– Ал, мен болсам, теріскейінде Алтайдың,
Марқа қозы даусыменен марқайдым.
Таң күзетте шұрқырата жылқы айдап,
Жалқы мұңын тыңдап өстім жарты Айдың, – деп жыр әлемінің есігін аштың. Айтыстан басталған қадам жазба поэзияға ұласты. Қиын болған жоқ па?
– Жалпы оқырман дейміз бе, тыңдарман дейміз бе, айтыс пен жазба поэзияның арасында бір «ұлы қытай қорғаны» тұрғандай көреді. Тамыры әуел бастан бір дүние ғой, меніңше. Алғаш мектеп қабырғасында жүргенде өлең жаза бастағанымыз, кейінде облыстық, республикалық қазақ тілі мен әдебиеті пән олимпиадаларында шығарманы тек өлеңмен жазып жүлде алғанымыз, өнер байқауларында айтысып бақ сынағанымыз – менің әлімсақтан екі тізгінді сыңарезулетпей тең ұстағандығым. 2000 жылы жастар шығармашылығының халықаралық «Шабыт» фестивалінде поэзия номинациясы бойынша гран-при алдым. Республикалық басылымдарда өлеңдерім жарияланып жатты. 2006 жылы тұңғыш «Сүтті іңір» атты поэзиялық жинағым жарық көрді. Алдымдағы ақын ағаларым жылы лебіздер білдірді, жазба дүниеме. Ал, айтыстарым көгілдір экранда халықтың көз алдында болды. Кітабым шыққан кезде мен әлі айтыс сахнасында едім. Жазба поэзияға мен аяқасты келгем жоқ, сондықтан қиналдым дей алмаймын. Және бір айтарым, айтысып жүргенімде, менің өлең өрнегіме елеңдеген Тыныштықбек, Жәркен, Ұлықбек, Несіпбек, Серік, Сұраған ағаларым поэзияның құдіретті өнер екенін құлағыма құюмен болды. Негізінен жазба өлеңге шақырғандай, ақылдарын айтып жүрді. Тұңғыш кітабыма алғысөз жазудан бұрын Жүрсін ағам «Қазақ әдебиетіне» бір бет өлеңімді өз ақтілегімен жариялатты.
– Қара өлең – қарашығымда,
Басымызға онда бақ ғашық.
ҚазМҰУ-дің қалашығында
«Ақшамнан» жүрдік хат тасып, – дейтін кездер әлі де сағыныш па?
– Алматы «арман қала» еді. Тәңір жарылқап, Ұлттық университет студенті атандық. Небір жақсы-жайсаңның алдынан тәлім алдық. Өзің білесің, Ермек Тілеген деген группаласыммен бір бөлмеде тұрдық. Таңертеңгі лекцияны жазуымыз бұзылып кетеді деп кешке қайта көшіріп, Оралханның прозасын жаттап, Асқар Сүлейменовтің «Адасқағының» ішінде адасып, Ғалым Боқаштың гитарамен айтқан әндеріне қосылып, Балғынбектің «Перваштар туралы» шындығын шырқырата шырқап жүрген күндер, әрине, сағыныш. Ғалым екеуміз стипендия ала сап, Алматының түкпір-түкпіріндегі кітап дүкендерін кезіп, «Ақшам хаттарын» сатып алатынбыз (сол кездері төрт теңге тұратын).
Серік Қалиев он жетінші жатақханада, үйлі-баранды. Күнде кешке Секең үйіне келіп, шәй ішіп қайтам. Жалпы, Серікзат, Балғынбек үшеумізді үнемі айтыстырып, өзі де қосылып шыңдаған Серік ағамыз болатын. Біздің бірінші курсымыз – Желтоқсан оқиғасының он жылдығына сәйкес келді. Қазіргі «Азаттықтың» тілшісі Нұртай Лахан, Ермек Тілеген және мен «Ошақ» деген қабырға газетін шығарғанбыз. «Ошақтың бұты үшеу болғанмен, оты біреу» деген Оралхан Бөкейдің сөзі ұранымыз. Бірінші нөміріміз – әдебиеттегі мәңгілік тақырыптардың бірі – Махаббатқа арналды. Қабдоловтың лекциясының әсері ғой. Екінші нөміріміз – Туған жерге, үшінші санымыз –Желтоқсанға арналды. Сөйтіп деканымыз Жаңғара Дәдебаевтің алдынан Желтоқсанға арнаған нөміріміз бен «Ошағымыздың» оты өшіп, қабырғамыз «қайысты». Сөйтсек, қабырға газетін шығаруға да сол кездегі біздің «үкімет»: деканат пен ректораттан рұқсат алмаппыз. Бұндай жайлар көп сағыныштың бастауы ғой. ҚазҰУ-ім – ұлы мектеп, ұлы сағыныш!
– Қара орманына қадірі артқан,
Ал бүгін кімнің бастары құнды? – дейсіз. Хан Кененің басымен бірге қазақтың рухы кеткендей сезіледі бізге. Сен қалай ойлайсың?
–Тәттімбеттің «Сарыжайлауында» бір керемет жүрек тербер, жүйке шымырлатар сарын Кенесарының кегі іспеттес естіледі маған. Отаршылдық езгіге еңкеймей бас беру – тектіліктің көкесі! Тарих қайталанады. Ал, қасірет тарихтың тұлабойында тұнып тұр. Хан Кененің Ұлт-азаттық көтерілісінен кейін Алтайдағы батыр Оспанның бұрқ еткен бұлқынысы – тұп-тура жүз жылдан кейін! Екеуі де Атамекен жер үшін, қара қазақ қамы үшін! Қазақтың рухы ешқайда қашқан жоқ. Әр қазақтың шаңырағының күлдіреуішінде, ошағының қозында, тәрбиенің тал бесігінде бұқпантайлап жатыр. Тарихи сана озбырлықтан, қиянаттан, жәреукеліктен енді ғана арылып келеді. Батпандап кірген аурудың мысқалдап шығатынындай. Санаға сілкініс ұлттық қалыпта жасалса, баяғы бабалардың дүр рухы тұғырына қайта мінер күн алыс емес!
– Толыбай да жоқ заманда,
Күреңбай да жоқ,
Қазанат тұқым, кеттің бе
Кілең майда боп?
«Әбдіғайса шал жасаған ауыздықпенен, –
Ауылға барсам, іздеймін,
Жүген қайда?» – деп…
Кентаврды іздеген еді бір кездері Марат Қабанбай. Ал, бүгін сен қазанат қайда дейсің?
– Жылқы – қазақтың жаны да ары да еді, баяғыда. Қыздың қалыңдығы қырық жеті, азаматтың ары мың жылқы деп кесіп айтқан шалдарым. Өлеңдерімде жылқыны көп арқау ететінім рас! «Атқа мінген қазақ атасын танымайды» деген мақал оу баста өз мағынасында еді. Мен бұл мақалды қазіргі таңда «Атқа мінетін қазақ ата-бабасына бір табан жақын» деп ауыспалы мағынада қолданғым келеді. Неге? Жылқы көшпенділіктің символы, жауынгерліктің жады, жыраулықтың жүлгесі. Ат үсті –әулие деген қазақ атамның ойының сергектігі, сезімінің тұнықтығы, рухының асқақтығы осы бір жануармен тура байланысты секілді көрінеді. Көңілі көкдөнендей жүйрік қазақ баласы арғымақ атқа аңсары ауып тұрар болса, баяғы бабалар кешкен байрақты күндерге деген айнымас махаббаты деп білер едім!
– Құлагер – қазақ арманы деп біл,
Рухтың жүйткір тарланы
деп біл!…
Қазақтың серілік дәстүрі Ақан серімен аяқталып қалғандай көрінеді кейде. Қазақтың бүгінгі Құлагері қайда? Ақан серісі ше?
– Сал мен сері ұғымын селтеңбай деп түсінетіндерге айтарым жоқ! Адамның ішкі жан-дүниесінің еркіндігі, сұлулыққа құштарлық, табиғатқа тағзым ете білер сирек талант қана аталмыш айдарлы ұғымның иесі болмаққа керек. Ақанмен аяқталды десек, сері дәурен, сал дәуренді, аздап қателесетін шығармыз! Кешегі арамыздан «Алдай-аулап» аяңдап кеткен Есенқұл ақын да сал-серілердің сарқыты еді. Бұрын қазақ байыса қатын алар еді, бүгін бәйгеден атын оздырып, атын шығармаққа әлек. Бүгінгінің Құлагерлері байшыкештердің тақымында, жылқы танитын, бабы мен бағуын білетін қарапайым еңбек адамдарының баптауында. Ақан серілердің елесі есіңді алғыр батыстың даңғазалы эстрадниктерінің көлеңкесінде домбырасымен ғана мұңдасып жүрген Тұрсынғазы Рахимовтың тірлігінде!
– «Балбал тастың жүрегі бүлк еткенде…» жыр кешінің жаңалығы не болмақ?
– Мен айтыс сахнасынан саналы түрде кеткеніме де бес жыл болды. Алашқа айтыспен танылдым. Халық қазіргі таңда қайда жүргенімді білмекке құштар болып жатады. «Бүлдірген ағып түскенше…» атты жыр кітабымды халыққа екі жыл бұрын ұсынғанмын. Айтыс өлеңдерімді жинап «Шертолғақ» деген атпен оқырманға жеткізбекпін. Негізінен сол кітаптың тұсаукесері. Жыр кешіне үлкен ағаларымнан: Тыныштықбек, Ұлықбек, Жүрсін, Тұрсынғазы, Жанарбек бастатқан ақын, сазгерлер келмек. Батыстан Бауыржан Халиолла, Алматыдан Ринат Зайтов бауырларым, Астанадан Балғынбек, Әсем, Жандарбек, Мейірбек, Еркебұлан сынды ақындар қатысады. Күйші-сазгер Секен Тұрысбек, Жанғали Жүзбаев, Керекуден әнші Ербол Айтбаев, Астанадан Гүлзира Бөкейханқызы, Айгүл Елшібаева, Зағипа Иманғажылар өнер көрсетеді. Өзім жаңа өлеңдер оқымақпын. Кешті халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бақыт Беделхан досым жүргізеді. Айтыс, поэзия, ән-жырдың кеші болмақ!
Гүлзина Бектас, “Түркістан”