//

ЖҮРЕККЕ ЖОЛ ТАРТҚАН АҚЫН

1610 рет қаралды

UlikbekПоэзия ақылдан гөрі, сезімнің жемісі. Әуелі ақын жанының сілкінісінен туындайтын біртүрлі түйсік. Оның да арғы тегі сезіну болса да, оны жоқтан бар ғып айта алуда тұр. Сондықтан объективтен гөрі субъективке етене туыс. Ол кейде өз-өзіне келе алмай ширыққан жанның элегиясы боп жария болғанда, арзан ақылға жуымай, сел сезімге айналып жүрекке жол табады. Ұлықбектің де: «Ақындардың ақылы басында емес, ақындардың ақылы жүрегінде» дегені де осыны меңзейді. Бұны да қабылдайтын сана, сезінетін жүрек керек. Мұқағалидың: «Өмірде ақындардың бәрі жалғыз…» деуі де бекер емес. Осынау жалғыздықты жаны шыңырау, жүрегі ояу, көзі көреген жандар ғана үнсіз түсінеді.


Қолымда қазақтың көрнекті ақыны Ұлықбек Есдәулетовтың «Заман-ай» атты кітабы тұр. Ұмытпасам, 2005 жылы 6 та­мыз­да жас ақын Нұрдықан Айдарқан­ұлына қолтаңба қалдырып, ұсынған кітап. Ұлықбек ақынның поэзиясын жаттап өскен Нұрдықанның мың бір таралым­мен Қытай елінде өзі бастырған кітабы бол­ған­дықтан, қолтаңба қалдыруының да жөні бар. «Бәрекелді! Ұлықбек үшін емес, қазақ поэзиясы үшін ерлік істедің», – деп кітапты қуана қабылдағаным да есіме түсіп отыр. Үйткені, өзімнің де сүйіп оқи­тын, әуелі «Жеменей өзені» өлеңі арқылы өзіне қызыға қараған Ұлықбек ақыным кі­­тап болып алдыма келсе неге қуан­бас­пын!
Содан бері «Заман-айды» қанша оқы­ға­ным есімде жоқ. Әуелі Ұлықбек өлең­де­рін «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті» сынды үл­­кен басылымдардан да құрғатпай оқы­ға­ным, «Киіз кітабын», «Жүректегі жа­ры­­лыс­­тарын» арнаулы парақтағаным өз ал­дына бөлек әңгіме. Мұншалық ынтызар болардай Ұлықбекте не сыр бар деп ой­лаушылар да шығуы мүмкін. Оны да өзім дәп басып айта алмаймын. Әйтеуір Ұлық­бекке аңсарым ауады да тұрады. Бәрі де поэзияға деген ынтызарлықтың әсері болар. Бірақ бұл жәй әсер емес, селт етіп оянудан, таңғалудан туған ұлан-асыр әсер еді. Бұл әсерді «Заман-айдан» бұ­рын маған Ұлықбектің «Жеменей өзені» өлеңі сыйлады. Шыны керек, ара-тұра поэзия туралы шолу мақалалардан атын кезіктіргенім болмаса, бұрын Ұлықбекті мүлде білмейтінім де рас еді.
Содан 1980 жылдардың соңын ала «Жұлдыз» журналында жарияланған бір топ өлеңімен қауыша кеттім. Ақынның дау­сы бөлек, өзіне тартып барады, өлең­дерді бастан-аяқ қойын дәптеріме көшір­дім. Ақын өлеңдерін бір-бірінен кеміте ал­майсың десе де, «Жеменей өзенінің» ор­ны бөлектей көрінді. Ізін суытпай ақын Құ­марбек Сахаринге апарып оқып бер­дім. Талғампаз Құмарбекке Ұлықбек те ұнай кетті. «Жеменей өзені» мықты өлең», – деді. Осы жолы өз өлеңім мақталғандай мар­қайып қайттым. Мен де өлең таниды екем деп марсиып келем. Осыдан бастап, «Жеменей өзені» жатқа айтылатын болды. Шағын дастархан, той-мерекелері дей­сің бе, қаламдастар ара бас қосу дей­сің бе, оқушыларға дәріс сөйлеу дейсің бе, қойшы әйтеуір, «Жеменей өзенінің» ба­зары болды да кетті. Бәрі де өлеңнің құ­дыреті болса керек, оны жаттаушылар да, қайталап сұраныспен тыңдаушылар да молыға берді. Сол тұста Керім Еле­мес­ұлы, Сәулет Тоқытбаев, Серік Нұғыманов сынды талантты ақындар да «жақсы өлең» деп тамсанғаны әлі есімде. «Жеменей өзенін» қызу талқылап, қызыл кеңір­дек болған «Ортекеске» сапардың да еле­сі ойдан шыға қойған жоқ. Соны кейін қай­та жаңғыртып, «Қазақ әдебиетінде» «Биік мұрат жолында» (1994 жыл, №44) де­ген атпен әсерлі мақала жазған бүгінгі Құл-Керім Елемеске де мың алғыс дей­сің.
Осылайша «Жеменей өзенінен» бас­тал­ған әсер Ұлықбек ақынға аңсарымды ау­дара берді. Содан бастап Ұлықбекті із­деп оқитын болдым. Осы арада «Заман-ай­ға» тоқталудың алдында «Жеменей өзе­ні» туралы бірер сөз айту керектей кө­рінеді. Мені Ұлықбек ақынға жақын­дас­тырған аты шулы «Жеменей өзені» тегі қан­дай өлең?! Оқырман алдында өлеңді үтір, нүктесін қалдырмай оқып шығайын:
Тисе де таудың тасына басың,
Жеменей, неге тасып ағасың?
Біз ашулансақ басыламыз ғой,
Сен осы қашан басыла аласың?

Сұмдарға жақпас сөзіне орай,
Соққы жеп елдің езінен Абай,
Сонау бір жылы жол тартқан еді,
Зайсанға қарай – өзіңе қарай…

Наданға налып –
Сөзін ұқпаған,
Бишікештерден безініп бабам,
Атының басын Зайсанға бұрып,
Мұң шақпақ болды кезігіп саған.

Жібермей жылап,
Жанкешті халық,
Алдынан шығып жол кесті барып…
Абайды күтіп,
Келер деп бір күн,
Жатырсың ба әлі дөңбекшіп ағып?

Абайдың мұңын – даламның мұңын,
Абайдың жырын – ғаламның жырын.
Мен оқып берсем қайтеді саған,
Жаңғыртып тұрып жағаңды бүгін?

Жеменейім-ау,
Жебедей жүйрік,
Өтсе де ғасыр кемедей құйғып,
Абаймен сені табыстырар ем,
Қолымда болса зәредей билік.

Сұмдармен әлі бітпеген егес,
Ел мұңын ешкім жүктеме демес.
Сен танымаған тыныштық, тыным,
Маған да бүгін түк керек емес.
Көріп отырсыздар, аядай жеті шумақ өлең­нің астарында ұлан-асыр ой, шыңы­рау сыр жатыр. Ақын Жеменей өзенімен сырласады, басын таудың тастарына ұрып, асып та тасып жатқан Жеменей не­ге ашулы екен? Ақын қаратпа сұрау қойып: «Біз ашулансақ басыламыз ғой, сен осы қашан басыласың?» дейді. Ра­сын­да, қанша ашуланып, қанша тула­ға­ны­мыз есімізде жоқ. Әйтеу, бара-бара «сап-сап көңіл…» деп сабамызға түспеуші ме едік! Бірақ Ұлықбектің Жеменей өзені ба­сылар емес, басылуды қойып, өкпесі қа­ра қазандай екен. Бақсақ, Абайдың мұңын арқалап, арнасына симай жатқан Жеменей жер текпілемей қайтеді? Бір кезде «сұмдармен алысып, езінен соққы жеп» жалғыз қалған Абай жалғыздық мұңын Зайсан мен Жеменейге шер ғып төк­пек болған екен…
Дүниеде Абайдың мұңындай ащы, ауыр мұң жоқ. Сол ауыр мұңнан көз аша алмаған Жеменей әлі күнге Абайды күтіп, дөңбекшіп ағып жатқан жайы бар. Ақын өзенге сабыр тілейді, басу айтады, бірақ оны тыңдар Жеменей жоқ.
Өнер адамының жасампаздығымен бір­ге өріліп жатқан қымбатты өмірбаян да кейде ақынды тереңдеп танудың даң­ғыл жолына салары да шындық. Ақын Ио­сиф Бродский: «Ақынның өмірін оның өмірбаянынан емес, өлең жолдарынан із­­деу керек», – дейді екен. Осы мәннен ал­­ғанда, Ұлықбек бізге ақ боранды Ал­тай­дың, қасиетті Қара Ертістің, заңғар Зай­сан­ның, ашулы Жеменейдің көркем кө­рі­нісін, табиғи мінезін, ондағы қараша ауыл­дың қалпын, момақан балалықты қан­ша жырдың өзегіне айналдырып жыр­лағаны көз алдымызда тұр. Бір кезде Құл-Керім Елемес «Биік мұрат жолында» де­ген мақаласында «жалпы, Ұлықбек – төрт құбыласы түгел, туған тауы – өр Ал­­­­­­тайдай асқақ ақын» деп бағалапты. Ақын­ның «Киіз кітабына» алғысөз жазған сөз зерегі Әбіш Кекілбайдың: «Ақынды шын­дап түсінгің келсе, туған жерін барып көр» – деген ойын да мәнмен түсінгіміз ке­­леді. Расында, Ұлықбек жырларының өзегі кіндік қаны тамған киелі топыра­ғында жатыр, өмір мен өнердің терең та­мырластығы болатынын мойындауымыз керек. Көбінде ақын мінезі туған топырағына тартып туады. Бұл – бояусыз шындық. Айталық, Мағжанның Сасық көлі, Ілиястің Ақсуы, Мұқағалидың Қара­са­зы, Төлегеннің Әмудариясы, Сабыр­хан­ның Қызылқұмы, Оралханның Бұқ­тыр­ма­сы, Кеңшіліктің Торғайы қандай киелі болса, Ұлықбектің де Зайсаны мен Же­ме­нейі, Қараталы сондай қымбат. Әркім­нің туған жері Мысыр шәрі десек те, сол кие­лі топырақты өз жырының өзегіне ай­­­налдырып, жыр тұғыры – алтын қа­зық­қа жез бұйдасын мықтап байлау да шебер ақын­дардың еншісіндегі шаруа. Сол сияқ­ты Ұлықбектің де алтын қазығы – өзі туып-өскен мекеннің болмыс-бітімі мен сыр-си­патынан бастау алып жатады. Бұның өзі жыр жолдарында өзгеше орынмен тү­седі.
Алтайдың ақ бораны,
Толастап тоқтамады.
Шынымен бұл шіркінге,
Адамның жоқ па амалы?!

Қара Ертіс, саған қайранмын,
Қайырылып артқа қарамай,
Қамығып келіп қарадай,
Қаймығу білмес баладай.
Қойып бір кеттің Зайсанға
Қоңырқай тартқан қоладай.
(«Заман-ай», 35-бет).
Міне, осындай киелі Алтайдың бұрқақ бо­раны, ақ күміс қасат қары, ақ шұнақ ая­зы, қаһарлы Қара Ертістің толқыны өз табиғатымен, өз мінезімен кескінделсе, кей­де сол киелі Алтайдың көгілдір көк­те­мі, жаймашуақ жазы, салкүрең күзі де әсем­дігімен көз тартады. Табиғат сұлу­лы­ғын сызуға деген құштарлығы да өлшеу­сіз, ше­берлігі де шексіз.
Боз қырау күзде бөз-орман,
Базары тарқап бозарған.
Бұл шақта аспан атынан,
Бұлағай бұлттар сөз алған.

Тоңазиды әлем тоң майдай,
Қабағында бір тоң бардай.
Жас талдар жалқау сілкінер,
Жауында қалған торғайдай.

Көк айыл бұлттар күркірер,
Кеудесі қайнап күрсінер,
Көңіліңнің құртын қозғаса,
Қытықтап өтіп түлкі жел.
Мынау сүреңсіз күздің марқау кейпі көз алдыға дәл келіп тұр. Табиғат суретін ше­­бер өрнектейтін, образбен сөйлеп, об­­разбен ой суыртпақтайтын бір ерек­ше­­лік Ұлықбекте едәуір ширап жетілгені анық. Бірақ ақының табиғаттың көркем кө­рінісін, сұлулығын жай қызықтаудан гө­рі, оны жан әлемінің тартысымен көр­сету­ге бейімділігі басым.
Сыншы Аманкелді Кеңшілікұлының «Ұлық­бек Есдәулетовтың «Киіз кітап» атты жыр жинағындағы өлеңдерінің сұлулығы, ең алдымен, оның жан әлемінің та­би­ға­ты­мен байланысты» («Қазақты сүю», «Өнер» бас­пасы, 2008 жыл, 122-бет) деген пікірі едәуір таразы басын басады. Расында, ақын қандай тақырыпты жырласа да ішкі жан әлемінің тартысымен көрсетуге әуес. Ішкі ширығысты, ішкі жан уайымды ширатып беруге шебер.
Өртеніп өзек ашиды-ай,
Жуады жасың бетіңді.
Күзгі жапырақ жасындай,
Ғұмырың қалған секілді… (41-бет).
Мынау «жалаңаш қалған жарлы бақ» қа­ралы күй кешкен, «қайыңдар шашын жайып сап, жапырағын жоқтап тұрғандай» сү­реңсіз мезгілдің жабырқау шағы. Та­би­ғатқа ілесіп, адамның жаны бірге жылайды. Ойланасың… Алғы күнде не істеу ке­ре­ктігі жөнінде бағамдайсың.
Ым менен жым жең ұшынан жалғасқан,
Сұм дүние бір-бірімен арбасқан.
Көсемдердің қабақтарын қар басқан,
Шешендердің шудаларын шаң басқан.
Құсы құлап қаңырап бір қалды аспан!
Ақындардың жүрегінен қан қашқан,
Пақырлардың қалтыраған қолдары,
Жаратқанның жағасына жармасқан.
(«Заман-ай», 82-бет).
Не дейсің бұған, кейде Ұлықбектің де мұ­ңы бас айналдырады. Осы жағынан мұңшыл Мұқағалиға етене жақын. Бірақ оның мұңы сыртқа бұрқырап көзге оңай­дан көрінбейді. Ішкі ширығысында, жү­рек­тің түкпірінде жатыр, бірде мұңшыл бо­лып елестейді. Осыған әкеп жоғарыда айт­қан ойшыл ақын, тапқыр ақын деген ба­ғамызды қоссақ, Ұлықбек ақынның та­биғаты тұлғалана береді. «Қалада – тә­нім, ауылда – жаным, жүрегім, жырым, ар­маным – дала» деген Ұлықбек ақынның құ­быланамасы бізге де адаспаудың бағ­да­рын сілтейді.
Мақаламыздың басында «Жеменей өзе­ні» өлеңіне бекер үңілгеміз жоқ. Ақын­ның бар шеберлігі осындай ойлы жырлар­дан байқалатынын меңзеу еді. Ұлықбек өзі де алғашқы жырларынан-ақ жаңаша сөйлеуге ұмтылған ақын. Алакеуім кешкі далада арба үстінде айнала табиғатқа қы­зыға қарап келе жатқан қиялшыл не­мересіне атасы былай дейді:
Батысқа, балам, қызықпа,
Батқан күн – біздің күніміз.
Көкжиек деген сызыққа,
Сіңгенше ғана тіріміз.

Уақыт зулап улы оқтай,
Уатып өтер төзімді.
Сондықтан, балам, күн батпай,
Айтып қал айтар сөзіңді.
(«Заман-ай», 1-бет).
Жан езетін, жүректі солқ еткізер ащы сөз, үнсіз ойланасың. Атаның мұңлы кө­кі­регі қарс айырылып тұр. Демі дірілдеп, кө­кірегі деміккен қарттың батқан күнмен бір­ге көзі қарауытып барады. Бала да ой­лана бастағандай, әуелі біз де ойлана бас­тадық.
Қарашығында мұң тұрды,
Аядым қартты құнысқан.
Қайырылып артқа күрсінді,
Таң іздегендей шығыстан.
Шал азабы – жан азабы екен. «Күн- ба­­тысты қараңғылық қаптаған», «Күн-шы­ғыс­тан таң келеді – мен келем» – де­меу­ші ме еді Мағжан ақын. Мағжан аң­саған күн­шығысты Ұлықбек те шырамытады. Ұлы ақынның қоламта ойларына алыстан сарын қосады. Ұлықбектің алғашқы жырлау жүйесі, міне, осындай жаңаша ойлаудан бастау алған.
Мұндай тосын ой айту Ұлықбектің «Бұ­рыш­қа тұр», «Қасқыр мінез», «Ескерткіш жу­ған әйел», «Жүрегімді ауырттың» қа­тар­лы өлеңдерінен де сыр береді. «Бұрышқа тұр» да тентек ұлдың әредік еркелігін кө­те­ре алмаған әке, оны үнемі бұрышқа тұр­ғызып қойып, жазалап жатады. Бүгін де: «Тұр бұрышқа!» – деп ақырып тұр. Жа­за­­ланған тентектің ойы сан-саққа жү­гі­ре­ді. «Тусам егер үй-күйсіз жабайы боп…», «мен өскенде бұрышсыз үй тұрғы­зам» – деуі де бұрышты жек көруі, бұрыш­қа кек­тенуі еді. Ақын сол тентекті аяды ма, бері қайыр ойларға белшесінен батты ма?
Ендігі ойды былай қорытады:
Сол тентекке жанымның хошы келген,
Еркелігін мен болсам кешірер ме ем?
Шіркін, оның бабасы бақытты ғой,
Бұрышы жоқ үйлерде өсіп-өнген.
(«Заман-ай», 83-бет).
Оқырманды ойға қалдыру осыдан ар­тық болмас. Ақынның күтпеген жерден ой тауып, жүректі шым еткізетін шеберлігі осы­лай толқын атады. «Қасқыр мінезі» – қа­сарма ерліктің жыры. Етек- жеңі жи­на­қы осы жырда Ұлықбек өзінің ақындық мі­незін айқын байқатқан.
Қақпанға түскен қасқыр қапы қалып,
Шайнады өз аяғын жатып алып.
Кеудесін қара түннің күйдіреді,
Күйінген көздерінің оты жанып.

Қасарған қақпанды да қауып көріп,
Ырылдап, қанды езуден ағып көбік.
Ызадан қалш-қалш етіп тың тыңдайды,
Қайырымсыз қара түннен қауіптеніп…
(«Жүректегі жарылыстар», 232-бет). 
Ызадан жарылардай болып жанталас­қан қан­ды ауыз қасқырдың мүшкіл халі осы. Өлім­ге мойынсұнғысы келмейді. «Қан­жар­дай азулары қарш-қарш етіп, қай­ран­сыз қайран арлан жанталасып» жатыр. «Қасқырлық намысымен жан ұшырады». Бар ойы ажалдан құтылу, ертеңгі тірлік үшін күресу керек.
Қарамай қан қақсаған жарасына,
Аяғын шайнап үзді аласұра.
Өз қолын өзі кесер сол мінезді,
Адамның берер ме еді баласына!
Міне, бұл – қасқырдың мінезі. Өтке­ніңді есіңе түсіреді. Басқа түскен тағдыр мен қар­сыласқан ерліктің рухы, көкжал тір­лік­тің қаһары. Ақын сондай қасарма ер­лікті іздейді.
Ал ақынның «Ескерткіш жуған әйел» өле­ңін де көңілмен оқып, көкейге күй ғып қон­дырасың. Алматының шығысындағы тау­лы қыратта тау мүсінді бір ақынның ес­керткіші тұр. «Боз жусан мен селеу ке­шіп, басынан будақ-будақ өлең көшіп» тұр­ған ақынның ескерткішін бір әйел ақ са­бынмен жуып жатыр.

Оранды ақша бұлтқа ақын бір сәт,
Сүртті әйел,
Ақ жібекпен басын қымтап.
Көрді әлем ескерткіштің жылағанын,
Көзінен мөлт-мөлт етіп асыл бұршақ.

Арзымас асылың не, күмісің не,
Тіршілік көз жасының тұр ішінде.
Мүсінді сүйді сонда мұңлық әйел,
Сүйе алмай қалды мекен тірісінде?
(«Заман-ай», 50-бет). 
Өлеңге түсіндірме жасап, бояуын ке­тір­мейік. Өлең өз тілімен әдемі сөйлеп тұр. Махаббатты жырлау осындай-ақ болар. Бұл – адам жанын езгілеген ға­шық­тың ария­сы. Абайдың: «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» дегенін дәлелдеп тұрған жоқ па? Біл­сең де айта алмайсың… Өз-өзіңнен күр­сініп, ойға батасың.
Оқырманды ойға қалдырған өлең оңай­дан жатталып қалатын секілді. Кейде ақынды ақын таниды деген пәтуәға ила­нып қаласың. Бір кезде дарабоз айтыс ақыны Құрманбек Зейтінғазыұлы өлең тапқандай шаршы топтың алдында:
Жүрегімді ауырттың ғой, жарығым,
Аласұрдым, алпарыстым, арыдым.
Тағдырымды бүгін ғана таныдым,
Бәрі уайым, бәрі күмән, бәрі мұң, – деп бір өлеңді оқи жөнелді. Бар болғаны бес-ақ шумақ өлең соңына шыққанда дүйім ел шу ете түсті. Біреу күлді, біреу бас шайқады.
Жүрегімді ауырттың ғой, бұлам-ай,
Жалғыз өзің бастағанда бұлағай.
Күрсінемін: «қайтсін-ау деп жыламай,
Төрт әйелі түтіп жеген ұлы Абай!»
(«Заман-ай»,75-бет).
«Құраға, мынауыңыз Ұлықбек қой!» – дедім. «Дұрыс айтасың, сол жігіт ақын екен!» деді. Расында, бұл өлең еркек біт­кен­нің жанына майдай жағады. Біреудің күліп, біреудің бас шайқауы да тегін емес. Ол жағын қоя тұрып, бір ғана Абайды ой­лайықшы. Абай өмірін жақсы білеміз деп жүргенде, Абайдың мұңын «төрт әйелдің тү­тіп жегенінен» іздеген Ұлықбекше ойлану бізде бола қойған жоқ. Өлеңде мөлдір мұң да бар, әдемі әзіл де бар. Осыны тү­сін­ген Құрманбек ақын да Ұлықбекті «ақын екен!» деп ағынан жарылып отыр.
Мұндай ойлар Ұлықбек өлеңдерінде ал­ған тақырыбына қарай түрленіп отырады. Өмірде бәріміздің де сезіп, білгеніміз аз емес шығар. Бірақ біліп тұрып, айта ал­­­майтынымыз тағы бар. Ал, білмей­тіні­міз­­ді біреу айтса, «білгір екен» демеске ша­рамыз жоқ. Кейде Ұлықбек осы біл­гір­лігі­мен дараланып көзге түседі. Сонымен қо­са, ойға шырақ болардай жақұт меруерттер, образды оралымдар, тентек, ши­рақы тіркестер Ұлықбекте жетіп асады. Бұны да қызықтап оқып көрелік: «Қыр үстін өртеп отымен, қырмызы жүзбен күн бат­ты», «мамырлап суға қонған көктің бұл­ты, манаурап ұйқысынан айықпады», «жа­ғада жаққан оттың көк түтіні, ақ бұлт­ты арқандап тұр аспандағы», «менің де нө­­серлейтін мінезім бар, кеудемде на­жа­ғайлы аспан көшкен», «тамшы боп тере­зең­ді қаққан сонда, дүрсілін жүрегімнің естімеп пе ең?», «ту сыртымнан үп еткенде самал жел, елеңдеймін сен шығар деп күр­сінген», «күн астында күмбірлесе кү­міс су, сенің күлкің естілгендей қуанам», «ме­нің-дағы жұлдыз толды көзіме, қара­ғым-ау қалай жұлып тастармын», «қазақ деген бір ел бар «құдай атқан», күн оятпай жү­регін түн оятқан», «қазақ деген бір ел бар атқа мінген, жұлдыздар мен жел тілін жатқа білген», «итжығыс іштің толқыны, бір-бірімен алысып», «ернін тістеп ұят тұр, тіс жаруға жарамай», «ақындар ғашық бол­маса, ақыр заманның жеткені»… Бұн­дай ойлы жолдар мен көркем нақыштарды тізіп тауыса алмайсың. Ұлықбек ақынның ойлау жүйесі мен шеберлігінің үндескен сәті осындай.
«Заман-айды» ақтарып отырып, өзінің шын сырын бүкпесіз айтқан «Менің фами­лиям» мен «Екінші Ұлықбек» деген өлең­дер­ге соқпай өте алмадық. Бір қарағанда екі өлеңде де әдемі әзіл, оның астарында сы­рын ішіне бүккен ащы мысқыл бар. Өлең­ді алдында күліп оқысаң, артынан ой­ға батасың. Ақынның емеуріні өзін ай­ғақ­тау емес, сырым да, шыным да осы деп тұрғандай. «Менің фамилиям» да Есдәулетов деген фамилиямен Алматыға жеткен бала ақын біраз лепіріп алады. Сүй­тіп жүргенде сақшының қолына түсіп, «фа­милияңды былғамай жүр» – деп ескерту алады. Бақса, «мен білмейтін Ес­дәу­ле­тов, бастығы екен түрменің» болып шы­ға­ды. Тағы бір жолы Мұқағали ақынға еріп үйіне барады. Мұқағали: «Есдәулеттің ба­ласы» деп Лашын жеңгесіне таныстыра­ды. Лашын жеңгесі «Бармысың, бауырым!» деп бауырына басады. Қазан кө­те­ріп, дәм береді. Мырс-мырс күлген Мұқаң да «үн­деме» дейді. Осылайша Мұқа­ға­лидың бал­дызы болып шыға келеді.
Алматыдан Мәскеу кетіп,
Байсалды бір күйге ендім.
Ақын Ұлықбек Есдәулетов,
Деген атқа үйрендім.

Түрмешінің жалғызының,
Түспесе де құны әлі.
Мұқағали балдызымын,
Дей салғым кеп тұрады!
(«Заман-ай»,71-бет).
Есдәулетов деген фамилияның әлегіне күл­меске әддіңіз жоқ.
Әңгіменің бәрі осы күлкіде тұр. Күл­кі­нің арғы жағы ойға жетелейді… Мұқаға­ли­дай арқалы ақынның «балдызымын» деп жар салғаннан Ұлықбек ұтпаса, ұтыл­ған жоқ. Ал, «Екінші Ұлықбек» оны тағы бір қырынан танытады. Өлеңде Тұманбай ақын мінбеге шығып алып: «Ұлықбек өзімнен кейінгі талантты, мықты ақын», Өте­жан ақын: «Өзіме жетіп жығылар ке­ре­­мет ақын», – деп мақтауын асырса, Кең­­ші­лік ақын: «Қазақтың тілін білетін, өзім­нен кейін сен ғана», – деп арқасынан қа­ғады. Одан кейін де талайлар мақтайды. Бәрі де өзінен кейінгі «екінші ақын» деп таниды. «Ақындар бығып жатқанда, екін­ші болсам жаман ба?!» деген қанағат­шы­лыққа риза боласың. Десе де Ұлықбектің сөзі бөлек:
Ұлылық сырын ашатын
Шетінен түгел ең дана,
Ақынның бәрі бас ақын,
Екінші – жалғыз мен ғана.

Бас изеп тұрып, мақұл боп,
Бәріне ашық пейіліммен,
«Өзімнен соңғы ақын»деп,
Абай да айтса деймін мен! (74-бет).
Өлеңде мысқыл бар, шымшыманың астарында шындық барына сенсек, бұл өлең ақынбыз деп, «қой санап» жүр­ген­дерге ой салар. Абайдан кейін Ұлықбек деу де артықтау болар, бірақ ақынның бә­рі бірінші болған бұл заманда, бізді олар­дан гөрі «екінші ақын Ұлықбек» қы­зық­тырады. Өзіне өзгеше күшпен құш­тарландырады. Оның «Заман-ай» кітабін па­рақтап отырып, осындай ойларға ке­нелдік.
Туған жерін тұғыртас қылып, туған елін басына көтеріп, соның айбоз ба­қыт­ты шағын көркем жырымен мөлдіретіп жет­кізген Ұлықбек ел жүрегіне осылай жол тартты. Оның қапа көңілі мен дертті жү­регі де елге деген махаббаттан туын­да­­ған. «Қара пимасы» арқылы қазақтың ба­сына төнген Алқакөл сұламаның, қа­сі­ретті дертін толғап, жартыкеш жанымызды емдеген, «Жеменей өзені» арқылы жер бауырлаған елдік рухымызды оятқан, туған ауылдың тұнығы мен ондағы адам­дардың жан сұлулығынан сусындатқан, ар­зан сөзден ат-тонын ала қашып, маржан сөзден асыл сарай салған Ұлықбек – қазақ жырының алдаспан ақынына ай­налды.
Адамның бәрі туыс, бәрі бауыр,
Көтерер қайғыны да халық ауыр.
Адамзат аманатын арқалаумен,
Арқасы ақындардың әлі жауыр! – деп өзі айтқандай, елінің бақытын тілеп, ада­м­­зат­тың аманатын арқалап, поэ­зия­мыз­дың марқасқа жолында жүк көтеріп келе жат­қан қара атанның төрт тұрманы түгел бол­ғай.

Ыдырыс Әділқанов,

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар