 – деп Төркі тұқымынан шыққан Ань-Лаушанды “қолдайды оны алыста қалған аруақ” дей отырып, шабыттана жырлап, қыран құсқа теңеуі тегін болмаса керек. Мен “ежелгі жунго жылнамаларында “Ус-ун” “Ус-ин” “Ас-са” “Ас-у” “Ас-о” деген аттардың кездесетінін әрі бұл атауларды “қазақ” атауының дыбыстық баламасы дегенді қолдайтын Жан Шиман, Хи Шиутау сынды қытай зерттеушілерінің пікірін мақұлдаймын.
Көне төркілер қоғамын зерттеуші Ю.А.Зуев қытай дерек көздерімен зерттеушілерінің көрсетулеріне сүйеніп “647 жылы Батыс Төрк қағаны Таң императорына алтыннан құйылған қарғаның мүсінін сыйлыққа тартқанын айтса,” енді бірде «Ашына» атауы төңірегіне тоқталып бұл атаудың қытай дерегіндегі усундардың атауы екенін сөз ететіні бар”-меніңше бұл пікір негізсіз емес. “Ашина”атауының түбірін “Уш-ин”, “Аш-ин” яғни «Ұс», «Ас» сөзімен байланыстырып Ұс-ин, Ас-ин деп оқысақ Ашина атауының тәңірі құсы, бүркіт атауымен сабақтас екенін бірден аңғарамыз. Демек Ашина деп жүргеніміз Усундар яғни Ұс, Ас елі.Н.Мыңжан “Уи хандығы тарихының түсіндірмесінде: “Аса елінің тағы бір аты-Алан” деп жазған “Кейінгі хан патшалығы тарихы батыс өңірі шежіресінде: “Аса мемлекеті өзінің атын Алан бірлестігі деп өзгертті…” ежелгі замандағы хан патшалығы тарихы” қатарлы деректерде Алан мен Аса деген аттың қосарлана қолданылуы қазақтың шежірелерімен тарихи аңыздарында “Қазақ” пен “Алаш” атауының қосарлана қолданылуын еске түсіреді”3 – деп жазған.
Меніңше дәл осы пікір шындыққа саяды. Аса мен Алан, Қазақ пен Алаш атауының дыбыстық баламасы. Алаш атауы тарихи шежірелерде Алаш, Алаша, Алынша Аланша түрлерінде кездесетінін ескеруіміз керек. Құрбанғали Халид Алашты Алын-ша деп, ал Рашиден мен Әбілғазының шежіре деректерінде Алашты Алан-ша деп жазған. Осыларды ескере отырып, біз Алан бірлестігін Қадырғали бише айтсақ Алаш мыңы (одағы) деп ұғыуымыз керек, ал Аса дегеніміз соңына “а” әріптік жалғауы қосылған Ұс, Ас атауының яғни “қазақ” атауының дыбыстық баламасы деп тұжырым жасауымызға негіз бар. Демек Жунго жылнамаларында кездесетін “Ус-ин” “Ус-ын” “Ас-а” “Ас-о” “Ас-у” деген аттардың “қазақ” атауының дыбыстық баламасы деген Жан Шиман, Хи Шиутау сынды зерттеушілердің пікірлерінің шындыққа айналғаны.
Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы кітабінің авторлары Р.Сыздықова мен М.Қойгелдиев «Ұлыс тұлғасының шежіреде ең жиі кездесетін мағынасы “халық” автор түркі-моңғол халықтарын ұлұс деп атайды” деп ескертсе. Қ.Халид: “Ұлұс” сөзі моңғолша “тайпа”, жамағат: есе, үлес мағынасын береді. Мұны қазақтар бірлік, жиналу кейде: заң ереже орнына пайдаланады. Мысалы, “Елдің ұлтынан шығайын ба” дейді. Мұнда бірлік, жиналу мәні көрініп тұр, яғни жұрттың бірлігінен шығайын ба көптен айырылайын ба болмаса елдің ұлты солай деседі “Бұл елдің өткені солай болып келген” деген мағынада, мұнда ереже, әдет болып аударылып тұр” деп жазады. Демек “Ұлұс” сөзі қазақтар үшін бірігу, жиналу, ұлт болып ұйып, бірлесіп бас қосу. Бұдан аңғаратынымыз қазақтардың “Өз елімнің, ұлтымның атынан шығайын ба, ұлттығымнан, елдігімнен айырылайын ба” болмаса “Елім солай аталады, ұлтым солай, елімнің ғасырлар бойына аталып келгені солай еді”-дегеніне көз жеткіземіз.Кезінде Шоқан Уалиханов “Ұлыс” сөзі о баста белгілі бір территорияда құрылған тайпалар одағы” – деген болса.Абай атамыз “Сонымен бұлар өзін-өзі де өзге жұрттар да “қазақ” атап кетіпті. Бұрын өздерін “Ұлұс” дейді екен де жүре береді екен» – деп тарих қойнауына терең бойлап өзінше тұжырым жасаған. Сонымен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ біз ең біріншіден Ұлы Ұс (Ұлы құс) яғни Алаш ханның ұрпағымыз соның еліміз деп, хан елі ретінде өзімізді қыран құсқа балап, қыран бейнеленген ту көтеріп Ұлұ Ұс, үш Ұс, Ұсақ (Сақ) бертін Төрк Ұс (Түркеш) атанған «Құс» еліміз. Екіншіден қыстың ызғары кетіп, көктемнің келгенін паш етіп, бірінші болып ұшып келетін жыл басының жаршысы Ұс, Ұз демекші Ұсақ-Ұзақ яғни Ұзақ қарғаға балап Ұзақпыз-Ғұзақпыз десіп өзімізді «қарға тамырлы қазақпыз», «қарға тамырлы ел едік қашаннан-ақ» деп өскен «Құс» еліміз. Үшіншіден бейбітшілік, сұлулық, адалдықтың ару құсы, құстың төресі, аққу қазды киелі құс санап ару қыздарымыз бен асыл аналарымызды аққу қазға балап «қазақ» атанып жүрген «Құс» еліміз. Қалай түрлендіріп, қай жағынан алып қарасақ та біздің жер түгілі аспаннан «құс жолы» – деп жұлдыздар шоғырынан түнделете жол салған «Ұс – Құс» елі екеніміз анық. Демек біз Сайыпқырандар мен Аққулар елі яғни көк тәңіріне сиынып тәңірінен басқаға бас имеген тәңірі текті, тәңірі болмысты көк төркілерміз. «Құс» төрдің символы, демек біз көк тәңірі, яғни аспан символы болған құсты ұлттық тотеміміз – киетегіміз етіп өскен тәңірі текті, тәңірі болмысты түз түлегіміз. Атақты ғалым, көне төркі тілінің маманы Алтай Аманжоловтың «Ұс», «Ас», «Аз» – қиялғажайып құс, тәңірі құсы, бүркіт, ол-көне династиялық әулеттің аты және түркілер табынған көк тәңірінің бейнесі (кейіптану) – дегені шығар күндей шындық екенін мойындауымыз керек.
Тіл – тарих кілті демекші,біз осылайша Алаш пен Қазақ һәм Ұлұс, (Ұлы Ұс), үш жүз (үш Ұс) атауларының шын мәнінде бір-бірінің баламасы яғни синонимі екеніне көз жеткіземіз.
Шетінен өр қайтпас қайсар ерім бар,
Ұлан байтақ шетсіз-шексіз жерім бар.
Алаш бабам Ұлы Ұс, үш Ұс атаған,
Тәңірі құсы, қыран текті елім бар.
Ұлғ Ұс – Оғұз һәм Алаш
Түріктен өрбіген елді тоғыз дейді
Тартатын күй аспабын қобыз дейді
Башқұрт пен қазақ ноғай қарақалпақ
Төртеуін шежірешілер оғыз дейді
“Ататек” – деп дастан жазған Қожаберген жырау (1663ж).
’’Қазақтың түп атасы Оғыз- Түрік
Құт қонған ұйтқы болып орнап бірлік”- дейді. Осы Оғыз елі, Оғұзхан немесе Ғұздар дегеніміз кімдер? Қ.Халид «Тауарих хамса» кітабында Хун тайпасын «Усул» тарихта «Хуз» деп жазған, арабтар «Ғұз», түркілер- «Оғұз» дейді деп атап өтеді. Ал Е.Смағұлов “Под сенью храма штрихи к историческому портрету Туркестана” деген мақаласында “…Таким древним культовым центром объединеия огузских племен и было видимо поселение Ясы”- дей келіп “Возможно что Ясы-это остатки поселения того племени асиев (асианов) которые упоминается еще античными авторами (Страбон, Птоломей, Помпей Торг) среди племени сокрушавших во II в до н.э. греко бактрийскую державу. Во всяком случае появление и происхождение этого названия и народа с которым он связан (асии) на средней Сырдарье представляют из себя трудно разрсшимую загадку. Поэтому поводу различными учеными высказано множество догадок. Известный лингвист А.С.Аманжолов в свое время предположил что “Ас” есть название, древнего династийского рода и божества неба. Может быть такая этимология дает ключ к пониманию истоков местного культа?1 деп жазған болса, О. Сүлейменов “Слово вовлеченное русскую граматическую эволюцию переразложилось торки так называют летописи кочевое племя самоназванием которого было – узы. Вероятно одно из Огузских племен в источниках принят написание этнонима – “огуз” “оуз” “уз”2- деп жазған. Бізге төркі жұртының бірнеше диалектіде сөйлегендігі мәлім. Осынау көшпелі төркілердің тілінде тәңірі құсы, бүркіт мағынасындағы көне династиялық әулеттің аты “Ұс” “Ас” “Ұз” “Аз” немесе “Хас” “Қас” “Қаз” “Ғұз” түрлерінде айтылғанын есте ұстағанымыз жөн. Әйгілі Махмұт Қашқаридың “Біздің ата – бабаларымыз – бектер, “хәмір” дейді. Өйткені оғыздар әмір деп айта алмайды”1 дегені бар. Осы ретте төркі жұртының бір бөлігі өздеріне тән диалектіде ақты-хақ, Ақназарды-Хақназар, Асанды-Хасан, Қасан, Ұсманды-Ғұсман, Құсман, Айдарды- Ғайдар, Қайдар, Абдолланы- Ғабдолла, Алиханды- Ғалихан, Әкімді-Хакім, деп жазатыны сияқты “X”, “Ғ”, “Қ” әрпінің қосарлануы арқылы Ұзды-Ғұз деп, әрі осы атауларды ұлылап Ұлы Ұз, һәм Ұлы Ғұз деп жазу үшін Ұз, Ғұз сөздерінің алдында парсы немесе төркі тілі диалектикасының біріне тән “О” “У” әріпі жалғанып “Оуз” «Ууз» “Оғуз” делініп жазылған. Парсы, өзбек тілдерінде “О” “У”- ол, ул деген мағынада қолданылады. Біз өзіміз де қазіргі кезге дейін “ол не”, “ол не дегенің”, “ол не қылғаның” “ол кім екен”, “ол не қылған адам” дегенді “о не”, “о не дегенің”, “о не қылғаның”, “о кім екен, о не қылған адам” деп айта береміз. Демек, “О+уз” “У+уз” “О+ғуз” деп жүргеніміз Улус, Ұлұс яғни Ұлұ Ұс елі, ал Ууз хан, Оғуз хан деп жүргеніміз Ұлұ Ұс ( Ұлұ Ұш ) хан яғни Алаш хан деген тұжырым жасауымызға әбден болады. Жалпы «Ұс» атауының «Ғұз» түрінде түрленіп тарихта орын алуына алдыңғы «Оғ» һәм «Улғ» сөзі әсер еткен. Улғ Уз / Ул (ғ)+Уз. Оғ Уз / О(ғ)+Уз. Осылайша «ғ» әріпі «с» әріпінің «з»-ға өзгеруіне өз әсерін тигізбей қоймаған. Біздін Аллахты – Алла дейтініміз сияақты табақ – таба, тірк – тірі, сарғ –сары, төрк – төрө, бөрк – бөрү, Ұлғ – Ұлұ (Ұлұ Ұс түрленген түрі Ұлұс). Екі “ұ” әріпі қатар келгендіктен біреуінің естілмей түсіп қалуы заңды құбылыс.
Ұс – Ұз – Ғұз
Ұл(ұ) Ұс – У ус / О уз – О ғұз
Ұлұ Ұс хан – Ууз хан – Оғұз хан демек Алаш хан
С.П. Толстов: «Оғыздардың тайпалық одағы Оксқа дейінгі заманда басқа жақтан көшіп келген тайпалар емес, одақ аты да, өзен аты да ертеден бері жалпыға ортақ тотем атынан, жергілікті ел тілінен туған сөз. Ендеше Орта Азия оғыздарын ерте замандарда сол жерді мекен тұтқан сақ тайпаларының заңды мұрагері (ұрпағы) деп қарау керек. Оғыз тотемінің аты ертедегі сақтар ортасында да болуға тиіс»1 – деп жазса. Е.Шаймерденов “Рашид-ад-диннің куәлік етуіне қарағанда Оғұз хан Ұлыс үлестіргенде ұшы-қиыры жоқ киелі кең дала тиген үшінші ұлына елтаңба ретінде қанатты қыран бейнесін ұсынған екен”2 – деп жазады. Қарап отырсақ бәрі тәңірі құсы, бүркіт, көктің құсы қыранға келіп тіреледі. Осының бәрін жай ғана сәйкестік деп қарауға болмайды. Бұнда тарихи шындық бар. “Оғұзнамада” Оғұз ханның алты баласы болғаны айтылса бұл қазақ арасындағы “алты Алаштың баласымыз”, “алты Арыстың баласымыз” деп келетін сөздерін еріксіз еске түсіреді. Осының бәрін ескере отырып Оғұз бен Алаштың бір адам екені яғни бір хан жайында айтылып тұрғаны күдік тудырмаса керек деймін, әрі екеуі де бір ауыздан төркі халықтарының басын біріктіруші өз алдына ел етуші болып халық арасында ауыздан – ауызға аңыз боп таралған. Демек Ұлы Абайша “Ұлұспыз”, Қадырғали бише “Алашпыз”, әйгілі Махмұтша “Оғұзбыз”-деп жүргеніміздің барлығы да біртұтас төркі халқының негізгі билеуші тайпасының аты.
Тұран елі – Қыран елі киелі
Ертеде Түркістанды Тұран дескен
Тұранда Ер Түрігім туып өскен
Тұранның тағдыры бар толқымалы
Басыннан көп тамаша күндер кешкен
Мағжан
Бүгінгі таңда төркі тарихын Қытай тарихына сүйеніп алынған 545 жылмен шектеп қарайтындар саны белең алып тұрғаны жасырын емес, егер біз мұндай пікірден арылмайтын болсақ, онда төркі халықтарының 545 жылға дейінгі мыңдаған жылдық тарихына балта шапқанымыз. Өз басым Төрк атауын Төранмен/Туранмен сабақтастыра қарауды жөн санаймын. Өйткені Төрансыз төркілер тарихын елестету мүмкін емес, әрі Төрансыз төркілер тарихы бір жүйеге түспесі хақ. Менің пайымдауымша Төрк сөзі әу баста табиғатпен үндес өмір сүруді мұрат еткен, сол табиғаттың төл баласына айналып өзіндік тұрмыс тіршілігін қалыптастырған көшпелілердің наным-сенімі мен дүние танымынан туындаған жинақтаушы атау сөз.
Бұл араптарды, орыстарды, қытайларды олардың наным-сеніміне қарай (христиандар, исламдар, пұттар) атайтынымыз сияқты шығар күнді қастер тұтып, көк тәңіріне бас іиіп «көктен жаным-жерден тәнім», «аспан ата-жер ана» деп өскен көшпелілерге ғана тиесілі атау. Біздің қазіргі таңдағы айтып жүрген «төрк/турк» сөзінің негізі яғни түбірі «Төр» һәм «Тур» сөзі. Бұл сөз әу баста жоғарыны, биікті білдірген әрі тәңірі, көк тәңірі яғни түпкі жаратушы (Ұлы Төр – Улуғ Турк) сипатында айтылған деген қортындыға келемін. Осы бір көне сөздің қазақ арасында әлі де жаңғырығы сақталып қалғанын аңғару қиын емес. Мысалы қазақ үйіне келген қонағына «жоғары шығыңыз, жоғарылатыңыз» деп қана қоймай «төрлетіңіз, төрге шығыңыз» дейді әрі бастан жоғарғы жақты «Төр» санайды. Бұдан «Төр» сөзінің жоғарыны, жоғарғы жақ көкті меңзеп айтатынын аңғаруға болады. Төркі халықтарының ішінде осы бір «Төр» «Тур» сөзінің дәл осы мағынаны білдіретін жаңғырығын қазақпен бірге шуаштар да (чуваштар) сақтап қалған екен. Мұрад Аджи: «қыпшақтар «тәнірі» немесе «тенгир», буряттар «тэнгри», маңғолдар «тенгир», чуваштар «тура» деп атайды. Айтылуы сәл пәл өзгеше болғаны мен барлық халықтар үшін оның мағынасы біреу ғана «рух» нақты нұсқап көрсетуге келмейтін еркек текті тәңіри бастау» деп жазған. Демек чуваштардың көкті, аспанды яғни тәңірді «тура» деп атауы қазақ тілінде түбірі сақталған «төр» сөзі екені дау тудырмаса керек.
Бұлай болған жағдайда «Тур», «Туры», «Тура», «Туран» һәм «Турк», сөздері қазақ тіліндегі «Төр», «Төре», «Төрк», атаулары деп қабылдағанымыз орынды. Бұл тәңірі болмысты, тәңірі текті, көкке сыйынған көк тәңірінің ұландары көшпелілерге ғана таңылған ерекше қастерлі атау. М.Қашқари: «…Тәңір оларды төркілер деп атап асқан сән салтанатқа ие қылды» деп төркілерге тәңірдің өзі арнайы ат қойғанын айтады. Иә, аспанның – көк аспан, тәңірдің – көк тәңірі деп аталатыны сияқты төрктің – көк төрк деп аталуы, біздің төр/тур, төре/тура һәм төрк/турк атауын еншілеген тәңірі текті көктің ұландары екеніміздің айқын дәлелі. Күн нұрынан жаралып, көк тәңірінің қолдауымен, қаракөктің қайсар ұлдарының басын қосқан көшпелілердің даңқты қолбасшысы Қиат руынан шыққан Ұлы хан Шыңғысханның (Шынғ Ұс / Шың Құс биіктің, көктің құсы мағынасында) “Төре” тұқымы аталуы, Шыңғысханның шын мәнінде таза “Төрк”екенінің бұлтартпас айғағы деп білуіміз керек.
Шыңғысханның : «Құлаш бойымнан тұтамы қалса да,
Сен аман бол, Төре елім!
Тұла бойымнан қайратым кетсе де,
Сен аман бол, Ұлысым!» – деп тебіренуі тегін емес.
Бұл жерде ол маңғолым яғни мыңқолым деп әскери одағының қамын емес,жалпы көшпелі Төркі жұртының яғни Ұлы Ұс елінің қамын ойлап тұрғаны бірден аңғарылады.
Қожаберген жырау (1663 ж.) «Қазақтың түп атасы Оғыз-Түрік
Құт қонған ұйтқы болып орнап бірлік» – деп жырласа.
Қазақ тарихын терең зерттеген әрі оны өлеңмен жазған Шәкәрім атамыз: «Қазақтың түп атасы» деген өлеңінде:«Болады арап жұрты Самның ұлы
Біледі шежіренің бәрі мұны
Түріктің шын аты екен Нәдұлұше
Түрік деп неге атанды тыңда соны» дей келіп, «Түрік деп хан көтерген патша қылып» деп Нәдұлұшеге Түрік деген атақ, титул беріп хан көтергені хақында айтады. Осы «Түрік» атанған Нәдұлұше кім? Дұрысы Нәдұлұш. (Бұл біздің арагідік Алашты кейде Алаша деп «а» әріпін қосып айтатынымыз сияқты Нәдұлұшке Нәдұлұше делініп соңына «е» әріпі қосарланып айтылып тұр.) Яғни «Ұлы Ұс» һәм «Ұлұ Ұш» деген екі компоненттен тұратын атаудағы алдынғы «Ұлы» сөзі, келесі Ұс, Ұш сөздеріне қосылып Ұлұс, Ұлұш болып танылғандықтан да осынау «Ұлұш» сөзін ұлылау үшін төркі жұртының бір бөлігі «Ұлы» сөзінің синонимі «Нәд» сөзін қолданып «Нәд Ұлұш» атауын өмірге әкелген деген тоқтамға келемін. Алыс Мажарстандағы қыпшақ қандастарымыз әлі күнге дейін осы «Нәд» сөзін қолданып «Ұлы Шеркеш» дегенді «Надьчеркеш», «Ұлы Құмандық» дегенді «Надькүншақ» деп атайды екен. Олай болса Надұлұш деп отырғанымыз Ұлы Ұлұш яғни кәдімгі Ұлұ Ұш – Ұлы Ұс атауы екені күмән тудырмас деймін. Осы арада біз Ұлы Ұс, Нәдұлұш, Оғұз, Алаш атауларының егіз ұғымдар екеніне тағы бір мәрте көз жеткіземіз және барлығы дерлік бір ауыздан төркі халықтарының басын біріктіруші, әрі оларды өз алдына ел етуші алғашқы хан ретінде танылып тек төркі тілі диолектілеріне орай әртүрлі аталғанын аңғарамыз. Айтпақшы Нәдұлұштың «Төрк/Турк» атағын иеленуі дегеніміз сөз жоқ Ұлы Ұс – Алаш яғни Қазақтың – Төрк титулын иеленгенін паш етеді.
Оны «Қазақ түрік емес, қазақсыз түрік емес» деген ежелгі мәтел айғақтап беріп тұр. Бұл мәтелдің айтпағы мынау: Тәңірі құсы, Ұлы Ұс (құс) жоғарының, төрдің, көктің (көк пен күн бір ұғым) аспанның символы. Тек қана символы. Демек тәңірі құсы, Ұлы Ұс (құс) – нақтылы тәңір немесе аспан емес яғни қазақ (Ұлы Ұс) – төрк емес деген сөз. Бірақ, сол тәңірдің, көктің, аспанның символы тәңірі құсы Ұлы Ұсты (құсты) ұлттық киетек (тотем) етуіміздің арқасында біз жоғарының төрдің, көктің ұланы төрк – көк төрк атанып отырмыз яғни қазақсыз (Ұлы Ұссыз) – төрк емес деуіміздің сыры осында. Міне осылайша бізге Нәдұлұштың – Ұлы Ұстың «ТӨРК» атағын иеленгені анықтала түседі.
Аталған сөйтіп Түрк Нәдұлұше
Ол кезде жылдар өтті мыңдап неше
Түріктен шыққан талай сайып қыран
Жер жүзі тітіренген түрік десе – дейді Шәкәрім.
Жалпы құс культінің өзі тәңірге, көкке табынудың белгісі екенін жоғарыда айтқанбыз. Дегенмен де Б. Қайырбековтің «Беркут – птица счастья» деген мақаласында: «Казахи чтут орла, как вестника Весны, ведь он прилетает одним из первых, в конце марта. В прежние времена в честь прилета орла устраивали той… Вестник весны, как и сама весна почитался как Возродитель, творец природы. Именно поэтому орел – солнечное божество, связанное с древнейшим культом плодородия»1 – деп жазғанын айта кеткім келіп отыр. Қысқасы ұлы даланың еркіндік сүйгіш сайыпқыран ұландары, табиғатпен үндес өмір сүруді үйлестіріп қана қоймай, өздеріне тән тұрмыс-тіршілік пен наным-сенімді де қалыптастырды. Сөйтіп әу баста көктің символы құсты киетек-тотем етіп қана қоймай, әуезді аспаптары қобыз бен домбырасын аққу мен қазға ұқсатып, үстілеріне киген сауыт киімдерін құстың кеуде жүні мен балақ жүніне ұқсатып, тақия, тымақ, сәукелесіне үкі тағып, құс етек көйлек киіп, аң – жануарларды бейнелегенде оларға қанат бітіріп қанатты барыс, қанатты бұғы, қанатты ат, қанатты киік түрінде суреттеген. Бұның бәрі де көшпелі төркілердің тәңірі текті, көктің ұландары екендіктерінің сөзсіз айғағы. Келе-келе олар таңғажайып далалық архитектура киіз үйді кіші әлем сипатында толықтай етіп жетілдірді. Сөйтіп қысы – жазы өздерімен бірге алып жүретін жылы ұясы-киіз үйдің төбесіне шуағын шашқан күн яғни шаңырақты қондырды. Бұл тәңірі болмысты, тәңірі текті төркілердің түпкі тегін айқындаушы ең басты да ең негізгі ТҮП ТЕКТІЛІК ЕЛ ТАҢБАСЫ еді. Әрбір төрктің «Шаңыраққа қара!» – деп сес көрсете, өктем сөйлейтіні де содан. Қаракөктің ұландары әрқашанда «Қара шаңырақ» – деп үлкен үйдің, түтінін түтетіп шырағын сөндірмеуге тырысқан. «Отан от басынан басталады» – дейтін халқымыз «Шырағың сөнбесін» – деп бата берген. ШЫРАҚ – ОТ / ОТ– КҮН / КҮН– ШАҢЫРАҚ. Бабалардан мирас болған ұлы дала, ұлан байтақ Еуразия кеңістігі, төркілердің алтын ұя, ақ бесігі, бізге қалған қасиетті де киелі ҚАРА ШАҢЫРАҚ.
«Көп түрік енші алысып тарасқанда
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па? – деуіміз де содан.
Бүгін де дербес ел ретінде төріне ойуы өрілген, қыраны қалықтаған, шуағын шашқан, көк тәңірлі көк ту көтеріп «ер қанаты – ат» демекші қанатты пырақ пен түп тектілікті айқындаушы елдік таңба ШАҢЫРАҚТЫ елтаңба етіп береке бірлігіміз жарасқан әлем мойындаған бірегей ел болып отырмыз.
«Жұдырықтай жүрегіммен мықшия
Бас орнына күн көтеріп келем мен» – дейтін Тыныштықбек ақынның енді бірде
«…Таңыра боп Шаңыра боп тұр Есің.
«Таңыра» да, «Шаңырақ» та – бір Есім.
Ал, ала ғой, сыйға тарттым мен саған
Ақ бүркітті – Алғырлықтың Киесін!…» – деуі тегін емес.
Күн – Шаңырақ – Аспан – Құс (шаңырақ күннің, құс көктің символы – көк пен күн бір ұғым). Ғалым А.Аманжоловтың «Ұс» «Ас» «Аз» – қиял ғажайып құс, тәңірі құсы, бүркіт ол – көне династиялық әулеттің аты және түркілер табынған көк тәңіріның бейнесі – деуі аса көргендікпен айтылған ақиқат сөз.
Шетінен өр қайтпас қайсар ерім бар,
Ұлан байтақ шетсіз шексіз жерім бар.
Алаш бабам Ұлұ Ұс, үш Ұс атаған,
Тәңірі құсы қыран текті елім бар.
Ұс еліміз, Ұлы Ұспыз көк төрінен жаралған,
Сол себептен тегімізге “Төркі” аты таңылған.
Көк Төркілер, көшпелілер жер жаһанды ен жайлап,
Күллі әлемге Туран, Иш гуз , Сақ , Қазақ боп танылған. Самат Сыпатайұлы