Осы замандық поэзияны жіктеудің бір қиыншылықты тұсы біздің басымыздан өтіп жатыр. Оқырмандар мен ақындар «жанр не?» деп, «тақырып не?» деп таласып жүр? Білмейміз. Қалай айтарымызды, қалай айырарымызды да?! Мысалы, лиризмге белгілі бір атау, яғни белгілі бір ен-таңба салу қажет секілді… Лиризмге шарана кезінен бастап кемелдік кезіне дейінгі өмірінде әр түрлі күстана лақап аттар ойластырылғаны бар. Демек, бұның қажеті қанша? Тереңнен қайнап шыққан ішкі бұлқыныстардың арнайы мазмұны бола тұра, оны дұрыс сезіне алмау өзімізге ғана қатысты емес пе?
Ұлы Абай осы жолда әлем поэзиясына қарай төрт аяқпен емес, «сегіз аяқпен» барғысы келді. Біз «жаңа» деп ескінің, жартылай ескінің жаңғырығын ғана түсініп жүрген жоқпыз ба?
Менің алдымда әйгілі ақын Ұлықбек Есдәулетұлының бірнеше жыр жинақтары жатыр. Бастабында ақынның кейбір жырларына сұқтана көз салғанымыз бар. Келе-келе Ұлықбек лиризмінің тереңіне қарай сүңгіп бара жатқанымызды сезіне бастадық. «Қолда барда алтынның…» деген қатаң сауал тұр… Сол жағымызға – бір, оң жағымызға – екі аунап түссек те ақын өлеңдерінің кейбір «жаңа тынысынан» аттап өте алмауымызды шарасыз түсінгендейміз. Ұлықбек өлеңдеріндегі кейбір «жаңалықтардың» бәрін «ескішілдікпен» қабылдамауды өтінгіміз келеді саналы жұрттан.
Адам санасындағы аса бір нәзік құпиялы құдіреттер бізге бір бағытты «әнеки» деп көрсетуін іштей тілер едік. Оны пайымдап, жіктеп, әсірелеп байқауды да ойластырдық. Қазіргі адамзаттық пайым – көне өркениеттік қирандылардың тозаңы сияқты. Қирандылар арасынан табылатын түрлі-түрлі жәдігерлер секілді өлең өрнектерін аздап тереңдете қазбалауға құлшындық.
Алдымыздан тағы да бір өткел кезігетін сыңайда. Өткел – адамзат санасындағы һәм санасынан тысқары тұратын кеңістікке қарай жетелемек. Сол кеңістікті адалау үшін қуатты ақынның қуатты өлеңдерін ескек етіп алу қажет болады. Көпшілікке таныс, бейтаныс әлеми әуендерге саяхат жасаудың тарихи бір сұлбасы осы өткелден басталатындай. Ендігі кезекте бізге беймәлім, ішкі тылсымға аса жақын өлең жолдарымен еркіңше тыныстау қажеттігі келетіндей.
Қалай да үнемі «жұрт жаңалап» отыратын жыр сайғақтары құла даланың құба өңірімен өрлеп, құлдап өтіп жататындай. Құдды қазақ санасының өрқияли сәттеріндей сапыра дүние! Мінеки, ақынның, соның ішінде «нағыз» деп аталатын жыр егесінің бірсыпыра өлеңдерімен уақытша болса да қоңсы қонайық.
Ақынның жырлары ара қонған сәтте көшпелі сағынышпен өңірге, өмірге жұғыса береді екен? Иә, ақын жаны – «бүкіл әлемдік тартылыс заңдылығындай…».
...Шығармай тысқа тартып ұстадым,
Сезімнің ыстық шарпылыстарын.
Көрдім де сені,
Мойындап қалдым,
Бүкіл әлемдік тартылыс заңын…
Адам жаны құпияға үйірлеу. Сол тұрғысынан өлеңнің ішкі әлеміне қарай ағылу үшін аздап ойлануға, сананы қайрауға тура келетіндей.
Батыстық әсіре дәстүр, баяғы бір дәстүршілдік немесе бағымызды байлап жүрген дәлдүріштік – өлеңнің өн-бойынан кездеспесе қандай бақыт?!
Өлеңнің кеңістігі жан балқытар тәтті немесе түренді, тіптен осынау ғаламшардың өзі де сол өлеңге тарлық ететінін байқаймыз. Тинәмдай ғана ес түйірлерінен жауын иісі аңқиды. Естің соңы – әрбір ғазауаттар мен ақырзаманды шұбыртып көшіріп келетіндей кейбір тылсым тұстары ауыр.
Іңірдегі бейтылсым сәттің жұрнағындағы тірі әуендер… Шалқып тұрған білтенің қарсы алдында тұрған алакеуім ақынның өзі – іңір секілді. Өшкін шам, өшкін де өткір сұлбалар… Ендеше, сол болмашы жарыққа қарай батыл басып бару үшін құпия бір күш сіңген өлең-жыр қажет-ау?! Балауыз шамды айналып ұшып, білтенің ұшындағы жалынға соғылып күйген көбелектердің құпиясын кім сезген, кім білген? Ақын өлеңі нендей құпияларды ішіне жасырады? Мысалы, ақын сол көбелектермен тіндес, үндес пе? Қараңғы қапастың түпкі түбірінде бүккен сәулеге талпынушылық… Ақын «Саласпилс» өлеңінде:
Мүсіндер… Мүсіндер…
Қаралы мүсіндер, жаралы мүсіндер,
Қайратты мүсіндер, азалы мүсіндер,
Аралап келеміз;
Шалғынға шық тұнып қалыпты,
Мөп-мөлдір тұнық шық,
Сәбидің көз жасы тәрізді.
Бұл жерде жалмауыз,
Адамның терісін жамау ғып,
Жердің жыртығын жамаған.
Бұл жерде жендеттер,
Уақыттың өзін де дарға асқан.
Бұл жерде қасірет инесі,
Жүректі жүрекке қапсырып тігеді.
Бұл жерде қанатын қомдайды,
Бойдағы кегіңнің балапан құстары.
Мінеки, өмір сұлбасы, сүгіреті, тынысы. Алдыңда ештеңе-өмір. Өмір сүруден де аса маңызды мағынаға ие болушы ұлы тәңіри – поэзия.
Поэзия – жаннан тәтті һәм ажалдан салмақты. Барлық ғұмыр күмәнданудан ғана тұратындай. Шүбә! Иә, күмән мен шүбә! Ақиқат түбі – күмән дейді текті жұрт. Ендеше, күмән түбі – құпия әлем. Ең мәндісі – кеңістікті өлшей алмайсың. Әлдебір данышпанның қанатты сөзі ойға оралады: «Сіз маған тамақтың иісін саудалаңыз, Мен сізден сол иісті тиынның сылдырымен сатып алайын» деген хикмет. Ақын күздің сарғыш жапырағына сүйеніп алысқа қарайды? Кезінде Міржақыптың «Мұң» атты өлеңін оқығанымыз бар. «Жүйрік қиял дүниені айналып» деп келетін. Әдебиеттегі, әсіресе, поэзиядағы құпия пайымға оқырман тарапы нендей көзқарас білдіреді дегенді әлі күнге дейін біле алмай келеміз. Бізде нақты жанашыр сын жоқ. Шамалы батыстық, шығыстық жұқпалы көзқарас, көңілжықпастық қана бар. Қисындағы narrative кеңістігін бойлаған барлық түрлі оқиғаларға жауап іздеп қиналмаймыз. Қарапайым оқырмандар үшін оқиға түрені (subject), кейіпкер немесе образ (character) аралық қоныстарды таңдауға келгенде қойыртпақ жасап аламыз. Соның салдарынан поэзиядағы сан қилы пайымдық сәулелі қалтарыстарды бір-бірімен шатастырып ала береміз. Мысалы, ғаламтордан кейбір ақындардың өлеңдерінің бетін қалқып құр «сүйсінуден» аса алмай келеміз. Ақиқаты – өлеңнің тереңіне қарай үңілуге неге болмасқа?! Қазақ поэзиясындағы «мұңды» тек қана автордың шытырман тарихындағы жағдаяттардан іздеушілігіміз біртүрлі қызықты. Бағытымыз дұрыс, ізденеміз, бірақ теріс-қағыс. Көп жағдайда дұрыс жолға түскен бетімізден қиыс кетуіміз рухани «пендешілікке» қарай әкетіп барады. Элегия, реквиемдердің Еуропалық үлгісін қалай жаратуды Ұлықбек өлеңдерінен кездестіруге болатындай. Мартин Хайдеггер (1899-1976) ой машығы және мағыналы жүйелеудің қыр-сырын ашқаны бар. «Мұңның тереңдігі қанша тұңғиық болса, оның ішкі қайнары да анық» деп бірде тілге тиек еткені бар.
Саналы адам бағзыда ажалға қарсы келетін еді. Енді сол ажалмен бірге қойындасып жатып, қолтықтасып жүретіндейміз. Оның «Жан тәсілім» өлеңі /1993/, соңынан тағы бір өлеңі 2000 жылы жазылған ба?.. Өлеңде:
Өшіріңдер жұлдыздарды,
Сөндіріңдер күн, айды,
Жылытыңдар түнгі ызғарды,
Жұбатыңдар Құдайды.
Жылатпаңдар бұлттарды да,
Күрсінтпеңдер теңізді.
Айтатұғын жұрт қалды ма,
Асыл сөзін ең ізгі?
Қалса айтсын,
Сыр ақтарсын,
Тыңдайын да соңғы рет,
Көз жасы боп бұлақтардың,
Көкке ұшайын мөлдіреп.
Екі түрлі өң, екі жіктегі өлең түрені шалқи түседі. Алғашқы адамның айқайлап өмірге келуімен қатар, оның тұңғыш өлімінен кейін «өлең ғұмыры» басталғандай. Өлең – ғұмырды, сиқырлы дүниені жырлайды және қасіретті де. Сол сәттен кейінгі өлеңдер өмірі үздіксіз жалғасып келеді. Себебі, өлең адамзаттың екі дүниедегі өмірі болып сіңісті ісімізге. Ұлықбек өлеңіндегі ұлы шарасыздық, кейбір түйткілді сәттегі сезімнен безінушілік һәм өз-өзіне бейсеніммен қарайтын аса нәзік сыршылдық осылай шалыса, жарыса түседі. Адам баласының санасын иемденген бір наным, бір сенім болса, ол – діннен кейінгі келген поэзия болса керек. Бұлай тура айта салуға келе ме екен дейтіндер табылады, әрине. Айтарым жоқ, бірақ та таласым бар. Көшпелі киіз үйдің есік саңылауынан енген керме жіп секілді күн шуағына іліп қойған жібектей бір қуатты да сүгіретті жырлар Ұлықбектен табыла қалса таңдануға болмас. Сана ағымдары өте аянышты, ергежейлі халге түскен кешегі мен бүгінгі сәттегілердің оны байқауы тіптен мүмкін емес. Себебі, тағы да біздің дәуір – өлең деген ғұмырдан өлшеусіз алыстап кетуімізге байланысты ма деп ойлаймыз.
Ақын қоршаған ортаға, қолайлы табиғи мінезге өз жүйке танымымен «ат, есім» береді. Оны әдебиет зерттеушілері «зат есім» деп игереді. Біз осындай ғана халдеміз, ағайын. Сол «ат, есім» егесі мәңгілік емес, мәңгілік. Егер ақынның табиғатқа берген есімі кездессе, оны ес құпиясына енудің кілті деп түсіну жөн секілді. Ақын ештеңеден ештеңе тану үшін жүрегін қинайды. Көзіне көрініп тұрған болмыспен тура тілдескісі келеді. Әрине, өлеңі арқылы. Ақын – жалпақ дүниеге жаршы болудың ғана жанкештілігінен кетіп, жан дүниенің өлшеусіз құпиясына еніп бара жатқан құбылыс-ау! Аңыздарда ақындар азауаты туралы жөнді ештеңе табылмайтын болуы мүмкін. Демек, Ұлықбектің бір өлеңі есімде.
Өлеңнің «есімі» – «Ахиллестің өкшесі». Тамаша жыр. Көне гректердің аңызына байланған пайым. Сонау Гомердің «Илиадасындағы» кейіпкер – Ахиллдің діңі. Тәңіри құбылыстардың ерекше көрінісі ретінде Жаратушы осы аңызды өзі жасағандай. Аңызда Ахиллді мәңгілікке жасату үшін Құдай оны «мәңгілік суға» батырады. Ахиллдің өкшесінен ұстап тұрып. Құдайдың қолымен ұсталған сол Ахиллдің өкшесінің суға батпай қалған тұсы – сезімталдық… Ағзадағы һәм өкшенің ең жанды жері – кіді өлең боп төгіледі. Ұлықбек қазақтың жанына қасірет әкелген қасаң тұста да ғажайып нәзирасымен сапар шеккені бар. «Ахиллестің өкшесі» былайша жырланады:
Ақыл-естен осылай айырыламын деп,
Бір өтіп кеткен өзекке қайырыламын деп,
Бір ұрынған қақпанға тағы ұрынамын деп,
Мен бұрын ойламап едім.
Уәжім де жоқ ақталар, айта алар бүгін,
Көрем бе, жоқ па, жүректің жай табар күнін?
Түбіме жетті бейсауат, бейхабарлығым,
Тағдырдың сырларынан.
Мақтан көруші ем өзімнің мықтылығымды,
Өзіме деген сенімім бітті бұрынғы,
Кеудемнен тапты зілзала – күпті дірілді,
Сейсмографтар.
Сезімге мені құрбан ғып қайырлатқызған,
Бір қыздың отын жаққызып, қойын баққызған.
Осалдығымды өзіме мойындатқызған,
Қайран жүрек-ай!..
Көкжиектегі көгілжім мұнарды жамылған көзелдің бандурада сызылтып салған әніндей жұмсақ, жұғымды. Тек осы өлеңі үшін ғана Ұлықбек ұзақ жасайтындай. Мәтінді әр елдің ақыны өз-өз тілінде оқыса қандай ғанибет болар еді?! Болмыстың сілікпесі шыққан дәуірде жазылған өлең… Алайда, сыншылардың қызыл қарындашының ұшынан өтіп кеткен «Ахиллестің өкшесі» қатарлы топ өлеңдері үшін ақынға рахмет!
Сүйіп қалдым. Тұйықталдым.
Ұйып қандым сырына,
Биік таудың шығып та алдым
барса-келмес шыңына.
Құстар ғана құштарлана ұшты айнала төбемнен,
Ұстамды аға, тұспалдама, –
өз сорымнан көрем мен!
Қарлы асқарға, нар бастауға,
бармас тауға шығыппын
Алжасқанда қалмас қайда алтын басы жігіттің?!
Көне үнділер бағалы агаттан бағалы мөртаңба жасайды екен. Ұлықбектің мөрі осы тектес өлеңдер. Ақынның ақаусыз жырлары сол агат (жұзақ) немесе асыл оникс секілді тап-таза, тастай. Біздіңше, ақынның айшуағы да, күншуағы да өз болмысынан өлеңдері арқылы көріне қалады. Айтпақшы, «Айшуақ пен Күншуақ» өлеңінде ақын былайша сыр шертеді:
Есіме түсе бересің неге?
Жанымды жиі сыздатып?
Жүректе жүзген елесің – кеме,
Желкендеріне мұз қатып.
Арқырап келген ақшулан толқын,
Жарқырап қайтса бастығып,
Қара жартастай қасқиған қалпым,
Жолыңа қалам бас тігіп.
Төбемнен күнде ауысқанымен,
Айшуақ пенен Күншуақ,
Сәулелі нұрлы дауыстарымен
Жанымды өтер шымшылап.
Айғайлап Ай да, күркіреп Күн де:
– Сүйемісің? – деп сұрайды.
Тірімін ғой мен!
Сіркіреп кімге
Бейуақытта бұлттар жылайды?
Сүйем бе, жоқ па – байқар едіңдер,
Жас жуған жартас түрімнен.
– Ғашықпын! – деп-ақ айтар едім мен,
Айырылып қалған тілімнен.
Дүниеде не жаман? Тілден айырылу жаман! Ол: «Шыққыр көзді аштым-жұмдым, шолдым биік, төменді, тілін жұтқан тас тұнжырмын, сөйлетпеңдер мені енді!», – дейді. Ондай жұртта поэзия өлең қайдан болсын? Демек, жүрек үні бар ақынның үлек өркешті өлеңдері өз алдына бір төбе. Ақын ғұмырына аса ренішті емес. Алайда, соншама қуанышты да емес секілді. Бірақ, бір тылсымдық, бірегей күш оның көптеген өлеңдерінен сезіледі. Жапан түздегідей жалқылық, түзем бетін шимайлаған іздегі «тірі кескіндер» оны біртүрлі айқындап көрсете түседі.
Ұлықбек Есдәулетұлының кейінгі кездегі бірқатар жырлары еріксіз назар тартады. Әрине, саналы оқырмандар үшін… Мұндағы «Фатализм» атты бір өлеңі бізге беймәлім бір күңгірт әлемді меңзейді.
Торына өрмекшінің
Тұтылып көрмекшімін.
Ешкімге естіртпейді,
Шыбын жан енді өксігін,
Несіне ашты маған жер-көк сырын?..
…Postskriptum.
Түнімен дөңбекшідім…
Анри Бергсон (1859-1941) «Сана көзқарасынан да биікке шырқаудың» – көзі осы. Олай демеске болмайды. Өмір дегеніміз – көңіл-күйдің күшті ағыны. Тіптен сананың үздіксіз сапырылысы, өзгеріп жаңаруынан туындайтын құбылыс. Мінеки, сол үшін біз Ұлықбектің ішкі арпалысына (meditation) аса құрметпен, сақ қарай жүргеніміз жөн. Көңіл-күйдің күшті ағыны дегеніміз – қалай да ғарышпен байланысы бар дүние. Оны жай ойлау мен күшті саралауға дейін мәжбүр етуші бір құпия әлеммен шендестіруге болады. Қандай бір болуға тиісті аяни қасіреттерді алдын-ала сезінуден туатын күй. Бұны Ұлықбектің suggestive-сі деп түсінуге болады. Мысалы, ақынның «Жарғанат жыры» өлеңі бар. Өлеңнің әлқиссасына ұлы Шәһәрімнің төрт жол шумағын келтіреді де:
Кел, кел, түнек!
Кел, түнек!
Өлер болдым тентіреп,
өлер болдым өртеніп,
өшір мені, бол тірек!
Қап-қара түн, түнек түн!
Құрсағыңнан шыр еттім,
құшағыңда ержетіп
құндағыңда түлеппін.
Түннен туған халықпын,
Түн қойнында жаныппын.
Қара көзім қарығып,
Жарық күннен жалықтым.
Кел, кел, түнек!
Кел, түнек!
О, Жаратқан, бер тілек,
Жол үстінде жортайын,
Желкендіге жел тілеп.
Кел, кел, түнек!
Көз ілме,
Тас тұғыр бол төзімге,
Жердегі бар жарықтың,
Түп-төркіні өзіңде!
Кел, кел, түнек!
Кел, түнек!
Қараңғы әлемді біз тек қана «қараңғы» ретінде ғана танимыз. Алайда, қараңғының да өз жарығы бар – Ғалам. Өлең түнекке құрылған, бөлек «құрылғы» секілді. Арнайы жіп тағуға болмайтын оқшаулық. Сондай нәзік. Тұщымды. Осы замандық модерн. Ақынның ойын түгелдей оқып шығу мүмкін де емес. Тың саналы оқырман мүмкін басқа бір ой айта алатынына сенеміз.
Шынында да «аян» атты бір қасиет ақында ғана болуы мүмкін. Танымға жетудің баспалдағы да осы аяннан бастау алады, басқа жолы болуына күмәндіміз. Әсіре шығармашылық майданындағы ақынға берген Жаратушының сыйы – аян. Қазақта бұл қасиетті «оң қабағым тартады…» дейтін шығар. Ал, Анри Бергсонның «Творческая эволюция» (L’Évolution créatrice), /1907/ еңбегінде кәнігі «Меннен» кәдімгі тәңіри кеңістікке дейінгі жолда кең тыныс алу үшін біз әуелі өзімізді-өзіміз ақтарып, тани білуіміз жөн секілді. «Кісі сөйлескенше, жылқы кісінескенше» дегендей, т.с.с. Міне, бұл А.Бергсонның Интуиция мүддесіздігі жөніндегі қағидасының дәлелі. Ұлықбек бірде:
…Піссіміллә, періңді шақыр маған,
Мені көрсе көк аспан шатырлаған,
«Піссіміллә» демеске шарам қайсы,
Жүрегінен аспанның от ұрлағам, – дегені бар.
Ақиқатында біздегі ең хаһи «таза өнер» осындай өлеңдердің өн-бойынан табылатыны. Ақынның «Сіз» немесе «Жынмен тілдесу» өлеңі біраз саналы оқырмандарды таңдандыруы әбден мүмкін. О, құдірет! Осы өлеңде бір ерекше «жан» бар…
…Есікте – құлып.
Далада – түрме.
Ағайын – араз, араға кірме!
Іштегі құрттың шығатын кезі,
Құритын кезі келе жатыр де!
Ұлықбек туралы ұлағатты лебіздер көп жазылған шығар. Таласым жоқ һәм қосарым да шамалы. Алайда, оның бір кереметі – кешегінің қамытын киіп, қамауында қалмай келе жатуы тіптен де қызықты. Сондай ақынға сұйық сөз, нәрсіз мақтау, әрсіз жарамсақтық жараса қоймас. Өзін өте-мөте жазғырып, жанынан сығып шығаратын жырлары бар ақынның өз иіні бар. Біреудің көңілінің түкпірінде жүру – ақын үшін бақыт. Ал, бәзбіреудің ішкі тұтқынында қалу – ақынға қасірет-ті. Елдің тағдыры, жердің иісі, ердің қасіреті оның өлеңдерінен шым-шымдап өрілетіні өз алдына бір әңгіме болса керек. Ептеген «кесірлігі» болса да, ерекше елгезектігі басым, тұлғалық тұрпат осы ақында көрініс береді. «Бұл ауылда бұлт кешіп бала өседі…». Иә, солай, біздің Ұлекең осындай. Маңғыстаудағы «одасынан» Арал өңіріндегі сора-сора көз жасына дейін өлең өрген ақын – Есдәулеттің еркесі. «Көк бөріден бөлтірік туған емес, Көкжалдығын көрсетпей арманда өтер» деген бөрінің ұлуына ұқсас өлеңі бар ақын. Шығыста туған. Әрине! Бірақ Түркі, Түркістан, Жаңа Қорған, Түлкібас өңірлерінде жалаң аяғынан шөгір терген бейбақ. Жайсаң көліндей жағалы, Жабағылыда жалғыз бөрідей жаралы, Үлкен Қараталда «…Жан жүрегім тігісінен сөгіліп, оңашада ай нұрымен жамадым…» деп аһ ұратын шайыр Жылқы жылында алпыстың арғымағына бөктерілмек…
…Ақ шуақ таңдардың
Арайын шарлау үшін
Ақшулан таулардың
Аспанын самғау үшін;
Тарпейіл күншілдің
Табасы болмау үшін,
Тап басар қу-сұмның
Табанында қалмау үшін – Ақынға қанат бер, Құдай!»
Людвиг ван Бетховеннің (1770-1827) симфониясынан Шиллердің мұңлы үні естілетініндей, Ұлықбек өлеңінен қыл қобыздың мың сарын ұлығаны санаға жетеді. Расы осы…
Сұраған РАХМЕТҰЛЫ, «Қазақ әдебиеті»
Парақшамызға жазылыңыз
Сұраш, «Шұғыланың» 1-нөмірін алдым. Көңіліңнен кетірмегеніңе көп-көп рахмет. Осының өзі керексіз болып жүргенде ат мінгізіп, шапан жапқандай екен. Ал, сенің анау мақалаң – «Бір ғайып…немесе…» Иран-Ғайыптың шығармаларына жазылған бұрын-соңғыда болмаған жеттік зердемен талданған тосын, терең талдау, ғылыми сараптама болған екен. Ол бар атақты алғанымен шын мәнінде туындыларының мәнін ашып көрсеткен мұндай талдауды кезіктірмеген болар. Сонымен қатар сенің бұл мақалаң өзіңнің де білім кеңістігіңнің көлемін, ғалымдық қырыңның деңгейін танытқан екен. «Ахиллестің өкшесі» немесе аңызбен оқшаулық» атты «ҚӘ»-нің 15-санында жазылған Ұлықбек шығармасына жазылған паймдауларың да жоғарыдағы Иранның сарындас салмақты әрі шын оқшау зертеу. Ұлықбекті қобыз сарындас депсің бұл өте дөп басқан тұжырым. Біз еуропаға көп жалтақтап, соның құйрығынан ұстап, соған сүйретілуге құштар болсақ та, біздің өзгешелегіміз де, біздің тереңдігіміз де және ұлылығымыз, сөзіміздің мәйегі сол ескі сарында жатқан жоқ па? Сен осыны дөп басқансың. Соны айта білгенсің, бұл сенің өзге таптауырын, шеңберден шыға алмай, құрсауда қалғандардан оқшаулығыңды айқындап, сені басқадан ажыратып тұр. Сосын бір айтарым: бізде мықтылар туралы тұшымды пікір тірілерге жазылмайтын заңдылық бар ғой. Ал сен соны бұзыпсың. Жуықта, топырағы торқа болсын, Б.Әмірхан қайтыс болғанда, ол туралы, беті жабылмай жатып, БАҚ-тарда алқаулардың аспандап, селдеткенін көріп жағамды ұстадым. Мыны сонда жаздым. Оқышы:
Ақын өтті
Жасылдары сарғайып тұр күңгейдің,
Жоқ шіркіннің жанарында кілби мін…
Ақын өтті жауып кетті алқаулар,
Тіріде оның мақталғанын білмеймін.
Білмейді екем, датталғанын және де
Кім жоласын біліп туған пәлеге.
Ақын өтті бақытты боп пәниден,
Бір өлеңі жарап жатса кәдеге.
Бұл бірінші және емес үшінші…
Жұртқа мұны деу де қиын түсінші.
Қойылады ойған оған ескерткіш
Саусақтары түсіп қалған мүсінші.
Оған да ертең тұрғызылар бір белгі,
Ол да елеусіз, белгісіз боп жүргенді…
Қазақ қашан қояр екен талантқа
Өлгеннен соң мақтау айтып…
10.04.2014 ж, Алматы,