Бүгінде Әлемтор кеңістігінде «микроблогинг» деген сөзді жиі естуге болады. Ол не және оның қарапайым блогингтен қандай айырмашылығы бар деген сұрақтарға жауап беруге тырысайық. Микроблогинг (ағылш. micro-blogging) — бұл блог тұғырнама секілді сервисте қысқа формада мәтін жазудың бір түрі. Осындай қысқа мәтінге 140-200 символдан артық енгізуге болмайды. Жазылған хабарламаны басқалар оқи алады және олардың пікір қалдыруға мүмкіндігі болады. Қысқа хабарламалар мәтіндік, лезде жіберілетін, электронды почта, sms т. б. жолдар арқылы таралады.
Микроблогингта ең танымал сервис – Твиттер. Twitter (ағылш. to twitter — «сайрау», ауыспалы мағынасы «көп сөйлеу») пайдаланушыға 140 символ көлемінде қысқа хабарлама жазуға мүмкіндік береді. Бұл сервистің жасаушылары: Джек Дорси (Jack Dorsey), Биз Стоун (Biz Stone) және Эван Вильямс (Evan Williams). Сервис 2006 жылдың шілде айында пайда болды және 2007 жылы Остин қаласында, South by Southwest конференциясында блогтар категориясында Интернет-жүлдеге ие болды. Интернетте микроблог жүргізуге арналған танымал сервис жайында жаңа жазбаларды күнде көре аласыз; қарапайым блогшының жазбасы болсын, беделді сайттың жаңалығы болсын, ИТ саласына арналған сайт не блог болсын, Твиттер жайында айтып өтуге ұмытпайды. Басында жоба бір ғана сұрақ: «Не істеп жатырсыз?» дегенге жауап алу үшін ойлап жасалынған. Осылайша 2006 жылы Твиттер елге таныла бастады, ал 2007-де оның қолданушылары көбейгендіктен, сервис кейде дұрыс қызмет көрсете алмады. Сервис Web тұғырнама Ruby on Rails-та құрылды және 2007 жылы 98 % уақыт жұмыс істеген. 6 тәулік бойы сервис пайдаланушылар үшін қызмет көрсетпеді. 2008 жылдың басында сервис Amazon S3 сервисіне базасын ауыстырды және осыдан кейін оның қызмет көрсету сапасы жақсарды. 2008 жылдың мамыр айында Twitter-де 1 млн адам тіркелді, оның ішінде 3000 орыс тілді қолданушы. Қазір 8 миллиондай қолданушы тіркелген. Қазір Твиттер үшін көптеген клиенттер пайда болды. Мысалы, Twhirl, Twitterrific, Qwit т.б. Jabber және Gtalk арқылы да твиттерге хабарлама жазуға мүмкіндіктер бар. Ақпарат өте көп болғандықтан, search.twitter.com іздеу жүйесі дүниеге келді.
Осы микроблогтың танымал болғаны соншалық, онда президент Барак Обама да, жазушы Джоан Роулинг секілді жұлдыздар да тіркелген. Маркетологтар болса, твиттерді маңызды жарнама құралы ретінде пайдаланады.
Қазақстанда алғаш тви-қолданушылар жас подкастерлер мен ақпараттық технологиялардың мамандары болды. Кейін оларға журналистер мен блогшылар қосылды. Ал биылғы жылы Қазақстан территориясында алғаш Орталық Азия Баркемп 2009 өткеннен кейін Твиттердегі қазақ қолданушылардың саны айтарлықтай өсті.
Твиттер танымалдылығы өте жоғары болғандықтан, БАҚ твиттер жайында айтып жатыр және твиттерді пайдаланып та жүр. Қазақстандық қолданушыларға келетін болсақ, тви-пайдаланушылар арасында да журналистер мен БАҚтың аккаунттары аз емес. Мысалы, «Қазақстан Бүгін» http://twitter.com/kztoday, «Азаттық радиосы» http://twitter.com/Azattyk , «Газета КЗ» http://twitter.com/gazetakz_ru, «Жаңа Еуразия блогы» http://twitter.com/neweurasia_ru; журналистерден «Нұр.кз» порталының редакторы Жанна Прашкевич http://twitter.com/laralarkin, тележүргізуші Әділ Лиян http://twitter.com/Adil_Liyan, журналист әрі блогшы Асхат Еркімбай http://twitter.com/urimtal, саясатшы, журналист Әділ Нұрмақов http://twitter.com/adamkesher және т.б. БАҚ өкілдері бар.
Жалпы айтқанда, Твиттер – бұл өмірде назар аударатын нәрселерден құралған хабарламалар. Твиттер – бұл досыңыз да, жолсерігіңіз де, ол әрқашан қасыңызда – ноутбукта, телефонда да бола алады. Сіздің айналаңызда не болып жатыр, не қызықтырады, әлде сұрағыңыз бар болса немесе қызықты ақпаратқа сілтемені достарыңызға көрсетемін десеңіз, twitter.com-ға қош келіпсіз.
Парақшамызға жазылыңыз