///

Нағашым Нұрсұлтан Әбішұлына хат!

1072 рет қаралды
1

Жоқ, «Ол заң өзгермейді, осы беті кетеді!» – десеңіз, маған төрт жылға ТҰЛ АЗАМАТТЫҚ (без граждандық) беріңіз, құрметті Нұреке!

nan 11111.«Кеше, яғни желтоқсанның 10-ы күні көпшілік талқысына түскен және әлеуметтің қатты наразылығына ұшыраған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға Мемлекет басшысы қол қойды. Бұл онсыз да қаңтарылып тұрған қазақ көшінің бұйдасы кері бұрылды дегенді білдіреді» (turkystan.kz ) – деп жазады «Түркістан» апталығы өзінің 12-желтоқсан күнгі санында.
Сонымен 22 жылға жалғасқан қазақ көшінің басынан бағы тайды. Дұрыс па, бұрыс па, – бағасын беріп, үкімін шығаратын – болашақ!
«Тәуелсіз Отаны, ақсақал Президенті тұрып, аз емес, бес миллион қазақ далада қалмасын!» – деп шулаған қалың дауыстың ішінде менің де үнім бар еді. Сол бауырлардың атынан Сізге «Соңғы тілегімді» (abai.kz) жырыммен айттым. Ақыры қол қойылды. Енді төрт жылға тұл азаматтық сұрау шешіміне келіп, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің атыңызға осы хатты жазып отырмын.
Әрине, хатымның айғайлап тұрған атын көріп, Сіздің және мені толық біле бермейтін басқа да ағайындардың «бұл кім, есі ауысқан біреу емес пе?» – деп қалуы бек мүмкін ғой. Сол үшін кішкене арыдан бастап, Сізбен кеңірек сырласуды жөн көрдім.
Негізі, Нұрсұлтан Әбшұлы, мен Алматыға Қытайдың үлкен қалалары – Бежіңнен не Үрімжіден, болмаса мына іргеде тұрған Құлжадан да емес, төте ауылдан – Ойманбұлақтан келген баламын. Осынау зайырлы мемлекетте, қанша жерден, он бес жыл тұрдым десем де, сол ауылдың «жаман» әдетінен бір арыла алмай-ақ қойдым. Оның үстіне, қазақтың сол ескі жолымен ата-жөн сұраса кетсек, мысалы, әнеу қасыңызда жүретін мұртты жігітке қарағанда, мен Сізге әлде қайда жақынмын. Сіз ұлдан туғансыз да, мен қыздың баласымын, – туған жиеніңізбін.
«Асылдардың бүгінгі сүйегімін,
Домбыраның күй төккен тиегімін.
Тұманбайдың ең жақсы баласымын,
Нұрсұлтанның, білсе егер, жиенімін»
– деп өлең жазып жүргенім содан (abai.kz).
Арғы атаңыз атақты Бәйдібек байдың Күнбике (Күнбүбі деп те жүр), Нұрбике деген екі қызы болғанын білесіз ғой. Соның екеуі де Домалақ (Нұрила) анаңыздың (el.kz) Жарқышағынан туған. Мен соның өте ақылды, көрікті болған соң ел: «Шіркін, Бәйдібектің қызы-ай!..» – деп жүріп, «Қызай» атап кеткен Күнбикесінің тұқымымын. Үлкендердің айтуынша, Қызай анамыз тірлігінде ұрпақтарына: «Ел өсіп, жерден қысылсаңдар, әкем Бәйдібектің ата мекені Ілені табыңдар!» деп өсиет қалдырыпты.

Әпекеңізден қалған осынау сөз бойынша, «Қызайлар 1865-жылдан 1871- жылдар аралығында Іленің бұрынғы Құлжа, Сүйдін және көне Қорғас ауданы өңірлеріне дейін асып түсіп қоныстанған» (Қаһарман Мұқанұлы. «Ғылми зерттеу мақалалары», Ұлттар баспасы, 193-, 196-беттер). Қазір одан тараған төрт ұлдың (Меңіс, Жеңіс, Бегімбет, Дербіс) ұрпағы Іле Қазақ автономиялы облысының сегіз ауданында тұрады. Ал, Нұрбике (massaget.kz ), өз аты жайына қалып, «Мұрын» атанып кетіпті. Оның ұрпағы да өскен ауыл, Барқытбелдің арғы бетінде отыр қазір. Қысқасы, екі апайыңыздың ұрпағы ұлардай шулап, ауып барған қалың Албан-Суанмен бірге бүкіл Шығыс Түркістанның екі үлкен өңірін (Іле мен Тарбағатай аймағын) алып жатқан екі үлкен рулы ел қазір…
Менің өз әкем Мұқибек Мырзабайұлы (суретте) қызыл үкімет келерден бұрын өз руымыздың зәңгісі болған. Анам Бүбіжан Есболқызы 1944-жылы шілде айының соңында Іледен Шығыс Түркістан ұлт азаттық көтерілісінің тұңғыш оғын атқан қос батырлар Әкпар-Сейітке тіке туыс.
Мұқибектің немере інісі Мұқабай Құлжақанұлы Шығыс Түркістан Республикасы құрылу қарсаңындағы саяси күрестердің бел ортасында жүрген, бүкіл Албан-Қызайға аты мәлім қайраткер. 1946- жылыдың 2-шілдесінде Шығыс Түркістан Республикасы Сталин мен Мао жағынан тұншықтырылып, қызыл қытай билікке келгенде, Мұқабай атам бүкіл қызыметті тастап, ауылға кетіп қалады.

Не керек, 1951 жылы пантүркизмші Мұқибек те, Мұқабай да (тағы бірнеше кісі бар) тұтқындалып, Сүйдіндегі түрмеге жабылады. 1952-жылдың 25-мамырында Мұқабай қандықол қызыл Қытай үкіметі тарапынан 37 жасында атылады. Сол кездегі     Орталықтан Шыңжаңға қызмет тексере келген әрі Батыс бес өлкенің кураторы, қазіргі Қытай басшысы Си Цзиньпиннің әкесі Си Чжуньсюннің бұйырығымен Шыңжаңдағы адам ату «науқаны» тоқтатылып, енді атылғалы тұрған жерінен Мұқибектер, Алла сақтап, аман қалады…
Ал, мен өзім бірінші сыныпқа, сенсеңіз, он бір жасымда әрең бардым, Нұраға. Оған себеп, арыстандай екі бауыры мен қайнысынан жастай айырылған шеркөкірек шешемнің Албан еліне ұзатылған тұңғыш қызы Зейнекүл тәтем 1959 жылы Советке кетіп, жылай- жылай екі көзі бірдей суқараңғы болып қалды. Өмірінің соңғы отыз жылын жарық әлемді көрмей өткізді. Мен сол шешемді он жастан асқанша ой мен қырға жетелеп жүрдім. Сауытбек ағамның тұңғыш қызы туып, аяғын басқан соң ғана менің қолым босады. Тұңғыш рет барып, бірінші сыныптың босағасын сомадай болып аттағаным есімде. Манағы ағамның қызы Әмина қарғам әжесін жетектеп жүріп, мектеп бетін көрмеген күйі күйеуге шықты…
Қадырлы Нұреке, келгелі он бес жылдан бері айтпаған бұл әңгімені Сізге өзімді асқақтатып көрсетейін немесе бір сорлы күйге түсіріп, мүсіркете қояйын деп баяндап отырғам жоқ. Құдай сақтасын ондай жексұрындықтан! Сіздің шетелде қалып бара жатқан әр жиеніңіздің, әр қандасыңыздың отбасында бар, басынан өткен қилы тағдыр бұл. Демек, бұл ел көргенді, ол қазақтар да басынан кешті. Осының бәрін үлкендердің ауызынан тыңдап өскен ұрпақтың жүрегінде не болушы еді? Әрине, удай ашыған запыран! Қыж-қыж айнаған кек!! Оның бірден-бір емі – Алла берген Қазақ елінің қасиетті Тәуелсіздігі еді. Солығымызды басып, еңсемізді көтерген Сіздің «Алыста жүрген ағайынға ақ тілегіңіз» (http://abai.kz/node/40129) болатын!
Я, құмырсқандай қалың қытайдың ішінде жүріп, шамамыз келіп, аяғымыз жеткен жерге дейін оқыдық. Туған ауылымыз Ойманбұлаққа оралып, мұғалім болдық. Жас болсақ та, ел үміт артып, үкімет сеніп тапсырған соң, үш жыл мектеп директорлығын да атқардық. Сіз ел астанасын Ақмолаға ауыстырам деп жатқан сол тоқсаныншы жылдардың ортасында, біз де Ойманбұлақтың мектебін кеңірек жерге көшіріп, үш кезекпен оқитын 900 балаға бір мезгілде дәріс тыңдай алатын жаңа мектеп салдырам деп жоғары-төменге шақпылап, арпалыспен жүрген болатынбыз.

Халықтың қолдауы, Шыңжаң өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы, қазақтың ардақты азаматы Жәнәбіл Сымағұлының бұйрығымен қазынадан бір миллион юан ақша бөлініп, 1995 жылы бастаған ісім 1998 жылдың қыркүйегінде сәтті аяқталды.

24 бөлмелі, екі қабатты мектеп үйі сол кездің өлшемімен қарағанда, Іленің ауыл-қыстақтарындағы білім ошақтарының маңдай алды еді. Керек-жарағын түгелге жуық жаңартып, толықтадым. Билік біткеннің басында қытай, одан қала берді ұйғыр отырады. 25 жасқа енді толған қалқаң құлақ бала үшін бұл шаруа оңайға түскен жоқ. Сіз кешкен күйді мен де басымнан өткердім. Сіз Астананы айтып мақтана бастағанда, менің есіме Ойманбұлақтың мектебі түседі бірден…
2.Ендігі арман – Атажұрт Қазақстаға кету еді. Онда барып, Тұманбай Молдағалиевке сәлем беру болатын!
1998 жылдың 24-қазанында қасиетті Қазақстан топырағына табаным тиді. Мен туардан он жыл бұрын кеткен Зейнекүл апайымды, Жандос жездемді артынан іздеп келіп қуанттым. Апам: «Ұзатқан қызды артынан төркіні жоқтамаса, өлгенде қорқау қасқыр сүйегін кеміреді екен!» – деп жылайтын. Сөйтіп, мен апайымды сол қорқау қасқырдан құтқардым. Сұрастыра жүріп, Тұмағамды да таптым.
Арғы бетте жатып, Тұмағаның жүрекжарды жырларын оқып, оның бүкіл жан-дүниесін, өткен-кеткенін, арман-тілегін, мейірімге толы жүрегін, биік адамгершілігін, адал көңілін, кең құшағын… жан-тәніммен сезінгем. Маған бүкіл Қазақстан Тұманбай Молдағалиев болып елестейтін. Ішкі түйсігім алдамаған екен, менің өзін соншама жақсы көретінімді, пана тұтып келгенімді жаутаңдаған көзімнен бірден оқып үлгірді жақсы аға.

Оқыған өлеңімнің өзінің өлеңдеріне тартқанын айтып, мақтап та қойды. Сосын бар жағдайымды, осында қалғымның келетінін сұрап ұқты да, маған аға болуға дайын екенін, қолынан келгенше көмектесетінін айтып, келесі күнге үйіне шақырды. Әке-шешемнен, екі бірдей ағамнан, бір жеңгемнен айырылып келген мен байқұс бір демде қунап, жайнап шықтым асыл ағаның алдынан.

Өмірімде бұдан өткен қуанышты, жұлдызды сәтімнің болғанын еске түсіре алмай, қатты толқыдым. Аға дидарын өз көзіммен көрсем деген ұзақ жыл күткен арманым сәтті орындалды. Мен сол күннен бастап, Тұманбай ағаңызға туған іні боп кеттім. Ол кісі бүкіл қызыметкерін а дегенде Ауыт деп шақыратын болды.
Ойманбұлақтағы ел: «Біздің Ауытымыз Алматыдан Тұманбай деген ақын аға тауып алыпты. Ол кісі Назарбайға (Қытайдағы жиендеріңіз Сізді осылай атайды) жақын туыс, аға екен. Ана Ауыт енді Тұмағасына еріп барып, патшамен емін-еркін жолыға беретін болыпты!» – деп естіпті. Ауылға барсам, бұл сөз Ойманбұлақтың басынан аяғына дейін желдей есіп жүр. Жаратылысын аңқау, ақ көңіл, сенгіш болып жаралған туыстарыңызға мен не айтады дейсіз, «ауыздарыңа май!» – дедім де қойдым.
Бірер жылдан кейін Тұмаға мені «Балдырғанға» жұмысқа алды. Белгілі себеппен Астанаға кетіп қалған жерімнен өзі келіп, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзадан штат сұрап, қайта алып кетті Алматыға. Одан арғы жерде, қашан дүниеден озғанша, мен Тұмағаның қасынан екі елі айырылғам жоқ. Елдегі жағдайға қарай айлап, ақысыз демалыста болып, жарты айлыққа да түсіпжүрсем де, асыл ағамның қасында шауып жүре бердім…
Сөйтіп, мен балаларға қажетті дүниелерімді жазып тапсырған соң, саяжайда отырған кәриямның қасында болам; кітаптарын құрастырып, баспаға ұсынам; сусынын дайындаймын; Сізге арнап жазған өлеңдерін «Егемен Қазақстанға» жіберем; Жазушылар одағы мен басқа сарайларда болатын кештерге ертіп барып, саханаға сүйеп шығарам; өлеңін оқып болған соң, баспалдақтан демеп қайта түсіріп алам. Айтпақшы,
«Таптағы өзің ойлап бір сылтауын,
Келіп кет біздің үйге, Нұрсұлтаным…» –
деп басталатын өлеңін Кәдірбек Сегізбаев пен Марал Ысқақбаевқа телефонда оқып берген соң, почтадан мен жібергем Сізге. Сол өлеңді алған Сізден телефон келгенде мен тағы қасында отырғам. Әуелі, ол өлеңді саяжайға кетіп бара жытып, машинасын тоқтатып қойып, жол үстінде жазғанына дейін әлі есімде! Сіз келем деп, ағам екеуміз саяжайды күрделі жөндеуден өткізіп, бассейін салдырып, жаз бойы күткеніміз бар. Күзде қолыңыздың тимегенін айтып, ғафу өтіндіңіз. Райымбек батырдың Нарынқолда өткен 300 жылдық тойында Сізбен дастарқандас болғанда, Сіз берген кәмпиттен де ауыз тигем. Астында ойып басылған қолтаңбаңыз бар, Сіз сыйлаған алтын сағатты да жуғамыз…
Қысқасы, Сізбен әр кездесуі ағаңыз үшін, оның қолғанаты болып жүрген мен үшін ұлы мереке, зор қуаныш болатын. Біз Сіздің атыңызға ақ тілектер айтып, ол мерекені арнайы атап өтетінбіз. Тұмаға жарықтық ерте тұрып, Қыбылаға қарап қолын жайып, ұзақ мінажат ететін. Қасында мен естіп тұрам, Алдымен Қазақстанның іргесінің берік болуын, оның басшысы – Сіздің амандықтарыңызды тілеп, Жаратқанға жалынатын. Тағы да көп адамдардың атын атап, қазақша дұға жасайды. Соңына таман менің де есімім естіліп қалатын сол тізімнен.

Бетін сыйпаған соң, «Ауыт, ел аузында атымыз бар ғой, біз секілді адамдардың тілегі тез қабыл болады!» – деп қоятын. Мен оған кәміл сенем. Тұмағаға Аллатағала бәрін берген, тілегі орындалған, жаратылысы бөлек адам. Оның реніш, наласы да екшкімді оңдырмайтынын менің ақындық түйсігім әбден сезеді… Соңғы сапарға шығарарда, сүйегіне өзім түсіп, жақсылап жудым жан ағамды.
Негізі Тұмаға мені алдап кетті… Емханаға өз аяғымен барып, шықпай қалды ғой. Төсек тартып ауырғанда, бүйрегі, жүрегі не басқа бір организмі істен шыққанда, мен денемнің оған керек кез-келген мүшесін кесіп беруге әзір едім. Түк екіленбестен! Өйткені ол – Тұманбай Молдағалиев қой. Жолында өлсем де арманым жоқ еді! Жұбан ағамша айтқанда, бүгінгі мына сорақылықты көрмес, естімес едім!

Қамқор аға маған қолынан келгеннің бәрін жасады. Менен жетіскен ғалым шықпағаны болмаса, Қазақтың Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің аспирантурасына түсірді. Тұңғыш кітабыма алғысөз жазып, батасын берді. Бір ауыз сөзімен-ақ, ел қатары, Алматының шетінен баспана әперді. Астыма ақ тұлпарын мінгізді. Қол астына жұмысқа да алды. Күлтайын, Едіге досын ертіп, өзі таңдаған қыздың ауылына құдалыққа барды. Бір жылқысын сойып, тойымды өткізді… Кәзір қызыл жейдесінен бастап, менің үстімдегі біраз киім – Тұмағаныкі. Сағынғанда киіп алам. Жағасынан жан ағамның иісі аңқып тұрады.
Тұмағаның ел көзіне түспей жүрген бір кереметі бар. Ол Қазақ елі тәуелсіздігін ала салған елең-алаң шақта өлең жазып, шеттегі қандастарын Қазақстанға шақырған тұңғыш қазақ ақыны! Менің жолында өлем деп жүргенім – сол.
« … Қинамайды енді қайдан келдің деп, көздерін ешкім атпайды да,
Бабаларға арнап оқысаң мейлі, оқи бер, бауырым, таң атпай дұға!
Босаға күтеді ылғи алыста жүрген өз перзенттерін,
Тасада тұрып сендерге енді ешкім оқ атпайды да!

Бақ іздеп әуре болмаңдар сендер, бақ деген баба мекені екенін,
Білмегендерге «неге білмейсіңдер» – деп, қаттырақ айтып, төте кетемін.
Тілімді сақтап, дінімді сақтап, ділімді сақтап жүрген қазақты,
Бауырым демей, қауымым демей, қалайша бөліп, бөтен етемін»
– деп еді-ау Сіз екеуіміздің есіл Тұмағамыз, Нұрсұлтан Әбішұлы!
Қылышынан қан тамып тұрған сонау 1985 жылы Қытайдан Еуропаға ауып барған Оспан атты қазақпен бір сапарында кездесіп, оның өмірінен еңіретіп отырып «Алтай – Оспан» деген поэма жазып, оны «Біздің Отан» газетінде бастырған ерің тағы осы – Тұманбай Молдағалиев болатын.
«… Кеудемде талай менің қайғы ысталды,
Өсірсем жақсы еді-ау ұл ойға ұстамды.
Мен өлсем, балаларым барар елге,
Қумаңдар, жат көрмеңдер байқұстарды.

Бұл елдің бөлек жолы, тәртібі де,
Білмеймін кемшілі не, артығы не.
Ұлдарым қазақ болмай қала ма деп,
Кетеді зәрем менің зәр түбіне…»
– деп зарлатады ғой қайран ақын сол дастанында шетте жүріп, көкірегі шерге толған Оспан бауырын.

Бәрін демей-ақ қояйын, тек өз қолыңыздан әр жылы марапат алып жатқан ақындардың кітаптарын, тым құрыса, бір сүзіп шығыңызшы! Мұндай өлеңді Сіз емге таппайсыз олардан!

Ардақты аға дүниеден озған соң, боздап көп өлең жаздым.
«… Сөйле деп топ алдында сөз әперді,
Көрдім мен байтақ Отан, азат елді.
Соншалық оны жақсы көргендігім,
Ұмытып қала жаздадым өз әкемді…»  – деп жоқтадым әкемдей болып кеткен кәрияны (http://www.abai.kz/content/auyt-mykibek-kairanda-kairan-tymagam,http://abai.kz/content/auyt-mykibek-tymash-atam-kaida-ketti).
«Ағамның ардақты бауыры, өлгенде көрген Азат елінің Тұңғыш Президенті еді ғой, аптасына өлең арнап отыратын ағасының жоқтығы білініп қалмасыншы» – деп, Сізге де «Нұраға, алыс кетті Тұмағаңыз!» деген ұзақ толғау жазып, көңіл айттым. «Дәстүр» (№6, 2011 жыл) деген журналға басылды. Кеңсеңізден М.Қасымбектің қолы қойылған:
«Құрметті Ауыт Мұқибек! Халқымыздың ақиық ақыны Тұманбай Молдағалиевтың дүниеден өтуіне байланысты Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың атына жіберген көңіл айту өлеңіңіз Президентке көрсетілді.
Нұрсұлтан Әбішұлы ұлттық поэзиямызда өзгеше орны бар тамаша лирик, жан-жүрегі ерекше нәзік те жомарт Тұманбай ақынның шығармашылығын да, өзін де ерекше қадірлейтін. Сіз де өз өлеңіңізде ұлы ақынның осындай қасиеттерін жан-жүрегіңізбен тебірене жырлапсыз. Өлеңіңізбен танысқан Мемлекет басшысы Сізге шынайы алғысын білдіріп, жақсы тілектерін жеткізуді тапсырды.
Өлеңіңіз Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Мұражайында сақталатын болады.
Зор денсаулық, шығармашылық қызметте Тұманбай ақынның шалқар шабыты мен бақытын тілейміз» – деген хат алдым.
Мен білгенде, Сізді шын жүрегімен, ақ ниетімен қолдаған әлемде Тұмағамдай шайыр аз! Ақындық атты аламанда махаббатты, Күлтайын, Патшасын жырлауда, бұрын-соңғы қазақта ол кісі алдына ақын баласын сала қойған жоқ! Кезегі келгенде, Сізге мен де өлең арнап отырдым. Соның бір парасы «Мөлдір» атты кітабымда тұр. «Егемен Қазақстанға» да басылды. Сіз салған Астананы да асқақтата жырлап келем (http://abai.kz/node/40827http://abai.kz/content/auyt-mykibek-astana-anyz-kala).
Көштің беті кері бұрылып, қандастарымның халы қиындай бастағанда ашына жазған жырларымда да Сіздің ұлы еңбегіңізді, биік тұлғаңызды төмендеткен жерім жоқ. Бірақ, күйіне отырып, шындықты да еш жасырған емеспін! Сондағы таң қалатыным, мені қойшы, қазақтың маңдайына ғасырда бір-ақ рет бітетін ардақты ағаңыз Тұманбай ақынның топырағы құрғап үлгірместен, ол келсін деп шақырған, Өзіңіз жалаулатып бастаған қазақ көшінің осы күйге түскеніне, қалың қазақты қайдағы бір келімсектерден пышақ жүзі ғана парықты көргеніңізге мен қайран қалдым, Нұреке!

Ақын ағаның «Тасада тұрып сендерге енді ешкім оқ атпайды да!» – деген берік сенімінің аяқ астында қалғанына жаным қатты күйзеліп кетті. Мынау сол «тасада тұрып атқан оқтың» өзі емей, не?! Аттыңыз ғой қақ жүректің тұсынан!
Мен өте жақсы білем, Тұмаға үлкен жүректі, қазақы болымысына зәредей дақ түспеген тұнық адам. Ол қандастарын таза көңілімен, үлкен жүрегімен шақырды. Сосын, Ел тізгінін ұстап жарқылдап жүрген інісі – Сізге өте қатты сенді. Бұлай болады деп еш ойлаған жоқ өле-өлгенше. Аға аруағын қозғап, менің ашынатыным жерім – осы. «Атақты Абылай ханның қасында Бұқар: «Ей, Абылай!» десе, Хан сөзге тоқтапты» – деуші еді ғой ғалым ағаларым. Біз де сол Бұқардың осы ғасырдағы жұқарған түріміз ғой!

Міне, биыл Сәкен, Ілияс, Бейімбеттердің жасындамын. Жыл аттап, қаңтардың жиырмасына жетсем, Мұқағалидың 45-не шығам. Жас емеспін, менің құрдасымның алды Гурузияға Өзіңіз секілді президент болды. Атаның көңілі болмаса да, ботаның көңілі жоқ па, қасиетті Нұрекем! Мені неге шырылдатасыз сонша!

3. Негізі шеттегі қазақтар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа қалай қарайды? Көріңіз, міне!

Қазақстан азаматтығын алған соң, мен туған ауылыма көп барған емеспін. Қазір үлкендер түгелге жуық о дүниелік болған. Оның үстіне, көзің тойып көретін көркем жайлаулар жоқ, бәрі қоршалып, басқаның қолына өтіп кеткен. Ауылдың іргесіне дейін керпіш зауаттары салынып, баяғы сәнінен айырылған. Енді мына жағдайдан кейін, қай бетіңмен барасың ол ауылға?! «Атажұртың азаматтықты төрт жылдан соң беретін болды» – деп, шүйінші сұрап барам ба?! Қазақстан шімірікпегенімен, менің екі бетім ұяттың қызыл отына өртеніп барады.
Қош, сонымен мен арғы бетке соңғы рет 2007 жылдың сәуір айында бардым. Онда да бір нағашымды емдету үшін. Жанарбек Әшімжанов деген. «Жас Алаш», «Жас Қазақ» газеттерінде істеген. Келе сап тапқан жақсы інім. Өте батыл жазатын. Оның да ата-анасы алпысыншы жылдары Құлжа маңынан бері өтіпті. Анасының қолынан талай дәм татқам, тілеуі өте жақсы адам.
Сол Жанарбектің қан қысымы қатты көтеріліп ауырды. Алматының біраз емханасының есігін қақты. Нұрлан аға Оразалин өзі апарып, №12 бәлнисаға жатқызып та көрді. Өнімі болмады. Ақыры Үрімшіден сауықты. Қазір Жазушылар Одағында екінші, әлде үшінші хатшы.
Сол сапарда біз бір ай шамасында жүрдік. Науқастың беті қайтып, көңіл орныққан соң, бүкіл Үрімжіні, Құлжаны, біздің Ойманбұлаққа дейін барып, аралап қайттық.
Мен арғы беттегі қазақтардың Қазақстанға, Нұреке, Сізге деген ыстық ықыласын, аппақ жүрегін сол сапарымда қатты байқадым. Кітап дүкендерінде төте жазумен басылған Сіздің және Қазақстан қаламгерлерінің кітаптары самсап тұр. Бежің Ұлттар баспасы М.Жолдасбековтың «Асыл арналар» кітабын баяғыда шығарыпты. «Шынжаң Жастар-Өрендер» баспасының бастығы Әкімбай Жапарұлы: «Бізден жақында Оразалиннің жыр жинағы жарық көрді. Жанарбек, айналайын, сенің де бір кітабыңды тегін шығарып берейін» деп жатты… Қай көшеге, қай үйге барсаң, «Құйылсын көшің, жиылсың есің…» деп, тұрған «Елім менің» мен «Үшқоңыр», кішірейтілген Көк ту мен Сіздің суретіңіз…
Біз көрнекті қазақ ғалымы Жақып Мырзахановтың үйінде болдық. Қонақ бөлмесінің қақ төріне Сіздің үлкен портретіңізді іліп тастаған. Кейін осыдай сурет атақты Солтан аға Жанболаттың, сыншы Шәріпхан Әбдуәлидің төрінде де тұр деп естідім. Бұл ағалардың бәрі де үлкен қызмет атқарған, Ұлы Жұңго комунистік партиясының ең таңдаулы мүшелері. Соған қарамастан, «өзге» ел президенті – Сіздің бейнеңізді қасқайтып төрлеріне шығарып қойған.
Кәзір Қытайда туған екі баланың бірінің аты Нұрсұлтан екенін ел жақсы біледі. Қазақты қойып, қырғыз ағайындар да ұлдарына көп қоя бастапты бұл атты. Құй сеніңіз, құй сенбеңіз, біздің қызайлар балаларына Назарбай деп ат қоя бастағанын көрдім мен! Кәдімгі, жатқан жері жарық болғыр, Сіздің атаңыздың!
Ал, Сара мен Дәриға ныпсылы қыздарда қисап жоқ! Кәзір сол Назарбай мен Нұрсұлтандар, Сара мен Дәриғалар ержетіп, шүлдірлеп қытай мектебінде оқып жүрген болу керек! Соны ойласам, ішім удай ашиды. Өйткені, ол елде қазақ мектебі түгел жабылған.
Құлжада да сонау Текестен жігіттер іздеп келіп, дастарханын жайып, Жанарбектің иығына шапанын жауып, Қорғасқа дейін шығарып салды.

Сондағы бәр әңгіменің түйіні – тек Сіз ғана болдыңыз, Нұреке! «Нұрекеңе сәлем айтыңдар, аман болсын ағамыз!» – деп қояды кіммен сөйлессең де. Сол сезімдерді мен шамам жеткенше жыр жолдарына түсіріп, «Мөлдір» кітабыма кіргіздім. «Құдай – ау, мына Бәйдібек пен Домалақ анамның ұлы мен қызынан тараған ұрпақ жаман Жанарбек екеуіміз келгенде бүйтіп қырылып қала жаздады, ал Патша Нұрсұлтан Әбішұлы келсе қайтпек?! – деп ойладым мен толқып. Елдің осындай ақжарма ниетін байқап, ақын Есенғали Раушанов та (http://abai.kz/content/shynynda-osken-altaidyn) естелік жазыпты Бежің сапарынан!
Ақыры, Сіздің суретіңіз жайында әңгіме айтылып қалды ғой жоғарыда, енді мына бір оқиғаны да ерінбей, жаза кетейін.
2005 жылы 17науырызда менің Омарәлі Әділбек деген аға-досым қырыққа келді. Бұл жігіт кезінде Бежіңде оқыған, оқу бітірген соң, сонда қалып қызмет істеген үлкен жазушы, ғалым, әдебиет сыншысы. Кейін Үрімжіге ауысып келіп, Шынжаң Ғылым акедемиясында зерттеумен айналысқан.

Ел егемендігін алғанда, сол орталықта оқыған бір топ курстастарымен бірге, бүкіл қызметін тастап, алғашқылардың қатарында Алматыға оралған. Акедемияға – Серік Қирабаевтың қолына аспирантураға түсіп, қиын кезеңде, отбасы жағдайына байланысты, оқуын тастап, жеке кәсіпкерлікке кетті. Нарықтың қыспағы болмағанда, үлкен ғалым болатын-ақ азамат еді. Қазір де жаман емес.

Сол Омыш ағам қырық жасын Розыбакиев көшесі, №50-дегі оралман келіншек Нұргүл Сәбетханқызы ашқан «Жібек жолы» кафесінде жүз шақты жолдас-жораларын, туыс-туғандарын шақырып, атап өтті. Тұңғыш келіп, жұмыссыз жүргенде ақын Білісбек Әбдіразақ досым екеуміз осы Омарәлі ағаның үйінен қарынымызды талай тойдырғамыз. Басқа елде бар жол-жосын Қызай елінде тіпті берік сақталған.

Жақсы ағаның қырық жасына арнап, өлеңді қатырып алдым. Енді елді елең еткізетін бір кәде алуым керек! Аяңдап «ЦУМ»-ға бардым, дүние күйіп тұр – удай қымбат! Аралап жүріп, бір кезде, Нұреке, Сіздің рамкаға салынған суретіңізге көзім түскені. Бағасы да қалтам көтеретіндей – 5000 – ақ мың теңге. Ойланбастан алдым да, «Жібек жолы» кафесіне тарттым.
Мына Құдіреттің күштілігін қараңыз, туылған күн дастарқаны былай басталды. Той иесі орнынан тұрып, өзі бірінші сөзді алды да:
– Құрметті ағайындар, бізде – арғы бетте туылған күнді тойлау дағдысы жоқ. Қырыққа келгенде елге еліктегенім де, асып-тасығанымнан да емес, осы күнге аман жеткен қуанышымды сіздермен бөліскелі отырмын.

Баяғыда мына досым Рақым (Айыпұлы), Базарәлі, ана Астанадағы Дукен (Мәсімхан)… – бәріміз ауылдан барып, Бежіңде оқып жүргенде, «Шіркін-ай, біздің де осындай тәуелсіз мемлекетіміз, қазақ патшамыз болып, біз соның көшесін сыпырып жүрсек, еш арманымыз жоқ еді-ау!» – деп, күнде армандаушы едік. Құдайға таубе, сол асыл арман орындалды, Қазақстанымыз – Тәуелсіз, Нұрсұлтанымыз бар…! – демесі бар ма?!
Осы беташар сөзден кейін тарихшы Нәбижан Мұхаметханұлы ары қарай жалғастырған сол ақ тілектердің бәрі Сіздің атыңызбен байланысып, әдемі өріліп, өрнектеліп еді-ау бір! Кезегім келіп, өлеңімді оқып, сыйлығымды жарқ еткізіп алып шыққандағы елдің соққан шапалағын көрсеңіз! Омыш ағам сол суретті қос қолдап төбесіне көтеріп алып, бар елге көрсетті-ау бір қуанып! Екі көзіндегі моншақтаған ыстық жасты көрсеңіз!..

Кешегі Бауыржан Байбек дуылдатып ашқан «Нұротанның» съезді оның қасында жолда қалсын, Нұреке! Одан Омыштың туылған күніндегі біздің – Сізге, Отанға деген пейіліміз әлде қайда ыстық, шынайы, ақ… деп ойлаймын мен…
Сол сурет Омарәлінің төрінде біраз жыл ілулі тұрды да, жоқ болы. Сөйтсем, жасы сексеннен асқанда Атажұртқа көшіп келген әкесі Әлиясқар ақсақал: «Сен тауып аласың ғой, балам. Патша біздің үйде тұрады!» – деп, алып кетіпті. Ақсақал дүниеден өтіп, Бәйдібек бабасының азат өлкесіне жамбасы тиді. Ал Сіздің сол суретіңіз Алматы облысы, Ұзынағаш ауданы, Сарыбай би көшесі, №67-үйдегі Әлиясқар атаның қара шаңырағының қақ төрінде қасқайып қазір де ілулі тұр!..
Биыл Астананың тойы қарсаңында теле арнадан Сіз туралы түсірілген деректі филімді тағы көрдім. Қатты әсерлендім. Сіздің туған анаңыз Әлжан апа туралы қарындасыңыз Әнипа әпке көз жасын төгіп тұрып айтқан естелік көңілімді толқытып жіберді . Әбіш атаның темірден түйін түйетін ұста екенін мен жақсы білетінмін. Ал, Әнипаның айтысына қарағанда, Әлжан апа да бармағынан бал тамған шебер болған екен ғой.

Өз қолының қысқалығына қарамастан, ауылдағы ұзатылатын қыздарға жасау тігіп беріп, қуантқанды қатты ұнатады екен. Дәл сол тұста, Қытайдан Текеліге көшіп келген екі қарындасыңыз – Зада Жаманқызы мен Жазира Құрманғазықызы Сіздің 73 жасқа толғаныңызға арнап, 73 метр сырмақ сырып, соны Сізге қалай тапсырамыз деп, әбігерге түсіп жатқан болатын.
Ойлаңызшы, Нұраға, ана жүрегі қандай ақ, адал еді!? Мысалы, мен үшін арғы беттен келген тұрмақ, әлемдегі аналардың, қай ұлт болса да мейлі, бір-біренен еш айырмасы жоқ! Оны айтасыз, саулықтың жаңа туған қозысына мекіреніп, шаранасын жалап тұрған сәті менің көз алдымнан өмірі кеткен емес. Ол да – ана!

Сол сырмақшы екі келіншек кешегі анау Домалақ, Күнбике – Нұрбике, Әлжан… апалардың жолын ұстанған дегдар жандар емес пе еді?! Қазақстандағы бүкіл БАҚ мақтанышпен жазып жатқан осы жап-жаңа алып сырмақтың, басқа-басқа, әншейінде ескі шапан десе елең ете түсетін М.Жолдасбековтің құлағына жетпегеніне мен түк сенбеймін! Сөйтіп, биліктен ешкім ескермей тастады екі ананың есіл еңбегін!

Мұның бәрі бел асып келген қауымның Сізге, Сіздің ұлы еңбегіңізге деген жоғары құрметі мен ыстық ықыласы емес пе?! Бүйтіп, аналардың меселін қалдыруға, еңсесін түсіруге ешкімнің хақысы жоқ!
Қызметіне салғырттығы мен біліксіздігінің салдарынан «ВИЧ» індетін жұқтырған 220 баланың 11-і көз жұмып, бүкіл елді шулатқан, асыл аналардың көз жасын көл еткен Ерболат Досаевқа кеше берілген «Парасат» ордені он саусағынан өнер саулаған, қайсар, отаншыл Зада Жаманқызы мен Жазира Құрманғазықызының кеудесінде жарқырап тұрса, ешкім де дау айтпас еді-ау, шіркін!..
Ал, қотарыла көшіп келмегенімен, Түркия мен Еуропа қазақтарының да Сізге деген көңілінде де титтей кір жоқ, ықыластары тіпті бөлек! 1992 жылдың 28-қыркүйегінде ҚР Президенті болған Өзіңіздің бастамамаңызбен Алматыда Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды. Сол Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайынан бастап, құрылтай сайын сол қазақтар мінбеден бір түскен емес.

Өзіңіз де естіп жүрсіз, тек алқаумен ғана келеді Сізді. Тұңғыш құрылтайда Сізге деп арнайы әкелген қымбат машина мен Сара апама дайындаған алтын білезікті ұсынамыз деп, Түркия мен Еуропадан келген керейлердің төбелескені, Мұхамәди Қылыштың Шақабай Кешенайдан таяқ жеп, көзінің шығып кете жаздағаны Хасен Оралтайдың «Елім-айлап өткен өмір» (Білім баспасы, 2005 – жыл) кітабының 393-бетінде жазулы тұр. Міне, құрмет өз алдына, Сізге деген қызыл жалын қызғаныштың көкесі бұл!
Басқаны былай қойғанда, әр құрылтай сайын, жасы жетпістен асып кетсе де, Арыстан қажы Тосынның алды-артыңызды орап, «Қаражорғаны» солқылдатып билеп жүргенінің бір өзі неге тұрады, Нұреке!
Маңғолиядан келген Қайрат Бодауханның бір өзі бірнеше ауыл салып тастаған жоқ па?! Байқасаңыз, сол ауыдың атының көбі «Нұр»-дан басталады…
Қарақалпақтан келетін қазақтарға мен дән ризамын. Кеңестік кезеңнің текпісінде тапталса да, кәрі арыстан Кәрімовтың қыспағында жүрсе де, елге келіп, миллионның қоржынын толтырған – солар…
2002 жылы Түркістанда ашылған Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайында айтқан сөзіңіз есіңізде болар, оқып тұрған қағазыңыздан басыңызды көтеріп: «Мен қазақ дияспорасы бар мемлекеттерге барған сапарымда, ондағы қандастарыммен кездеуге тырысам. Сондағы бір риза болатыным – «әй Нұрсұлтан, сенің мына қазақтарың біздің тынышымызды кетіріп, мазамызды алып жатыр!» – деген бетіме шіркеу келтіретін бір жаманат сөз естіртпегені! Мен Қазақстанның беделін сақтап, атағын асқақтатып жүрген сол шеттегі қандастарыма мәңгі қарыздармын!» деген жалынды сөзіңіз әлі құлағымда, әлі көз алдымда тұр!
Содан бері де он жылдан асыпты. Сол қазақтар сол тап-таптаза, моп-момақан күйінде шетелдерде күн кешіп жатыр. Тіпті, террордың отанына айналған елдердегі қандастарыңыздан да әлі бір дыңғыр естілген емес. Осында келіп, «қылмыскер» атанып жатса, оның себебін басқа жақтан іздеген жөн. Ал, шетелде шулатып, Қазақстанның жаман атын шығарып жүргендер қандастарыңыз емес, осыннан барған қулар…
Қысқасы, шетел қазағы Сізді өте жақсы көреді.
4. Нұреке, Сіз соңғы кезде көп нәрсені білмей қалып немесе бұрыс есіп жүрсіз-ау шамасы. Мысалы – Жаңаөзен! Енді, міне, шеттегі бес миллион қазақ туралы!
Ұлт тағдыры бүгінгідей тығырыққа тірелген тұста, қай заманда да, ақсақал мен тұлғаның орны, атқарар рөлі бөлек! Оның үстіне, кісі атаққа, абыройға, биік мәнсапқа не үшін ұмтылады? Өз ұлты үшін адал қызмет ету үшін! «Көші-қон заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі екен, қазақтарға бес жылдан кейін азаматтық беріледі екен!» – деген тықыр таяған соң, Алаш жұрты аянбай-ақ айтты, жазды.

Соның ішінде, кім не десе, о десін, жаңа сенатор, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннің еңбегін мен ерекше атап өткім келеді. Оның әріптестері Қуаныш Айтаханов пен Светлана Жалмағамбетованы да. Нұрлан Мырқасымұлы ақын ғой, суырылып шығып, Заң жобасын Сентаттан бір қайтарудай – қайтарды. Аман болсын екі аға мен Светлана апайым!
Ал, мен өз басым өмірі аттан түспеген, Ақорданың маңайынан қашанда алыстамаған, ыстық-суықты басынан көп өткерген, қазақтың арғы-бергі тарихы мен қилы тағдырын жақсы білетін, ескі-жаңа екі жүйенің де сынынан қасқайған бойы сүрінбей өткен, шетінен тайпалған шешен, Сіздің ең сенімді серігіңізге айналған қазақтың ардақты үш азаматына қатты үміт арттым. Менің айналамдағы пікірлестерім де осы үш тұлғаға қарап жаутаңдады да отырды. Күнделікті шығатын «Егемен Қазақстан» газетін парақтаумен, теле арналарға телмірумен болдық, Сіздің қолыңыз қойылғанша…
Соның біріншісі, Сіздің жақсы ағаңыз, алдыңызда, жиналыстарыңызда көп болатын, абыз ақсақал Мырзатай Жолдасбеков. «Сағынып сәлем жаздым Мырзатайға, Баласың сөзге шешен, тілің майда!» – деп кемеңгер Кенен Әзірбаевтің көзі түскен ғалым Мырзатай Жолдасбеков!
«Отырмын көңілім жайланып,
Бекіндім осы ойға анық:
Бүгінгі таңда Астана,
Барады Мырзатайланып!» (М.Жолдасбеков, «Күндерімнің куәсі» кітабы)! – деп, ас үстінде отырып майлық қағазға (салфеткәге) жазып бере салған өлеңі үшін Қайрат Жұмағалиевке шапан кигізген Атымтай жомарт Мырзатай Жолдасбеков.

Оның үстіне, 1992 жылы ашылған әлем қазақтарының алғашқы құрылтайында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы етіп сайлау туралы ұсыныс бірауыздан қабылданып, Сіз Төралқа төрағасы болғанда, осы Мырзатай Жолдасбеков Төралқа мүшелігіне бекітілген үш адамның (қалған екеуі Дәлелхан Жаналтай пен Алтынбек Сәрсенбаев) біреуі болатын. Сондықтан, шеттегі қазақ мәселесі тарихта, қанша жерден қашқанымен, Мырзакеңе бір соқпай, айналып өте алмайды.
Мен «Әй, Нұрсұлтан қарағым, мынау ел шулап жатыр. Шеттегі қазақтар сен екеумізге бөтен емес, ана өзіміздің екі әпекеміз бар емес пе, – Домалақ анадан туған – Күнбике мен Нұрбике деген. Солардың тұқымы ғой, Бәйдібек бабамның аруағы бар емес пе?!!» – деп Мырзекең Кенен атам айтқан майда тілімен майдалап отырып жеткізеді деп ойладым!
Екіншісі Қуаныш Сұлтанов! Бұл кісіге де айтар жоқ! Қазір дәурені дүрілдеп тұр. Сізден кейінгі екінші сөз – осы Қуаныш ақсақалда. Теле арнаның бетінен түспейтін болды. Өте-мөте биылғы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында базары қатты жүрді. «Ұлт, Мемлекет, Назарбаев!» дегенде таңдайы тақылдап, асқақтап, екпіндетіп сөйлеумен болды. Бұл да бөтенім емес, Жарқышақтан туған, тіпті жақын нағашым менің.

Ауылымыз аралас, қойымыз қоралас жатқан елміз. Суанның тең жарымы телміріп, осы кісінің ескі үйінің іргесінде отыр. Бүкіл қазақ, одан қалаберді Қызай үшін демей-ақ қояйын, сол өз туыстары үшін болса да, Нұреке, Сізге кіріп, бір ауыз сөз айтуы, ежелгі әдетімен еңіреп тұрып жылауы керек қой Қуаныш болған адам!..
Үшіншісі, Бас гәзеттің басында отырған Сауытбек Әбдрахманов. Сізден сұхбат алуға жиі кіріп-шығып жүреді деп ойлаймын оны. Негізі, бұл мәселені алдымен көтеретін, Сізге жеткізетін осы ақсақал басқаратын – «Егемен Қазақстан».

Бекер обалым не, Сауытбек мырзаға « egemenkz@mail.online.kz» арқылы (22 қараша, 2013 жыл) өлеңмен жазылған үш тілегімді жіберіп, Сізге жеткізуін өтіндім. Сосын, өзімше, Сауытбек біраз ақсақалдардың басын қосып, бір мәлімдеме жасайды, не өзі бір мақала жазады деп жүрмін ғой мен байқұс!

Көп өтпей, Ербол Шәймерденовтың асында, Ұлттық кітапханадағы «Бабалар сөзінің» тұсаукесерінде әдейі барып, осы жайлы бірдеме айта ма деп, Сауытбекке сәлем де бердім. Бейбақтың беті бүлк еткен жоқ!
Тіпті, Осы кісілер осы Көш тақырыбына жолаңқырамай жүрген соң, алдын-ала қамшылап та көргем. Ассамблияның мерекелік жиналысында Дулат Исабеков аға Маңғолия қазақтары туралы мәселе көтерген соң, мен «Шәріпхан Қайсар» деген атпен «Дулат ағаның айналасында кімдер отыр?!» (http://abai.kz/node/34756) деген мақала жаздым. Жақында ғана «Қазақ мәселесінде қалғып жүрген “Егемен Қазақстан”» атты мақалам да (http://abai.kz/node/41040) БАҚ-та жарияланды.

Сонда осы үш ағамның атын ерекше атап, шеттегі қазақтарды есінен кетпестей-ақ етіп жазып ем. Жоқ, естісе де, естімеске; оқыса да, оқымасқа салынды. «Бәйдібек пен Домалақ ана десем тым ауырлап, тұқым-тұяқтарына дейін оңбай кетер, бергі апайлары Қызай анамның аруағы атсын сендерді!» демеске енді менің еш амалым жоқ бұл үшеуге!
Ашығын айтпасам, аталған бабаларымның қасиеті мені де оңдырмайды, Нұрсұлтан аға! Мен халыққа топырақ шашудан аулақпын, тура Сіз сеніп жүрген осы үш сабаздың үшеуі де Сіздің №1 жауларыңыз! Тұманбай ағамның Сізді жақсы көретініндей, менің Тұмағам десе, өлетінімдей қазаққа, Сізге деген мейірімді мен бұлардан көріп тұрғам жоқ. Болса, мүмкіндік деген қолдарында тұр, ең құрса, біреуі суырылып шығып, айтпай ма Сізге, қазақ көшінің қиын жағдайын?! Сіз де ет жүректі пендесіз, ойланып, басқаша шешім қабылдауыңыз мұнда тұрған әңгіме!

Сіз құрған Қазақстанды бұл «үштік» баяғы Кеңес Одағы секілді санайды. Нұрсұлтан Назарбаев – олар үшін жан алғыш Сталин! Өздерінше солай жасап алған. Кеңес Одағы кезінде, өзіңіз білесіз, «ашық айтылатын» және «ашық айтуға болмайтын» екі түрлі сөз болыпты ғой. Қытайда да солай. Мырзекеңдер үшін кәзір «Шеттегі қазақтар келсін!» – сол «ашық айтуға болмайтындардың» қатарында, қара тізімнің басында тұрған сөз?! Сондықтан, басымыз бәлеге қалады деп қорқады, түк жоламайды. Өте-мөте Сауытбек! Қуаныш та одан аспаса, кем соқпайды!

Мырзатай үшін Қазақ көшінен гөрі, Ассамблияның жиналысында лекция оқығаннан асқан бақыт жоқ қазір. «Мынау қазақ көшінің тоқтауы – 32-ші жылғы қолдан жасалған аштықтан бір кемі жоқ ұлтқа жасалған қиянат болды-ау; ертең Нұрекеңнің бар істеген еңбегін бұл шешімі жуып-шайып кетеді-ау; болашақта Сіздің орныңызда жаңа ұрпақ отырады, сонда билік басына Қытайдың Дэн Сяопины (http://abai.kz/node/21462) секілді бір кемеңгер шығып, бәрін өз орнына қоя алса жақсы, оның бетін ары қылсын, өзіміз көрген кешегі Хрушев секілді бір антұрған келіп, Сіздің сүйегіңізді көрден жұлып алып тастаса не боламыз-ау??!» деген ой бұлардың наназарына да кіріп шықпайды екен ғой! «Мақтау, мақтау және мақтау!»-дан басқа тірліктері бар ма өзі!?
Жаным, Нұрсұлтан аға, садағаң кетейін, «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап!» деген Абай сөзін есіңізге бір алып, өзіңіз ойлаңызшы! Сізден кетіп бара жатқан осынау үлкен, орны толмас саяси қателікті көре тұрып, көрмегенсіген бұларды жау демей, көріңіз кәне!?
«Ма́о Цзэду́н жолдастың қателігі – оның өзінің дұрыс нәрселеріне өзі қайшылық істегендігінде» – депті сол Дэн Сяопин («Дэн Сяопин мақалаларынан таңдамалылар» 432-бет, Ұлттар баспасы, Бежің). Негізі, Сіздің шеттегі қандастарыңызды Атажұрқа шақыруыңыз – Ұлы бастама еді!
Сіздің намысыңыз – менің, бүкіл Қазақстанның намысы! Шеттегі қазақ мәселесінде, қалай да Сіз жағынан, Сіз ел басқарып тұрған тұста кемшілік кетпеу керек қой!
Оны да айта кетейін, ертең «безграждандық» беріп жатсаңыз, сөйлеу құқығым болмай қалуы мүмкін, Сізге тілеулес адам бұл қазақта көп. Мәселесін шешсеңіз, шеттегі бес миллион қазақ түгелімен Сіздің қолдаушыңыз, берік қорғаныңыз. Оған менің зәредей күмәнім жоқ! Бірақ, солардың бәрінен десі басым бір тұлға бар. Ол – жазушы Мұхтар Мағауин!!! Сол құрдасыңызды тыңдаңыз, көбірек ден қойыңыз ол кісінің айтқандарына!!!
5. Қош! Сіз, Нұреке, мемлекеттің тыныштығын өмір бойы дәріптеп келе жатқан басшысыз! Қазақстанның бейбітшілігі мен орнықтылығын ең алдымен сақтайтын бір топ болса, ол – Оралмандар! Осы жолы байқадыңыз ба, төрт жыл кешіктіріліп азаматтық берілетін Заң жобасына Сіз қол қойғаныңызбен, олар қанша шуласа да, тыныш қалды. Неге?! Сіздің бет-беделіңізді сыйлады, «Екі дүниедегі жалғызы – Қазақстанның» (Ермұрат Зейіпханның сөзі) орнықтылығын ойлады! Әйтпесе, миллион оралман оңай күш емес, Нұраға!

Жиылып, Ақорданың алдына ереуілге шығу, Кранның басына өрмелеу, «Нұротанның» алдында өзін бензин шашып өртеу, топ-топ болып аштық жарялау деген олардың қолдан сәнге келетін шаруа!
Мен өмірімде жалғыз рет бейбіт шеруге қатынасыппын. Биыл күзде Астанада өткен қазақ жеріне құлаған «Протонға» қарсы. Көші-қон мәселесін айтамыз деп бардық қой баяғы. Басқа елде бодан болып, ұлтыңа теңдік сұрап жүрсең бір сәрі, өзіңнің азат еліңде өзеуреп айғайлаған, ұрандар жазылған плакат көтеріп жүрген бір ыңғайсыз, қорлық іс екен.

Менің ұғымымда Сіз қол қойған әр Заң, Сіз қабылдаған әр Қаулы қазақ жүрегіне жайнатып, шырақ жағуы керек! Әр отбасы оны ақсарбас атап, тойлауы тиіс қой! Анау БАҚ-тағы жазылып жатқан дүниелер – Сіз берген баспасөз еркіндігі. Оның үстіне, мынау шеттен келіп жатқан қазақтар ештеңені жасырмай, күлбілтелемей, ашық айтады. Отанына деген адалдықтың, күйінгеннің белгісі – мақтай беру емес, өліп кетсе де шындықты айту!.. Солай болуы керек-те! Сондықтан, менің осынау хатымды оқып, шынымен менің Бәйдібек бабамның тұқымы, қазақ халқының бағына туған Нұрсұлтаны екеніңіз рас болса, әлі де райыңыздан қайтып, Шеттегі қазақтардың шерін тарқатады деп сенем Сізге!
Шеттен келетін қазақтар жұмыссыз қалып, Қазақстанға масыл болады деп еш ойламаңыз. Менің осындағы жақын таныстарымның бәрі жұмыс орынды өздері ашқан. Жұмыссыз қалғышы – мен ғана. Оралман ағайындар мемлекеттен жұмыс сұрау дегенді, ол жұмысты қайдан, кім беретінін әуелі білмейді де. Бабасының азат мекеніне келеді. Берсе, баспанасын береді. Бермесе, оған да өкпелеп жатқан жоқ, қаңырап бос қалған ауылдан баспана сатып алады. Сосын әкелген өз қаражатына мал алып, елдің жерін жалдап, оны жаяды. Сөйтіп, керек болса, жұмысты өздері-ақ қолдан жасайды. Кәзір еліміздің бар қаласындағы дәмханалардың аспаздары сол арғы беттен оралған ағайындардың балалары.

Шаштараз, сұлулық салондарында, машина жуатын жерлерде де солар өріп жүр. Моншаға барсаң, білекті түріп алып, арқаңды ысатындар – тағы солар. Астананың көшесін сыпырып жүргендердің қатарында менің жерлестерім аз емес. «Барахолкадағы» өртенген тауардың бірмұншасы және сол – шегара аттап келген қазақтардікі. Ақын Адалбек Ахмәди құрдасымдікі де бар екен, өртене берсін, бастан құлақ – садаға, Адалбек!

«Селге кеткен жаман, өрттің арты жақсы болады!» – деген ырым бар қазақта, әлі байып кетесіңдер. Өлгейден келгендер жасаған үй жиһаздарының сапасы қандай жақсы, бағасы қандай арзан?! Ұлы жайлауларға малын сыйдыра алмай Сізге арызды бұрқыратқандардың түгелге жуығы өз жиендеріңіз, Нұрсұлтан аға. Сіз мұндай еңбекқор, төзімді, Отанына адал қазақты Меккені алты айналсаңыз да таппайсыз…
Түсінбестік, байқамай қалу деген – өмір болған соң, болып тұрады. Кеткен қателік үшін халқыңыздан кешірім сұрай салсаңыз, тіпті жақсы. Онда тұрған дәнеңе жоқ. Елдің президенті Ай мен Күндей сұлу, инабатты, әлем таныған әйелі тұрып, басқа қызбен ойнас жасап, ұсталғаны үшін отандастарынан кешірім сұрады ғой анау жылы?! Оған қарағанда, өз ұлтыңыздың тағдыры, өз қолыңызбен құрған жаңа, Ұлы мемлекетіңіздің болашағы үшін бір иіле салу – Сіздің қолыңыздан келеді. Оған менің Нұрағамның ақылы да, білігі де қаптал жетеді! Егер, қазақтың көбейіп, ұлттық мемлекеттің салтанат құруына сырттан бір күштер кедергі келтіріп отырса, жасырмай айтыңыз, бүкіл қазақ Сіздің жолыңызда өледі! Алдыңғы шепте мен жүрем!!!
Жоқ, «Ол заң өзгермейді, осы беті кетеді!» – десеңіз, маған төрт жылға ТҰЛ АЗАМАТТЫҚ (без граждандық) беріңіз, құрметті Нұреке! Алыстан келген ағайындарымды төрт жыл бойы жаутаңдатып қойып, кілең текті тұқымнан туған менің кердеңдеп жүруге адамдық та, ақындық та арым жібермейді! Мен не көрсем де солармен бірге көруге тиіспін. Өйткені, олар елге керек болмағанмен, маған керек! Егер, құсадан өліп кетсем, тағы Сіздің сүйегіңізге таңба болам!!!
Айтпақшы, мені жеке қабылдауыңызды өтінем! Мен Қазақстан Республикасының азаматтығын аларда, арызды Сіздің атыңызға жазғам. Сондықтан, Төлқұжатым мен Жеке бас куәлігімді кері өткізуге мұрсат беріңіз, құрметті Нұреке!! Сізден жауап күтем, ь мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы!

aut

Зор үміт, 
үлкен құрметпен 
ақын жиеніңіз 
Ауыт МҰҚИБЕК
16 – 17.12.2013

 дерек көзі; “Ұлт” порталы

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Жанайқайыңызды бүкіл қазақ түсінгенімен, жалғыз қазақтың түсінбегені қиын болады. Қазақ елінде қазақ мүддесі әрқашан жоғары болса ғой шіркін.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар