Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда мемлекеттік тілді дамытуға арналған бірнеше кезеңдік іс-шараларды зерделеп, ой таразысына салсақ, қазіргі таңда Қазақстан қоғамының оған деген ынтасы мен ықыласының біршама жақсара түскенін аңғарамыз. Себебі қазақ тілі – еліміздің мемлекттік тілі ғана емес, қазақ қоғамының білім алатын, ғылымды игеретін құралы, ұлтымыздың сан ғасырлар бойығы ділі мен дінінің, әдебиеті мен өнерінің, сана-сезімінің, дүниетанымының жиынтығы.
Мемлекеттік тілді қоғамдық өмірімізге терең енгізудің маңызды бір бағыты – үгіт-насихаттық шаралардың пәрменді жүргізілуі мен бұқаралық ақпарат құралдарының белсенді іс-әрекетінде жатқандығы анық. Сондықтан да еліміз бойынша тіл саясатын одан әрі жетілдіре отырып, алдымен мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, оның қоғамдық қатынастардың сан салаларында қолданылуына жан-жақты жағдай жасауға бағытталған үгіт-насихаттық іс-шараларды түп мақсатқа сай тұрақты түрде жүргізіп отыру бүгінгі күннің басты мәселелерінің қатарына жатады.
Қазақ тілінде хабар жүргізіп, ақпарат тарататын теледидар мен радио бағдарламаларының саны тәуелсіздік жылдарында біршама өсті. Таралымы көңіл көншітерліктей болмаса да, соңғы жылдары қазақша газет-журналдардың да саны көбейіп, мемлекеттік тілде ақпарат алатындарға қолжетімді бола түсті. Әсіресе, ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарына дейін өмірге келген «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының және республикалық «Ана тілі» газетінің белсенді іс-әрекеті қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қоғамдық сан салалы қызметін жандандыруға, жақсартуға зор үлес қосты.
Егемен еліміздің ертеңі – жас ұрпақтың қолында. Сондықтан да еліміздің ішкі саясатында жас ұрпақ тәрбиесінің алатын орны ерекше. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды насихаттап, олардың өз ұлты мен өз ана тіліне деген сүйіспеншілігін оятып, отаншылдық (патриодтық) мақтаныш сезімін туғызуға күш салу, сонымен қатар еліміздің өркендеп, жан-жақты дамуы үшін тәлім-тәрбиелік жұмыстарды түпкі мақсат-мүддеге сәйкес жүргізу – аға буынның қасиетті борышы, азаматтық парызы. Бұл дегеніміз, отаншылдық сана-сезімді еліміздің жас ұрпағы бойына берік қалыптастыруда күн тәртібінен түспейтін аса маңызды мәселе екені анық. Өйткені отаншылдық сана-сезім қандай бір елдің азаматы болсын, негізінен, сол елдің мемлекеттік тіл арқылы қалыптасады.
Тіл – халықтың жан-дүниесі, рухани негізі мен ел еркіндігін, ұлттың ұлылығын танытатын басты күш. Ұлт болмысын ұғындырып, жалпы жұртты төңірегіне топтастырушы, біріктіруші ретінде де атқаратын қызметі ерекше. «Тілсіз ұлт, тілінен айрылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес, ондай ұлт құрымақ. Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болу. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмасқа тиісті». Қазақ ұлты үшін де тілінен артық, тілінен қымбат ештеңе жоқ. Сондықтан оны өз ана тілін жетік білмейтін тек қандастарымыз ғана емес, бізбен бірге елімізде өмір сүріп, тіршілік етіп жатқан басқа ұлт өкілдері де өз Отанының мемлекеттік тілі ретінде білуі, құрметтеуі – өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі. Осы ретте мына бір мәселені мұқият ескере отыру қажет сияқты: кезінде орыс тілінің ҚазКСР-да керемет өркен жаюы, әлі де болсын егемен елімізде үстем болуы қазақ мектептерінің санын азайту есебінен болған еді. Сондықтан да мемлекеттік тілді дамытып өркендетуге бағытталған іс-шараларымыз қазақша білім беруге негізделе жүргізілсе, айтарлықтай жоғары нәтижеге қол жеткізе алатынымыз даусыз. Бұл – қазіргі жаһандану заманының қатал талабы. Мәселен, АҚШ, Англия, Франция, Италия, Испания, Германия, Жапония сияқты т.б. алдыңғы қатарлы дамыған елдердің, тіпті іргемізде отырған Ресейдің азаматтары қаншама тілді оқып-үйреніп, жетік мегеріп-игерсе де, өз құндылықтарын ұлттық тілде білім алу арқылы танып-түсініп, бойларына терең дарытып, өз елінің отаншыл азаматы ретінде халқына қызмет етуде.
Ақпарат кеңістігінің қауіпсіздігі – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Бірақ қазіргі таңда республикадағы беделді электронды ақпарат құралдарының дені – орыс тілді немесе екі тілді. Тіпті таңғаларлығы – «Хабар», «Еларна» секілді т.б. арналар тек қазақ қоғамына ғана арналған-ау дейтін кейбір теле бағдарламаларды қазақша-орысша жүргізіп, екі тілді қатар қолданатыны көңілге қаяу салады. Мөлшері, олар бүкіл қазақ жұрты екі тілді де өте жетік біледі деп ойлайтын болса керек, әлде таза қазақтілді қоғамды әлі де болсын орыстандыра түсейік деген ниетте ме екен? Ал бірқатар телеарналар ресейлік арналардан ретрансляция жасау арқылы эфирді толтыруды әдетке айналдырғаны барша жұртқа жасырын емес. Шетелдік өнімді сол қалпында халыққа ұсыну – болашақта ұрпақ тәрбиесіне, мемлекеттік идеологиямызға қауіп төндіруде. Бұны еліміздің қазақтілді қоғамы терең сезініп отыр.
Айғаным ҚЫЗҒОЖИНА,
Круглозерное жалпы орта білім беру мектебінің қазақ тілі пәні мұғалімі,
Батыс Қазақстан облысы
Парақшамызға жазылыңыз