Қазақ баласы үшін қыстың бас айы – Желтоқсан талай тағдырлы оқиғаларға, қиюлы құбылыстарға толы болғандығына тарлан тарих куә. Желтоқсанда табиғат мінезі қатайып, қаһарына мініп, қатты аязды ашуға басқан сәтте Алты Алаш та атқа қонып, азулыдан ақысын, ата билігінен айырған алпауыттан ақырып теңдік сұрайды екен.
Барлығын тектеп-тергеп жатпай-ақ, соның бір-екеуіне ғана тоқталайын:
Біріншісі, Ресейдің ақ патшасын құлатып, қызыл «патша» билікке келгенен кейін кешегі отар елдердің ішінде де бассыз-баусыздық белең алып, зорлық-зомбылық көбейіп, алапес жағдай орнады. Осы тығырық-қасыреттен құтылу үшін қазақ зиялылары Орынбор қаласында желтоқсан айының бесі күні бас қосып, қазақ-қырғыз құрылтайын өткізіп, Алаш автономиялық Республикасын – Алаш орда үкіметін құрды. Съезд Алаш автономиясының Алашорда аталған (Алаштың ордасы немесе үкіметі) ұлт кеңесінің құрамын сайлады. Алаш автономиясы үкіметінің, яғни — Алашорданың төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды. II Жалпықазақ съезі қырғыз-қазақты бүліншіліктен қорғау үшін… ешбір тоқтаусыз милиция түзу туралы шешім қабылдап, оның Алаш автономиясына кіретін әрбір облыс пен уездегі санын анықтап, оларды соғыс өнеріне үйрету мен қажетті қару және киім-кешекпен қамтамасыз ету жолдарын айқындады.
1917 жылғы желтоқсандағы II Жалпықазақ съезінде бүкіл қазақ жерін, оның халқын біртұтас мемлекет туы астына жинауға бағытталған, өзін өзі дара билеуге жол ашқан, елді еркіндікке үндеген, алдағы үлкен құбылысқа жол ашқан, қазақ халқының батыл қадамы болды. Демек бұл күнде Ұлы Жеңісісіз Тәуелсіздікпен бірге аталынатын айтулы даталы күндеріміз болмақ керек.
Екіншісі, Желтоқсан көтерілісі – 1986 жылы 17–19 желтоқсан аралығында Алматыда болған қазақ жастарының КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық қимылдары. Бостандыққа, тәуелсіздікке ұмтылған қазақ халқы тарихындағы елеулі оқиға болып табылады. 17 желтоқсан күні таңертеңгі сағат 8-де қаладағы Л.И.Брежнев атындағы алаңға (қазіргі Республика алаңы) саяси тәуелсіздікті талап еткен ұрандармен алғашында 300-дей адам жиналып, кешкісін көтерілісшілер саны 20 мыңға жетті. Бірақ көтерілісшілердің қойған талап-тілектері аяқ асты етіліп, “бұзақыларды” күшпен тарату мақсатында алаңға құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен арнайы әскери күштер тобы жеткізілді. КСРО ІІМ-нің бұйрығы негізінде дайындалған “Құйын — 86” операциясы бойынша көтеріліс қатыгездікпен басып жаншылды.
18 желтоқсан күні алаңға қайта жиналмақ болған көтерілісшілерге қарсы әскер күші қолданылды. Көтерілісшілердің қалған топтарын ығыстыру үшін жедел отряд, милиция мен жасақшылардан арнайы топтар құрылып, қала көшелеріне аттандырылды.
Осы әскери күштер 19 желтоқсан күні қаланың әр тұсында қайтадан шеруге шықпақ болған 6 топты басып, таратты. Алаңдағы көтерілісшілер таратылған соң ішкі істер бөлімдеріне 2401 адам жеткізілген (Алматы түрмесіне сыймағандықтан, қала сыртына апарып тасталғандарды қосып есептегенде барлығы 8,5 мың адам ұсталған). Желтоқсан көтерілісі құрбандарының қатарында Е.Сыпатаев, С.Мұхаметжанова, К.Молданазарова, Қ.Рысқұлбеков, М.Әбдіқұлов, Л.Асанова сынды ержүрек қазақ жастары бар.
Желтоқсанның 19 — 23 аралығында халықтың наразылық шерулері мен митингілер Қазақстанның Жезқазған, Талдықорған, Көкшетау, Қарағанды,Арқалық, Павлодар, Жамбыл, Талғар, Сарқан, т.б. қалалары мен Сарыөзек, Шамалған, Шелек елді мекендерінде жалғасты. Желтоқсан көтерілісі – қазақ қасыреті қылышынан қан тамып, халқын темір торда ұстап отырған Совет елінің ірге тасын сөгіп кетті. Бұл жарты әлемге егемендік, азаттық, бостандық әкелген Ұлы Жеңіске жол ашқан еді. Демек, ол күн Ұлы Жеңістің басы болғаны үшін Тойлануға Аса Зор Құрметке ие болуға тиіс!
Үшіншісі, 1991 жылы КСРО ыдырап, Одақтың құрамындағы елдер өз алдарына жеке мемлекет болып жатты. Солардың қатарында Қазақстан да болды. 1991 жылы 16-желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі “Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы” заңды қабылдады. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні — тарихы тереңде жатқан елдің жаңа заманда өз алдына қайта егеменді ел болған күні. Тәуелсіздік күні мерекесі әр жылдың 16-желтоқсаны..
Қазақстанның Тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш болып мұхиттың арғы жағында жатқан Америка Құрама Штаттары мойындады, екінші болып айдаһардай айбарлы Қытай, сонан соң Ұлыбритания мойындады. Оның артынан Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран Ислам мемлекеті мойындады. Небары бірнеше аптаның ішінде әлемнің көптеген беделді елдері Қазақ елінің тәуелсіздігін мойындап, дипломатиялық қатынастар басталды.
Тәуелсіздікке қазақ халқы басынан талай қасыретті кешіп жүріп жетті. Сол қан кешулер Қазақ Елін бақыт жолына салса ол неге қасырет болып қана қалуға міндетті, ендеше ол жеңіс болып тойлануға тиісті емес пе? Демек біз Қазақ халқының қасыреті мен қасиетін қатар қоып, осы Ұлы жеңіске жету жолында құрбан болғандарға қол жайып құран оқып, салауат айта отырып, Тәуелсіздік күнін мерекелеу шындап келген парыз!
Тәуелсіздік күні құтты болсын, Қазақ Елі!
Дайындаған: (Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет).
Қарамер
Парақшамызға жазылыңыз
Тәуелсіздік – бодандықтан құтылу ғана емес, тәуелсіздік – өзіңнің бақытты болашағыңды сомдау мүмкіндігі. Еркіндік -ұлттың тәуелсіздігін сақтау жолындағы барлық майдандарда күнделікті күресу үшін беріледі. Ол күрес – ұлттың қайта түлеуі мен Еуразия кеңістігінде күллі түркі баласы біріккен Ұлы Қазақ империясының қалыптасуына алып келеді. Соңғы сөйлем – менің сандырағым емес, бұл Аспанның жаңа ғасырда Алашқа берген несібесі! Тәуелсіз шешімдер мен еркін сана күні құтты болсын, Құтты Қазақ Елі!