///

Қайрат Бодауханұлы: Көш тоқтаған жоқ

803 рет қаралды
1

DSC03905 Қайрат Бодауханұлы онлайн конференция сұрақтарына барынша жан-жақты жауап беруге тырысыпты. Әсіресе, көші-қон төңірегіндегі түйткілдерге айрқыша тоқталған екен. Айталық, «Мемлекет саясаты, Елбасының саясаты теріс болған жоқ: мәселе сол саясаттың құқықтық және ұйымдастыру,  іске асыру тетігінің жіберген орасан қателігінде. Ақыры, ол «жемқорлықтың», бітпес «даудың» ордасы болып кетті. Ал, Елбасына, Үкіметке тіптен басқа ақпарлар мен «дәлелдемелер» беріліп отырды. Ақыры, оралман «кінәлі» болып шыға келді. Бұл біздің қоғамдағы үлкен індет. Көпке шашылған топырақ ешуақытта иесін таппайды. Демек, миллиондаған тағдырды «қылмыскер, жалқау, қашқын» деп баға  беру қоғамның қателігі ме, саясаттың айласы ма? әлде биліктің айласы ма? Ол ақылы барға түсінікті!», – дейді ол. 

Қадірменді ағайын, ой-пікір бөлісіп қатысқандарыңызға алғыс білдіремін!

Көш тақырыбындағы сұрақтарға орай:

Қазақ тағдыры ықлым заманнан «Көш» деген ұғыммен егіз! Қазаққа Алтайдан Атырауға, Есілден Жайыққа дейінгі ұлан байтақ аумақты ешкім сыйға тартқан жоқ. Алладан берілген енші деп айтсақ та, еншіні ешкім жай ала салмайды. Оған ең бірінші лайық іс әрекет, шексіз жігер, үлкен мақсат ғана жеткізеді. Демек, қазақ халқының «Көшінің» өзі осы байтақ даланың еркін иесі екендігін дәлелдеп, оны «найзаның ұшымен, білектің күшімен» қорғап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізді. Ал, бүгінгі ұрпақтың мұраты осы аманатты қиянаттан қорғау! Жаhандану үрдісі әлемді шыр айналдырып бөліске салған мынау ғасырда «білектің күші»  емес рухани күштің, ішкі дүниенің, ақыл парасаттың талқыға салынып жатқаны белгілі.

Ал, тәуелсіздік жылдарында елге оралған миллион қазақ тағдырына риза! Шеттегі 5,0 млн. қазақтың да арманы Қазақ елінің тыныштығы мен көк туының мәңгіге желбіреуі! Алмас Ахметбекұлының «…Таласқа түссе жан мен ту, жан емес, маған керегі – Көк тудың желбірегені» деп жырлауы әр қазақтың, әсіресе Атамекеннен жырақтағы әр қазақтың жүрек үні деп есептеймін. Қазақ көшінің Заң бойынша «уақытша» болсын тоқтатылуы қазақ үнін, асқақ рухын тоқтату емес. Қайта қазақты онан әрмен жігерлендіріп, намысын оятып, оқиғаны әр қырынан саралауға мүмкіндік берді-ау деймін.

– Сізге екі сұрау:
1) Неге Н.Назарбаев басқарған Қазақстан КСР тәелсіздікті 1991 жыл 16 желтоқсанда, яғный 8 желтоқсанда Беловеж тоғайында КСРО тарқатылып ТМД түзілгеннен, 13 желтоқсанда Ашхабадта тәуелсіздігін әлде қашан жариялаған Өзбекстан, Тәжікстан, Түркпеністан республикалары және жоқ болып кеткен КСРО республикасы статусында болып қалған Қазақстан басшылары жыйналып ТМДға кіру ниеттерін білдіргеннен кейін ғана жариялады?
2) Неге Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 1991 жылдағы сырт елдердегі қазақтарға жолдаған хатындағы: «…Сіздермен атамекенде табысатын, емін-еркін қауышатын күнге тезірек жетейік… », – деген сөздері өтірік болып шығып, сырт елдердегі қазақтар керек болмай қалды?

– Мәселе, 20 жыл ішінде «Қазақты әкеліп жатырмыз..» деп ұрандатқан іс-әрекеттің кең етек алып науқаншылыққа айналуы, ал, ағайынның кейде «Мен келдім» деп түсінбеушіліктен орынсыз әуре –сарсаңға салынып, екіұшты күй кешуі біраз мәселелерді қордаландырып, қоғамдық тұрғыда әр түрлі жаңсақ пікірлердің туындауына, соңынан оны «саясатқа да» айналдырып, бір қазақты екіге бөлуге дейін жақындағаны белгілі. Бірақ, мың өліп мың тірілген қазақтың бірлігі одан болып кетпейді. Демек, қазақтың көші ешуақытта ұранмен, жар салумен емес ойластырылған үлкен саясатпен, салиқалы іс-әрекетпен жүргізіліп келгенін, оның саяси мәнін түсінбедік. Ал, басқалар мұні жақсы пайдаланып, сына қаға бастады…. Бірақ, қайталап айтамын, көш тоқтаған жоқ, Тәуелсіз Қазақ Елі тұрғанда қазақтың келу, кетуіне ешуақытта тосқауыл болмақ емес. ОЛ күн артта қалған.

– Келген ағайынның Қазақ қоғамына қосқан үлесін саралауға ешкімнің де ақылы, есебі жетпейді. Келген әр қазақ – Қазақ елінің шексіз байлығы. Ал, халықтың байлығы материалдық тұрғыдан немесе белгілі цифрамен өлшенбейді. Сондықтан, келген әр қазақты ішінен еншілеп алып мынау мұншама үлес қосты деп  жеке баға берудің өзі жансақ пікір дер едім. Бір ғана мысал, 1991 жылы 6 баласымен қоныс аударған қарапайым бір ғана отбасы 20 жылда 5 отбасы,  27 адам болып өскен. Бәрі дін аман, білім алып, еңбек етіп бақытты ғұмір кешуде. Яғни, 4,5 есе өскен!

– Жергілікті қазақтан ажырамайық, бөлектенбейік деп келгендеріміздің пайдасы болған жоқ.
20 жылдан өтседе «өзбек», «қалпақ», «монғол» т.б. болып келе жатырмыз. Елге оралған қазақтың (оралмандардың) мүддесін қорғау үшін саяси партия жаратуға қалай қарайсыз?

– Жалпы шеттегі қазақ  жүрегі, ішкі дүниесі бастапқыда ерекше толқыныспен, басқа бір екпінмен, елге, қазақ халқына деген үлкен сағынышпен шекара аттаған еді. Қателік, осы көңілді ешбір бояу, бүкпесіз таза ниетпен, табиғи мінезбен қабылдап алу басты бағытта болуы керек еді. Мемлекет саясаты, Елбасының саясаты теріс болған жоқ: мәселе сол саясаттың құқықтық және ұйымдастыру,  іске асыру тетігінің жіберген орасан қателігінде. Ақыры, ол «жемқорлықтың», бітпес «даудың» ордасы болып кетті. Ал, Елбасына, Үкіметке тіптен басқа ақпарлар мен «дәлелдемелер» беріліп отырды. Ақыры, оралман «кінәлі» болып шыға келді. Бұл біздің қоғамдағы үлкен індет. Көпке шашылған топырақ ешуақытта иесін таппайды. Демек, миллиондаған тағдырды «қылмыскер, жалқау, қашқын» деп баға  беру қоғамның қателігі ме, саясаттың айласы ма? әлде биліктің айласы ма? Ол ақылы барға түсінікті!

Ал, Сізді «өзбек», «моңғол», «қалпақ» дегенге арланбаңыз! Қайта өзіңіздің елге, Отанға деген жан дүниеңіздің, жүрегіңіздің тазалығын сақтап, әлсіздік, сауатсыздық танытқан ағайынға жанашырлық танытыңыз! Білмеген у ішеді деген сөз бар!

– Қайреке! Мемлекеттік көш-қон саясатын үлкен үлес қосқан екі адам болса соның бірісіз! біреу болса соның өзісіз. Ол шындық. Көш-қон саясатын арнайы зерттеу ғылыми дәреже қорғадыңыз. Сіздің пікіріңізді білгісіз келеді, кәнігі кәсіби маман, ғалым ретінде, қайраткер ретінде де. Сауалым:
1. Көш-қон Доктринасы, концепциясы бар ма? Стратегиялық басым бағыттары не?
2. Көші-қон заңын жетілдірудің жолдары қалай?
3. Оны жүзеге асыруджың тетіктері не? Кезінде тікелей Президентке есеп беретін құзыры үлкен Агенттік болса деген пікіріңіз әлі күшінде ме?
4. Оралмандарды көлеңкелі жағынан көрсететін тенденцияны қоздырушы топтар күштер бар деп ойлайсыз ба? Оралман деген елдің ертеңі үшін мүдделі “болғанда өзі қазақ, бабасы қазақ” елдікті ардақтайтын жандар мен патриот қазақтардың арасына от жағу әдейі арандататын сияқты. Ерімбетов айтқандай “қазақты жіліктеп біттік, енді бұтарлап мүшелеуге көштік” деген ащы пікірі қазақтың елдігі мен бірлігіне, арысы Президент көтеріп отырған “Мәңгі Едл” мұратына нұқсан келтіретін сияқты. Осы жолдан арылу үшін не істеу керек екендігі Сізге жақсы мәлім шығар. Ойыңызбен бөлісесіз бе?

– Көші-қон Доктринасы жоқ, Концепция бар! Өкініштісі ол қағаз бетіне түскенмен, тартпадан шықпаған студенттің қарапайым реферат жұмысы деңгейінде қалды десем ешкімнің намысы келмес! Себебі, шындық солай! Концепция таза Ресейдің тұжырымдамасынан үзіп, жарып қотарылған бос сөздер! Жалпы Ресейден қотару, соған еліктеу біздің індет! Шын мәнісінде Ресейдің өзінде Заңдардың, тұжырымдамалар мен бағдарламалардың орындалуы өте ауыр, бұл макулатураға басылған, көзбояушылығы басымырақ мемлекет!  Сочи олимпиадасының өзі Ресейдің жүзін әлемге айдай етіп ашып жатыр ғой! Мен кеше ғана рқақзақ радиосынан Үкімет сағаты отырыс туралы ақпарат тыңдадым, «КазАГРО» Ұлттық компаниясының өкілі біз малдың жемін дайындауға байланысты Ресейден маман әкеліп жұмысқа кірістік, енді жем арзандайды, сосын малымыз өседі, демек экспортқа 60,0 мың тонна ет шығаруды шешеміз дейді. Міне, біз әр Бағдарламаны осылай іске асырамыз! Кезінде қабылданған Көші-қон Бағдарламасы да осылай іске асқан. Яғни, тәжірибе дайын. Есеп қағазбен тапсырылып, қабылданып кеткен.

Ал, 1997 жылы қабылданған «Халықтың көші-қоны» туралы ҚР Заңында басты бағытта Басқару, ұйымдастыру жүйесін дұрыс құру белгіленген болатын. Агенттік құрылғанмен, басқару тетігі ойынға айналып кетті. Көші-қон бір мәнсаптан босаған чиновникке немесе келесі мансапқа дайындық көпірі болып қалыптасты. Оны, нақтылы түсініп, жан-тәнімен, ықылас-ынтасымен атқаратын тегеурінді, намысы терең тізгінші бұйырмады. Келді, жеді, шашты, пәлені жапты, кетті! 20 жыл бойы осы үрдіс, Әлі де солай! Ал, қазақ көші тек шеттегі қазаққа ғана керек сияқты саяси сауатсыз көзқарас әбден қалыптасты.

Ал, Президентке тікелей бағынатын құзыретті орган шеттегі қазақ үшін емес Қазақ Елінің «Мәңгілік Ел» саясаты үшін керек! Шеттегі қазаққа, оралманға өтірік аяушылық, жанашырлық таныту керек емес! Ол әуелі «басқа Бәле» болып кетеді! Қазақ мүсіркеуді, жағатсуды намысқа тию деп көреді…

Ерімбетовтің «қазақты жіліктеп біттік, енді бұтарлап бөлшектеуге көштік» дегені өте тауып айтылған сөз! Ішімізде «оралман», «ұлтшыл», саяси «сауатсыз», «мәдениетсіз»  деген жіліктерді мүжіп, мәз болып жүрміз. Бұл белгілі бағыт алып, қоғамға орнығып үлгірген, тамыры терең саяси топтың жүзеге асырып жатқан мақсатты іс әрекеттері. Оны бәріміз білеміз, сөйте тұра естімеген, көрмеген сыңай танытамыз. Кейде тіпті, талқылап алып, айнала бере тонымызды аударып кие қоямыз. Осы жалтақтықтан арылатын уақыт келді. Тағы бір қателік, билік пен халық арасындағы бос кеңістік. Бұл азаматтың пікірі мен санасына кері әсерін тигізумен қатар биліктің халықты өзіне бағынышты ету, жалындыру, жалтақтау, жағымпаздану көріністерін туындатып, «ептеп алып қалсам» деген дүниеауи сезімін көбірек оятып, рухани болмысын әлсіретіп отыр. Бұл әдет кеше ғана шекара аттаған, басында үй, бауырында қазаны жоқ оралманға көрсетіп отырған «өмір сүру тәжірибеміз»

Біз жаңа әлемдік өзгерістердің кезеңіндеміз. Халықтың табиғи қозғалысы, қайда тұрып, қайда тіршілік етуі уақыт өткен сайын еркін болып барады. Бұл жаhандық үрдіс. Ал, қазақтардың да қазақ еліне келуін шектеу мүмкін емес. Қайта шектеу арқылы мемлекет өзінің әлемдік кеңістіктегі ролін төмендетумен қатар ратифицияланған халықаралық заңдарға да қайшылық туындатаны белгілі. Атамекенге келген ағайынға 4 жыл бойы «басқа» деп қараса не болатыны түсінікті. Ол әлеуметтік ішкі қайшылықтарды туындатумен қатар қылмыстың, заңсыз іс әрекеттердің, жемқорлықтың қоржынын толтырады.. Қайта, тез арада азаматтық беру арқылы келген адамның қоғамға тез сіңісуіне,жауапкершілікті сезінуіне, өмірге араласуына жол ашқан болар едік. Сондықтан, бұл ұзаққа апармайтын, қисынсыз  шешім дер едім.

– Қайрат мырза, Қытай өкіметінің рұқсатымен шетелдерге шығатын азаматтар заң алдында таза адамдар болып есептеледі. Сотталған, істі болған адамынан қытай өкіметі қауіптеніп сыртқа шығармайды есеп. Алайда, Қазақстан өкіметі ҚХР-дан көшіп келіп жатқан ағайыннан қылмыс істемегені туралы анықтама-құжат сұрап қиын қылады. Ал, ол анықтаманы алу Қытайда мүмкін емес. Моңғолияда, Ресейде, Өзбекстанда,.т.б қазақтар қоныстанып отырған елдерде қандай? Бұл жайында не айтасыз?

–  Өте дұрыс айтасыз. Кез –келген мемлекет ел ішіндегі азаматтардың шетке шығуын қадағалайды. Паспорт сол үшін берілген басты құжат. Ал, арнайы қызмет шекарадан өтерде әр азаматтың паспорты арқылы ол туралы барлық дерек көздерін тексеріп отырады. Қандай да бір заңсыз іс-әрекеттерге байланысы болса, ол шекарадан шығарылмайды. Ал, қазақстанға келе жатқан қазақ үшін тіптен ерекше қадағалау бар. Себебі, ол қайтпауы мүмкін ғой!

Ал, ҚР ІІМ органдары көшіп келген ағайыннан «қылмысым жоқ» деген анықтама талап етеді. Бұл қолдан жасалған кедергінің бір түрі. Қаншама рет айтылғанмен нақтылы шешім жоқ!

…. Қазақ елі деген атау өте ұнамды. Өйткені, бұл осы мемлекеттің иесі қазақ халқының шаңырағына топтасқан қалың жұрттың киелі мекені екенін меңзейді.

«Мәңгілік Ел» деген ұғымның өзі осы Қазақ елінің мәңгілігін, біртұтастығын, берекелі ғұмырын паш ететін, оны қастерлеп, биік ұстайтын жалпы халықтың ішкі бірлігін білдірмей ме! Ал, қазақ халқы ғасырлар бойы осыны армандады, сол үшін жан алып, жан берісті, түпкі тыныштығы үшін бодан да болып, өз елінде 30 пайыз үлеске ғана ие болып та күн кешті. Енді есін жиып, еңсесін көтергенде сол кезеңнің ащысын ұмытпақ емес.

– Лауазымды қызметтің бәрі сатылатын елде шетелден мол ақшамен келіп қана әкім, министр болуға болады деген рас, өтірігі белгісіз әңгіме көп, сондай көзқарасқа қалай қарайсыз? Егер жинаған ақшаңыз 1 млн.$-ға жетсе, соны беріп министр бол десе, келісесіз бе?

– Лауазымды қызметті сатып алу етек алғаны көп айтылады, демек, бір қоғамдық формациядан екіншісіне ауысқан өтпелі дәуірде кең етек алатыны тарихпен дәлелденген, Патшалық Ресейдің қазақ жеріне отарлауы да ел ішіндегі белгілі топты шен-шекпенмен арбап, халықты ру-руға бөліп алып, берекесін кетіріп, сосын өз дегенін жасады емес пе. Советтік жүйе оны басқа қырынан жетілдіріп, ел қамын ойлап бас көтерер қаншама боздағымызды құрбан етіп, қалғанын қойша айдап басқарған жоқ па. Сол жүйенің сарқыншағынан әлі де болса құтыла алмай жатқанымызды жасырып қайтейік!

Ал, шетелден қазақ еліне лауазым іздеп келген ағайынды кездестіре алмадым. Өнер, ғылым саласының өкілдері сол ортада өз орнын таппай қалса қиналып жатады. Ал, кеңседе қалам ұстаған  қаншама маман иелері, қазақстанға келіп таяқ ұстап сақманшы болды емес пе! Ешқайсысы намыстанған жоқ. Арманы мәнсап болмағандықтан түсінді. Бүгін солардың ұрпақтары өсіп, өніп Қазақ елінің тарландары қатарында жүр. Ал, мансаптағы кейбір чиновниктердің сауатсыз іс-әрекеттері, арына тиіп қорлауы, өтірік мүсіркеуі ағайынның намысын қоздырған жағдайлар көп кездесті. Бұл олардың әділдік іздеп, жоғары төмен жүгіріп шағымдануына, яғни оралман «арызқой» деген жаңа мәнсап иесі атануына көмек болды. Берген парасына алған мәнсабы осы.

– Азаматтықтың орнына тұрақты тіркеу немесе ықтиярхаттың бірі беріледі деп еді, соның қайсысы атқарылады ? және қандай талаптармен соңғы жаңалықтар қандай екен ?

Жаңа Заң қабылдануына байланысты оралман мәртебесі бойынша берілетін құжаттар туралы жаңа Ереже шығуы тиіс. Сол бойынша құжат берілер. Ал, 4 жылға дейін ықтяирхатпен жүресіз. Ол, негізгі құжатыңыз. Квота берілмейтін болғандықтан оралман куәлігі сіздің қазақ екеніңізді ғана дәлелдеуші құжат есебінде болмақ. Оралман мәртебесі бойынша көрсетілетін көмек жеңілдіктер жоқ.  Қазіргі таңда Көші-қон комитеті нақтылы тәртіп, Ережелерді дайындап жатқан болар. Ол туралы нақтылы дерек жоқ. Ашығын айтсам, бұл органның қызметінен ерекше бір жаңалық күту де қиын.

Шеттен келген қазақ жастарынан лауазымды қызмет атқарып жүргендер жетеді. Балауса кезінде келіп, осында оқып, қалыптасқандардан болашақта министр де, әкім де шығады. Ал 40-50-ден кейін келгендерге лауазым берілмейтіні бар елді бар үрдіс дегенге қалай қарайсыз?

– Дұрыс айтасыз, Қазіргі таңда келген ағайынның ұрпақтары қоғамның барлық саласына сіңісіп, ел игілігіне толығымен араласып кетті. Міне, қазақ мұнан артық қандай бақытты аңсады. Мен бір оқиғаны айтып кеткім келеді. Алматы облысында кіші гірім ұрлыққа байланысқан  3-4 жігіттің ішінен шеттен келген ағайынның баласы «басты кінәлі» болып шықса керек. Ата-анасы шырылдап, жоғары төмен жүгіріп ештеңе жасай алмаған, жасырмай айтқанда «берері» болмаған. Ақыры сот процессі жүріліп, 1.5 жылға бас бостандығынан айырылыпты. Сондай әлгі жігіт: Мені бір моңғол, не қытай соттап жатса басынды деп арланар едім, бақыттымын, қазақтың түрмесі де менің үйім депті….

Әрине, егде адамдар үшін жұмысқа орналасу қиын. Бұл барлық қоғамда бар үрдіс. Оны халық түсінеді. Сондықтан, ерекше қиналып, назаланбайды да. Дегенмен, қалай да күнкөріс қамын жасап, тірлік етіп жатыр ғой. Қол жайып, қайыр сұрап қалған жан жоқ.

– Саланың қыр-сырын жақсы білетін қайраткер ретінді Оралмандардың кәсіпкерлікпен айналасу деңгейін қалай бағалайсыз. Орта, кіші бизнесте, шағын өндіріс кәсіпорын ашып, табысқа жеткендер көп пе? Оларға қолдау, жеңілдік, несие көрсетіле ме? Шеттегі техника, технологиясы болса алып келе ала ма, оған қолдау бар ма?
Екінші сауалым
Инновациялық бағыттағы дамудағы оралмандардың ролі, ізденісі, құлшынысы қалай?

– Жалпы мемлекеттің басты саясаты кімдер келіп жатыр, кім болады? деген сұрақтың жауабымен айналысу болуға тиіс еді ғой. Осыншама әкелдік, осыншама қаржы бердік орналастырдық деп жара салып «сандық» ееп беумен айналысып кеттік ғой. Кейде, келген оралманнан гөрі Голландиядан келген сиырлардың есебі нақтырақ па деп қаласың. 40,0 млрд. тенге ғана шашыппыз. Пайдасы беймәлім. Ал, келген ағайыннан қазақстанға не бердің? деп сұраймыз. Бір сиырдың құны 6000 АҚШ доллары екен. Бар әлемге жар салып жүріп бір ағайынға берген көмек қаржы 1000 АҚШ доллары мөлшерінде. Енді оны да артық көріп, азаматтықты да кестік. Демек, сиырдың бағы күшті екен.

Мемлекет шеттен келген ағайынның «өндіруші капитал» екенін есептей алмай дал. Әрине, олардың басым көпшілігі өз күштерімен көтеріліп, кәсіпкерлігін дамытып, ісін дөңгелетіп те әкетті. Банктен немесе Үкіметтен арнайы қолдау көрсетіліп, іс бастағандары саусақпен санарлықтай ғана. Өйткені, оларды басты қолдап демеуші көші-қон қызметі қауқарсыз болса, банкке қоятын кепілі болмаса, маңдайға жазылған «орысша» білмейтін мөрі болса қандай қолдау күтеді.

Инновациялық саясат енді қолға алынып жатыр ғой. Шеттен келген ғалымдардың маңызды жобалары іске асырылып, ел игілігіне жарайтын кезең келіп тұрған сияқты. Демек, шеттен жинаған тәжірибесін, меңгерген ісін ортаға салатын уақыт келді. Дәл, осы тұста мемлекеттік қолдау алу үшін тағы да «азамат емессің» дейді ғой. Оған жауабым жоқ. Айтсам өзің жылайсың, Шешімін кімнен сұрайсың деген осы….!,

– Отанға оралған оралмандар күні-бүгінге дейін қоғамға стихиялы түрде араласып келді. Яғни, жаңа келген оралмандардың әлеуметтік ортаға бірден сәйкесіп кетуі деген сияқтылар. Мәселен, тіл,өз құқығын заңмен қорғай алмау, т.б. Осы бір 23 жылда саннан саннан сапаға өтетін кез пысып жетілді. Оның объектив және субъектив екі жағынан қарастыруға болады: объектив жақта бізде қалталы азаматтар мен осында оқып түрлі салада мамандық иесі болған азаматтардың басын бір жерге қосып жұмыс істесек стихиялықтан жүйелікке өткен боламыз, өз үнімізді шығарып қоғамға ықпал ете аламыз. Бұл сөз қоғамға қарсы келу емес, қоғамда өз үнімізді шығарып, еліміздің көркейіп гүлденуіне үлес қосу деген ізгі ниеттен туындап отырған отаншыл азаматтық көзқарас. енді Қайрат аға сізге қоятын сұрағым түсінікті болған шығар. Осы жағын неге қолға алмасқа. Біздің бағыт-мақсатымыз бір арнаға ойысса дегендік. Қашанға дейін “ұшарымды жел біледі, қонарымды сай біледі деп жүре береміз!?

– Егер нақтылы ой пікір, мақсатты бағыт болса оны іске асыруға талпыну, ол үшін ой бөлісу, бірлесіп іс жасауға неге болмайды. Бұрын қоныс аударған ағайындар, әсіресе,  жастар үшін бұл тіптен жеңіл. Елбасының өзі «жанұялық бизнесті» дамытуды жолға қоюды ұсынды. Себебі, түсінікті ғой. Бизнесте ең басты талап мақсаттың тоғысуы. Сондықтан, ондай бағыттағы жұмыстарды «оқшаулану», «бөліну» деудің өзі Советтік жүйеден қалған сенбестік, яғни, қорқу ілімі.

– Көштің тоқтатылуына бірінші кезекте Кремльдің бұрйрығы берілді. Бұл бұйрықты орыстанған билік қуана орындауға кірісті. Өйткені қазақтар тым көбейіп кетсе орысша тәрбиеленіп жатқан балалары мен немерелері қазақтың ен байлығын еркін пайдалана алмай қалады.

Бұл пікіріңізге қосыла алмаймын. Біз 20 жыл ішінде еркінідігіміз бен бостандығымызды толық мойындадық, демек, басқаға да мойындаттық деген сөз.  Енді Москва бізге билік айтып осылай жасатты деп айту қисынсыз. Шындығын қусақ біздегі тіл, салт дәстүр, ұлттық болмысымызға біреулер кедергі жасап жатыр десек, тағы да өз қатесін басқадан іздеу індетіне әбден ұшырадық дей беріңіз! Емделу керек болады. Мәселе, өзін қазақпын деп айтудан арланатын «көпшіл», «халықшыл», «саяси сауатты» етіп көрсетуді өмірлік «кредо» етіп алған, науқас қазақтарда. Олар әуелі ұрпағын да солай тәрбиелеп жатыр. Қазақ мектепте оқитын, бірақ Абайдың бір сөзін ұқпайтын, «орысшасы» Пушкинді таңқалдыратын ұрпақ та өсіп жатқанын жасырып қайтеміз, Сол жағалауға барсаңыз әр аттаған сайын тауып аласыз. Міне, осы індеттен арылсақ деймін. Олар, қазақ көшіне, оралманға жан-тәнімен қарсы. Өйткені, ол оның «имиджін» түсіріп тұр ғой!

Бірақ, қазақ таңдау еркіндігін ешуақытта, ешкімге түбірімен берген емес. Қазақ көші, қазақ үні күн санап өрісін кеңейтіп, құшағын еркін сермей бермек.

– Ассалаумағалейкум қайрат аға. сізбен пікір алысуға қуаныштымын! сізге қояр сұрағым. астананың қасында салынатын нұрбесік шағын қалашықтан жер немесе үйді қалай алуға болады. қандай құжаттар керек және бағасы қанша тұрады. 2. кезінде мұңғыл елінен көптеген отбасын мемлекет өз қаражатымен көшіріп алып келген. қазір сол елден көшіп келем деген отбасы көп деп естиміз. бірақ келуге мүмкіндігі жоқ. сондай отбасыларды қалай көшіріп алуға болады. 3. неліктен шеттен келген оралмандар (ағайындардан) мәжіліске 1 депутат сайламасқа. 4. астананың қасындағы қоянды елді мекеннің әлеуметтік мәселелері қашан өз шешімін табады деп ойлайсыз?

– Астана аумағындағы ТҮК құрылысының бірінші кезеңі аяқталуға жақын. Ол жеке үйлер. Биылғы жылдан бастап көпқабатты тұрғын үйлер құрылысы басталмақ. Оған, тиісті инвесторлармен келісімдер жасалуда. Бұл үйлер ақылы, бірақ, құны нарықтық бағадан төмен болады. Сондықтан, тұрғын үй жинақ банкі арқылы өз атыңызға жинақтау жасай берсеңіз болады. Банкпен бұл жөнінде келістік. Біздің кеңсеге құжаттарыңызды тапсырып, тізімге енсеңіз дұрыс болады.

Моңғолиядан ғана емес жалпы шетелдерден арнайы көшіріп әкелу тоқтатылғалы да қаншама жыл болды ғой. Енді көшіріп әкелуді былай қойғанда өз бетімен келушілердің Қазақ елінің азаматы атануы мұң болып тұрған жоқ па? Алдағы уақыттарда көшіріп әкелу болады деп айту қиын. Мәселе, елге оралған ағайынның бөгетсіз азаматтық алып, еркін сезінуіне жол ашу. Осыдан екі-үш жыл бұрын ДЖҚҚ мен «Асар» қоғамының Павлодар облыстық бөлімшелері бірлесе отырып (З.Болат, Ә.Амантай атты азаматтардың басшылығымен) Моңғолиядан 200 ге тарта отбасын ұйымдастырып, көшіріп әкелген еді. Қаншама істер атқарылды. Өкінішке орай осындай игі бастамалар да қолдау таппады. Қазіргі уақытта сайлау жүйесі Партиялық тізімдер арқылы жүзеге асырылады немесе жеке азаматтар ат ұсынуға құқылы. Астана маңындағы Қоянды ауылының проблемалары күн тәртібіне қойылған, бұл жөнінде Парламентте, Ақмола облысы әкімшілігінде бағытты істер талқыланған болатын. Қазір, ауылға жаңа мектеп салынды, негізгі жолы жөндеуден өткізілді, ендігі кезекте ауыз су, әлеуметтік құрылымдар мәселесі де шешімін табуға тиіс.

– Қайреке, ел үшін атқарып жүрген игілікті ісіңіздің куәсіміз, сабырлы, парасатты, білікті сіз сияқты шет елден келген азаматтар көп, бүгінгі Қазақстан қоғамында ең құнсыз адам болып тұр ғой, соның ішінде оралмандар. Шет ел қазақтарына деген Қазақстан биілігінің салқындығының кесірінен жергілікті жерлерде өресітар, тілі мүкіс, орысша ойлайтын шенеуіктер оралманнан мүлде теріс айланып кетті, әуре сарсаң жетіп жатыр. Оның қайсыбірін айтайық.
Менің сұрағым:
1.Шет елде бұрмаланып, мүлде қате жазылған, ата-анасының азан шақырып қойған аты-жөнін қалай дұрыстап жаздырып алуға болады. Бұл мәселені айта-айта шаршадық.
2. Монғолияда төлқұжатқа әкесінің және өзінің аты ғана жазылады, тегі жоқ. Қандастарымыз ҚР-на келіп азаматтық алған кезде олардың айтқандарына еш құлақ ілмей, әкесінің атын тегі ретінде жазып жіберді. Осының салдарынан Монғолиядан келгендердің біреуінің де әкесі жоқ ылғи жетімдер болып қалды. Біз текке қызығып тұрғамыз жоқ. ҚР-дағы қолданыстағы төлқұжатта тегі жазылатын болғандықтан оған тегімізді жаздыруға мәжбүрміз. Әкеміздің атын бірыңғай тек ретінде жазуға қарсымыз. Осы мәселені шешу жолдары бар ма?

–  Дұрыс айтасыз. Бұл мәселе қаншама рет көтеріліп, айтылды. Кейде, осындай қарапайым бола тұра әр азаматтың тағдырын шешетін маңызды іске бейжай қарайтын жүйенің әлсіз іс әрекетіне ішің ашиды.   Ендігі кезекте әр азаматтың өз тегі мен аты, жөнін сот арқылы ғана түзетуі керек сияқты. Бұл өте күрделі мәселе. Жуырда ғана Көші-қон Комитеті жанынан ведомствоаралық тұрақты жұмыс тобын құру туралы мәселе қойылып жатқаны туралы ақпарат түсті. Бұл комиссияға барлық министрлік өкілдері қатыстырылмақ. Осы жұмыс тобының басты жоспарына Сіз көтеріп отырған мәселені енгізу керек деп ойлаймын. Оған мен де күш салып, кірісетін боламын. Сол арқылы ғана біржақты толық шешілуіне ықпал ету дұрыс болар. Бұл тек бір адамның ғана емес шеттен келген әр қазақтың басындағы үлкен проблема.

– Қайрат мырза, жоғарыдағы сұрақтардан байқап отырған болувңыз керек, Қазақ көшінің ендігі тағдыры жұртты қатты алаңдатады екен. Енді сіз және сіздің мұраттас жолдастарыңыз не істеу керек? Қайтсек бұл мәселеге Елбасы назары аударата аламыз?

Қазақ көшінің тоқырауы әр қазақтың жанын ауыртуы тиіс. Егер біз экономикалық мүмкіншілігімз төмен, халқымыздың саны әсіре өсіп кеткен, немесе, ағайынның алдында керемет «міндеттер» алып соны орындауға қауқарсыз күйге түскен, тіпті, шеттегі қазақтың Қазақ еліне қажеттілігі жоқ, немесе олардың елдігімізге «зияны басым» сияқты мәселелерді бастан кешіріп отырсақ мұндай күйзелісті айтпас едік. Геосаяси жағдайымыз, демографиялық ахуалымыз белгілі.

– Біздің шекаралық аймақтар мен өндірістік зоналарымызды дамытуға қажетті жұмыс күші 300,0 мың адам деген есепті кезінде Еңбек министрлігі мәлімдеген еді. Сондықтан, «Нұрлы КӨШ» Бағдарламасын жүзеге асыру арқылы квота санын жылына 20,0 мың отбасына дейін көбейту жоспарын да осы министрлік  ұсынғаны баршаға аян. Жемісін бүгін көріп, көшті тоқтатып, тіпті азаматтықты да шектедік. Айтар сөз жоқ. Мүмкін кезінде осы ұсынысты жасаған адам «әсіре ұлтшыл» болды ма, әлде есебі дұрыс емес пе? Онда ол чиновник жазалануы керек .ой. Ал, дұрыс болса ше? Онда кім осы іске бөгет жасады?

Елбасы 2020 жылға дейін халықтың санын 20 млн-ға жеткізу міндетін қойған. Мүмкін ол да теріс бағыт па? Онда ол бағытты жасап Елбасына енгізген «сатқын» кім? … Міне, осындай сұрақтар лек-лек, топ-тобымен ойға келіп, маза бермейді.

Бұл бейжай қарайтын мәселе емес… Елбасының алдына жеткізудің жолдары көп. Халық қалаулылары көзді жұмып бекітіп жібергенін естігенде, қандай күш тіреп тұр екен дестік… Бірақ, әлі жауабын тапқан жоқпыз. Президент те бұл мәселені жылы жауып қоймас деген үміттемін.. Өйткені, «Қазақ елі», «Мәңгілік ел» ұғымын әр ұрпақтың санасына құю, ұлттық болмысымызды баянды ету, отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеу мәселесін әр сөзінде айтып, шырылдап жүрген Елбасына осы Заңға қол қоюға қандай батыл алып барды десеңізші. Ол, нағыз Елбасының Жолдауларынан, менмлекеттің стратегиялық бағыттарынан бейхабар немесе тікелей қарсы адамның іс әрекеті деп ойлаймын.

Демек, Елбасы назарына жетер, жеткіземіз деп ойлаймын… Осы бағытта шырылдап жүрген азаматтарымыз да бар. БАҚ арқылы Ауыт Мұқибек атты азаматтың жанайқайы әр қазақтың үні деп есептеймін. Мұндай үн жеті қат көкті де тесіп ғарышқа  жетеді,

– Қайрат мырза, қалың қазақтың қаймағы бұзылмай ата-салт, дәстүр-ғұрыппен өмір сүріп отырған ортасы баянөлгей мен Қобда аймағы еді. Қазір сол өңірлерге Моңғол өкіметі ұлттық саясат ұстана бастады деп естиміз. Моңғол үкіметі не істесе де өз мемлекеті, оған қарсылығым жоқ, бірақ енді аз жылдардан соң моңғолиядағы қазақтар маңғұлданып, тілін, ділін ұмытып кетпей ме, қалай ойласыз?

– Жалпы әлемде әр мемлекет, ұлт жаhандану үрдісінен сақтану үшін өздерінің ұлттық болмыстарын дамыту арқылы «өзім үшін» идеясына көше бастады. Өздерін Демократияның Отаны деп дәріптейтін, әлемдегі ең «ашық саясат» жүргізуші АҚШ, Европа мемлекеттеріндегі шетелдіктерге, басқа ұлттарға деген көзқарас, көршілес Ресейдегі «орысшыл» топтардың іс әрекеті айқын дәлел. Мұндай үрдіс бұрыңғы ТМД мемлекеттерінде тіптен үрдіс алды… Моңғол үкіметі қазақтар тарихи Отанға қоныс аудара бастаған уақыттан бастап, бұл саясатты мықтап қолға алған болатын.. Қазір тіптен ашық қарқын ала бастады. Қазақ көшінің тоқырауы, азаматтық мәселенің күрделенуі оларға «дем беріп», қайда барасың? Сені кім күтіп отыр? Сен осында ғана қазақсың? Қазақстанға бару үшін «орыс» болуың керек! деген әңгімелер мектептегі баланың аузынан еркін шыға беретін болды. Қазақ мектептерінің сапасы төмен, қазақтар мемлекеттік тілді, саясатты мойындағысы келмейді т.с.с. мақалалар, сюжеттер БАҚ арқылы үлкен науқан да ала бастаған… Мен Моңғолияның бұл саясатына қарсы ештеңе айта алмаймын да. Ол мемлекеттің ішкі саясаты. Мәселе, енді сол қазақтың болашағы қалай болады? Халық екіге бөлінді. Бейбіт күнде бір-бірінен ажырау, бірін-бірі түсіне алмайтын қалге жету қандай қасірет. Әсіресе, жастар моңғолияның ішкі өлкелеріне күнкөріс қамымен барып, сіңіп жатыр. Яғни, қазақтық «капут!»  Қазақ елі шеттегі қазақтың қолдаудың мемлекеттік Бағдарламасын жасап, «папкаға» салып қойдық. ДЖҚҚ әр жылда бір барып, кіші құрылтай өткізіп, ұран тастап қайтады. Енді ол да сирейтін түрі бар. Қазақстан оқу орындарына жыл сайын дайындыққа келетін балалардың да саны сиреп барады. Көбісі, бір жыл дайындықтан соң қалаған мамандықтарына, оқу орындарына түсе алмай қалатын көрінеді. Бұл, қазақ тілінен, тарихынан, білім жүйесінен алшақтап бара жатқандықтың бір көрінісі. Демек, саясат – нақтылы бағыт енді керек! Әрине, Қазақ елі шеттегі қазақтың да тағдырына мүдделі екенін сезінсе? Әйтпесе, «..баяғы жартас бір жартас…» болып сіз бен біз шыр-пыр бөліп өтерміз… Жаратқан ием ондай күндерден сақтасын!

Abai.kz

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар