Бақытбек Смағұл: «Жириновский сөзіне абай болсын, әйтпесе біздің даулайтын жеріміз жетерлік»

2248 рет қаралды

baqitbek cУкраинадағы наразы топ дегеніне жетті. Бүйрегі Ресейге бұрған Виктор Януковичті тақтан тайдырған майданшылардың алған бетінен қайтуы мүмкін емес. Дегенмен, Украинадағы жағдайға әр түрлі баға берілуде. Біреулер халық дегеніне жетті десе, әлеуметтік желіде қазақстандықтардың бір парасы билікке қарсы шыққан қылмыскерлер деп айыптауда. Ал ресейлік БАҚ Еуромайданда үш ай шерулеткендерді радикалдар деп бағалады. Ресей ықпалынан құтылған Украинаның ендігі тағдыры қалай болары белгісіз. Дегенмен мұндай жағдайлар посткеңестік елдерде қайталануы мүмкін дегенді айтады саясаттанушылар. Осы орайда, Qaznews.kz тілшісі Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлдың Украинадағы ахуалға қатысты пайымын білген еді.

– Украинадағы ахуалды қалай бағалайсыз? Қазіргі ондағы процестер туралы не айта аласыз?
– Мемлекет басшысы мемлекеттік мүддені халық мүддесімен бірге ұстануы керек. Халық бір жақта, өзінің ұстанымы бір жақта болса, бүгінгі оқиға болмай қоймайды. Жалтақтаймын деп жүріп қаңғалақтай ұшқан мемлекетті де көріп отырмыз. Бірлігі жоқ елге үшінші бір күштің пайда болуына ықпал етті. Адамның әлсіреген жағдайында зиянкес дүниелердің жиналатаны белгілі. Сондықтан Қырым өлкесінде Ресейдің туын көтеріп шықты. Сонда халық не істеп отыр? Мұндай бөлшекке түспеу біздің еліміз үшін де аса маңызды. Ешқашан да бүгінгі берекесіздікті ештеңе шеше алмайды. Тек қана келісім мен бірлікпен реттеледі.
– Қазақстан Украина мысалынан қандай сабақ алуы керек? 
– Әрине, бұл жағдай бізге де сабақ болуға тиісті. Кеше ғана Қайрат Нұртас деген бауырымыздың концертінен кейінгі дүрлігуді алып қарайықшы. Бізге ондай жайттарға тек қарумен ғана дайындалудың қажеттігі жоқ. Біз санамызды дайындауымыз керек. Жастарымызды елдікке, бірлікке тәрбиелеу керек деген сияқты… Ондай жерлерде оппозиция емес, жастар шығып жатыр. Олардың неге көңілдері толмай жатыр? Жұмыспен қамту, орналасу, оқу, баспана мәселелері ескерілуге тиісті. Ол аз да болса нақты іспен көрсетілуге тиісті.
Жалпы, біз мемлекеттік идеология деп жүрміз. Ол қандай идеология болуға тиісті? Ол қазақ халқының ұстанымы бойынша болуға тиісті. Біз қауіптің сырттан емес, іштен болмауын ойлауымыз керек.
– Владимир Жириновский бастаған топ сол елдің шығыс (Украина) жағын және Қазақстанды Ресейге қосып алу керек деген ойлар айтып жүр. Бұған не дейсіз?
– Владимир Жириновский секілділердің ең бірінші кезекте айтатыны: әлеуметтік, қоғамдық пікірді қалыптастыра отырып, сол өңірлерде тұрып жатқан өкілдердің құлағын үйрету. Екі-үш айдан кейін қоғамдық пікірлер қалай болады екен деп қарап отырады. Сөйтіп, өзіне «ұпай» жинайды. Оның мақсаты — ел арасына іріткі салу. Сондықтан оған мемлекет тарапынан нақты жауап болуға тиісті. Байқасаңыздар, Жириновский бұған дейін талай рет біздің халықтың атына ауыр сөздер айтып, кейін кешірім сұраған болатын. Біз бұған мән бермесек, екінші жағынан басқаша пікір қалыптасуы мүмкін. Олай кете беретін болса, онда Орынборды біз қайтарып алайық. Кезінде біздің астанамыз болды емес пе?! Сондай дау тууы мүмкін. Сондықтан солтүстік өңірді қосып аламыз деп отырып, өз жерінен айрылып қалмауды ойлау керек. Бұған мемлекет жауап беруі тиіс және біз оның пікіріне құлақ асуға тиісті емеспіз. Әркім өз сөзіне абай болғаны дұрыс. Себебі халық арасында ылаң туғызуы мүмкін. Мысалы, Украина халқының өзіндік бағыты бір бөлек болды да, мемлекет басшысының бағыты бір бөлек болды. Біз мәңгілік ел болуға ұмтылған бағытымыздан таймауымыз керек. Бірақ әр кезде санамыз ояу, көкірегіміз ашық болуы керек. Жириновский сөзіне абай болсын, жер дауы туралы айтар болсақ, біздің даулайтын жерлеріміз жетерлік.

Мирас ЫРЫСАЛДИН
Qaznews.kz

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар