//

Ғалым Боқаш: Мұхтар Мағауин ақсақалмен әңгімелесіп қайттым

930 рет қаралды
2

1545838_10152114506164070_926535700_nӨткен сенбі Карловы Варыға арнайы барып Мұхтар Мағауин ақсақалмен әңгімелесіп қайттым. Қазақтың көзі тірі классик жазушысының дәл іргесінде тұрып айлап жүздесе алмай қалатыныма қынжылам. “Шыңғысхан” тарихи деректі романының үшінші кітабын жазып бітуге таяу екен. “Бестен бірі ғана қалды” деді. Абайдың қолжазбалары туралы, қыпшақтар мен Византияның қарым-қатынасы жайлы, Моғол империясы туралы әңгімелестік.
Абайдың өлеңдері мен аудармаларын қадым жазудан кириллицаға қотару кезінде кеткен көптеген қателіктердің сол қалпында әлі басылып жатқанын айтып налыңқырап отырды. Мысалы “Қараңғы түнде тау қалғып” емес “Қараңғы түсе тау қалғып, ұйқыға кетер балбырап. Даланы жым-жырт, дел-сал қып, түн басады салбырап” болуы тиіс екенін айтты. “Қолжазба бойынша да, қисын бойынша да солай. Әуелі қараңғы түсіп тау қалғиды, сосын ретімен түн басады” деп дәйектеп отырды сөзін. “Бірақ қолжазбасына жасалған қиянат бойынша ең алда тұрған “жолсыз” ақын Шәкерім” деді.

Адамзат тағдыры үшін маңызы зор болған тарихи бетбұрыстарға кейде бір қарағанда өте ұсақ көрінетін жайттар себеп болып кететіні туралы ойын айтты. Мәселен печенегтердің XI ғасырдың басында Византияға жасаған жорығына қосылуға алыстан кешігіп жеткен қалың қыпшақ әскеріне одақтас ретінде сұраған сауғасын бермей қойып ренжітіп, өздері қыпшақтардың шапқынына ұшырағанын, ең соңында Византия мен қыпшақтардың печенегтерді біржола талқандағаны туралы әңгімеледі. “Печенегтер стратегия жағынан көреген боп, қыпшақтармен біржола одақтасқанда Византия сол ғасырда-ақ құлап, Еуропаның тарихы мүлдем басқаша дамыр еді. Тұтас бір жауынгер елдің түбіне сауға жетті” деп бір қайырды.

Мұхтар Мағауин сияқты тұлғалармен сөйлескенде тарихтың құдыретін еріксіз сезінесің. Жүздеген жыл бұрынғы Еуразиядағы жер-су аттары, адам есімдері мен тарихи детальдардың тап-тұйнақтай қоймасына айналған эпикалық жады таң қалдырады. Мұндай адамдар көпшілігіміз құсап бір ғана уақыт кеңістігінде тұрып жатқан жоқ. Әр сөзінен тарихтың өткен шақ, осы шақ пен келер шақтан тыс жатқан, дәл заңдылықтарға бағынатын мәңгі әлем екенін байқалады. Сол себепті де шығар бұл ақсақалдың қазіргі саяси оқиғаларға да сергек көзбен қарап, батыл түрде баға беріп отырғаны.

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Ғалеке! Ағаны бәріміз сыйлаймыз, Бұл рас. Бірақ, Мұхаң ана кезде қазақтың арғын, найман, уақ, қыпшақ, шапырашты, сіргелі секілді руларын қарақытайлардың қатарына қосып жазғанын оқыдық. Қарақытайың Шыңғысхан тұсында жойылды емес пе? Көздерін наймандар құртты дескен тарихшылар сол пікір алыста. Одан бері 800 жыл өтіпті. Ендеше Мұхаңдікі қай жорық? Қазақты алалауды “классиктер” көтеріп жатса жетіскен екенбіз. Бұл жағын неге жазбайсыз?

  2. Қазақтың екі жақсысы кездессе – жақсылық, нұр шашады, екі жамані кездессе -сатқындық, кір шашады!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар